Құранды Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ойдан шығарған ба? Олай болмаса, дәлелі қандай?
Бұл төңіректе бүгінге дейін талай-талай іргелі еңбектер жазылып, көңілде күдік-күмән қалмайтындай толық жауаптар берілген. Алайда біз бұл мәселені бірнеше тақырып аясында қысқаша ғана баяндап бергенді жөн көріп отырмыз.
Құранды Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзі жазған дегенді дінге қас, Құранға өшіккен кейбір атеистер мен жат пиғылды батыстық шығыстанушылар шығарған. Мақсаты – Құранды жақсы біле бермейтін, сауаты төмен кісілерді күдікке итермелеу. Кешегі мүшріктер секілді бүгінгі имансыз жандардың да бұған мақсатты түрде барып отырғаны бесенеден белгілі.
Негізі бұл пікір ешқандай қисынға келмейді. Неге десеңіз, Құранға байыппен қараған кез-келген адам оның пенде сөзінен әлдеқайда зау биікте тұрғанын һәм иләһи сөз қасиеттеріне толықтай сай екенін мойындайды.
Тақырыптың терең талдамасын ірі көлемді кітаптарға қалдырып, төмендегідей негізгі мәселелерге ғана тоқтала кетелік:
1. Құран аяттары мен хадис сөздерінің құрылы-мында, сөз саптасында жер мен көктей айырмашылық бар. Арабтар Пайғамбарымыздың сөздерін естігенде, өз сөздерімен бірдей екенін көріп, аса таңырқамаған. Ал Құранды естіген кезде таңданыстарын жасыра алмай, аяттардағы сөз құдіретіне еріксіз бас иген.
2. Хадистерді оқығанда, терең ой-толғаныстағы, сөзге шешен, бұған қоса Аллаһ тағаланың алдында барынша тағзым етіп, терең құлдығын білдірген адамның ой ерекшілігі байқалады. Ал, Құранда асқақ ұлылық пен зор құдірет, ұлы жаббарлық айбынды рух сезіледі. Ал, бір адамның сөз саптасының бір-бірінен алшақ, мүлдем екі түрлі болуы – ақылға қонымсыз, санаға қисынсыз жайт.
3. Мектеп-медресе көрмеген, хат танымаған адамның жеке тұлға, отбасы, қоғам, экономика және құқыққа қатысты нұқсансыз жүйе жасап шығуы мүмкін бе? Әрі ол – ғасырлар бойы мұсылман болсын болмасын барша әлем елдері іске асырарлықтай мінсіз әрі әлі күнге дейін бастапқы тазалығы мен кіршіксіздігін сақтаған жүйе болса?!
4. Құранда ғалам, тіршілік, құлшылық, құқық, экономика т.б. салаларға қатысты мәселелер өзара үйлесімділікпен таңғажайып түрде баяндалады. Осының бәріне көз жұмып, Құранды пенденің сөзіне жатқызу, бір жағынан алғанда, пайғамбарды адамнан жоғары санағанмен тең. Өйткені, аталған жайттардың біреуіне дұрыс шешім табудың өзі тым ұзақ уақытты алатын әрі ең ұлы кемеңгерлердің де қолынан келмейтін мәселе. Қаншама данышпандар бас қосса да күрмеуін шеше алмайтын осындай жүздеген күрделі мәселелерді қамтыған мәні терең кітапты хат танымайтын адам жазды деу – еш қисынға келмейтін қауқарсыз болжам.
5. Құран – есте жоқ көне заман мен елесі де жоқ болашақтың хабарларын ғайыптап баян еткен теңдессіз ғажап кітап. Мұндай кітаптың бір әрпі де әсте пенденің сөзі бола алмайды. Бүгінгі таңда ғылыми жаңалықтар нәтижесінде ежелгі дәуірлердегі халықтардың өмір сүру ерекшеліктері, олар тап болған жақсылықтар мен қасіреттердің барлығы ғасырлар бұрын Құран Кәрімнің хабар бергеніндей дәл шыққан. Хазірет Салих, Лұт, Мұса тәрізді пайғамбарлар, сондай ақ олардың қауымдары мен артта қалған ғибрат аларлық ескерткіштері мен мекендердің бәрі осыған бұлтартпас айғақ-куә.
Құранның өткенге қатысты айтқан хабарларының айқын һәм растығымен қатар, болашаққа қатысты берген хабарлары да дәл солай маңызды. Бұл да жеке басына − Құранның мұғжиза екендігіне айғақ. Мысалы, алдын ала көп жыл бұрын Меккенің азат етілетінін, мұсылмандардың Қағбаға бейбіт түрде кіретінін: «Аллаһ тағала қалаған кезде, бейбіт түрде, шаштарын алып, қысқартып қорықпай Харам мешітіне кіреді»[1], – деп алдын ала хабар берген. Сондай‑ақ, Исламның бүкіл жалған жүйелер мен идеологияларға басымдылық танытып, үстем келетінін: «Ол елшісін бүкіл діндерге үстем келсін деп тура және хақ дінімен жіберді. Куә ретінде Аллаһ жетіп асады»[2], – деп жария еткен. Һәм сол заманда византиялықтардан айласын асырған сасанидтердің[3] бірнеше жылдан соң күйрей жеңілетінін, сол шақта Бәдір шайқасында да мұсылмандар жеңіп, қуанышқа кенелетінін: «Византиялықтар ең жақын жерде жеңіліске ұшырады. Бірақ, олар осы жеңілістен бірнеше жылдан кейін сөзсіз жеңіске жетеді. Бұрын да кейін де жарлық Аллаһ тағалаға тән. Сол күні мұсылмандар Аллаһтың жәрдемімен қуаныш пен шаттыққа кенеледі»[4],– деп сүйіншілеген. Уақыты келгенде Құранның айтқаны айдай келді. Сондай‑ақ, «Ей, елші, Раббыңнын саған түсіргенін жеткіз. Егер осыны іске асырмасаң, елшілік міндетіңді орындамаған боласың. Аллаһ тағала сені (адамдардың жамандықтарынан) сақтайды»[5] деген аят арқылы да ең жақын немере ағасынан бастап, өз жұрты мен өзге де дұшпан елдер өзін айнала қоршап тұрса да, өміріне қауіп төнбейтіндігіне уәде берген. Айтқанындай болып шықты.
Әр түрлі ғылым салаларының дамуы нәтижесінде ғаламзат пен адамзат жаратылысының қыр-сыры зерттеліп, ғылыми жаңалықтардың адам баласын иман келтіруге мәжбүр ететінін: «Болашақта дәлелдерімізді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде Құранның ақиқат екендігіне анық көздері жетеді. Раббыңның барлық нәрсеге куә болуы жетпей ме?»[6], – деп адам айтқысыз көрегендікпен хабар берген. Қазіргі таңда біз сол межеге қарай жақындап келеміз.
Һәм Құран түскен күннен бұл заманға дейінгі адамзатқа: «Айт: ант етейін егер жын мен адамзат ұрпағының барлығы бір-біріне көмектесіп, мына Құраның ұқсасын жасау үшін түгел жиналса да Оның ұқсасын жасай алмайды»[7], – деп дұшпандарының намысына тиіп, ашық түрде күреске шақырса да, бір-екі адамның сандырағынан басқа, ешкімнің Құран сияқты кітап жазуға дәті жетпеуі не жаза алмауы Хақ тағаланың хабарын растап, мұғжиза екендігін жаһанға жария етуде.
Құран Кәрім алғаш түскен жылдары мұсылмандар өте аз әрі қауқарсыз еді. Қолдарында билігі жоқ, болашақта өздерін не күтіп тұрғанын да болжап біле алатындай күйде емес-ті.
Олар жаңа діннің ықпалдылығын, ізгілікке негізделген мемлекет құрудағы әлемдік маңызын әлі толықтай ұғына қоймаған еді. Алайда, Құран: «Аллаһ тағала сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге, өздерінен бұрынғыларды қалай мұрагер еткен болса, оларды да солай мұрагер ететінін айтып, уәде етті. Сондай‑ақ, олар үшін өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп‑қатерден кейін оларды бейбіт заманға жеткізеді»[8] аяты арқылы оларға осы ұлы мақсатты айқындап, жаһанға үстем болатынын айтып, сүйіншілеген.
Мұсылмандар мен Ислам дінінің болашағы, жеңісі мен жеңілісі, өркендеуі мен құлдырауына қатысты бұдан басқа да көптеген аяттар бар. Бірақ, олардың бәрін бұл жерде келтіру мүмкін емес.
Құран Кәрімдегі болашаққа қатысты хабарлардың басым көпшілігін ғылым салаларының соңғы даму шегіне қатысты аяттар құрайды. Ғылыми жаңалықтарға байланысты Құрандағы аяттардың кереметтігі сондай, оларға немқұрайлы қарау яки оны адам баласының сөзіне балау тіпті де мүмкін емес.
Ғылыми ақиқаттар айқын не тұспалды түрде Құранның жүздеген аяттарында ұшырасады. Бұл жөнінде көптеген арнайы еңбектер жазылған. Біз бұл жерде кейбір аяттарды ғана мысал етпекпіз.
Ғаламның жаратылуы
«Қарсы болғандар көктер мен жер біртұтас кезде екеуін бір‑бірінен ажыратқанымызды, кейін әр тіршілік иесін судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да иман келтірмей ме?»[9].
Бұл аят алғашқы жаратылыстың қалай басталғанын айтуда. Бүгінге дейін оның егжей-тегжейіне қатысты түрлі болжамдар жасалғанымен, ең нақты білдірілген ақиқаттың осы екені дәлелденуде. Аятта айтылған «біртұтас болу», «ажыратылу» сөздері әуелде қою газды тығыз зат болып, кейіннен оның ыдырап, бөлшектенуінен Күн жүйесі секілді әрбір аспан денелерінің пайда болғанын ұқтыруда. Аятта таңдалған сөздер мен ондағы сөз саптау ерекшелігі ғылыми зерттеулердің басты қайнарына айналды. Бүкіл болжамдар мен гипотезалар ескірген сайын Құрандағы ғылыми ақиқаттар қазірге дейін уыз күйін сақтап келді, болашақта да осы күйінде жалғаса бермек.
Астрономия
Құран Кәрімде астрономияға да негіз болатын аяттар көп. Оларға жеке‑жеке талдау жасаса, том-том кітап шығар еді.
Біз бір-екі аятқа ғана тоқтала кетейік:
«Ол сондай Аллаһ көктерді көзге көрінбейтін тірекпен көтерді. Содан кейін ғаршыны меңгеріп, Күн мен Айды іске қосты. Олардың барлығы өздеріне белгіленген мерзімге дейін (өз шеңберінде айналып) ағып барады»[10]. Аятта көктердің көтерілуі, кеңейіп үлкеюі, барлық нәрсенің жүйелі түрде жымдасып, бір‑бірімен селбесуі «көзге көрінбейтін тірек» деген сөзбен айтылған.
Иә, көк аспанды көтеріп тұрған көзге көрінетіндей мықты бағанның жоқтығы әмбеге аян. Бірақ, оны тірексіз деп те айта алмаймыз. Өйткені, жұлдыздардың шашырап, бір‑бірімен соқтығыспауы үшін мейлі көрінсін, көрінбесін ғалам жүйесіне негіз боларлық табиғат заңдылықтары кейпіндегі бір тіректің болуы қажет.
Құран осы сөздері арқылы бізге бүкіл әлемдік тартылыс күші мен тебіліс күшінің заңдылықтары болатындығын меңзеуде. Мұны Ньютонның тартылыс заңына яки Эйнштейннің теориясына дәл ұқсату шарт емес.
Әсіресе Күн мен Айдың қозғалысын суреттеуі өте ғажап. Бұған терең мән берген жөн.
«Рахман» сүресіндегі «Күн мен Айдың қозғалысы түгелдей бір есепке негізделген»[11], «Әнбия» сүресіндегі «Түнді, күндізді, Күн мен Айды жаратқан − Сол. Бұлардың әрбірі өз өсінде жүзеді»[12], «Ясин» сүресіндегі «Күн де өзіне тән шеңберде жүзеді» деген соң «Бұлардың бәрі де белгілі бір өсте айналуда»[13] деген аяттар Күн мен Ай секілді басқа да барша планеталардың бір бұлжымас жүйе бойынша жаратылғанын, өзара таңғажайып үйлесім мен өте дәл математикалық есепке негізделгенін білдіруде.
Жердің домалақтығы
«Түнді күндіздің, күндізді түннің үстіне орайды»[14].
Аятта қолданылған сөздерге қарасақ, күндіз бен түннің алмасуын басқа сәлде орау тәрізді Жер шарын жарық пен қараңғылық орайды деп түсіндіреді.
Басқа бір аятта болса «Сосын жерді (эллипс түрінде) төседі»[15] деп, пайғамбарлықтың ең жоғарғы шыңын көрсетуде.
Кеңістіктің ұлғайып кеңеюі
«Аспанды біз өз «қолымызбен» (құдіретімізбен) жасадық. Әрі оны үнемі кеңейтудеміз»[16].
Бұл кеңею Эйнштейн түсінгендей мәселе ме, әлде Эдвин Хабблдың Күн жүйеміздегі барлық жұлдыздар шоғырының галактикадан алшақтау теориясы секілді бола ма ол жағы маңызды емес. Маңыздысы, мұрынға ғылыми жаңалықтардың иісі де келмейтін сонау ескі заманда-ақ Құранның ғылымға жол сілтеп, ақиқаттың сүрлеуін ашып көрсетуінде.
Метеорология
Ауа ағыстары, бұлттардың қоюлануы, ауаның электрленуі, күн күркіреп, найзағайдың пайда болу құбылыстары – Құранда Жасаған Иенің жақсылығын түсіну, кейде адамдарды қорқыту мақсатында да жиі тілге тиек етілген мәселелердің бірі.
Айталық, «Қарасаңшы, Аллаһ тағала бұлттарды бағыттап, сосын оларды жинап, араларын біріктіреді. Сонан соң оны қабат-қабат қылып үйеді. Енді бір көз салсаң, іле жаңбыр жауғанын көресің. Алып таулардай бұлттардан бұршақ жаудырады. Онымен қалаған пендесіне апат жеткізіп, қаламағанынан бұрып әкетеді»[17].
Құран бұл жерде де жауын жауу заңдылығын суреттеу арқылы, көктің күркіреуі, бұлт, жауын, найзағай тәрізді құбылыстардың астарындағы нығмет берушіні нұсқап, ешқашан Оны естен шығармауға шақыруда. Бұған қоса, жауын мен бұршақтың қалай пайда болып, жер бетіне қалай түсетіндігі де өте келісті түрде баяндалған. Мұны оқығанда, көзі қарақты кез-келген адам бүгінгі таңдағы ғылыми жаңалықтар мен Құран ақиқаттарының бір-біріне толық сай келетіндігіне еріксіз таңданбай қоймайды.
Қарама-қарсы электр зарядының бір-бірін тартуы, ал бір зарядтылардың бір-бірін тебуі, бір-бірін тебетін бұлттарды желдің айдап әкеліп қосуы; жерден көтерілген позитивті толқындардың аспандағы электр зарядтарымен бірлесуінен электрленудің пайда болуы, будың тамшыға айналуы, жерге жауын болып жаууы сияқты т.б. құбылыстарға Құран тәптіштей тоқталып жатпайды. Ол мәселенің өзегін қозғап, егжей‑тегжейін айшықтауды келешек дәуірлердің еншісіне қалдырады.
«Хижр» сүресіндегі «Будандастыратын желдерді жіберіп, сол арқылы аспаннан жауын жаудырып, сендерді сонымен сусындаттық. Әйтпесе сендер оны жинай алмайтын едіңдер»[18] деген аят өсімдіктермен қоса бұлттарды да будандастыру міндетін желдің атқаратындығын білдіреді. Әйтпесе, Құран түскен заманда өсімдікті былай қойғанда, бұлттардың да будандасатынын, ол қызметті желдің атқаратынын ешкім білмейтін.
Физика
Болмыстың негізі құрамдас бөлшегі – материя екендігі, ал материяның жеке я жұп күйде кездесетіндігі де – Құран Кәрімнің сонау есте жоқ ескі заманда айтып кеткен келелі мәселелерінің бірі.
Мысалы, «Зарият» сүресінде: «Жақсылап ойланып, сабақ алуларың үшін біз барлық нәрсені жұп-жұбымен жараттық»[19],– деп, әр нәрсенің жұп‑жұбымен жаратылғанын білдіруде. Құрандағы бұл ақиқат табиғаттағы аса маңызды қағида болып табылады.
«Шұғара» сүресінде болса «Жер бетіне қарамай ма? Біз онда небір көркем жұптар жаратып, орналастырдық»[20], – деп, жер бетіндегі жүз мыңдаған жұп-жұбымен жаратылған нәрселерге назарымызды аударып, Аллаһ тағаланың нығметін еске салуда.
«Ясин» сүресіндегі: «Мейлі ол жердің өсірген нәрселерінен болсын, мейлі өздері өндірген және тағы білмегендерінен болсын барлық нәрсені жұп‑жұбымен жаратқан Аллаһ тағала қандай ұлы»[21] деген аят тіптен қызық. Бұл аят бізге мәлім жұптардан бөлек әлі де біз біле бермейтін жұптардың бар екендігіне назар аудартуда.
Иә, Аллаһ тағала адамдардың ер-әйел болып жынысқа бөлінетіндігін, қала берді өсімдік атаулының, атомдар, атомдардағы электрон мен ядроға дейін, материя және анти-материя, жанды-жансыз, жер мен көктегі күллі болмыстардың да жұп-жұбымен жаратылғанын білдіріп, Өзінің ғана жалғыз, дара екендігін ескерте отырып, ойланып-толғануға шақырады.
Біз ойға түрткі мақсатында кейбір аяттарды ғана қозғадық. Бұлардан өзге әр қайсысы жеке дара бір мұғжиза болып табылатын басқа да көптеген аяттар бар. Осылардың бәрі де Құранның Аллаһ тағаланың сөзі әрі хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбар екендігін дәлелдейді.
Иә, Құран кітап жер бетінде тіршіліктің пайда болуы, өсімдіктердің будандасуы, көбеюі, жан‑жануарлардың жаратылуы, тіршілік етуінің тылсым сырлары, бал арасы мен құмырсқаның өзіндік таңғажайып әлемі, құстардың қалай ұшатындығы, жануардың желініндегі сүт, адамның құрсақта пайда болу сатылары т.б. мың сан мәселелерді өзіне тән ерекше стилі арқылы өте көркем әрі ғажап түрде баяндаған. Құранға терең үңіліп қарар болсақ, ондағы мәліметтердің маңыздылығын, ескірмейтіндігін көреміз, бұған қоса әрдайым ғылым салалары әбден дамығанда ғана анықталатын ең соңғы межені көздегенін байқаймыз.
Егер бір кітап мыңдаған адамның ғасырлар бойы зерттеп ашқан жаңалықтарынан асып түссе, ақиқаттарды ерекше даналықпен бере білген болса, ондай кітапты он төрт ғасыр бұрын ғұмыр кешкен қарапайым адамның жазғаны деу әсте мүмкін емес. Тіпті замананың мыңдаған марқасқа ғалымдарына да қия алмаймыз. Әсіресе, ол өне бойынан иләһи леп, құдірет сезілетін, мазмұны бай, сөздері өткір әрі көркем кітап Құран болса, оны дүниеге келтіру пенденің қолынан келмейді.
Ал енді тыңдаушымыздан сұрайық; мектеп не медресе көрмеген «умми»[22] кісі ғылымнан ада сол бір қараңғылық кезеңде жан‑жануарда сүттің қалай пайда болатынын кімнен үйренді? Желдерде будандастырушылық қасиет бар екендігін, өсімдік пен бұлттарды қалай будандастыратынын қайдан білді? Жердің жұмыртқа тәріздес сопақша екенін оған кім ұғындырды? Жер шарының кеңеюде екенін қай обсерваторияда, қандай телескоп арқылы анықтады? Атмосфераның құрамын, аспанға көтерілген сайын ауа қысымының азаюын қандай лабораторияда отырып зерттеді? Қандай рентген аппаратымен ана құрсағында баланың пайда болу сатыларын дәл анықтады? Осы мәселелердің бәрін бүге-шігесіне дейін білетін адамдай бұны тыңдаушысына қалай күмәнсіз әрі өзіне сенімді түрде жеткізе білді?!
6. Құран Кәрім Пайғамбарымызға міндетінің не екенін, жауапкершілікті сезіндіріп жол көрсетумен қатар кейде тиісінше ескерту де жасап отырған. Мәселен, бірде мұнафықтарға рұқсат бергенін кінәлап, «Аллаһ сені кешірсін, тура сөйлеушілер саған әбден белгілі болып, жалған сөйлегендерді білмей тұрып оларға не үшін рұқсат бердің»[23],– деген ескерту келген. Сондай‑ақ, Бәдір шайқасында қолға түскен тұтқындар туралы шығарған үкімі үшін де: «Ешбір пайғамбарға жер жүзінде жауға өктем келіп, жеңіске жеткенге дейін тұтқын ұстау жараспайды. Сендер дүниенің фәни пайдасын ойлайсыңдар. Аллаһ (сендерге) ақыретті қалайды. Аллаһ – өте үстем, аса хикмет иесі. Егер Аллаһтан алдын ала беріліп қойған (кешілулеріңе қатысты) үкім болмағанда, (тұтқындардан бодау) алғандарың үшін үлкен азапқа душар болар едіңдер»[24] деп ескерту білдірілді.
Бірде «Аллаһ қаласа» дегенді айтуды ұмытып, «ертең осы істі жасаймын» дегені үшін: «Ешбір нәрсені ертең жасаймын деме. Бірақ, Аллаһ қаласа де. Ұмытқан кезде Раббыңды есіңе ал және «Раббымның мені туралыққа бұдан да жақынырақ жолға салуынан үміткермін» де»[25], – деп ескертсе, басқа бір уақытта Пайғамбарымыздың аса қиын жағдайда көп ойланып барып қабылдаған шешіміне қатысты: «Адамдардан қорқып тартынасың. Алайда, негізінде қорқуға Аллаһ лайық еді»[26],– деп ескерткен.
Жарларының бір мәселесі үшін бал шырынын ішпеуге ант еткен кезінде: «Ей, Пайғамбар! Жарларыңның ризалығын іздеп Аллаһтың саған адал еткен нәрсесін неге харам етесің? Аллаһ өте кешірімшіл әрі рақымшыл»[27], – деп қатаң ескертеді.
Бұдан да басқа бірқатар аяттарда кейде берілген жауапкершіліктің шегін белгілесе, кейде сәл де болса өз міндетін Аллаһ тағалаға ең жақын, абыройлы құлдарға ғана жарасарлық дәрежеде (мұндай ерекшелік Адамзаттың ардақтысына тән) орындамағаны үшін Пайғамбарымызға қатаң сөгіс берілген.
Енді ойлап қараңыз, біреу кітап жазса, кітабының әр жеріне өзіне берілген қатаң сөгістер мен ескертулерді енгізуі мүмкін бе?! Жоқ! Ендеше, Құран – Аллаһ тағаланың кітабы, ал пайғамбарымыз – осы кітаптың мәртебелі жеткізушісі...
7. Құран Кәрім – көркемдік, шешендік жөнінен де теңдессіз кітап. Бұл тұрғыдан да оны пенденің сөзіне балау мүмкін емес.
Пайғамбарлықтың алғашқы жылдары арабтар арасында ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін, халықты үйіріп әкететін небір сөзге шешен шайырлар бар еді. Бұлардың басым көпшілігі Пайғамбарымызға қарсы шықты. Олар Құранның беделін түсіруге жанын салып, пенденің қарабайыр сөзі етіп көрсетуге тырысты. Мақсат – қайткенде де оны халыққа мойындатпау еді. Тіпті, олар христиан, яһуди ғалымдарымен де жиі‑жиі жолығып, ақыл сұраумен болды. Хақтың нұрымен толассыз аққан Құран сарқырамасын бөгеп, шартарапты нәрлендірген құнар-қайнарын құрғату үшін аянбастан бәріне барды. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) болса алдынан шыққан кедергілер мен тосқауылдарға қарамастан хақ жолын ынтызарлықпен жалғастыра берді. Қаумалаған дұшпандарының көптігін елеместен, қарсы келгендеріне Құранмен жауап беріп отырды, нәтижеде жеңіске жетті.
Иә, сол заманда христиан, яһуди ғалымдары мен ақындары бар, небір сөз майталмандары топтасып қарсы шықса да, Құранның мысын баса алмады. Қайта асқан шеберлік, сиқырлы сөз саптасы, ғажап әдісі, адамның айылын жидырып, жанын сілкінтер ішкі тереңдігі, рухани құнарымен тыңдаушының жүрегін бұрынғыдан да баурап әкетті. Аспан астын күркіретіп, жер үстін теңселткендей зор үнмен ұрандап жауға жалғыз шапқан батырдай дұшпандарын жекпе‑жекке шақырды. Сүрен салды.
Айталық, мына аяттар:
«Сендер де Құранға ұқсас бір кітап, тым болмаса оның бір сүресіне тең бір сүре, ол да болмаса сол өлшемдегі бір аят жасаңдар. Болмаса көзіме көрінбей кетіңдер!» деп, сол заман ғана емес Құранға қарсы қазіргілердің де:
«Егер құлымыз Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түсіргенімізге (Құранға) күмәндансаңдар, кәне, онда сол сияқты бір кітап әкеліңдер. Егер айтқандарың шын болса Аллаһтан өзге күллі көмекшілерді де шақырыңдар!»[28];
«Айт: ант етейін егер жын мен адамзат барлығы бір-біріне көмектесіп, мына Құранның ұқсасын жасау үшін жиналса да Оның ұқсасын жасай алмайды»[29];
«Болмаса оны ойдан шығарды ма? дейді. Айт: Олай болса сендер де соған ұқсас ойдан шығарылған он сүре (болса да) жасаңдар. (Тіпті) егер айтқандарың рас болса, Аллаһтан өзге шақыра алатындарыңның бәрін де шақырыңдар»[30] деп намысына тие отырып, ашық айқасқа шақырды. Тарихта әлін білмей әлек болған бір‑екі кісісымақтан өзге, Құранның осы жекпе‑жекке шақыруына сөзден түйін түйген от тілді, орақ ауыздылардың жауап бермеуі – оның қайнар көзінің пенделік еместігін көрсетеді. Өйткені, Құранның дұшпандары дінге де, Пайғамбарға да түрлі қастандық пен қысастық жасап баққанымен Құранға ұқсас дүние жасауға батылдары жетпеген. Егер шамалары жеткенде, қиыншылықтарға толы қанды соғыс жолын таңдамай-ақ Құранның беделін жоюмен тыншыр еді.
Иә, сол бір алып сөз майталмандарының абырой-бедел, ар‑намыс тәрізді ең ізгі құндылықтарына қауіп төнгеніне қарамастан, соғыс жолын таңдауы – Құранның ұқсасын жасау мүмкін еместігінің ап‑айқын дәлелі. Егер ұқсасын жасай алса, өз бастарын қауіпке тікпей-ақ сиқырлы сөз арқылы күресер еді.
Араб шайырлары мен шешендері Құранға ұқсас кітап жаза алмаған болса, оған христиан мен яһудилер арасынан негіз іздеу бекершілік һәм шарасыздықтың белгісі. Егер христиан мен яһудилер мазмұны бай, сөзі терең осындай кітап жазуға шамалары жеткен болса, оны өзгелерге телімей-ақ «оны біз жасадық» деп, әлемге жар салып, мақтан тұтар еді...
Оның үстіне о заманнан бұ заманға дейін кейбір арам пиғылды батыстық шығыстанушылар мен мүшріктерден өзге, көптеген ғалымдар, зерттеушілер мен ойшылдар Құранның терең мазмұнына, ой орамдарының күрделілігі, сөздерінің көркемдігі мен құдіреттілігіне таңданып, қошемет білдірген.
Чарльз Милль сөз саптау ерекшелігі тұрғысынан Құранның тым тереңдігін, аудармасын жасаудың өзі аса қиынға соғатынын әрі оған ұқсас кітап жоқтығын алға тартады.
Виктор Имбердес Құранның барлық құқық негіздеріне қайнар көз боларлық бай мазмұнға ие екендігін айтса, Эрнест Ренан «Дінде ғана емес Құран әдебиетте де үлкен төңкеріс жасады» дейді.
Гюстав Лебон «Құранға негізделген Ислам діні әлемге ең таза, ең саф тәухид түсінігін жеткізді» десе, Ховард Құранның хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) уахи жолы арқылы жеткізілген Аллаһ тағаланың сөзі екендігін, Г. Холман хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Аллаһтың ақырғы пайғамбары, ал Ислам діні уахи етілген діндердің ең соңғысы екендігін мойындайды.
Эмиль Дюркгейм Құран Пайғамбардың ең ұлы мұғжизасы екендігін, әдеби көркемдігі тұрғысынан шоқтығы биік тұрғанын айтады.
Артур Беллегри: «Мұхаммед жеткізген Құран – Аллаһ тағаланың өз сөзі», – деп ақиқатты айтқан.
Жан Поль Ро: «Мұхаммед пайғамбардың ең ғажап мұғжизасы – періште арқылы жіберілген Құран» дейді.
Раймонд Чарльз Құранның үкімі әлі күнге дейін жалғасқанын, Аллаһтың елшісі арқылы мұсылмандарға жеткен сөздердің ең ғажабы екендігін айтса, Морис Бусей Құранның барлық сыннан жоғары тұрған мұғжиза екендігін, тіпті әдебиеттің қайнар көзі, тіл мамандары үшін сөз қазынасы, ақындар үшін шабыт бұлағы екендігін паш етеді.
Мануэль Кинг Құранның Пайғамбарымыз үшін міндетін атқару барысында Аллаһтан алған әмірлердің жиынтығы екенін растаса, Родуэлл Құранды оқыған сайын адамның таңданысы арта түсетіндігін айтады.
Бұдан өзге де қаншама ғалымдар мен ойшылдар Құранның ақиқатын мойындап, оны аса жоғары бағалаған. Құран туралы том-томдап кітап жазған ғұламалар тұрғанда сөзді біздің алғанымыз орынсыз болар. Десе де, Құранның Иесі мен оны терең білген ғұламалар бізді кешірер деген ниетпен, олардың атқарған үлкен қызметтеріне аз да болса үлес қоссақ деп осындай батылдыққа қадам бастық.
[1] «Фатх» сүресі, 48/27.
[2] «Фатх» сүресі, 48/28.
[3] Қазіргі Иран аумағындағы парсы мемлекетінің атауы
[4] «Рум» сүресі, 30/2-4.
[5] «Маида» сүресі, 5/67.
[6] «Фуссилат» сүресі, 41/53.
[7] «Исра» сүресі, 17/88.
[8] «Нұр», сүресі, 24/55.
[9] «Әнбия» сүресі, 21/30.
[10] «Рағыд» сүресі, 13/2.
[11] «Рахман» сүресі,55/5.
[12] «Әнбия» сүресі, 2133.
[13] «Ясин» сүресі, 36/38-40.
[14] «Зүмәр» сүресі, 39/5.
[15] «Назиғат» сүресі, 79/30.
[16] «Зарият» сүресі, 51/47.
[17] «Нұр» сүресі, 24/43.
[18] «Хижр» сүресі, 15/22.
[19] «Зарият» сүресі, 51/49.
[20] «Шұғара» сүресі, 26/7.
[21] «Ясин» сүресі, 36/36.
[22] Оқу-жазудан хабарсыз, сауаты жоқ адам
[23] «Тәубе» сүресі, 9/43.
[24] «Әнфал» сүресі, 8/67.
[25] «Кәһф» сүресі, 18/23-24.
[26] «Ахзаб» сүресі, 33/37.
[27] «Тахрим» сүресі, 66/1.
[28] «Бақара» сүресі, 2/23.
[29] «Исра» сүресі, 17/88.
[30] «Һуд» сүресі, 11/13.
- жасалған.