Исламда іс-амалдың орны қаншалықты? Тек жақсы ниетті болу кісіге жеткілікті ме?

Іс пен амалға жетелейтін ниет қана адамға пайдалы. Ал, жігеріңді жанып, бойыңа күш құймайтын ниет адамға ақыретте пайда тигізбейді...
Ниет – ынта білдіру, бет бұру, жігерлілік, саналы-лық таныту деген сөз. Ниеті арқылы адам өзінің қайда бағыт түзегенін, іштей не қалайтынын анықтап, соған жетуге талпыныс жасайды.
Барлық іс‑әрекеттің негізі ниетте жатыр. Адам нақты ниет еткеніне қарай істі иемдене алады. Сондай‑ақ, ол −саналы түрде іс жасаудың негізі. Тіпті, ғаламда және адамның нәпсісіндегі барлық нәрсе бастауы әрі жалғастығы тұрғысынан ниетке байланысты. Онсыз бір нәрсені бар ету де, оны жалғастыру да мүмкін емес.
Не нәрсе де санада алдымен идея ретінде туады. Одан кейін жоспарланады. Одан кейін кісінің ынта-жігері мен табанды шешімділігі нәтижесінде іске асады. Идея мен жоспарсыз кез келген істі бастау нәтижесіз аяқталады. Ынта-жігер, сол істі жасауға деген нақты шешім болмаса, идея мен жоспардың да мәні жоқ.
Ниеттегі осы жасампаздықты айғақтайтын дәлел көп. Бір өкініштісі, адамдардың көбі өмірдің мәнін ұғына алмағандықтан бұл қуат пен әсерді байқамайды.
Жақсылық әрі жамандық тұрғысынан да ниет аса маңызды. Бұл тұрғыда ол – мың бір шипа дарытатын дәрумен не күллі іс‑әрекетінің жемісін жегізбей ұшырып әкететін қара дауыл деуге болады. Көптеген болмашы істер бар: ниеттің тазалығынан бір дәні – мың масақ салып, бір тамшы суы – дарияға айналады. Сондай‑ақ, үлкендігі таудай қаншама амалдар бар: бірақ ниет дұрыс болмағандықтан олар кеселге ұшырап, тарыдай да жеміс бермеген.
Жаратқанға құл болудың мәнін терең түсініп атқарылған ғибадат, иіліп-бүгілу, маңдайын сәждеге тигізу, ауыз бекітіп, бойдағы құмарлығын тежеу адамды жұмаққа жетелейді, дәрежесін биіктетеді. Алайда, дәл осындай не осыған ұқсас өзге де қимылдар басқа ниетпен атқарылса, онда ол өзін босқа қинау мен шаршап-шалдығудан басқаға жарамайды. Ендеше, Жаратушыны разы ету жолында адам баласы жасаған амалымен де, кейбір күнәлі істерден бойын тежеуімен де көкке көтеріліп «ахсану тақуимге»[1] ие болады. Жасаған Иенің разылығы болмаған жерде мың құлшылық амал да, ынта-ықылас та түкке жарамайды...
Ниет – түзу болса жоқты бар ететін, түзу болмаса бар боп көрінген нәрсенің өзін ірітіп, әсерін жоятын күшке ие. 
Соғыста тобықтан қан кешіп, оққа ұшқанына қарамастан тозаққа тасталғандардың болғаны секілді, жылы төсегінде жатып ажал құшса да кіршіксіз ниетінің арқасында жәннатқа барғандар аз емес. Елін жат пиғылды қара ниеттілерден қорғап, халқына сәуле шашуға қажыр‑қайратын төккен қаһармандарды – қарақан басының қамын күйттеп, мансабы үшін күрескендермен салыстыруға келмейді. Алғашқылар артқа өшпес із қалдырып, жәннатқа қадам басса, екінші топтағылар кері кетіп тамұққа құламақ.
Ниет – шектеулі әрі уақытша мына дүниеде түбі мәңгілік бақытқа я бақытсыздыққа бастайтын жол секілді. Осыны жақсы ұғынғандар саналы ғұмырының бірде-бір сәтін қалт жібермей, нұрға бөлеп мәңгілік бақытқа кенеле алады. Бойларын жамандықтан барынша аулақ ұстайды. Егер күндік, апталық, айлық міндеттерін ықыласпен, риясыз орындаса, бұл тек міндетін адал атқарған уақытпен ғана шектеліп қалмай өмірінің әр сәтін қамтитындай ауқымдылыққа ие болады.
 Міне, осындай сыр жатқандықтан иманды адам өткінші дүниеде мәңгілік бақыт пен өлмес өмірге жетеді, ал ақиқатты мойындамағандар мәңгілік бақытсыздыққа ұшырайды. Болмаса дүниедегі әділдік түсінігіне орай әркім өз құлшылығының көлеміне қарай шарапатқа, жамандық жасағандар да өлшеміне қарай қаһарға ұшырап, азапқа душар болуы тиіс. Мұндай жағдайда ізгілік жасағандар осы өмірде қанша жыл жақсы адам болып ғұмыр кешсе жәннатта да сонша жыл, жаман адамдардың да тозақтағы уақыты жамандығының мөлшеріне сай болар еді. Алайда жақсылар үшін де, жамандар үшін де ең соңғы тұрақтау – мәңгі-бақилықпен нәтижеленеді. Бұдан басқа жол да жоқ.
Міне, осындай мәңгі орнайтын бақытты да, бітпейтін ауыр азапты да тек қана адамның ниетінен іздеу қажет. Мәңгілік иман мен туралықтан таймау мәңгілік бақытқа, ал мәңгілік күпірлік пен дұрыс жолға жуымау пиғылы мәңгілік бақытсыздықты тудырады.
Ақтық сәтіне дейін өзінің құл екенін есте ұстаған пенде тағы мың жыл ғұмыр кешсе де осы жолдан айнымау ниетінде болғандықтан, ниеті амал ретінде қабылданып, соған қарай есепке алынады. Себебі, «Мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы»[2]. Сондай‑ақ, ақтық сәтінде дінге оң пейіл танытпаған адам бұдан кейін мың жыл өмір сүрсе де осы райынан қайтпайтындықтан, ақыретте сол қара ниетіне қарай қатаң жазаға тартылады.
Ендеше, бұл тақырыптағы негізгі нәрсе −олардың ғұмыр кешкен өткінші өмірінен гөрі (негізінде өткінші өмір де ниеттің көрінісінен тұрады) ниеттерінің маңыздылығы. Мәңгілік бақытқа иман және соған қол жеткізуге деген ынта-ниет (оған миллиондаған жыл қажет болса да) мұсылманды мәңгілік жәннатқа, ал кәпірді жаһаннамға апарады. 
Біле тұра дінді мойындамаған имансыз жанның жаза тартатыны секілді, о баста күпірлік атаулыға себеп болған шайтан да дінсіздік идеясының жазасын тартып, мәңгілік ауыр азапқа ұшырайды.
Негізінде жаратылысы тұрғысынан шайтанның да атқаратын белгілі бір міндеттері мен функциялары бар. Адамдағы кейбір қабілеттің шыңдалуында, табылған кен тәрізді пенденің тазарып, саф күйіне келуінде, белгілі мөлшерде жүрек пен рухтың қырағылығын арттыруда да шайтанның әсері бар...
Шайтан адамдарды азғыруын ешқашан тоқтатпайды. Жүректерге улы дән егіп, адамның ең құтты мекенін азғындық алқабына айналдыруға тырысады. Мұндайда шайтанға бойдағы рухани сезімдер қарсылық көрсете бастайды. Бейне бір антибиотикке дененің қарсылық көрсеткені тәрізді. Ал бұл адамның ішкі қасиеттерінің шыңдалуына, ең азулы дұшпанға қарсы шыға отырып, Ұлы Жаратушыға жиі‑жиі сыйынуға алып келеді. Сәл кеселі тигенмен, осы арқылы да адамның жүрегі мен рухы асқақтайды. Рухани әсер арқылы адамның күш‑жігерін оятып, күресуге қамшылайды. Шайтан осылайша өмірде көптеген әулиелер мен қаһармандардың шығуына арқау болуда.  
Бірақ, шайтан мұндай адамдарды күреске ынталандырып, олардың үлкен табысқа жетуіне арқау болғанымен оған ешқашан сый‑сияпат берілмейді. Өйткені, ол бұл әрекеттерін Хақ тағаланың достарының мәртебесі өссін деп жасамайды. Керісінше, оларды жолдан тайдырып, күнәға итермелеу ниетімен жасайды...
Демек, шайтанның ниеті де, амалы да бұзық болғаны. Ол өзгелердің өсуіне жол ашуына қарай емес, өзінің пасықтығы мен қылығының нашарлығына қарай жауапқа тартылады.
Шайтанның пейілі сұрқия, істері жатқан бүлік. О бастағы Жаратушы иеге қарсы шығуы да қасақана болатын:
«Мен саған сәжде ет деп бұйырғанда, неге тосылдың? Ол (Ібіліс): «Мен одан әлдеқайда артықпын. Мені оттан жараттың, ал, оны саз балшықтан жараттың» деді. Аллаһ: «Түс ол жерден (жәннат), бұл жақта тәкаппарлануға жол жоқ, шық. Өйткені, сен қор болғандардансың». Ібіліс: «Маған қайта тірілгенге дейін мұрсат бер» деді. Аллаһ: «Сен мерзім берілгендерденсің» деді»[3].
Осы алғашқы қарсылық саналы түрде жасал-ғандықтан, артынша күпірлік жолы таңдалған. Адамзатты адастыруға қатысты ішкен анты болса – пенденің түгесілмес қасіретінің негізі.
Ібілістің азғыруы арқылы адамның кей қасиеттері шыңдала түссе де, қара ниетті болғандықтан шайтан ол үшін марапатталмайды.
Сөз түйіндер болсақ, мұсылмандық өмірдің түп негізі – ақ-адал ниетте. Адамның өлі амалдарына жан «бітіретін де, мың сан өнім беретін егіс алқабы тәрізді ғұмырын жасартып-жайнататын да – сол. Шектеулі дүние тіршілігінде мәңгілік бақытқа жол ашатын да, не мәңгілік сорға батырып қасірет тартқызатын да – сол.
«Амалдар – ниетке байланысты»[4], сол себепті есеп те амалға қарай алынады.

 


[1] Бухари, Бәдул-уахи 1; Муслим, Имарат 155; Әбу Дауыд, Талақ 11. 
 
[2] «Әнғам» сүресі, 6/125.
 
[3] «Хижр» сүресі, 15/22.
 
[4] «Зарият», 51/49. .
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.