ПАРАСАТТЫ ӘРЕКЕТ
«Мұсылманның міндеті – парасатты әрекеттен таймау» деген ұстаным бар, осы мәселеге жан-жақты тоқталып өтсеңіз.
«Парасатты әрекет» – адамның өз іс-әрекеттері мен ұстанған жолының ең жақсы, ең дұрыс жол екеніне кәміл илана отырып, көңілін өзгелерге деген жаман пиғылдан таза ұстауын білдіреді.
Негізінде өз кәсібіне, өз ұстанымына ықыласпен беріліп, оны өзгелерге де сүйіспеншілікпен жеткізудің орнына, өзгелердің ұстанған жолын жамандаумен, оларды күндеумен жүрген адамның ісін парасатты әрекетке жатқыза алмаймыз. Өзінің ұстанымын жақсы қырынан көрсету үшін «Пәленшенің ұстанған жолы жаман, түгеншенің жасаған әрекеттері дұрыс емес» деген сияқты қаңқу сөзге берілудің өзі күнә. Ол өз ұстанымына, кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыра түсудің орнына, өзгелерге тіс қайрау арқылы өз аяғын өзі тұсағанын дер кезінде байқамауы да мүмкін.
Егер әлдекім өз жолына, өз ұстанымына беріліп жұмыс жасаудың орнына, өзгелерді аяқтан шалумен айналысса, өзіне деген наразылықты күшейтіп алады. Мұндай жағдайлар өмір тәжірибесінде көп кездеседі. Ең алдымен барша адамзатқа төреші Аллаһ тағаланың бар екенін қаперде ұстау қажет. Ұлы Жаратушы әрбір сөздің әуейіне емес, нақты адамның ниетіне, амалына қарайды. Тура жолдағылардың ісін Аллаһ Өзі қолдайды, тіпті жолындағы кедергілерді де жойып отырады.
Егер ықыласты кісілер еткен еңбегімен көзге түсіп жатса, өзіміздің ықыласымызды таразылаудың орнына оларды аяқтан шалу Жаратқанның құзырында әдепсіздікке жатады. Ендеше, өзгелерге ор қазғанша, әркім өз ықыласын арттырып, барлық іс-амалдарын Аллаһтың разылығына бағыттап, реттегені дұрыс.
«Парасатты әрекеттің» өлшемі қандай деген мәселеге келсек, біз ең алдымен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінінің мұрагерлеріміз. Біздің ұстанған мәзхабымыз – ханафилік. Өзіміз таңдаған Ислам жолына шынайы беріліп, үлкен шабытпен өмір сүру үшін төменде аталатын мәселелерге баса мән беру қажет:
Исламның негізгі өзегі – тәухид, яғни Аллаһтың даралығы. Аллаһтың жалғыз, дара екендігіне иман келтірген адам шірктің кез-келген түрінен сақтанғаны дұрыс. Бұған қоса Жаратқанның бар және бір екенін көкейге қонымды дәлелдермен түсіндіре білу ұстанған жолымызға шынайы берілгендіктің көрінісі болмақ. Өзгелерді орынсыз сынап-мінеуден бойды аулақ ұстаған абзал. Мәселен, христиандарға өз құндылықтарымызды айтып түсіндірудің орнына олардың қателіктерін бетіне басумен айналысу арадағы дұшпандықты арттырудан басқа ешбір пайдасы болмағандықтан жөн емес. Мұсылмандардың киелі міндеті – Жаратқанның бір екенін түсіндіру, яғни тәухид сенімінің туралығын, дәлелді айғақтармен жеткізу. Мәселен, христиан дініндегі үштік (әке-бала-қасиетті рух) сенімнің жаңсақтығына назар аудара отырып, үш Жаратушының бола алмайтынын ойға қонымды дәлелдер арқылы түсіндірген дұрыс. Ал ондай сенімдегі адамдарға ашық наразылық танытып, өзімізге дұшпан санау – достықты, бейбітшілікті дәріптейтін мұсылмандар үшін жат мінез.
Қазіргі заманда атеизмді жақтаушылар да аз емес. Жаратушыны мүлде мойындамайтын атеистер мен хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және бұрынғы пайғамбарларды мойындайтын христиандар арасындағы айырмашылық – жер мен көктей.
Түсініктірек болу үшін мынадай мысал берейін. Мысалы, біз ханафи мәзхабына жатамыз. Мен ханафи мұсылман ретінде өз мәзхабымды шафиғи, малики, ханбали мазхабтарынан артық жақсы көремін, жоғары санаймын. Алайда бұл сезім менде Имам Шафиғидің, Имам Маликтің, Имам Ханбалдің нұқсан жақтары бар деген ой тудырмауы тиіс. Мен өз таңдаған жолыма құрметпен қарай тұра өзгелердің нұқсан, кемшіліктеріне мән бермеуге тырысамын.
Қазіргі таңда адамдардың зейіні де, жүректері де иманға зәру екені белгілі. Ел ішінде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін халықтың рухани жұтаңдығын кетіру керек. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді Исламды түсіндіруге, әр адамның көкейіне иман нәрін егуге жұмсаймыз. Біздің түйсінуімізше, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұстанған жолы да осы болатын. Оған тақ пен тәж ұсынылған кезде де «Бір қолыма Айды, екінші қолыма Күнді ұстатса да, мен хақ жолымнан қайтпаймын», яғни адамдарды иманға шақыру – мен үшін үлкен бақыт деп, ұстанған сара жолынан ақырғы демі үзілгенше бас тартпаған. Он үш жылға созылған Мекке кезеңінен осыны аңғарамыз.
Ислам дінінің қыр-сырын түсіндіру, пайдасын дәріптеу, имандылықты жаю, осы мақсатта жатпай-тұрмай тер төгу сияқты үлкен жауапкершілік тұрғанда, өзгелерден қателік іздеу, тырнақ астынан кір іздеу секілді оғаш істерге көңіл бөлу мұсылманға жат қылық.
Осы мәселеге қатысты Құранда мынадай аят келтірілген: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді түзеуге тырысыңдар. Сендер тура жолда болсаңдар, өзгелердің теріс жолда болуының сендерге зияны тимейді»[1].
Аяттағы түсінік бойынша мүминдерге мынадай үндеу айтылған: сендер өз жолдарыңды құрметтеңдер, тура жолда екендіктеріңді байып-таңдар; ықыластарыңның қандай дәрежеде екенін, Хақпен байланыстарының қаншалықты екеніне назар салыңдар. Егер осы айтылғандардың бәрі бойларыңнан табылса, онда Аллаһтың алдында мерейлеріңнің үстем болғаны. Өзгелерге алаңдаудың қажеті жоқ. Олар қаншалықты бұра тартса да, тура жолды ұстанғандарға ешқашан зиян келтіре алмайды. Сендер өз істеріңмен айналысып, өз жөндеріңді біліңдер. Сәждеге жығылып, Раббыларыңмен сырласудан, ішкі есептеріңді мығымдап, кем-кетіктеріңді жөндеуден, еңбектенуден, қараңғылықты сейілтуден басқа шаруаға көңіл бөлмеңдер. Өйткені сендердің бұл дүниедегі міндеттеріңнің өзі осы. Егер сендер қайырлы әрекеттерің арқылы көкте мадақталып, Аллаһтың разылығына, Жәбірейілдің және бүкіл періштелердің марапатына ие болсаңдар, жер бетіндегі иманды жандардың да көңіл төрінен орын алып, баршаның сендерге деген сый-құрметі арта түсері анық.
Дүние – сынақ, сондықтан сыннан сүрінбей өткенге дейін сабырлылық таныту қажет.
Сонымен, басқаларға ор қазбай, зиянды істерден алыс жүру – «парасатты әрекеттің» өлшемі дер едім. Аса қамқор әрі кешірімшіл Раббымыз нәпсіге беріліп, теріс жолға түсуден баршамызды сақтасын. Әмин!
[1] «Маида» сүресі, 105-аят.
- жасалған.