ҚҰРАН АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН ҒҰЛАМАЛАРДЫ ҚҰРМЕТТЕУГЕ ШАҚЫРАДЫ

 Соңғы кездері діни мәселелер төңірегінде әркім шама-шарқына қарамай пікір айтып, қызылкеңірдек болып жататынды шығарды. Кейбіреулер дініміздің мың төрт жүз жылдан астам тарихы бола тұра, осыған дейін халықтың біліп, орындап келген кейбір ғұрыптарын жоққа шығара бастағандай. Осы тұрғыда ойыңызды білсек деп едік...

Иә, соңғы кездері кейбір жекелеген топтар белгілі азаматтардың қолымен от көсеп, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ғалымдарға қарсы пікірлер айтып, тіпті ғайбаттау арқылы лаулаған отқа май құйып жүр. Көбіне мәзһаб имамдарына шүйлігеді. Менің ойымша, бұлар күллі мұсылман пір тұтқан алып тұлғаларға қарсы сын айту арқылы ғұламалар бағындырған биікке жасанды һәм жеңіл жолмен ұмтылғысы келетін тәрізді. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, ислам тарихының темірқазықтары саналатын алдыңғы толқын ғұламаларға тіл тигізуге дейін баруы, өзін төмен сезінуден я болмаса іштарлықтан туған-ау деп топшылаймын.

Олар бұған қоса, діннің барша жұртқа түсінікті, түсіндірмені қажет етпейтін мәселе екенін тотықұстай жиі қайталау арқылы діни мәселелерде кез-келген адамның үкім білдіре алатынын айтып жүр. Анығында, мұндай жайды ғылымның қайнар көздерінен сусындағандардан сұрау керек. Мысалы, физикаға қатысты мәселені физиктен, математикаға қатысты тақырыпты математиктен, ал медициналық проблеманы дәрігерден артық ешкім білмесе керек. Кез келген пенденің аяқастынан ғылым салаларына қатысты әдебиеттерге көз салысымен физик, математик немесе дәрігер болып шығуы мүмкін емес. Бүгінге дейін ондай ғалымдарды кездестірген емеспіз. Қалай дегенде де, қайнар көздерден оқып үйрену мүмкіндігі бола тұра, әркім кез келген мәселені сол саланың маманынан сұрап білуді мақұл көреді. Физика, математика, медицина сынды ғылымдарды білу үшін сол саланың мамандарынан мәлімет алу керек деп ой топшылайтындардың осы дүние мен ақыретті түбегейлі қамтитын дін жайына келгенде: «Бұл мәселені барлық адам біледі» деген немақұрайдылыққа салынуын қалай түсінуге болады?

Сахабалар күндіз-түні Аллаһ расулынан Құран мен хадис тыңдап, жадында шегедей қағылып, жатталып қалғанша жан-жақты талқылайтын болған. Аяттар мен хадистердің көпшілігінде тікелей өздерінің ахуалдары баяндалатын. Сөйте тұра Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.), Айша анамыз (р.анһа) сияқты саңлақ сахабалар пайғамбарымыздан мәселені егжей-тегжейлі талқылауын өтініп, сол мәселе турасындағы жеке көзқарасына дейін тәптіштеп сұрап білетін. Құранның жазылған тілі Мудар тайпасына тән (сол кезеңнің ең жетілген араб диалектісі) еді. Сахабалардың бәрі де өздерінің ана тілін жетік меңгере білген. Мысалы, Омар ибн Хаттабтың (р.а.): «Ана тілімнің байлығын паш ететін мың бәйітті жатқа оқуға бармын», – дегені белгілі. Тілге осыншама бай сахабалар бұған да қарамастан әрбір ислами мәселені Пайғамбардан тәптіштеп сұрауды дұрыс санайтын.

Иә, сахабалар өз тілдерінің ерекшеліктерін жете біліп, әдебиетке қанық өссе де хазірет Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, расулаллаһ! Мына хадисті нақтырақ баяндап берсеңіз. Мына аяттың өзекті ойы һәм түйіні неде?» деген сияқты көкейдегі сауалдарын жолдап, діни мәселелерді жетік меңгеруді, сол істің басы-қасындағы жетекші ұстаздан үйренуді мақсат еткен. Осы мысалдардан дінге жеңіл-желпі қарауға болмайтынын аңғарамыз. Алайда, бұдан «дінді түсіну қиын» деген ой тумауы тиіс. Дегенмен, соңғы кездері күрделі діни мәселелерде әркім өзінше пікір өрбітіп, бұл кез-келген кісі қарсы дау-жанжал айта жөнелетіндей жеңіл мәселеге айналып барады. Мұның алдын алу үшін әр істің маманы өз саласындағы мәселеге түйінді пікір білдіретіні сынды діни мәселелерде де білікті діни мамандардың пікірін негіз алуға баса мән беру қажет.

Мәселенің келесі бір қырына тоқталсақ, баз-біреулер діни мәселелерді тілге тиек еткенде, кейбір шығыстанушы ғалымдардың ғана еңбектерін негізге алып, өзге құнды еңбектерді елеусіз қалдырады. Тым құрыса, Захид әл-Кәусаридің «Мақалат» атты еңбегін немесе Мұстафа Сабридің «Мәуқифул-ақли уәл-илми уәл-алами мин Раббил-аләмин» кітабына көз жүгіртіп, осы мәселелерді талдаған басқа да зерттеу еңбектер мен мақалаларды оқуды қажет деп есептемейді. Алайда, қандай да бір діни мәселеде обьективті тұжырым жасау үшін тек қана бір жақты, бір сарынды еңбектерді қараумен шектелмей, сыни еңбектерді қоса қарау қажет емес пе?

Сәләф ғұламаларын сынның жебесіне алуда әсірелікке жол бергендердің бірі – Мұхаммед ибн Әбдул Уаххаб. Оның кітаптарына жіті көз жіберсеңіз, Ибн Кәсир, Ибн Қаййм әл-Жәузия, Шауқани сынды т.б. айтулы тұлғалардың еңбектерінен қысқартылып алынған пікірлер көп кездеседі. Сонымен қатар, хадистерді өз пайымынша саралап, өздігінше үкім шығаруға талпынған. Ашық айту қажет, бұл кісі Исламның діни-ғылыми пікірін байытып, негізгі мәселелерде үкім айтатындай терең ілімге ие, айтулы ғалым емес. Бір ғажабы, бұл кісінің пікірлеріне құлай сенген жақтастары бірқатар ислами мәселелердің тонын теріс айналдырып, ширк (Жаратушыға ортақ қосушылық) деп байбалам салып жүр. Мәселен, қабірлерді зиярат ету, марқұм болғандардың артынан Құран бағыштау, тәспі тарту сынды бірқатар мәселелерді қандай парасат-пайыммен ширкке балап жүргендерін ұғыну қиын. Тіпті, ширкке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын аталған әрекетті жасағандарды тегіс күнәһарға балайтынын түсіну мүмкін емес.

Бұл ағыммен қоса бар жақсылық атаулыны батысқа теліп, кез-келген оң істі батыстан күтуге дағдыланған ислами ағымдар да баршылық. Мұндайлардың кейбірі жаратылыс мұғжизаларына, енді бірі пайғамбарға қатысты ақиқаттарға наразылық танытады. Келесі бірі Декарт, Кант, Бергсонның пікірлерінің ықпалынан шыға алмауда. Мұстафа Сабри өз еңбегінде оларды қисынды сынның қыспағына алған. Бұлардың жазбаларын оқығанда, оларға қатысты жазылған сыни пікірлермен де міндетті түрде танысу керек.

Осының бәріне қарап отырып, қазір шариғатқа қатысты үкім айту бір кесе қымызды қотара салғандай жеңіл іске айналып бара жатқанына қамығасың. Атеизм мен дінсіздікті жақтаушылар діни мәселелерде бүйректен сирақ шығаратын мүмкіндікті қалт жібер-мей аңдып баққан бүгінгі таңда ижтихад мәселесін жіті қадағалау қажет. Шариғат шарттарына сай үкім шығарып, ижтиһад жасаудың қақпасын баршаға айқара ашу, Құран мен сүннетті жетік білмейтіндердің иж-тиһад жасауына рұқсат беру, діни мәселелерде тырнақ астынан кір іздегендердің мұсылмандар арасына іріткі салуына қолайлы жағдай туғызбақ. ХХ ғасырдың басында бір ғұламаның: «Дұшпандар мұсылмандар арасына іріткі салудың орайын баққан бүгінгі күні ижтиһад жасауға кең жол беру – Исламға жасалатын ең ауыр қиянат болмақ» – дегені бар. Бір адам шығып: «ижтихад жолы ашық, сол себепті де өз пікірімді айта аламын» десе, оның артынша екінші біреу: «Мен де ижтихад жасауға қабілет-қарымым жетерлік» деуі әбден мүмкін. Жалпы шамасы келмейтін іске кірісу – көтере алмайтын шоқпарды белге байлағандай әпербақандық болса керек. Мәселен, көлденең келген көк атты біреу ДНК жайлы энциклопедиялардан ғана оқып білген үстірт әрі таяз білімімен генетиканың тылсым сырлары жөнінде келелі ой айтып, елге ақыл берсе, сол саланың мамандарына құрметсіздік жасап қана қоймай, елге масқара болмай ма? Ендеше, кез келген саланың тізгіні сол саланың майталман маманының құзырында болмағы абзал. Өз саласындағы ғылыми зерттеулерге саналы ғұмырын арнаған қаншама ғалымдар бар. Мәселен, өз басым жиырма бес жылымды жоғарғы білімді достарыммен бірге хадис талдап, дәріс оқуға арнадым. Соған қарамастан, «хадистің жиырмадан бір бөлігін білем» десем артық айтқан боламын. Талдап, талқылап, жадыма тоқыған жүздеген хадисті кәдеге жаратып, белгілі бір мәселеге қатысты үкім шығарсам, Құдай сақтасын, сүннетті сыйламағандық болар еді. Өйткені, бұл іс инемен құдық қазғандай ерен еңбек пен таудай ауыр жауапкершілікті қажет етеді. Усул ғылымын, яғни хадис методологиясын терең меңгермейінше үкім айту мүмкін емес.

Мәзһабтар – діни тұрмысты реттеп, діни тағандарды анықтап көрсетуі тұрғысынан ғалымдардың ерен еңбегінің жемісі. Олар қара қылды қақ жарған дәлелді ұстанымдарымен миллиондаған жанды соңынан ерте білді. Бұл мәселеде өз басым Әбу Ханифаны осы істің нағыз шебері ретінде танып, өміріме ханафи мәзһабын шамшырақ етуді мақұл көрдім. Меніңше, Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Ахмет ибн Ханбал, Имам Шафиғи – өз істерінің жілігін шаққан, дінді қатты құрметтейтін нағыз ғұламалар. Олардай заңғар биікке көтеріліп, дәл солардай Құранға да, сүннетке де құрмет көрсеттім дей алмаймын. Құранды дәретсіз қолға алмадым, дәретсіз күйімде хадис оқымадым, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аты аталған тұста салауат айтпаған кезім жоқ. Дегенмен, мәзһаб имамдары секілді сүннетке сый-құрмет жасадым деп айта алмаймын. Мысалы, Имам Малик туралы замандастарынан жеткен бір әңгімеде былай делінеді: «Хадис оқып отырғанда Имам Маликті шаян шағып алады. Имамның жүзі солғын тартып, қиналғандай болыпты. Бірақ оқып отырған хадисін үзбейді. Хадисті бітірген соң, тыңдап отырған жамағаттың ішінен біреуі: «Уа, Имам! Жүзіңіз солғын тартып кетті. Мазаңыз болмай тұр ма?», – деп сұрайды. Сонда Имам: «Хадис оқып отырған кезде шаян шағып алды. Пайғамбарымызға құрметсіздік болмасын деп, орнымнан қозғалмастан хадисті жалғастыра бердім», – деп жауап берген екен.

Иә, бұл мысалдар өмірде болған, тарихта таңбаланып қалған жайттар. Сөзімізді тағы бір мысалмен нақтылай түссек. Мәшһүр Имам Сәрахсиді дұшпандары терең құдыққа тастайды. Имам Сәрахси отыз томдық «Мәбсут» атты еңбегін сол құдықта отырып жазған. Имамның шәкірттері құдықтың басына жиналып, ұстаздарының айтқан хадистерін қағазға түсіріп отырған. Кейінірек ол жатқа айтқан хадистерді түпнұсқасымен салыстырғандар үтір-нүктесіне дейін дәлме-дәл айтылғанына таң қалысады.

Бұлардың қай-қайсысы да өз дәуірлерінің асып туған марқасқалары. Эйнштейн физикадағы ғаламат жаңалықтарын өз дәуірінен бұрын ашқаны секілді, Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи және Имам Ахмет ибн Ханбал ғасырынан озық туған факих тұлғалар еді. Сөйте тұра, осынау заңғар тұлғаларды көзге ілмей өздігінше ой қорытып, үкім бермек болғандар аты аталған ғұламаларға құрметсіздік жасамақ. Имам Әбу Ханифаның өзі алдыңғы толқын сахабалар мен табиғиндерді ерекше сыйлап, олардан жеткен әрбір сөзді, әрбір үкімді айрықша құрметтеген. Тек қана өз замандастары «тәбә-и табиғин» болғандықтан, «Біз де солар сияқты үкім айта аламыз» деумен шектелген. Жалпы алдыңғы толқын ізгілердің өмірбаяндық деректеріне қарағанда, олардың тұрмысының әрбір сәті діни мәселелермен өрілгенін көреміз. Шындығында да, ол дәуірде қай жерде, қандай ортада болсын әңгіменің арқауы Құран мен сүннетті талдау, талқылау болғаны рас. Мәселен, бүгінгі балалар кішкентайынан әртістерді, спортшыларды, әншілерді жатқа білетіні сияқты, ол дәуірдің жасөспірімі ислами құндылықтарды, Құран мен сүннетке қатысты мәселелерді, сахабалар мен ғұламалардың өмір дастандарын, олардың туындыларын бес саусағындай жетік білетін болған. Өйткені, айналасынан, өскен ортасынан көретіндері ислами мәжілістер, естіп-білгені – Жаратушы мен жаратылыстың ішкі сырлары секілді діни-ғылыми тақырыптар болған. Сол себепті, ол кезеңнің бес-алты жасар баласының ілімі қазіргі кездегі оқып-тоқыған адамдардың белгілі бір жасқа келгенде үйреніп білетін ілімін шаң қаптырып кететін.

Аты аталған Имам Шафиғи, Имам Малик, Имам Ахмет ибн Ханбал, Имам Әбу Ханифа сияқты ғұламалар сол дәуірдің түлектері. Бұл тұлғалар өте ақылды әрі ерекше есте сақтау қабілетіне ие еді. Мысалы, Имам Шафиғи: «Мен өмірімде еш нәрсені жадымнан шығарған емеспін» деген. Олар жүз мыңдаған хадисті қайнар көздерімен бірге жатқа білген. Мұның атан түйеге жүк болар ауыртпалығын хадис ілімімен айналысушылар түсінсе керек. Сондай-ақ, миллиондаған адамның ғасырлар бойы осы тұлғалардың соңынан еріп, жолымен жүруі, расында да бұл тұлғалардың діни мәселелерге өте білгір болғанын дәлелдейді.

Осы арада ижтихад жасауды қайта қолға алуды қозғап жүргендерге бір сауал тастағым келеді: «Жоғарыда аты аталған тұлғалардың терең қабілет-терінің арқасында Аллаһтың әмірлерін түсіндік. Олардың қайнар бұлағынан сусындап, дін және оның сырларына солар арқылы сыралғы болдық. Енді сіздер бүйректен сирақ шығарып, осыдан өзге қандай жаңалық ашуды көксейсіздер?».

Бұл мәселеге қатысты тыңнан түлен түртіп, жаңалық енгізуді ойлаған жанның алдымен Сәрахсидің «Мәбсутын», Ибраһим Халабидің «Мултақасын», Марғинанидің «Хидая» атты еңбегін бастан-аяқ жіті талдап, сонан соң: «Мен бұл аталған ғұламалардың Құран, сүннет, ижмағтың қаймағын сүзіп алған дәлелдерінің бәрін оқып шықтым. Бірақ, «іздегенімді таба алмадым» дейтін болса, онда іздеп таба алмаған мәселелерін нақты анықтасын. Сонан кейін ілімі жетіп, шынымен жеткілікті қабілет пен білігі бар болса, көкейіндегі сауалдарының күрмеуін шариғаттың негіздері саналатын Құран мен сүннеттен және ижмағдан іздесін.

Сонау сахаба заманынан бері ғалымдар ислами мәселелердің күрмеулі түйінін осы қағидаларға сүйе-ну арқылы тігісін жазған. Бұған да қанағаттанбай, сыңаржақтанып: «Мен бұған қарсымын, Құранның мына тұстарын қабылдай алмаймын, ижмағтағы мына мәселемен келіпеймін» десе, олардың бұл ісі – барып тұрған адасушылық дер едім. Истихсан (Құран мен хадистің үкімдеріне сәйкес келгенін алу), истисхаб (бұрында бар екені мәлім, жойылғаны жайлы мәлімет жоқ болса, бұрынғы үкімге мойынұсыну), маслахат мурсала (діни тұрғыда нақтылығы немесе күшін жойғандығы белгісіз мәселені ғалымдардың қоғам пайдасына қарай шешуі), сәдду зәраи (шариғатта тыйым салынған бір нәрсеге жол ашуы мүмкін мүбаһтарды да тәрк ету) сияқты мәселелердің бәрі Ислам ғұламаларының Құран мен сүннетке сүйеніп нақтылаған құқықтық қағидалар болып саналады. Мысалы, «Зәру болған кезде харам мүбаһ деп сана-лады» деген қағида бар. Мұсылман ғалымдары бұл қағиданы Құран мен сүннетті басшылыққа ала оты-рып, жан-жақты терең зерттеу нәтижесінде шығарған. Жалпы осы сияқты нақты қағидаларды Құран мен сүннеттен анық күйінде дөп басып табу қиын. Дегенмен, бұл қағиданы негізге алатын Құранның бір аяты бар. Қорытындылай айтқанда, құқық методологиясы (яки фыкых усулі) – ислам ғалымдарының Құран мен сүннетті дұрыс түйсініп жетілдірген, дүниеде теңдесі жоқ жаңалығымен іргелі ілім саласы болып табылады. Осы методология арқылы әр дәуірдің мұсылмандары өз заманының шарттарына сай Құран мен сүннеттің міндетін айқындай алады.

Бүгінгі таңда қандай да бір мәселеде Құран мен сүннеттен жауап табылмаған жағдайда тиісті саланың мамандарынан арнайы комиссия құрылып, мәселені осы негізде шешуге тиісті. Көптің бәрі бірдей жаңылмайтынын ескере отырып, жалғыз жанға ауыр соғар қиын істі ұжымдық еңбекпен шешу қашан да тиімді нәтиже берері хақ.

Мәселені нәрлендіріп аяқтау үшін сөзіміздің соңында бір аят пен хадистен мысал келтірейін. Бұл аят пен хадисте манадан бері баяндаған алдыңғы толқын ғұламаларға құрмет ету, оларды сыйлау жайы сөз болмақ.

Құранның бір аятында былай делінеді: «Уа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын ғұмыр кешкен мүмин бауырларымызды кешіре гөр! Ішімізде мүминдерге деген өшпенділіктің ізі де қалмасын; дұғамызды қабыл еткейсің, уа, Раббымыз! Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің»[1].

Хазірет Әлиден (р.а.) жеткен пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Расулаллаһ бір күні былай деді: «Үмбетім он бес нәрсені істей бастағанда, оның басына үлкен бәлекет келеді», – деді. Жанындағылар: «Он бес нәрсе дегеніңіз не, уа, Аллаһтың расулы?», – деп сұрады. Сонда Пайғамбар он төрт жайды анықтап айтып шықты да, он бесіншісіне келгенде былай деді: «Үмбетімнің кейінгі толқыны өздерінен бұрын өмірден өткендерді кіналап, ғайбаттап, олар жайлы жағымсыз ойларын айта бастаса, қызыл дауылды, жер сілкінісін, жердің жұтылуын және бет-әлпеттің өзгеруін немесе көктен тас жаууын күте беріңдер» – деді», – делінген.


[1]    «Хашір» сүресі, 10-аят.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.