ДҮНИЕДЕГІ СЫНАҚТАРДЫҢ БІРІ – ҚҰЛШЫЛЫҚ
Бұл дүниеде сынақта жүргенімізді біле тұра кейде тұрмыстағы ауыртпалықтарға төзе алмай қиналып кететін кездеріміз болады. Осы тұрғыда құлшылықтың да сынақ екендігін нақты мысалдармен түсіндіріп берсеңіз.
Иә, құлшылықтың да сынақ екендігі рас. Осы тұрғыдан қарағанда дінге қызмет етуді де сынақ деп түсінген жөн. Ұлы Жаратушы о бастан дүниеде сан түрлі сынаққа салып келеді. Исламға қызмет етіп, осы жолда сынақтардан сүрінбей өтуге тырысу – барша мұсылманның міндеті. Сондықтан, Аллаһ жолында талай қызметке мұрындық болып, кейіннен қайтарымын осы дүниеде күту шын мұсылманға жараспайды. Бұл Жаратушы Иенің алдында әдепсіздікке жатады.
Әрбір мүмин дініне беріктік танытып, иман жолында қызмет ету барысында көптеген кедергілерге ұшырасатынын, сол кедергілерді сабырмен және дұғамен[1] жеңе алатынын жақсы білуге тиісті. Кейде басқа түскен сынақ сағыздай созылып, бітпестей көрінуі мүмкін. Алайда, мүмин қиналғанда қол жайып, тілеген тілегін Жаратушының ерте ме, кеш пе бір қабыл алатындығына сенуі қажет. Біз Аллаһтан осы дүниедегі сынақтардан сүрінбей өтіп, халқымыздың абыройын биіктетуін, елімізді, жерімізді жат пиғылды жаулардан аман сақтауын тілейміз! Осы жолда ат терлетіп алға ұмтылған сайын Жаратушының жолымызды оңғара түсетіндігіне сеніміміз мол. Дегенмен, жүректен шыққан тілектің орындалуы асқан сабырлылықты қажет етеді. Өйткені, жеңіс пен жемістің кілті – сабырда.
Біздің әрбір қимылымыз, әр сәтіміз Жаратушыға айдай аян. Сондықтан ұдайы Аллаһ тағаланың бақылауында екендігімізді ұмытпауға тиіспіз. Келер ұрпақтың баянды болашағына қазіргі буын жауапты болғандықтан атқарылатын шаруа шаш-етектен. Ендеше, заманның шырмала шиеленген қиын түйіндерін залалсыз шешіп, зардапсыз тарқатуға ұмтылмасақ, жалған дүниенің жансыз көлеңкесіндей ғұмыр кешумен бұл дүние сынағынан сүрінеріміз хақ. Ізгілік жолында жантақтың жалынындай жарқ етіп лаулап, лезде сөнсек езбесі көп еріншек өмірге бой алдырып, бұл дүниенің сынағынан сүрінеріміз және хақ. Мысалы, ауызша емтихан тапсыруға келген оқушы, дәрісхана алдында біраз аялдап, кезегін күтуге шыдамы жетпей үйіне кетіп қалса, аты аталған кезде ол жерден табылмай емтиханнан құласа, өз құқын талап ете алмасы анық. Сондықтан, адам баласы дүниеге қайта айналып келмейтіндіктен, өзіне берілген мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануға көңіл бөліп, барлық нығмет пен несібені парықтап, дүние сынағынан сүрінбей өтудің жолдарын қарастырғаны абзал. Дүниеуи істерде бармақ басты, көз қысты әрекеттер кездесуі мүмкін. Алайда, қара жер қойнына кірген соң дүние емтиханы толықтай тәмамдалады да, арғы дүниеде мүлдем басқаша өмір басталады. Ол жақта ар-ұждан сотына тартылып, әр ісімізге жауап беруге тура келеді.
Біздің мына дүниедегі сынағымыз тым ауыр. Осынау ауыр сыннан сүрінбей өтсек, мәңгілік бақытқа бөленеміз. Сынақтан сырт айналып, сыр берсек мәңгілік азапқа ұшыраймыз. Ал сабырлылар, иман жолында тайсалмай қызмет еткендер Аллаһтың қалауымен бұл дүниенің сынағынан сүрінбей өтіп, о дүниеге олжалы бармақ. Егер біз бар саналы ғұмырымызды (негізінде бұл өте ұзақ уақыт та емес) иман жолына арнасақ ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иман жолында жиырма үш жыл бойы тайсалмай, жасымай табандылықпен күресіп өткені баршамызға мәлім.
Ал Ибраһим пайғамбар (а.с.) үнемі өзгенің қамын ойлайтын аса мейірімді жан еді[2]. Ол әкесінің иманға келуін қалап ұдайы «Әкетайым! Менің айтқанымды тыңда, мен сен білмейтін жайттарға қанықпын. Шайтанға ерме, ол сені жолдан тайдырады. Әкетайым! Намазға жығыл!» деп жалбарынатын. Жалынған сайын әкесі: «Менен аулақ жүр, көзіме көрінуші болма!» деп, баласының бетін қайтарып тастайтын. Ибраһим әкесіне Жаратушыдан кешірім тілейтінін айтып серт те береді. Берген уәдесінде тұрып Аллаһтан әкесіне кешірім де тілейді, бірақ бұл тілегі қабыл болмайды. Осыған орай, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Ибраһимнің махшарда әкесі үшін кешірім күтіп отыратынын, сол сәтте жүзі қарайып кеткен әкесі қасына келіп құлап түсетінін, іле аралары біржолата ажырайтынын баяндаған.
Көпшілік ғұламалар хазірет Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кейінгі нәбилердің ең қастерлісі – хазірет Ибраһим пайғамбар екендігін айтқан. Пайғамбарымыздың хазірет Ибраһим (а.с.) жайлы айтқан мадаққа толы сөздерімен қатар, Құранда да оны мақтаған аяттар кездеседі. Ибраһим пайғамбар (а.с.) – өмірде түрлі ауыр сынақтарға ұшырағанымен барлық сынақтардан сүрінбей өткен жан. Пайғамбарлық міндетін атқаруда ақиқат жолдан ауытқымаған; дінінен бездіру үшін Нәмруд отқа қақтамақ болған шақта да алған бетінен қайтпаған; зайыбы Хажарды жаңа туған шаранасымен бірге айдалаға апарып тастауға мәжбүр болғанда да шыдап баққан; ер жеткен ұлы Исмаилды құрбандыққа шалу сынағына да төтеп берген. Бүкіл ғұмыры ауыр сынақтармен өтіп жатса да, тәуекелден, Аллаһқа деген терең сенімінен тайқып көрмеген.
Зайыбы Хажарды сәбиімен бірге шөлдің ортасына тастап бара жатқанда, хазірет Хажар жұбайының артынан: «Уа, Ибраһим! Бұл сенің Раббыңның әмірі ме?» деп дауыстайды. Хазірет Ибраһим: «Иә, Раббым осыны бұйырды!» – деп жауап береді. Сонда Хажар: «Онда бара бер, Раббым бізді қараусыз қалдырмас» деп, Аллаһ тағалаға адал берілгендігін паш етеді.
Тағы бірде хазірет Ибраһим Жаратқанның әмірімен ұлы Исмаилды жерге жатқызып, өз қолымен құрбандыққа шалуға дайындалады. Қолындағы пышағы мен жерде жатқан ұлына алма кезек қарап, жан-жүрегі езіліп, толқыса да нәбилік жауапкершілігін, Жаратушы бұйрығын бұлжытпай орындаудың қажеттігін жақсы білетін. Әке көңілі толқығанын сезгендей ұлы: «Әке! Өзіңе бұйырылған істі орында! Аллаһ қаласа, мені қайсар, шыдамдылар қатарынан табарсың»[3], – деген еді.
Енді бірде имансыз халық жиылып, оны алаулаған отқа лақтырғанын көреміз. Сол сәтте көмекке келген Жәбірейіл періштеге: «Маған Аллаһ жеткілікті, өзге ешкімнің жәрдеміне мұқтаж емеспін» деп жауап беру арқылы дүние сынағындағы жеңісін паш еткендей. Жаратушы оны қалай сынаса да, тағдырына разылық танытып, қайсарлықпен мойымағанына, сол сынақты абыроймен аяқтағанына куә боласыз.
Мұның бәрі бізге ғибрат дер едім. Дүниенің сына-ғын салқынқандылықпен қабылдап, кез келген жағ-дайда сабырлылық, шыдамдылық таныта білген жанды Хақ тағала жарылқайтынына сенімім кәміл. Себебі, Аллаһ тәуекелге бел байлаған құлдарын ешқашан қараусыз қалдырмаған. Сондықтан тірлікте тап келген әрбір қиындықты сынақ деп біліп, сабыр көрсетуге тиіспіз. Қатты күйзелген шақтарда Раббымызға ғана сыйынып, хазірет Яқуб пайғамбардай «Мен қайғы-қасіретімді, мұңымды Аллаһқа ғана айтамын»[4] деген дұрыс. Бар мұң-мұқтажымызды, қауқарсыздығымызды, тілек-дұғаларымызды Аллаһқа ғана білдіргеніміз жөн.
Күніне қырық рет бірауыздан «Ей, рақымы мол, қиямет күнінің иесі Аллаһ тағалам! Саған ғана құлшылық жасап, Сенен ғана жәрдем тілейміз. Бізді тура жолға сал. Нәбилердің, сыддықтардың және шейіттердің жолына түсір» дейміз. Күллі мұсылмандардың атынан әрқайсымыз «Иһдина! – Бізді тура жолға түсіре көр!» деу арқылы, дін Исламның орта жолын, яғни хазірет Мұхаммедтің, Сыддық әкбар атанған хазірет Әбу Бәкірдің, қара қылды қақ жарған Фаруқ Омардың, екі нұрдың иесі Зиннурәйн Османның, Аллаһтың арыстаны Хайдар кәррар атанған Әлидің және солардың ізбасарларының жолын нәсіп ет деп тілейміз. Осы ортақ тілек пен шапағатты дұға мәңгілік бақытымызда баянды қылатыны анық.
[1] Дұға – Аллаһтан тілек тілеу. ауд.
[2] Бұл туралы «Тәубе» сүресі, 114-аятта баяндалады
[3] «Саффат» сүресі, 102-аят.
[4] «Юсуф» сүресі, 86-аят.
- жасалған.