Мұсылман емес елдерде туған адамдар тегіс тозақтық па әлде...?

Бұл – жиі сұралатын мәселелердің бірі. Шамасы, осыны кейбіреулер дау-дамайға айналдырғысы келетін тәрізді. Яғни, «Біз мұсылман болғандықтан жұмаққа кіреміз, ал Исламнан жырақ Франция, Англия, Ресей сияқты елдерде туғандар имансыз күйде түгел тозаққа түсе ме?» дегені. Сұрақтың астарынан мына екі мәселе аңғарылады: Хақ тағаланың рақымшылдығынан артық рақым көрсету және астыртын Исламға сын тағу.

Алдымен сұрақта айтылғандай және көпшіліктің ойлағанындай «өзге діндегілер тамұққа тасталады» деген нақты үкім жоқ. Хақ тағала біздерді ақиқатты мойындаған, қай кезде де дінге қол ұшын беретіндердің қатарынан етсе екен деп үміттенеміз!
Бұл тақырыпты – ертеректе Құран мен сүннеттің мәселелерін ақыл, қисын, ой‑пікір, пәлсапа жолымен дәлелдеуге атсалысқан кәләмшылар да қарастырып, егжей‑тегжейлі талдаған.

Иә, Жаратушыны мойындамағандар тәрізді ақиқатты ести тұра иман келтіруге мүмкіндігі болмағандар да тозаққа кете ме? Әлде осы екеуінің арасында айырмашылық бар ма?

Қазіргі таңда алдымызда аса маңызды мәселелер тұрғанда осы тақылеттес сұрақтарды қозғау қажет пе? Мұндай сұрақтардың жауабын іздеуден ақыретіміз үшін не ұтамыз? Қандай ұшпаққа шықпақпыз? Алып мәзһаб имамдары аса қырағылықпен қараған осы тақырып аса маңызды ма еді? Не себепті соншама уақытын сарп еткен?...

Осы және осыған тікелей қатысты мәселелерді де қамтыған сұраққа алдымен сенім саласына қатысты мектеп имамдарының көзқарастары негізінде қысқаша тоқтала кетейік:
Ақидада сунниттердің екі маңызды ағымының бірі әшғарилер[1] былай дейді: Хақ тағаланың атын, Оған қатысты еш нәрсе естімеген адам қайда ғұмыр кешсе де «фәтрат»[2] кезеңінде өмір сүргендердің санатына жатады. Сондықтан жаһаннам азабынан құтылады. Ендеше, мұсылмандар Ислам дінін шалғай жатқан елдерге жеткізбеген болса, әшғарилердің сенімі бойынша сол жерде ғұмыр кешкендер ақыретте жаһаннамнан құтылады. Хақ тағала олардың жасаған ізгіліктеріне қарай сый‑сияпат беріп, жәннатқа кіргізеді...

Матуридилердің көзқарасына келсек, бір жағынан муғтазилиттердің пікірлері де осыған саяды. Олар: «Егер кісі ақылымен Жаратушысын таныса, атын білсін-білмесін ақыретте азапқа ұшырамайды. Бірақ, ақылымен саралап, әйтеуір бір Жаратушы Ие болатынына көз жеткізбесе, азап көреді» дейді. Негізінде осы екі көзқарас бірдей болмағанымен, бір‑бірінен онша алшақ та емес. Матуридидің қөзқарасы бойынша, адам қай жерде болмасын, мейлі ойда, қырда, тауда, сахарада: күннің шығуы, айдың батуы, жұлдыздардың жарқырауы, жер бетіндегі үйлесім, көздің жауын алар әсемдіктер, таулардың қазықтай қағылып тұруы, сарқырамалардың гүрілі, өсімдіктердің жайқалып өсуі, гүлдердің самалмен тербелгені т.б. – бәрі де Хақ тағаланың жеке-жеке хабаршылары. Сан алуан жаратылыс тілімен Жаратушыны кірпік қақпай жырлаушылар. Міне, ақыл‑есі түзу адам өзін таңғалдыратын осы көріністерді көзбен көріп, жүректерді лүпілдеткен осы дауыстарды құлақпен естігенде, осынау жаратылыстың астарында Ұлы Жаратушының бар екендігіне сөзсіз сенеді. Сондықтан Жаратушының есімдері, кітаптары мен елшілерін білмесе де ақыретте азаптан құтылады.

Осы тұрғыдан өзге елдерде өмір сүрген адамдар туралы мәзһаб имамдарының көзқарасы бізге басқаша пікір білдіруге жол бермейді, сол себепті «сенбегені үшін тамұққа тасталады» деп кесіп айта алмаймыз.
Имам Әшғари үкім берерде «Біз Пайғамбар жібермейінше (ешқандай елді) азап етпейміз»[3] деген тәрізді аяттарға сүйенген.
Иә, Аллаһ Құранда: «Пайғамбар жібермейінше азап етпейміз» деуде. Ендеше, ешбір пайғамбар келмеген, Ислам дінін естіп-білу мүмкіндігі болмағандарға азап етілмесе керек.

Хазірет Матуриди бойынша, ақыл – маңызды құрал. Ол арқылы жақсы мен жаманды ажыратуға болады. Адам ақылы арқылы «мынау жақсы, ал мынау жаман» деп, кей нәрселерді бір‑бірінен ажырата алады. Солай бола тұра, ақыл бәрін сезіп-біледі деу де қателік... Сондықтан да Аллаһ жақсы істерді әмір етіп, жамандықтарға тыйым салған. Осы бір маңызды істі әрқашан жаңылысуы мүмкін ақылға тапсырып қоя салмай, уахи арқылы жүйелеп, айқындап, пайғамбарлар арқылы түсіндіріп, ешқандай ақау қалдырмаған.

Матуридилер бойынша, ақыл зинаның жаман нәрсе екендігін сезе алады. Өйткені, онда ұрпақтың шатасуы, жоғалып кету қаупі бар. Кімнің мирасы кімге қалады? Егер арсыз әйел балаларының әкесін білмесе, кімнің дүниесі кімге қалмақ? Ендеше, зинаны ақылмен жаман деп ұғуға болады.

Ақылмен ұрлықтың да жаман екендігін білуге болады. Өйткені, маңдай терімен өзгенің тірнектеп тапқанын қымқыру – жаман қылық.

Ақылмен ішімдіктің де жаман екендігін сезуге болады. Өйткені, ол адамды ақылынан алжастырады. Ұрпаққа зиян тигізіп, кеселге шалдықтырады. Бұдан басқа да кейбір нәрселердің жамандығын ақылмен сезе аласыз.
«Ізгі» мен «жақсы» ұғымдары жайлы да осыны айта аламыз. Мысалы, әділдік, өзгелерге жақсылық істеу – жақсы қылық, мұны ақылмен аңғара аласыз. Ал Құран мен сүннет осы ұстанымдарға қатысты әмірлер беріп, айқындап бізді қателесуден арашалаған.

Сол сияқты Аллаһ тағалаға иман келтіру де – жақсы іс. Өйткені, сол арқылы адамның жүрегі жай табады. Осы дүниеде жүріп-ақ, ақыретке тән жәннаттың әсемдіктерін тамашалайды.

Иманға жетелейтін жолды да ақыл-ой, сана-сезім арқылы табуға болады. Сахарадағы бір бәдәуидің осыны сезгендігін тағы келтіре кетейік. Ол бір күні Хақ Пайғамбардың құзырына кіріп, бір Жаратушының бар екендігіне қалай көз жеткізгендігін: «Бір жерде жатқан түйенің құмалағы сол жерден түйенің өткеніне, табан іздері де сол жерден біреудің жүріп өткенін көрсетеді. Бір-бірімен керемет үйлесіп жатқан аспан әлемі мен әсемдікке оранған мына жер беті Алим (Барлығын толық білуші) және Хабир (әлемдегі кез келген нәрседен толық хабардар) болған Аллаһ тағалаға дәлел болмай ма?» дейді. Түйеші екеш түйешінің өзі ақылымен барлық нәрсені ұлы құдіретінде ұстап, барлық нәрсені ілімімен басқарған, күллі нәрседен хабардар бір Жаратушының бар екендігін сол заманда біле алса, демек, иман мәселесінде ақылдың маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз.

Осыған қарап, Матуриди «адам ақылымен Жаратушының бар және бір екендігіне қатысты сенімге қол жеткізе алады» дейді. Айтқандай‑ақ, жәхилия (қараңғылық) және «фәтрат» кезеңінде көптеген адамдардың басынан осындай жағдайлар өткен. Мысалы, бұлардың бірі ардақты Хадиша анамыздың (р.а.) немере ағасы – Уарақа ибн Нәуфәл.

Алғаш рет уахи келгенде, жер мен көктің арасында қанаттарын керіп тұрған Жебірейілді көріп, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қатты үрейленеді. Жүгіріп үйіне келіп, көргенін Хадиша анамызға жеткізеді. Ол Хақ Пайғамбарды Уарақаның үйіне ертіп алып барады. Уарақа Ақырғы елшіге пайғамбарлық келмей тұрып-ақ, пұттардан пайда жоқтығын, Жаратушының бар екендігін ақылмен сезген жан еді.

Осындай кісілердің бірі хазірет Омардың немере ағасы Зәйіт еді. Қашан да пұттарды іштей жек көріп: «Пұттарға табынбаңдар, бұлар жалған. Басқа бір Жаратушы бар, бірақ нақты біліңкіремеймін...» дейтін.

Көп нәрсені ақыл-парасатымен ерте сезген ол өлер алдында хазірет Омармен қоса ұлы Сейітті, өзге де отбасындағыларды түгел шақырып: «Мен Аллаһ тағаланың бір діні бар екендігіне сенемін. Ол бізге таяу тәрізді. Сол дін шыққан кезде кешіктірмей дереу қабылдаңдар» деп тапсырады. Бұл Пайғамбарымыз пайғамбарлығын енді ғана жария еткен яки әлі жария ете қоймаған кез еді.

Ендеше, бұл адам қолымен жасалған нәрселердің Құдай бола алмайтындығын аңғартады. Сондықтан да қолдан жасалған пұттар мен мүсіндердің ешқайсысы рухани қажеттілікті өтей алмайды. Өйткені, олардың өзі адамға мұқтаж. Өздері мұқтаж бола тұра, өзгені қалай жарылқасын?!
Сондықтан осындай қарапайым ой жүгірту арқылы да кез-келген адам Ұлы Жаратушыны іштей сезіп, құдіретіне көз жеткізе алады.

Қайтадан сұраққа оралайық. Ислам елдерінен тыс елдерде туған адамдар тұтас тозаққа тастала ма?
Негізінде, Құранды естіп, Ақырғы елшінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлығына куә бола тұра, Ислам дініне қызығушылық танытып, көңіл бөлмегендер ақыретте азап шегеді. Бірақ, хақты тануға ешқандай мүмкіндігі болмай, қараңғылықта өмір сүрген адамдарға келсек, Хақ тағала оларды өз рақымына бөлер деп үміттенеміз...

Рұқсат етсеңіздер, осы мәселенің бізге қатысты басқа бір қырын айтқым келіп отыр. Алғашқы мұсылмандар толықтай Ислам заңдылықтарына сай ғұмыр кешіп, Ислам дінін төрткүл дүниеге таратқан болатын. Қазіргі кездің өзінде олар жайлы айтылғандардан асқақ рух сезіледі. Сахабалардың өміріне бір сәт көңіл бөліп қараған адам дінге немқұрайлылық таныта алмайды. Сол бір өресі биік, рухы асқақ адамдар қысқа мерзім ішінде дінді талмай-шаршамай шартарапқа таратқандары соншалық, ат тұяғы жетпеген жер қалмады. Әлемнің ең күңгірт түкпіріне дейін Ислам нұры жайылды. Иә, олар Исламды бойларына терең сіңіре отырып, аздаған уақыт ішінде барша ынта-ықыластарымен Құран ақиқаттарын Парсы шығанағынан Арал теңізіне, Анатолия жағалауынан Қытай қамалына дейін жайды. Иә, хазірет Омар заманында Ислам діні осындай кең аймаққа таралып үлгерген-ді. Хазірет Муауия[4] заманында Уқбә ибн Нәфилердің[5] арқасында Гибралтар бұғазына дейін жетті. Барлық Мағриб елдерінің Берберлері (Фас, Тунис, Алжир), мұсылмандардың қол астына кіріп, толықтай Ислам дінінің бұйрықтарын басшылыққа алған-ды. Пайғамбарымыздың өмірден озғанына әлі отыз жыл да бола қоймап еді. Осы отыз жыл ішінде төрткүл дүниені нұрландырды. Барған жерлерінде Исламды тамаша дәріптеп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Тіпті, діншіл христиан мен яһудилер оларды өз бауырларынан да артық көрді. Хазірет Омар Ақса мешітіне, Әбу Убәйда[6] Дамаск қаласына келгенде, халық тік тұрып, құрметпен қарсы алды. Тіпті, бірде мұсылмандар Дамасктен кейін шегінген кезде, христиандар монахтарымен бірге шіркеуді күңірентіп, билікте мұсылмандардың қалуын қалап жалбарынды. Олар мұсылмандарға: «Кері ораларсыңдар деп күтеміз. Жизия[7] салығын қайта төлеп тұруға, мұсылмандардың басқаруына кіруге әзірміз» дейді. Алғашқы мұсылмандар осындай болғандықтан халық лек-легімен Ислам дінін қабылдап жатты. Негізінде әрбірі әділдіктің рәмізі Омар (р.а.) секілді болғандықтан, сол бір мүбәрак қоғамды көргендердің мұсылман болмауы тіпті мүмкін еместей еді. Түні бойы құлшылық қылып, жайнамазында жылап шықса, күндіз ат үстінде қолына қылыш ұстаған осы бір «рухбанун фил-ләйл уә фурсанун фин-нәһәр» («түнде діндар, күндіз сардар») қаһармандар халықтың жүрегінен терең орын алған болатын. Сондықтан да көп ұзамай оларға әлемнің бүкіл қақпаларының айқара ашылатынына халық бек сенімді-тұғын.
Қазіргі кезде біз шағын арал халқының өзіне сөзімізді өткізе алмай, тіпті өз елімізде тәртіп пен тұрақтылықты сақтай алмай жатқан жайымыз бар. Ал оларға сенімділік, адалдық, Құдайдан қорқатын діндарлық әрі парасаттылық қасиеттері үшін алынбас деген қамалдардың өзі қақпасын айқара ашты. «Қаланың құрметті азаматы» деген бос атақ қана емес, қала басшылығын да өз қолдарымен аманаттап жатты.

Бүгінгі Сирия мен Палестина мұсылмандардың қолына өткен кезде, қолбасшылар жергілікті басшылықтан Ақса мешітінің кілттерін талап етеді. Сол қаланың жауапты дін қызметшісі: «Біз Ақса мешітінің кілттерін алатын кісінің сипаттарын білеміз. Сондықтан қаланың кілтін одан өзге кісіге тапсыра алмаймыз» деп жауап береді. Олар осылай өзара келіссөз жасап жатқан кезде, хазірет Омар баяғыда жолға шығып қойған-ды. Ешкім оның қалай келетінін білмейтін. Бірақ, христиан шырақшысына ол белгілі еді.

Қазынадан бір түйе алып, хазірет Омар қиын сапарға аттанды. Ол кезде бүгінгідей көлік те жоқ, бірақ, ат мінуіне болар еді. Әйтсе де, халифа бола тұра оның жекеменшік аты да жоқ болатын. Қызметшісімен бірге түйеге кезектесіп мініп келе жатты. Жақындаған сайын қолбасшылар дұға етіп, Йордан өзенінен өткенде түйеге міну кезегі хазірет Омарға келсе екен деп тіледі. Өйткені, византиялықтар өз сарайларында салтанатты шеруден басқа еш нәрсе көрмегендіктен, Ислам халифасының балағын түріп алып, қызметшісін түйеге мінгізіп, түйені өзі жетектеп келе жатқанын көрсе ұят болар деп қысылып тұрды. Ал шынтуайтында нағыз ұят нәрсе қатігездік пен әділетсіздік еді. Хазірет Омар әрдайым әділдікті ту еткен жан болатын. Олар дұға етіп тұрғанда, Аллаһ тағала қайырлысын іске асырып та қойды. Дәл өзеннен өткелі жатқанда түйені жетекке алу кезегі Омарға (р.а.) келді. Ол түйеден түсті де қызметшісін мінгізіп, түйенің бұйдасын өзі ұстап, өзеннен өтті. Межеге келіп жеткенге дейін киімдері ерге қажала-қажала әр жері жыртылып та кеткен болатын. Жол бойы қолына ине-жіп алып, тасада киімінің жыртығын қаншама рет жамағанын кім білсін... Қалаға келіп кірген кезінде үстіндегі киімінде тура он төрт жамау болды. Осыны көрген шіркеу қызметкері: «Міне, біздің кітаптарымызда жазылған кісі осы» деп айқай салды. Сөйтсе көнекөздерінің айтуы бойынша Омардың (р.а.) сапарының бәрі белгілі екен. Сондықтан да Омарды (р.а.) таныған әлгі шіркеу қызметкері: «Біз кілттерді тек осы кісіге ғана береміз» дейді. Кілттерді хазірет Омар қабылдап, Ақса мешітінің мұсылмандарға табыс етілуі көптеген жандардың мұсылмандықты қабылдауына септігін тигізді.

Мен сіздерге Омар (р.а.) тәрізді Исламның ұлы тұлғалары туралы оқиғаларды айтып, құл-шыныстарыңызды арттырғым келіп тұрған жоқ. Мақсатым кешегі сияқты бүгін де Ислам өзіне лайық түрде әлемге танытылып жатыр ма? Сахабалар жиырма, жиырма бес жыл ішінде Бухари, Муслим, Тирмизи, Ибн Сина, Фараби, Бирунилерді өсірген Африка, Ташкент, Самарқан, Бұхара секілді мүбәрак елдерге бір серпілісте-ақ қол жеткізіп, Кавказ, Азербайжан, Ирак, Иранда билік құрған. Иә, бір серпілісте-ақ төрткүл дүниеге «Ләә илаһә иллаллаһ Мухаммәдун Расулуллаһ» ақиқатын паш етіп, Исламның ізгі хабарларын әлемге тұтас естірткен.

Бүгінгі заманда дініміздің асыл құндылықтарын шалғай жатқан елдер тұрмақ, өз елімізде де лайықты дәрежеде түсіндіре алмаудамыз. Айналамыздағы замандастарымызға ақиқатты түсіндіруге тырыс-қанымызбен, оларды сөзімізге иландыра алмаймыз. Айтқан сөздеріміз мұзға соғылғандай, суық леп боп өзімізге кері оралуда. Айтуын айтқанмен, жүректерін терең баурай алмаймыз. Бұларды Раббымның шексіз шарапатын сезбегендіктен айтып отырғаным жоқ. Оның шексіз шарапатын жоққа шығару мүмкін емес. Исламның алғашқы қарлығаштарымен өзімізді салыстырып қарағанда, сахабалармен арамыздағы арақашықтықтың қаншалықты екеніне назар аудару мақсатымен айтып отырмын.
Олар көгершіндей самғап, арғымақ аттай ытырынып, өздеріне жүктелген илаһи хабарды күллі әлемге жеткізу мақсатымен шартарапқа тараған еді. Иранға, Тұранға және т.б. елдерге дегендей.

Уқбә ибн Нафиге Африкаға аттану нәсіп болды. Үсті-үстіне жеңіске қол жеткізген Уқбә мұсылмандардың мақтанышына айналды. Алайда оны көре алмаған кейбір арамзалар, сол заманның халифасына жамандап, арасына от салады. Көп өтпей қолына кісен түсті. Қолы кісенделген Уқбәнің бес жылдық қаралы кезеңіндегі ең үлкен қасіреті Исламды жаю бақытынан айырылу болғандығын мына сөзінен аңғарамыз:
«Тұтастай Африка еліне Исламды жайғым келеді. Бірақ, маған кедергі жасады. Менің ең үлкен қасіретім осы болды» деп аһ ұрады.

Бір күні Язид жамандығын жақсылықпен түзеп, қолындағы кісенін алып, оны қайтадан Африкаға әкім етіп жібереді. Ол тоқтап қалған Ислам жеңісін қайта бастап, жорыққа шықты. Уқбә бір серпілісте-ақ ақырғы межеге жетіп үлгерді. Атымен Атлант мұхитының жағалауын кешіп тұрып: «Аллаһым! Мына аспанды мұхит алдымнан шықпағанда, сенің ұлы есіміңді бұдан да асырып жаяр едім!...» дейді. Иә, ол өмірге осылай қарады. Егер оған «бұдан басқа да әлем бар» десе, «ол жаққа қалай баруға болар екен?» деп жатпай-тұрмай ойланумен болар еді...

Иә, бұл кісілер өз заманында Исламның қанатын кең жайып, баршаға жеткізіп жатты. Ислам діні жетпей қалған елдерді ойлап, күйзелді. Ал біз оны өз деңгейіне сай өмірімізде көрсетіп, таныта да алмадық, олар секілді шапшаң жылдамдықпен шартарапқа жеткізе де алмадық. Бүгін олар мұсылмандардың дәрменсіздігінен, қауқарсыздығынан, ынжықтығынан ақиқатты танымай өмір сүріп жатса, ақыретте осы үшін мұсылмандар да қатал сұраққа алынса керек.

Кеше бір досым себепкер болып Еуропада өткен бір конференцияның бейнетаспасын көрдім. Конференция неміс тілінде болғандықтан сөздерін түсінбедім. Бірақ, көріністердің өзі көп нәрсені ойға салды. Содан біраз уақыт бұрын ғана мен Берлиндегі бір мазардың басында тұрып, аяқ-қолым қалтырап: «Жолыңда садағаң кетейін, уа, Аллаһым, сенің мүбәрак есіміңді бұл жерлерге жеткізе алмадық» деп көз жасымды төккен едім. Мына бейнетаспаны көріп отырып, терең ойға баттым. Голландиялық шіркеуде бір жас мұсылман дәріс оқып, оны шіркеу қызметкері де тыңдауда. Мұсылмандықты қабылдап, басына орамал таққан голландиялық әйелдер отыр. Қызығушылық танытып келген өзге да жандар көзге шалынады. Сұрақтар сұралып, жауап берілуде. Сол жердегілердің жағдайларын айтып жеткізуге тілім жетпейді. Десе де, осының бәрін жай ғана тәжірибе түріндегі әуесқойлық іс‑әрекет қана деп бағалар едім. Мұндай әрекеттерді қызмет деп атауға болғанымен, өз деңгейіндегі діни қызмет емес екендігі де анық.

Біз бүгін әлі осы үлкен сарайдың босағасында ғана тұрмыз. Өйткені, үлкен істер атқардық деп айта алмаймыз. Сондықтан да көптеген адамдар әлі күнге дейін адасуда жүр. Біз әлі күнге дейін хазірет Омар, Уқбә ибн Нафи, Әбу Убәйдә, Ахнәф ибн Қайс, Муғирә ибн Шубә, Кағкағалар деңгейінде Исламның ғажайып әсемдіктерін көрсетіп, таныта алмадық. Олардың айбары мен жомарттығы, адамгершілігі мен имандылығын, табандылығы мен шешімділігін көргенде қаншама азулы дұшпанның жүрегі ұшып, оларды көрген қаншама жанның иман келтіргенін кім білсін?! Олардың осы іске ынта-шынтасымен берілгендіктеріне сол бір қасиетті жандар азат еткен, бүгінде мұсылмандар өмір сүріп жатқан көптеген елдер шынайы куә бола алады.
Мәселеге осы қырынан келсек, онда Парижде, Лондонда, Нью‑Йоркте өмір сүрген адамдарға жанашырлықпен қарап: «Біз оларға ақиқатты айтып, шынайы адамдыққа шақырып, көкірек көздерін аша алмадық» деп іштей өкінесіз.

Осы жерде танымал уағызшы Нұрсачан молдамыздың айтқан бір әңгімесін есімде қалғанынша айта кеткім келіп тұр.
Біздің жұмысшыларымыздың бірі Еуропада бір үйді жалға ұстап, қожайынмен бірге тұрады. Күнделікті жай уақыттарды көбіне бірге өткізетін. Ертеңгі астан соң әрқайсысы өз жұмысына кете баратын. Бірақ әлгі мұсылман бауырымыз осы уақыт аралығында өзінің діни міндеттерін мүлтіксіз орындаумен қатар, үй иелеріне де ақиқатты үнемі түсіндірумен болады. Бір күні үй егесі мұсылмандықты қабылдайды. Амр ибн Туфайл мұсылман болған кезде жарының: «Отағасы, осы күндерге бірге жеттік. Бұдан кейін де жұбымыз жазылмасын. Қыл көпірден бірге өтіп, жәннатта бірге болайық. Егер Ислам ақыретте бақытқа жетелейтін болса, мен неге сенен жырақ қалмақпын?» дегеніндей бұның жары да «Әшхаду ән лә иләхә иллаллаһ» деп кәлимаға тілін келтіреді. Көп ұзамай бала‑шағасы да түгелдей мұсылман болады. Исламмен танысқан соң шаңырағы шаттыққа бөленіп, жәннаттың бір бағына айналғандай күй кешеді.

Осылайша уақыт зулап өтіп жатады. Бір күні отағасы тура жолға түсуіне себепкер әлгі ұстазына бәрімізді де таңқалдыратын мына сөздерді айтады: «Расын айтсам, кейде қуанышым қойныма сыймай сені құшақтап, бауырыма басқым келеді. Бірақ, кейде саған ашуланып, жағаңа жармасқым келеді. Өйткені, сенің келуіңмен шаңырағымызға ардақты Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) да, Құран да, Аллаһ тағалаға иман да келді. Сенің арқаңда тура жолға түстік. Бірақ, менің әкем бар еді. Жүрегі таза, ақкөңіл кісі еді. Сен келерден сәл‑ақ бұрын христиан күйінде о дүниеге аттанғанына қатты өкінем. Ондайда неге сәл ертерек келмегеніңе қынжылам».

Меніңше осы зар, осы күйзеліс – барлық христиан мен яһуди әлемінің мұсылмандарға деген қара қазандай өкпесінің белгісі. Біз ол елдерге Исламды жеткізе алмадық. Тіпті, өз жерімізге де борыштылығымызды сезінбедік. Исламды толық танытып, мұқтаж жүректерді қалауынша сусындата алмадық.

Рұқсат етсеңіздер, мына бір мәселені де айта кеткенді жөн санаймын. Бізді мұсылманшылықтан алыстатқандар, олардың өз сөздерімен айтар болсақ, «елдің өмір сүру деңгейін Батыс өркениетімен теңестіреміз» деп халықты алдады. Бір ғасырға жақын тіпті, жүз елу жылдай уақыт өткеніне қарамастан әлі күнге дейін Еуропаның босағасын сығалаумен жүрміз. Өзгерген еш нәрсе жоқ. Бір қадам да ілгеріледік дей алмаймын. О заманнан бұ заман Еуропа әлі күнге дейін бізді қайыршы санап келеді. Қу құлқынның қамын ойлап, бес‑алты теңге үшін елін тәрк еткен қайыршы кейпіндеміз... Ал енді мен сіздерден бір нәрсе сұрайын: - Өзгелер Исламды мойындамай жатқан болса, мұның астарындағы себепті ойланып көрдіңіздер ме? Мұның себебін табу түк те қиын емес. Мәселен, біреу ең керемет ұстанымдарды сендерге әкелсе, тіпті, көктердің қақпасын ашып, жәннатқа тура баратын жолды көрсетсе, бірақ, ол сенің есігіңді жағалаған қайыршы болса, айтқаныңды істеген жалшың болса, сен оның дініне кірер ме едің? Тіленшіге еріп, жалшыңа жалшы бола қоймассың, солай емес пе?...

Бүгінгі таңда Ислам әлемінде ауызбіршілік пен ұйымшылдық жоқ. Ислам дінін өз деңгейінде өмірімізбен өрнектей алмай әлі күнге дейін Еуропаның босағасын жағалап жүрміз. Сондықтан да алғашқы дін қаһармандары тәрізді абыройлы, мерейіміз үстем болып Исламның әсемдіктерін паш етіп, оның өкілдеріне сай деңгейде Еуропаның есігін қаққанымызда ғана біздің сөзімізге құлақ түріп, бізбен санасады. Өздеріне жалшы боп жүргендердің сөздеріне құлақ асып, діндерін қабылдамаулары толығымен дұрыс деуден де аулақпын әрине. Алайда, олардың да айтар уәжі баршылық. Ақыретте олар жауапқа қалай тартылар болса, Исламның өкіліміз деп оның ту-талақайын шығарғандардың да жауапқа тартылары күмәнсіз.

Меніңше, мәселеге осы тұрғыдан қарап, олардың міндеті не, біздің міндетіміз не деген мәселені нақтылап, соған сай әділ шешім шығаруымыз қажет. Содан соң ғана үкімдер әділдік пен туралық шеңбері аясында берілуі керек. Болмаса, кейбір санасыз адамдардың пайымдағанындай шет елдерде өмір сүрген адамдардың бәрін көзсіз жәһаннамға топырлатудан аулақпыз. Сондай‑ақ, Ислам деп алға шығып, жарым жартылай дінді жеткізе салысымен, жұрттың бәрін соларға ере кетеді деген қияли түсініктен де алшақпыз.

Бірақ, күндердің бір күнінде әлемде бір өзгеріс болатынына сенеміз. Орта ғасырларда шығыстың інжу‑маржаны болған Анадолы, Мысыр, Орта Азия тәрізді елдер қайта оянады. Осы мүбәрак әлем жеке бас пайдасын ғана ойлаудан бас тартып, өзгелердің бақыты үшін өмір сүруді мұрат тұтқан, риясыз пәк жандардың арқасында өз орнын табады... Міне, сол кезде жаһанның шығысы да, батысы да мұсылмандарға құлақ асатын болады.

Бүгінгі таңда Еуропа ойшылдарының Исламға зор қызығушылық танытқанына қарағанда, қазірдің өзінде ол күннің нұрлы шапақтары, сол өзгерістің нышандары ақырын көріне бастағандай.


[1] Сенім (ақида) саласына қатысты білікті ғұлама Әбул-Хасан Али ибн Исмаил әл-Әшғаридің (873-935) жолын ұстанған сүнниттік мұсылман мектебі. 
[2] Фәтрат: Екі пайғамбар (Хазірет Иса (а.с.) мен Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) арасындағы дін ұмытылған өліара кезең.
[3] «Исра» сүресі, 17/15.
[4] Муауия ибн Әбу Суфиан (605-608) – Пайғамбарымыздың сахабасы. Омеядтар династиясының алғашқы халифы.
[5] Уқбә ибн Нәфи – Солтүстік Африка жорығын басқарған сахаба.
[6] Әбу Убәйда ибн Жәррах – халифа Омар ибн Хаттабтың кезінде Дамаск қаласының әкімі болған әйгілі сахаба.
[7] Мұсылман елдерінде тұратын өзге дін өкілдерінен алынатын салық. Олар мұсылмандарға салығын төлеген, ал мұсылмандар болса олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды мойындарына алған.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.