ХИКМЕТТІҢ МАҒЫНАСЫ


«Бақара» сүресінде «Аллаһ қалаған адамына хикмет береді. Аллаһ кімге хикмет берген болса, оған мол игілік тарту еткені. Тек ақыл иелері ғана мұны түсіне алады»[1]  – делінген. Аяттағы «хикмет» деген сөзді қалай түсінуге болады?

Мұны түсіну үшін әуелі аятта айтылған «хикмет» деген сөздің мағынасы төңірегінде ой қорытқан ал-дыңғы толқын ғұламалардың көзқарастарын біл-геніміз жөн.

Бізге дейінгі ғалымдардың кейбірі хикметті: «Уахидың ғайры мәтлусы[2], яғни пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөздері», – деп түсіндірген. Хақ тағала Құранда: «Аллаһ саған кітап пен хикметті түсіру арқылы білмегендеріңді үйретуде»[3] ; «Мен саған (хазірет Исаға) кітапты, хикметті, Тәурат пен Інжілді үйреткен едім»[4]  – деген сияқты аяттар арқылы хикмет пен кітапқа бөлек-бөлек тоқталған.

Құрандағы осы аяттарға сүйене отырып, хадис-шілердің көпшілігі мұндағы айтылатын кітаптың – Құран, ал, хикметтің Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) нұрлы баяны, даналыққа толы сөздері, айрықша толғамдары екеніне назар аударған.

Кейбір ғалымдар хикметке: «Болмысты алып кітап сынды көріп, зерттеп-зерделеу арқылы түпкі мәніне бойлау, жаратылыстың түпкі мәні мен ғаламдағы себеп-салдар заңдылығы астарындағы байланысты ұғыну, осы негізде қалыптасатын таным дәрежесі» деп бір ғана қырынан анықтама берген. Осынау алып жаратылыс кітабын таным баспалдағы арқылы ұға түскен жан, оған дендеп енген сайын рухани ләззатқа бөленіп, ғаламды зерттеп-зерделеуге деген құлшынысы арта түседі. Осының нәтижесінде хикметке қол жеткізеді. Осы тұрғыдан келгенде, хикметті бірқатар пәлсапашылар мен кәламшылар көп тоқталған ғалам (макро әлем) мен адамның (нормо әлем) өзара қатынасы сипатында қолға алуға болады.

Хикметтің тағы бір мағынасы Исламның ішкі мазмұны мен қыр-сырын түсіну. Айталық, хикметті хашірге (ақыретте қайта тірілу) сенімнің адам өміріне әсері, намаздың материалдық һәм рухани тұрғыдан алғанда тұрмысымызды реттеудегі рөлі, оразаның нәпсіні тәрбиелеудегі орны, зекеттің қоғамдық теңдікті қамтамасыз етуі, әлемдегі мұсылмандарды ұйыстырып бір жерге жинауда қажылықтың атқарар қызметі деп те түсінуге болады. Мұны да хикметтің бір қырына жатқызу артық емес.

«Аллаһ кімде-кімге хикмет берген болса, оған көп жақсылық бергені»[5]  деген аяттың мағынасы, кім хикметтің мәнін жақсы түсінсе, Жаратушының сансыз нығметіне бөленеді дегенге саяды. Бұл да хикмет туралы түсінігіміздің бір жағын құрайды.

Енді біреулер хикметті − Аллаһтың көркем есімдерінің сырларын ұғыну деп түсінген. Бұл да аса маңызды жайт. Себебі, өзін қоршаған ортада неге көз салса да, Жаратушының әсем есімдерінің белгісін көре білген жан да хикметті түсінді деген сөз. Ғаламдағы барлық нәрседен Жаратқан Иенің шеберлігін сезінген бір тақуа кісі осындай бір алапат ішкі сезімін былайша өлеңмен өрнектеген екен:

«Ариф адам көркем есімдерді Аллаһтан жырақ деп қарай алмайды,

Гейлани жолындағы пір мұндай сырларды тез аңдайды».

Яғни, әр жаратылыстан көркем есімдердің ыстық табын байқаған жан сол арқылы Аллаһ тағаланың өзін көргендей ерекше әсерге бөленеді. Осынау болмыста сәт сайын өзгеріп, түрленіп жататын әрбір құбылыс шынайы құлдарды тұңғиық сезімге бойлатып, Аллаһтың ұлылығына одан сайын құлдық ұрғызып, сәждеге бас қойғызғанда, құдды «ғарышқа» маңдайын тигізгендей (әрине, «ғарыштың» заттық дене еместігі баршаға мәлім) тәтті тылсымға беріле түседі. Ендігі жерде құлағына әрбір үн, әрбір дыбыс Аллаһтың әсем әуеніндей естіліп, көзіне көрінген әрбір түс Аллаһтың көркем есімдерінің жайып салған атлас кілеміндей көрінетін болады. Хикметтің тағы бір қыры осы болса керек...

Тағы бір тұрғыдан алғанда, хикмет − мәңгілікке бет алған сапарында құлдың Аллаһтың көркем есімдері, сипаттары және құдіретті істері төңірегінде алабөтен сезімдерді бастан кешуі дер едік. Мұндай жандар жаратылыстың мәнін терең түсінгендіктен Зат-ы улухиятқа[6]  таңғалыспен ғұмыр кешеді. Ұдайы иләһи сипаттарды сезінуге тырысып бағады. Анығында, Жаратқанның бар болуы секілді, Оның сипаттарының да дені жалпы жұртқа беймәлім. Басқаша айтқанда, Жаратқанның да, Оның көркем есімдері мен сипаттарының да бар екені рас болғанымен, бірақ олардың қандай екені жұмбақ. Осы өреге жеткен жан «Ұқтым, сездім, түсіндім» деу деңгейінен аласармай, үздіксіз әрекет етуден, биікке ұмтылу, жаңа нәрсе үйренуден жалықпайды, бірақ көбіне таңғалыстан көз ашпайды. Жоғарыда да айтып өткеніміздей, сәйрі сулукта[7]  бұл деңгей хайрет, яғни «таңғалыс деңгейі» деп аталады.

Салик[8]  бұл деңгейге қол жеткізгенде, таңғалысын жасыра алмайтын халге түседі. Рухани танымның тереңдеуі нәтижесінде бірқатар эзотериялық тыл-сымдарға көкірек көзі ашылады. Мәселен, сізге қарап тұрып сізді көрмейді, қайта сіздің басқа қырларыңызға көзі түседі. Жүзіңізден басқа түр-әлпетті, көзіңізден басқа көзді көріп, сөздеріңізден басқаша сөзді естиді, тіпті, бұл өзгерістерді әркез ар-ұжданында сезінетін болады. Міне, мұндай деңгейді хайрет – «таңғалыс деңгейі» деп атайды. Бір ғажабы, мұндай дәрежеге жеткендердің жолынан жазуы өте сирек жағдай. Өйткені, олар үнемі Жаратқанға «жетуге» ұмтылумен болады. Осынау асыл арманды алдарына мақсат-мұрат етіп қояды.

Міне, осылардан кейін барып «кімге хикмет берілсе, оған шын мәнінде көп жақсылық берілген» дегеннің мәні ашылады. Аллаһ хикметті қалағанына бұйыртады. Дегенмен, хикмет иесі болу үшін адамның бойында бейімділік, болмыстың сырларын ұғуға деген құштарлық болуы қажет. Жаратушының барлық есімдерінің ақиқатын рухани танымы арқылы ұғынатын, жүрек пен тәлім арқылы осынау ғаламат сырларды зерделеуге ашық тұратын рухани түйсік ләзім. Бұлардың бәрін беретін – Аллаһтың Өзі. Артынан мұндай кісіге жоғарыда аталған мәндегі хикметті нәсіп етеді. Мұндай рухани өре биігіне көтерілген жанға мол жақсылық берілгені.

Егер ол жаратылыстың түпкі мағынасын түсінсе, жаратылыстағы не нәрсенің де Жаратушының көркем есімдерінің көрінісі екенін байқап, Аллаһтың сипаттарын сезіну үшін ілгері адымдаса, Оны тану, барынша ұғыну жолына махаббатпен бас қойса, мол несібе қалай берілмесін? Тіпті Аллаһтан күдер үзбеген жан «Қақпа жабық, сен бекерге әуреленбе!» деген ескертулерді естісе де, мойымай, құдірет қақпасының әйтеуір бір ашылатын сәтін ынтызарлықпен күтеді.

Бұл дәрежеге жеткен жан: «Уа, Раббым! Менің жанымды ала гөр, Өзіңе барғым келеді» деп, өлімді асыға күтумен болады. Хазірет Жүсіп пайғамбардың: «Уа, Раббым! Сен маған күш дарыттың, билік бердің. Қасиетті мәтіндерді түсіндіру мен түс жору ілімін үйреттің. Уа, көк пен жердің жаратушысы! Дүниеде де, ақыретте де ием, көмекшім бір Өзіңсің. Саған шынайы мойынсұнған құл ретінде жанымды алып, мені қайырлы, дұрыс адамдардың қатарына қосқайсың»[9],  – деп келетін дұға-тілегі осы хайрет деңгейінде айтылса керек. Иә, шынында да, бұл дүниелік күш-қуаттың бәріне ие бола тұрып, Жүсіп пайғамбар Хақиқи Жар – Аллаһпен қауышуға асыққан еді.

Қорытындылай келгенде, хикметті былай түсіндіруге де негіз бар. Хикмет дегеніміз – адам, ғалам және Құран арасындағы байланысты жете ұғыну. Ғалам – Аллаһтың құдіретімен, қалауымен жаратылған кітап. Адам – осы алып кітаптың өзекті мәні әрі мазмұны. Ал, Құран болса, ғалам мен адамның мәнісін иләһи тұрғыдан баяндаған кітап. Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болса, міне, осы айтылғандарды терең түсінген, жете ұғынған жан. Осы себепті оны − нағыз кәміл адам ретінде танимыз. Кімде-кім осы ақиқатты түсінсе, хикметтен сыбаға тигені. Ал ғаламды бөлек, адамды бөлек, Құранды бөлек зерделеуге ұмтылғандарды хикметтен үлес тимейтін түйсіксіздерге балаған жөн.

Ұлы Раббым, біздің көңіл көкжиегімізді кеңейтіп, осындай ұлы ақиқатты түсінуді нәсіп етсін!

 


[1]    «Бақара» сүресі, 269-аят.
[2]    Құранның тысында Пайғамбарымыздың көкейіне қондырылған хабарлар. Ғалымдар хадистерді осы категорияға жатқызған.
[3]    «Ниса» сүресі, 113-аят.
[4]    «Маида» сүресі, 110-аят.
[5]    «Бақара» сүресі, 27-аят.
[6]    Зат-ы улухият – Аллаһ тағала
[7]    Тасаууыф ілімінде рухани кемелдік жолына бас қою, сол жолда ілгерілеу.
[8]    Салик – тасаууыф жолындағы адамның атауы. Ауд.
[9]    «Юсуф» сүресі, 101-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.