Аллаһ тағала ғаламзатты неліктен жаратты және оны неге бұрынырақ жаратпады?

Бұл сұрақ екі мәселені қозғап тұр: бірі әлемнің неліктен жаратылуы, екіншісі неге бұрын жаратылмағандығы. Әуелі мынаны айта кеткен жөн, біз, адамдар барлық нәрсеге өз өлшемдерімізге, ұғым-түсінігімізге қарай баға беріп, соған шақтап ой қорытып жатамыз. Мысалы, бір нәрсені жасарда қажеттілігін сезініп барып іске кірісеміз. Көбінесе аса зәру болған жағдайда ғана тұяқ қимылдатамыз. Сондықтан Хақ тағаланы да өзімізбен салыстырып, Ол да пенде тәрізді іс жасайды деп топшылаймыз. Алайда, бұндай сұрақ қоярда ең алдымен, Аллаһ тағаланың нұқсандық атаулыдан пәк екендігін есте ұстаған жөн.
«Неліктен Аллаһ тағала ғаламзатты жаратты?» деген сұраққа жауап ретінде «Ғаламзаттың жаратылғанына көңілі толмайтын адам бар ма өзі?» дегім келеді. Жер жыртып, дән егіп, одан өнім алып, өз бақытын еңбектен іздемейтін адам бар ма? Иә, өмірдің кейбір қиындығына шыдамай, асығыс шешім қабылдап, дүниеге келгеніне өкініп, тіпті шыбын жанын қиюға баратындар да кездеседі. Бірақ, бұлар ілуде біреу ғана. Болмаса, кім-кім де «бар» болғанына, адам болып жаратылғанына өкіну былай тұрсын, қайта зор шүкіршілік етеді. Айтыңыздаршы, сәби болып өбектелгенін, жастық шақтың қызығын сезінгенін, ақыл тоқтатқан шағында бала-шағасының тәтті қылығын тамашалағанын өзіне өзі көпсініп, адамның шағым айтуы мүмкін бе? Әсіресе, ақыретке сенген адамдарды алайық. Бұлар осы өмірде жүріп ақыреттің бақыты үшін қам жасап жүрген болса, шағым айту былай тұрсын, мәңгілік бақытқа апаратын жолды адаспай тапқаны үшін қайта шат-шадыман күй кешері анық.
Иә, біз осының бәрін іштей сезініп, ғаламды жаратып, бізді дүниеге әкелген Жаратушыға жүрекжарды шүкіршілігімізді білдіреміз.
Мәселенің ақиқатына келсек: әлемдегі үлкенді-кішілі, жанды-жансыз, сан мыңдаған түрлі түстегі өнер туындыларының барлығы қараған жан еріксіз тамсанатындай әрі тоймастан сұқтанатындай кейіпте әзірленгені байқалады.
Бұл сұлу көріністер мен таңғажайып әсемдіктер дамылсыз жүріп жатқан құбылыстардың ішкі терең мәнге негізделетінін, оны тылсым бір күш бағып-басқаратынын ұқтырады.
Біз мұның астарынан Жаратушы Иенің көркем есімдерін сезіп, сүйіктісін көруге асыққан ғашықтардай іңкәр сезімге елітіп, әрбірі алдымызда жарқырап жол сілтеген белгілердің соңына ілесіп, бір мезет өзімізге беймәлім сырлы сипаттарға тап боламыз.  
Шаршаймыз, шалдығамыз, бірақ ынтықтығымыз бір басылмайды. Ақиқатқа ашылған жүрек көздері арқылы Құдірет істерін бірінен соң бірін тамашалап, таңданыстан ес-түстен айрыламыз.
Өрлеп, биіктей түсуге бастайтын бұл өмір сапары маңайымыздағы қарапайым деуге боларлық құбылыстардан бастап, адам мен ғалам қатынастарына, одан Аллаһтың есімдері мен сипаттарын зерделеуге дейінгі кең тұрғыда жүзеге асуда.
«Ғаламды не себепті жаратқан?» деген мәселені қозғағанда, жалпақ жұртқа ұғынықты мысалдарды тілге тиек еткен орынды болар деп ойлаймын:
Мәселен, он саусағынан бал тамған бір шеберді елестетіңіз. Оның бір өнері көркем жазу делік (каллиография). Ол күндердің бір күнінде, көркем жазуда алдына жан салмайтын шеберлік қабілетін дүйім жұртқа жария етеді. Бұл шебердің тағы бір қабілеті тастан түйін түйетін мүсін өнері деңіз. Мәрмәр тастарды мұқият сомдайтыны сонша, көрген жан ұстағанда барып әлгі мүсіннің жансыз екенін біліп бас шайқасын. Жұртты әдемілеп жазуымен таңқалдырған бұл шебер тасқа жан бітірген мүсіндерімен де еріксіз тамсандыра тұрсын, біз оның үшінші өнерін сөз етейік.
Үшіншісі, өнерімен қатқан ағашты иіп жан бітіретін жұрттан асқан ағаш ұсталығы. Өнердің қадірін білетіндер оның осы үш өнерін тамашалай тұрсын, біз оның және бір қабілетіне назар салайық:
Мысалы, бұл ұста әрі ғажап суретші делік. Суретші болғанда салған суретіне қараған жанның көзі тоймайтындай қылқалам шебері. Оның бұдан басқа да өнері жеткілікті екенін айтуға болады. Демек, сегіз қырлы, бір сырлы шебердің әрбір қасиеті оның әр қырын ашып, жақыннан терең тани түсуге көмектеседі. 
Міне, осыншалықты өнерлі кісі бойындағы қабілеттерін өзі ашып көрсетпесе, біз оны біле алмас едік. Кей өнерін жасырып қалса, бүкпесіз толық тани алмас едік. Сондықтан да, әрбір дарын иесі өз қасиетін басқаларға көрсетуді, қиялындағы жоспарды қайткенде де жүзеге асыруды қалайды. Дәннің тіршілікке деген бұлқынысы, ұрықтың пайда болу кездегі толқынысы, ылғал тамшылардың жауынға айналуда небір қиындықтарға кезігуі − бәрі де осы өзін көрсетуден туған ерен құштарлықтың белгісі емес пе?
Бұлар әрі бізде, әрі бүкіл тіршілік иелерінде бар осалдықтың, көңіл қалауының, асау құштарлықтың, тежеуге келмейтін құмарлықтың белгісі. Бір жағынан алғанда, бір нәрсенің көлеңкесі мен оның өзіне «бұлар екі бөлек нәрсе» дей алмайсыз. Алайда, шынайы Шеберде жаратылған тіршілік иелерінде кездесетін кемістік болмайды. Түпнегіздің сыртқы көрінісі әрі оның реттілігі көлеңкедегі көрініс іспетті болмасын да әркез есте ұстаған абзал.
Иә, ғаламдағы әркелкі әр қилы пішінді тербелістер бізге Жаратушының сан мыңдаған көркем есімдерін сездіруде. Әрбір есім өнер туындысына шұғыла шашқан нұр тәрізді Ұлы Шебердің сырлы-сипаттарын танытуға септігін тигізіп, тылсым Жаратушының пәрменімен жүректерімізді өлі ұйқыдан оятуда.
Ұлы Шебер әр алуан әсемдікті жайып көрсету арқылы өзіндегі сұлулықты, ғалам жүйесінің жарасымды үйлесімдігі арқылы − еркі мен құдіретін, жүректің түпкі сырлы қалауын да қапысыз беру арқылы − рақымы мен мейірімін, осы секілді мыңдаған сипаттары арқылы Өзін бізге танытқысы, танытқанда да нұқсансыз танытқысы келеді. 
Басқаша айтқанда, Ол өзінің шексіз ілімін түрлі заттарды жаратып, адамзаттың көрмесіне ұсыну арқылы құдіреті мен қалауын көрсеткісі келеді. Яғни теңдессіз өнер туындыларын саналы болмыстардың ақыл таразысына сала отырып, Өзіне деген терең таңданыс туғанын қалауда. 
Ендеше, бірқатар салаға жүйріктігін байқатып, өзінің жұрттан асқан өнер иесі екенін дәлелдегісі келген әлгі өнер иесі тәрізді, Хақ тағала да өзінің аса құдіретті Ұлы Шебер екенін ұқтыру үшін мына кең-байтақ ғаламды жоқтан бар етіп жаратқан...
Енді «Онда әлемді бұдан бұрын неге жаратпаған?» деген мәселеге келейік: алдымен «бұдан бұрын» деген сөздің мәнін ашып алған дұрыс. Егер біз белгілі бір кезең аралығын меңзеген болсақ, алдыңғы кезеңге де сол сұрақты қайталап қоя беруге болады. Айталық, «триллион жыл бұрын жаратты» десек, «неге жүз триллион жыл бұрын жаратпаған?» деген сұрақ туады. Сондықтан мұндай ұшығы жоқ секірме сауалға қалай оңды жауап айтуға болатынын пайымдау қиын. 
Ал егер «Неге бұрын жаратпаған?» дегенде бас-тауы жоқ әзәли уақытты меңзеп тұрсақ, бұл да жөнсіз. Өйткені бастауы жоқ деген ұғым Жасаған Иеге ғана тән қасиет. Өзгелер бастаусыз бола алмайды.
Бірақ, Аллаһ тағаланың ілімінде күллі жаратылыстың әуелгі бір пішіні, бейнесі болары шындық. Оны тасаууыф тілімен «сабит айн»[1], «зилал әнуар»[2] немесе жоба яки жоспар тәрізді шектеулі ғана нәрсе деп алсақ та, олардың өзін әзәли деп қарау қателік. Негізі, Хақ тағаланың құзырында бұл мәселені қозғаудың өзі жөнсіз. 
Шектеулі өлшемдерімізбен адамның сыртқы бейнесіне қарап пікір айтуын айтсақ та, бізге беймәлім тылсым жайттар турасында төрелік айтып даурығу – өз-өзіңді танымаудың белгісі.
Жаратушының «Күрсісімен» салыстырғанда бүкіл әлем кең сахараға тасталған титтей жүзіктей ғана болса, ал Оның «Аршысымен» салыстырғанда «Күрсінің» өзі сондай құйттай кейіпті елестетсе, онда Аршы Ағзам Иесінің құдірет сырларын пенде қайдан ұға қойсын?!
Иә, Хақ тағаланың өзіне тән құдіреті мен ұлылығын байқататын жайттар қисапсыз көп. Болмыс жоқ кездің өзінде де Ол Өзін таниды, материяға мұқтаждық танытпастан Өзіне тән істерді толық біледі. Жаратылған ғаламнан Ол өзінің қасиеттерін тамашалайды, сондай-ақ саналы құлдарына өзін танытады.
Жаратқанға сыртқы әлемдердегі өзгеріс ешқашан әсер етпейді, Ол әрқашан өзіне тән ілімі арқылы бәрін тегіс біледі. Ақын Ибраһим Хаққы айтқандай:
«Аллаһ тағала: уақытқа тәуелді емес,
       ішпейді, жемейді, 
Құбылмайды, өзгермейді, түрленбейді.
Бұлардың барлығынан биік тұрады.
Оның абзал қасиеттері міне осындай»[3].
Біз бүгін Аллаһ тағаланың нені қалай жаратқанын тамсана тамашалаудамыз. Бірақ, кеше кім болғанымызды, ертең қандай күйге ұшырайтынымызды болжап та біле алмаймыз. Ілімді болмыс деген не? «Аян сабит» ше? Рухтар әлемін қалай түсінеміз? Тұмандықтардың (небула) шиыршықтанған пішіні ғаламның қай келіспей тұрған қайырмасына ұйқас болып өріліп, қай шумақтағы үйлесімділікті бүтіндеуде? Бұлардың өзін жарытып білмегендіктен ертеңгі ақырет өмірінің бас-аяғын тіптен ұғына алмай дал болған күйі: «Сені де, құдіретті істеріңді де толық түсіне алмадық-ау, уа, Мағруф!»[4] дейміз еріксіз.
Мұндай терең мәселелерді түсіндірерде аса сақ болу үшін сөзді көбейтіп, қателік жіберсем Жаратқаннан кешірім тілеймін.
Кез келген істің ақиқатын Аллаһ тағала ғана біледі.

Сілтемелер

[1] Тұрақты пішін, мән

[2] Құдай нұрының көлеңкесі

[3] Ибраһим Хаккы, Әһли Сүннет инанжы, 5-6 бейіттер.

[4] Аллаһ тағаланың көркем есімдерінің бірі (мәлім, білінген деген сөз)

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.