ӘБУ ХАНИФА ДӘУІРІНДЕГІ ОЙ ЕРКІНДІГІ ЖӘНЕ КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒАЛАР

Ірі ғалымдар арасында сый-құрмет, тәрбиелілік пен әдепке аса мән берілгені белгілі. Бұл ой еркіндігіне кедергі келтірген бе? Ислам тарихында кей алқалы жиындарда жасы үлкендердің болғанына қарамастан, жасы кішілердің сөз алған кездері кездеседі. Бұдан қазіргі кезде қандай сабақ алған дұрыс?
Ислам тарихында кей билеушілер тұсында мұсылмандық тәрбиеге жат мінезбен ой еркіндігіне тұсау салынып, ғалымдарға қысым жасаған оқиғалар сирек те болса кездескен.

Десе де жасы кішінің жасы үлкенге құрмет көрсетуі бір басқа да, жасы үлкеннің өзінен кейінгі буынның талабын ұштап, жолын кеспеуі – өзінше бір мәселе. Пайғамбарымыз ғұмыр кешкен алтын ғасырда осыған қатысты мынадай оқиға орын алған:

Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жасы ұлғайған сахабаларына «Шөлде өсетін, өзі мүминге  ұқсайтын бір ағаш бар. Қане, табыңыздаршы?» деп жұмбақ жасырады. Сахабалар қанша тырысса да мысалда сипатталған ағаштың атын дөп басып айта алмайды. Сол сәт жас сахаба Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) әлгінің құрма ағашы екенін іштей білгенмен үлкендердің жанында әдеп сақтап, үндемегенді жөн көреді.

Осы әдептілігін дұрыс деп топшылаған Абдуллаһ бірақ кейінірек әкесі Омардан (р.а.) білгенді сыпайы түрде айтудың ешқандай әбестігі жоқтығын түсінеді.

Хижри жыл санауы бойынша екінші ғасыр – Әбу Ханифа, Суфиян ибн Уйайна, Суфиян әс-Сәури және Әузаи сынды мықты имамдар ғұмыр кешкен жемісті, берекелі дәуір. Аты аталған замандас тұлғалардың жастары да шамалас еді. Ол кезеңнің ең маңызды ерекшелігі ой-пікір мен сөз бостандығына тұсау қойылмай түрлі көзқарастар бойынша пікірталастардың жүргізілуінде. Әсіресе, Куфада қызу пікірталастар өткізіліп, маңызды мәселелер талқыланатын. Алайда, осы пікірталастардың өтуінде ұрыс-керіс, жанжал сияқты бейәдеп қылықтар мүлдем орын алмайтын. Әркім әдептен озбай сыпайылықпен, дәлелді сөз, жұмсақ мінез, таза ниет, түсіністікпен сұқбаттасатын. Бұл, әрине, бүгінгі таңда өзгенің сөзін тыңдауды білмейтін, пікір таластыруды сөзбен қақтығысу деп ұғатын кейбір келте ойлы замандастарымыз үшін үлкен өнеге. Сыйластық пен төзімділік өткен дәуірдегі пікірталас орталарының жазылмаған заңындай еді. Пікірталас пен өзара түсіністік жайын сөз қылғанда, сол дәуірдегі Иракты мысалға алған жөн. Себебі, Ирак хауариж, нәуасыб, неоплатонизм сияқты әр қилы діни-философиялық ағымдардың ошағына айналып үлгерген аймақ еді.

Имам Ағзам Әбу Ханифаға келсек, ол жалпы саны қырық мыңға жуық шәкірт тәрбиелеген. Ұстаз ретінде не нәрсені де шәкірттерімен бірге талдап, даулы мәселелерді тиянақты шешуімен көпшіліктің көңілінен шығып отырған. Осы себепті сол кезеңде хадис, усул-и хадис[1], нақд-и рижал[2], нақд-и мәтін[3] сияқты ілім салалары пайда болып, тұңғыш рет тәфсир және фиқх кітаптары жазылған. Бұл – хижри IV ғасырдың аяғында Азияда жүзеге асқан ренессанс (қайта өрлеу) десек артық айтқандық емес. Философия және ғылым тарихы тұрғысынан алып қарағанда, сол ерте кездердің өзінде-ақ ірі құқықтанушылармен қатар медицина саласында Ибн Сина, жаратылыстану ғылымдары саласында Зәхрауи сияқты айтулы данышпан ғалымдардың шыққанын көреміз. Зәхрауидің мықтылығы сонда, оның ойлап тапқан құралдары батыс университеттерінде мың жылға жуық қолданылып келген. Осы тұрғыдан алғанда мұндай даналарды «мың жыл жасаған адам» деп құрмет білдірсек артық емес. Жан-жақты байып-таса, бұл айтылған шындықтардың тегін еместігі, сол дәуірде сөз еркіндігі мен зерттеу құлшынысының қаншалықты өркендегендігі байқалады.

Мысалы, Әбу Ханифаның атақты екі шәкірті Имам Мұхаммед пен имам Әбу Юсуф ұстаздарын ерекше құрметтеп, өздеріне үлгі тұтқан. Алайда, ұстаз пікірімен келіспеген тұстары да кездескен. Бірақ ондай жағдайларда өз ойларын әдепті түрде жеткізе білген. Олар ұстаз сыйлауда алдарына жан салмаса да, кейбір мәселелерде Құран мен сүннеттен басқа да мазмұнды, мәнді нәтижелер шығаруға болатынын дәлелдеуге тырысқан. Бұл, ақиқатты айтпаудың арға сын екенін жақсы білгендіктен туындаған.

Иә, Әбу Ханифа да – Суфиян ибн Уйайна мен Суфиян әс-Сәури сияқты ең ірі ғұламалардың бірі. Негізінде Әбу Ханифа фиқхтан гөрі кәлам ілімінің ұстазы. Яғни фиқх Әбу Ханифа үшін екінші орында тұрған. Ол көп уақытын ақида мәселелерін талдауға арнаған. (Мәшһүр ғұлама Мұхаммед Хамди Язырдың да негізгі саласы фиқх болғанмен тәфсир жазғаны мәлім. Әбу Ханифа да негізінен ақида, кәлам мәселелерімен шұғылданғанына қарамастан, фиқх саласындағы еңбектерімен көбірек танылған. Шәкірттерінің де басым көпшілігі фиқх саласында маманданған. Өйткені, олардың заманында адасушы ағымдар мен жамағаттар көбейгені соншалық тіпті дәхрииун тәрізді ақыретке сенбейтін имансыз жамағаттар Басрада, Куфада өздерінің үгіт-насихат орталықтарын құрған. Халыққа «құдай жоқ» деген пікірді ашық уағыздауға көшкен. Неоплатонизмнің, монизмнің және т.б. ағымдардың да негізі сол кезде қаланған. Ал кейінгі философтар бұл ойларды жүйелеп, жалпақ жұртқа жария еткен. Осылайша халықты адастырып, қателікке ұрындырған. Хадистердегі «Жетпіс үш жамағаттың біреуі, яғни ақиқат жолдағысы «әхли сүннет уәл жамағат», ал қалған жетпіс екісі ақиқаттан адасады» дейтін ағымдардың көбі сол кезде шыққан деуге негіз бар.

Әбу Ханифа осындай ортада өскендіктен, өмірін теріс ағымдармен күресуге, имансыздыққа жол бермеу-ге арнаған. Жан-жақтылығымен ілімнің барлық саласына өзіндік үлес қосқан (Оның «Фиқһуль-әкбар» атты шығармасына кейіннен Алииул Қари есімді ғұлама түсіндірме жазған), Әуелде кәлам және ақидамен шұғылданса да аталған себептерге байланысты кейін-нен толығымен фиқхқа бет бұрған.

Имам Ағзам Әбу Ханифа Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып, өзінің қырық мың шәкіртіне сүннетті талдау тәсілдерін үйреткен. Шәкірттерінің арасында Әбу Юсуф сынды ұзақ жылдар бойы Аббаси мемлекетінің шейхулисламы қызметін атқарған біртуар тұлғалар да кездескен. Имам Ағзамның танымал шәкірттерінің бірі саналатын Имам Әбу Юсуф тәбә-у табиин[4] заманында шейхулислам міндетін атқарған. Ол кезеңде аббасилер алып территоияны алып жатқан ірі мұсылман мемлекеті болып тұрған. Имам Малик, Имам Мұхаммед және Имам Шафиғи сынды ғұламалар да сол дәуірде өмір сүрген.

Ұстаз Әбу Ханифаның мықты шәкірттерінің тағы бірі – белгілі тұлға Имам Мұхаммед. Жазған еңбектерінің көптігі сонша қаз қатар тізгенде адам бойынан асатын деседі. Оның «Әл-жамиул Кәбир» атты еңбегі өте көлемді болғандықтан, Садрушшәхид есімді ғұлама оны оқырманға ықшамдап қайта ұсынған. Ал Имам Сәрахси әлгі кітапқа «Әл-Мәбсут» атты 30 томдық арнайы түсіндірме еңбек жазған. Осындай мол еңбектердің иесі Имам Мұхаммед өте алғыр кісі болыпты. Ұстазынан естігендерін еш уақытта ұмытпаған. Сонымен қатар қырағы, бар нәрсені білуге, үйренуге ерекше құштарлық танытқан. Осы қасиеттері жайлы мынадай қызықты оқиғаны тілге тиек еткенді жөн көріп отырмын.

Бір күні медреседе сынау мақсатымен Имам Әбу Юсуфтың көрпешесінің астына бір тақтайды, Имам Мұхаммедтің жайнамазының астына бір парақ қағазды екі бүктеп қояды. Имам Әбу Юсуф ештеңе сезбестен дәрісін беріп шығып кетеді. Ал Имам Мұхаммед болса орнына жайғаса салысымен, «Ойпырм-ай, бүгін үйдің төбесі қос парақтың қалыңдығындай төмендеген бе, әлде еден соншалықты көтерілген бе, түсінбей отырғаным?!» деген екен.

Имам Шафиғиға ұстаздық еткен хадис ілімінің білгірі, аса тақуалылығымен танымал Имам Уәки де – Әбу Ханифаның шәкірті. Сонымен қатар, Имам Шафиғидің сөзімен айтқанда, дүниеде теңдесі жоқ хадис ғұламасы, хорасандық түркілерден шыққан аса тақуа ғалым Адбуллаһ ибн Мүбәрак та – Имам Әбу Ханифаның шәкірті. Бір ғана Имам Тахауидің есебіне көз жүгіртсек, Әбу Ханифаның осындай биік дәрежедегі үш жүзге жуық ғалым шәкірті әр аймақта қызмет етіп, ғұмырларын ақиқат жолына арнаған екен.

Имам Әбу Ханифа кәлам тағы сол секілді басқа да  ілімдермен шұғылдана жүріп, күнкөріс үшін мата сатумен де айналысқан. Осылайша адал жолмен ризық табуды көздеген. Мәселен, бір күні Имам Әбу Ханифаның дүкенінде (өзі жоқ кезде) көмекшілері біреуге бір затты білместікпен қымбатырақ бағаға сатып жібереді. Имам Әбу Ханифа мұны ести сала бір орында байыз таппай әлгі алушыны іздеп тауып: «Сен менің дүкенімнен алған матаға өз құнынан артық ақы төлепсің», – дейді. Сатып алған кісі: «Мен алғаныма разымын, ешқандай шағымым жоқ», – десе де, Имам Әбу Ханифа қояр да қоймай: «Сен разы болсаң да мен риза емеспін», – деп артық ақшасын өзіне қайтарып берген екен.

Міне, ол дәуір – көкірегі нұрлы адамдарға толы жемісті кез болған. Ол дәуірде өмір сүрген адамдардың көпшілігі жұлдыздай жарқырап, айналасын нұрландыра білген. Мысалы, Суфиян ибн Уйайна небәрі он бес жасында ижтихад[5] жасай алатын дәрежеге қол жеткізген. Әрине, мұның қадірін түсіну үшін алдымен ижтихадтың қаншалықты ауыр да жауапты іс екендігін ұғыну қажет.

Имам Шафиғи ақтық сапарға аттанғанда 54-55 жаста еді. Өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің айтуынша, ол өз заманында фиқһпен қатар хадис ілімін де терең білген. Сонымен қатар өте мықты дәрігер әрі өлеңге жүйрік ағып тұрған шайыр болған. Өлеңдерін кейде өзі оқып беріп, жанындағыларды шабытқа бөлеген. Тіпті, шайырдың өлеңдері жазылған арнайы жинақ та шыққан көрінеді. Имам Шафиғи ақындық қабілетіне қатысты көзі тірісінде: «Егер өлең жазумен айналысқанда әйгілі шайыр Ләбидтен де жақсы жазар едім. Алайда, уақыттың тарлығынан поэзиямен шындап айналыса алмадым» деп, өкініш білдірген.

Деректерге қарағанда Имам Шафиғи ауыр сырқаттан көп жыл қиналған. Бірақ соған қарамастан бірнеше ілім саласында артына құнды мұралар қалдырған.

Демек, Ұлы Жаратушы адамзатқа теңдессіз дін жіберумен қатар оған иелік жасайтын, жан-жақты талдап түсіндіретін, ерекше қабілетті тұлғалар да жаратқан. Бүгінде айтылып жүрген «Олар да біз сияқты пенде емес пе? Біздің олардан қай жеріміз кем?» дейтін  пікірлер жетесіздіктің көрінісі.


[1] Хадис методологиясы
[2] Хадисті жеткізушілерге қатысты (есте сақтау қабілеті, сенімділігі) ғылым саласы
[3] Хадис мәтіндерін саралау
[4] Діни терминологияда сахабаларды көріп, олардан хадис тыңдағандарды «табиин», ал табииндердің көзін көргендерді «тәбә-у табиин» деп атайды. Ауд.
[5] Ижтихад – шариғатта негізгі мәселелерден шығатын тарауларға қатысты үкімдерді Құран мен Сүннетті басшылыққа ала отырып, өте дәлдікпен, таңдаулы тәсілдермен шешуге бар күш-жігерін жұмсау. Ижтихад етушілер «мүжтахид» деп аталады. Ауд.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.