ТАҒДЫР ТУРАСЫНДА ЖАҢСАҚ КӨЗҚАРАСТАР МЕН ПІКІРЛЕР
Денсаулығына жүрдім-бардым қарап, ақыры науқасқа шалдығып: «маңдайыма жазылған тағдырым осы екен» деушілерге жиі куә боламыз. Осындай жайттың әуел бастағы тағдыр тақтасына жазылған жазмышпен қатысы қаншалықты?
Бұл сауалға жауап бермес бұрын тағдыр туралы көзқарас пен сенімді нақтылап түсініп алу керек. Егер жазмышқа деген сеніміміз солқылдақ болса, бұл мәселеде жаңсақ көзқарастардың шырмауынан шыға алмай, әуре-сарсаңға түсеріміз сөзсіз.
Тағдыр – Аллаһ тағаланың құдіретінің немесе еркінің емес, ілімінің атауы екеніне баса назар аудартқым келеді. Егер сіздің тағдырыңыздағы елеулі бір оқиғаның орын алуын яки алмауын қаласа да, Аллаһ тағала Өзіне ғана тән құдіретімен оны жүзеге асырады. Басқаша айтқанда, Аллаһ құдіреттілігімен әзәли (шексіз) ілімінің арқасында жоспарлаған іске бір өң береді. Бұл ілім жаратылыстың мақсат-мүддесімен, оның сыртқы пішінімен айналыспайды. Яғни, оқиғаның жүзеге асып-аспауын міндеттеп, мәжбүр қылмайды. Ілім – мағлұмға тәуелді. Бір іс, әрекет қай жерде, қалай және қашан болатын болса, Аллаһ оны шексіз ілімі арқылы алдын ала дәл сол күйінде біледі. Өйткені, ол Аллаһтың қалауы. Алайда, ол іс Аллаһтың білгені үшін жүзеге асып жатқан жоқ. Тағдырды «Аллаһ ілімінің атауларының бірі» деуіміздің себебі – осы.
Бұл көзқарас «тағдырдың үкімі орындалу барысында адамның еркі де есепке алынады» дегенге саяды. Бұлай болмаған жағдайда жәбрилік (фатализм), яғни «адам баласы еркі, таңдауы жоқ, тағдырдың айдауындағы жаратылыс» деген түсінік қалыптасқан болар еді. Мұндай жағдайда дүниенің, жаннат пен жаһаннамның жаратылуының еш мәні қалмас еді. Жәбри (еріктен тыс) тағдыр бар. Бірақ ол күн, ай, топырақ, тас, жұлдыздар т.б. секілді ықтияры жоқ жаратылыстарға қатысты. Ал, жындар мен адамдардың тағдырына олардың өздеріне берілген еріктері негізінде қандай таңдау жасағаны есепке алынып, үкімі шығады.
Демек, Аллаһ тағала әзәли ілімі арқылы әр адамның өз еркімен қай жолға түсетінін білген. Тағдыр жобасын соған орайластырып, уақыты келген соң құлының жеке еркін де есепке ала отырып, адамдардың таңдауынан туған нәтижелерді жаратады. Бұлардың алғашқысы, яғни жазмыш – «тағдыр», ал оның жүзеге асуы «қаза» деп аталады. Аллаһ тағала, қаласа әуелден тағдыр тақтасында жазылып қойған жайтты өзгертуге құдіретті. Дегенмен, егер тағдырда жазылғандарды өзгертпесе, ол жайт сол күйінде жүзеге асады да, құл жақсылығы үшін сауап алып, жаман істері үшін күнәға бататын болады.
Осы қысқаша мағлұматтан соң негізгі сауалға оралайық. Мысалы, адам өз еркімен темекі шегіп, арақ ішіп, соның салдарынан қатерлі ісік (рак) ауруына шалдықты делік. Бүгінде медициналық зерттеулер бойынша түрлі науқастардың 97-98 пайызына ішімдік пен темекі себеп болатыны анықталған. Енді ойланып көрелік. Аталған жайттарға мән бермей зиянды нәрселерге үйірсектеуін тыя алмаған адам кінәлі ме, әлде тағдыр ма? Әрине, кінәлі сол адамның өзі. Олай болса, адам баласы Хақ тағала аманат еткен денсаулығын сақтауы үшін зиянды әдеттерге бой ұрмауы қажет. Денсаулығын күтпей, соның салдарынан ауруға шалдыққан адамның «маңдайыма жазылғаны осы екен» деп, тағдырды кінәлауға ешқандай хақысы жоқ. Сондай-ақ, ол адам бұл дүниеде аурудың азабын тартып, емханаларда дертіне дәру іздеп сандалып, бар тапқанын ем-домға жұмсайды. Тіпті, о дүниеде де жаратылыс заңдылықтарына бағынбай, аманат тәнін күтіп баптамағаны үшін Аллаһ тағаланың алдында есеп береді. Бұл мәселеде діндар мен дінсіздің, Аллаһқа иман келтірген адам мен имансыздың арасында айырым болмақ емес. Себебі, жаратылыс заңдылықтары бүкіл адамзатқа бірдей. Оған бағынып, жанын, тәнін күтінгендер жақсылыққа кенелсе, ал ол заңдылықтарға қайшы әрекет еткендер өз істерінің зардабын көретін болады.
Қорытындылай келгенде, тағдырды сауалда баяндалған тұрғыдан түсіну, ислами ұғымға қайшы келеді деген болар едім.
- жасалған.