АЛҒЫ СӨЗ

Адамның қоршаған ортаны, дүниені тануы шыр етіп өмір есігін ашқаннан басталады. Ұстайды, көреді, сұрайды, біледі. Өсе келе пенденің «білмекке құмарлығы» артып, таным көкжиегі кеңейе түседі. Абайша айтқанда, естілердің сөзіне құлақ түре жүріп естілікке ұмтылады.

Міне, осы білімді шыңдау жолында өлмейтін, өшпейтін ғалымның хаты – кітаптың берері көп. Білгенін айту, тәжірибесімен бөлісу, дұрыс бағыт-бағдар сілтеу, ісімен үлгі көрсету ғалымға сын болса, білмегенін сұрау, үйренгенін өмірде кәдеге жарату, пайдалы ілім іздену шәкіртке сын.

Қасиетті Құрандағы «Раббым, білімімді арттыра гөр!», хадистегі «Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деген тағылымдарды ескерсек, күнбе-күн артық білуге талпыну, өмірлік қазықты нықтап, болашақты айқындау, ойдағы сұрақтарға жауап іздеу, жүректегі имани гүлді солдырмай күтіп-баптау мұсылмандық міндет екені тағы белгілі.

Осы орайда, қазақ оқырмандарына бірқатар құнды еңбектерімен таныс ислам ойшылы, әлемдік деңгейдегі рухани ағартушы Фетхуллаһ Гүленнің кезекті еңбегі ізденім жолындағы шөлдеген жанға сусын, ашыққанға азық екені талассыз.

Ислам ойшылының «Призма» атты кезекті еңбегі рухани сауатты молайтуға, діни түсінікті арттыруға, мұсылмандық танымды кеңейтуге арналған. Кітаптың атауының өзі көп жайттан хабар беріп тұр. Себебі «Призма» геометриялық ұғым бола тұра, бұл категорияның рухани құндылықтарды ұғындырудағы мүмкіндігі сәтті шыққан. Ислами мәселелерде ғылым, заман талабы, адам факторы негізге алынатындықтан кітаптың мазмұны атауымен үйлесім тауып тұрғандай.

Сәулелерді өзінен жан-жаққа шашыратып шағы-лыстырып көрсететін призма – бір есептен алғанда әрдайым тазалықтың белгісіндей мүминді еске түсіреді. Адам баласының ішкі рухани болмысының мейлінше нәзік құбылыс-ренктерін жүрек таразысына безбендеп, өлшеп, суреттеп сипаттайды. Сол тазалықтың негізін автор иман мен ілім арқылы айқындап берген. Бұған оқығанда көз жеткізесіз.

Құрметті автор түрлі тақырыпта қойылған сұрақтарға әрі ислами, әрі әлеуметтік-қоғамдық, әрі ғылыми тұрғыда мейлінше тереңірек жауап беруге тырысқан. Кітапта «Әлемнің алты күнде жаратылуы», «Төрт сахабаның халифалық реті», «Құран үкімдерінің бірте-бірте түсуі», «Исламда құқық мәселесі» сынды күрделі тақырыптар да қозғалады. Бұл ғалымның әрі Ислам тарихына, әрі Құран тәпсірі мен хадис іліміне, сонымен қатар философия мен жаратылыстану пәндеріне бірдей жетіктігін байқатады.

Сұрақтардың бірқатары мұсылмандардың күнделікті тіршілігіне, тәлім-тәрбиеге арналған. Айталық, «Бойдағы жамандыққа бейімділікті қалай жақсылыққа бұруға болады?» деген сауалдың мәні Уқба ибн Нафи сынды сахабалар өмірінен берілген мысал арқылы ашылады.

«Тақуалықты шыңдау үшін қоғамнан алшақтап, жұртшылықтан жырақтап кету дұрыс па?» деген сұраққа жауапты автор Пайғамбарымыздың өз өмірінен іздейді. Балалалық шағынан бастап, Хилфул-Фудул ұйымына мүше болуы тілге тиек етіліп, қай кезде де хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) елмен бірге болғандығын үлгі етеді.

«Жақсы ойлау мен жаман ойлаудың жөн-жосығын білдіріп, жалпы осы екі ұғымды кеңінен түсіндіріп өтсеңіз», «Бұл дүниеде сынақта жүргенімізді біле тұра кейде тұрмыстағы ауыртпалықтарға төзе алмай қиналып кететін кездеріміз болады. Осы тұрғыда құлшылықтың да сынақ екендігін нақты мысалдармен түсіндіріп берсеңіз», «Кейде ақылға салып біржақты шешім қабылдай алмай әрі-сәрі күй кешіп, қолға алған ісіміздің оң нәтижесін көре алмай жатамыз. Бұл неліктен? Жоқ әлде ол үшін илхам керек пе?» деген т.с.с. сұрақтардың әрбіріне берілген жауаптардың мазмұны ең әуелі пайғамбарлар мен сахабалар өміріндегі асыл құндылықтарға негізделген.

Сұрақтарың енді бір бөлігі діни-танымдық тақырыптарды қамтыған: «Аллаһ тағала періштелерге мұқтаж емес қой, оларды нендей хикметпен жаратқан?», «Пайғамбарымыздың аты аталғанда салауат айтудың маңыздылығы неде? Қос салауаттың арасында айтылған тілек-дұғаның қабыл болатыны рас па?», «Итиқад деген не? Ақиданың қандай ағымдары бар? Кәміл иман иесі қандай болу керек?», «Мухасаба деген не? Мухасаба қаһармандары жайлы нақты мысалдар келтіре отырып түсіндірсеңіз», «Аллаһ үшін насихат және кісі ақысы. Ғайратуллаһ.» т.б.

Бұл сұрақтарға берілген жауаптар Құран аяттары мен хадистерді негізге алумен ерекшеленеді. Ақида, сенім мәселесі қозғалғанда тарихи аспектілер де назардан тыс қалмаған. Мухасаба, яғни адамның іштей өз-өзіне есеп беруі сөз болғанда, Соңғы елші ардақты Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) өзінен бастап, Әбу Бәкір, Омар, Айша анамыздың (Аллаһ бәрінен разы болғай!) бұған қалай қарағаны жеке-жеке әсерлі де қисынды баяндалған.

Бұдан басқа қоғамға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін, қазіргі мұсылмандар үшін өзекті деген тақырыптар да ұмыт қалмаған. Мысалы, «Әбу Ханифа дәуіріндегі ой еркіндігі және кемеңгер тұлғалар», «Сиқыр мен дуалау және одан құтылудың жолдары», «Айтулы тұлғаларға деген сүйіспеншіліктің өлшемі», «Нығметтердің қадірін білу», ««Cадақат» пен «опалылық» жайында», «Рамазанның рухани мәуесінен сусындау», «Жаһилия дәуірінде жасалған жақсылықтар мен берілген садақалар жайында» т.б.

Көтеріліп отырған бұл мәселелердің әрбірі қазақстандық мұсылмандар үшін де өзекті. Өзінің ұлттық болмысына оралуды мақсат етіп, рухани келбетін қалыптастыруға тырысқан біздің қоғам да әхлі сүннет жолындағы, ханафи бағытындағы ғалымдардың еңбектерімен танысуға зәру.

Бір айта кетерлігі, сұрақтарға ауызша берген жауаптар кейіннен кітап ретінде жинақталғандықтан, еңбектің тілі кітабиліктен гөрі ауызекі баяндау стиліне жақын екендігін ескерген абзал.

Аллаһтың қолдауымен аталмыш еңбекті көпшілік жылы қабылдап, көптеген түйткілді мәселелердің жауабын осы кітаптан табар деген үміттеміз.
Баспадан

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.