РАМАЗАННЫҢ РУХАНИ МӘУЕСІНЕН СУСЫНДАУ
Имам Раббанидің: «Жақсылық пен берекет атаулының барлығы мүбәрак Рамазан
айында жинақталған. Кімде кім Рамазан айын жемісті өткізсе, бір жыл бойы жақсылық пен берекеге кенеледі» деген сөзі бар. Осы айтылған сөздің мән-мағынасын талдап, Рамазан айын жемісті өткізу үшін қандай шарттарды орындау керектігіне тоқталып өтсеңіз.
Ислам діні туралы жазылған әдебиеттерде қасиетті айлар мен күндердің маңызы, ерекшеліктері жөнінде деректер көп. Мысалы, Қадір түнінде бар ықыласымен құлшылық еткен жан Құранда айтылғандай, мың ай ғибадат жасағандай сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйенсек, отан қорғау мақсатымен бір сағат күзетте тұрған сақшы да бір жылдық құлшылық сауабын алады, Сондай-ақ бір сағат тәфәккур[1] қылған адам да бір жыл құлшылық жасағанмен бірдей сауапқа кенеледі. Демек, бір тәуліктің ішінде адамның жасаған болмашы, кішігірім әрекеттері Аллаһтың құзырында мол жеміс береді.
Жоғарыда келтірілген Имам Раббанидің сөздерін талдар болсақ, алдымен бұл жерде имандылыққа үндеу, адамды ізгілікке тәрбиелеу көзделгенін аңғарамыз. Мысалы, Рамазан айында түнімен намаз оқып, күндіз ораза ұстаған кісі Қадір түнінде берілетін мол сауапқа қол жеткізуі әбден мүмкін. Демек, бір жылын нағыз мүмин ретінде өткергені. Осылайша, адамның жасаған бір жақсылығы келесі бір жақсылыққа түрткі болып, айналып келе беретін тәспінің тасындай жақсылықтың жүрімін ұзартады.
Иә, шын мәнінде әр күнінде, түнінде Рамазан айына лайық құлшылықпен өткізген жан жыл бойы жақсылықтан жақсылыққа жетуі мүмкін. Сонымен қатар Аллаһ Рамазанды құрметтеген кез келген пендесіне несібе бұйыртары анық. Мұны Пайғамбарымыздың мына бір хадисінен аңғарамыз: «Сауабын жан-жүрегімен Аллаһтан күтіп, ауыз бекіткен адамның барлық күнәлары кешіріледі». Бұдан шығатын қорытынды, ғибадат еткен адамға ниеті мен ықыласының дәрежесіне қарай сауап жазылады. Жазылған сауаптың салмағы Аллаһқа деген махаббаты мен сеніміне байланысты болмақ. Әрине, қамшының сабындай ғана өмірінде әркім мұншама сауапқа қол жеткізе алмайды. Бұл – Жаратқанның құлына деген мейірімінің белгісі.
Айталық, қадір түні мың айлық сауапқа қол жеткіздіңіз делік. Мың ай сексен жылға тең. Демек, сексен жылдық осы дүниенің сауабы бұйырғаны. Басқаша айтқанда, мың ай ораза ұстап, мың ай намаз оқығанмен бірдей. Бұл бір адамның орташа өмірінен ұзағырақ уақыт. Мұсылман үмбетінің ең ұзақ өмір сүргендерінің жасы көбіне сексеннен сәл ғана асады. Сондай-ақ, бұл сексен жылдың ерекшелігі сол риядан, жасандылықтан ада. Мәселен, сіз намаз оқып жатып рүкуғқа иілгенде «Бұл бір керемет рүкуғ болды, жұрт көрді ғой» деген жүйрік ойға мән берсеңіз немесе сәждеге жығылған кезде ішіңізден «Сәждені қалай жасағанымды мына жұрт көрсін» десеңіз, онда Аллаһ разылығы үшін ниет еткен сәжденің де, рүкуғтың да, алдыңғы жасаған амалдардың да бекерге кеткені. Онда намаз оқыдым деп жатып-тұрып қимыл жасап, өзіңізді бекерге шаршатқаннан басқа сізге сауап жазылмайды. Себебі сіздің құлшылық әрекеттеріңіз жұрттың көңілінен шығу мақсатында жасалып отыр. Ал, Қадір түнінің бір уағында оңашада жасаған ғибадатыңызды жасандылық пен екіжүзділік кірлете алмасы анық. Сонымен қатар, харамға көз салу, жалған сөйлеу, Исламның шарттарына қайшы келу тәрізді өзге күнәлар да аталған тұнықты лайлай алмаса керек.
Руханиятқа көзі ашық, көкірегі ояу бір кісіден осы түннің қасиеті жайында мынадай жайтты естіген едім. Мәселен, сіз тіршілікте біреудің ақысын жеп, сырттай сөгіп не өсектеген болсаңыз, Аллаһ тағала сізге тиесілі сауаптан алып беріп, олардың сіздегі ақысын өтейді. Ал, сіздің несібеңізге Аллаһтың кеңшілік қылып еселеп берген бөлекше сауаптары о дүниеде ешкімге ауып кетпей тек өзіңізге ғана бұйырады. Бір түнде Аллаһ сізге сексен жылдық сауап сыйласа, ол сізден кетпейді. Ал басқадай қарызыңызды маңдай теріңізбен жинаған жай кездегі сауаптан өтейсіз.
[1] Ғаламдағы жаратылыстарға көз жіберіп, терең ойлану арқылы Жаратушының құдіреттілігіне ұғына түсу. Ауд.
- жасалған.