«Бір сағат терең ойға берілу (тәфәккур) мың жылдық нәпіл ғибадатқа тең» дегенді естиміз. Терең ойға барудың жөні, әдіс-тәсілі қандай? Оған қатысты белгілі бір дұға не зікірлер бар ма? Терең ойлануға ең көп шақыратын қандай аяттар? Іштей жасалған дұға тәфә
Меніңше, сұрақ қойылғанда жауабы да қоса берілгендей болды. Бір сағат терең ойға (тәфәккурге) берілудің бір жылдық нәпіл ғибадатқа тең екендігі әлсіз бір хадисте айтылған. Дегенмен бұл жайында хадистен гөрі Құран Кәрімде аяттар жиі ұшырасады. Мысалы, мына аятқа көз салайық:
«Шындығында, көктер мен жердің жаратылысында, күндіз бен түннің алмасуында ақыл иелері үшін ашық ғибраттар бар»[1].
Иә, ай мен күннің өте бір үйлесімдікте тууы мен батуында, ғаламдағы жүйенің ғаламат күйде іске қосылуында ойлы жандар үшін ғибрат көп. Бұл аят біз айтып отырған терең ойға, тәфәккурге анық дәлел. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «Осы аятты оқи тұра ойға берілмеген адамның жағдайы қандай аянышты» деген. Үммү Сәләма анамыз осы аят түскен кезде не осы аятты оқыған уақытта Пайғамбарымыздың үнемі күрсініп көзіне жас алғандығын айтқан. Бірде тәхажжуд[2]намазында осы аятты оқып, өзін ұстай алмай еңкілдеп жылаған да еді. Ойға жол ашып, тәфәккурге бастауда негіз боларлық осы секілді аяттар Исламда ойға қаншалықты терең көңіл бөлінгендігін байқатады.
Алайда, әуелі тәфәккурдың не екенін біліп алған жөн. Ол үшін адамда сәл де болса таным болуы қажет. Болмаса көңілдің соқырлығы ойды құрсаулап ұзаққа барғызбасы анық. Тіпті мұндай тымырсық ойдағы тәкәффур адамды тез жалықтырады, көңілін суытады. Адам әуелі қай мәселе терең ойға татитынын жақсы білуі тиіс. Себебі тәфәккурге негіз болатын жайттарды санаға орнықтыру, яғни белгілі бір мағлұмат жинақтау жүйелі түрде ойлауға септігін тигізеді.
Ай – жұлдыздардың қозғалысы мен оның адам баласына әсерінен, адам ағзасын құрайтын элементтердің таңғажайып қасиеттерінен азды-көпті хабардар адамның ғана ойы тәфәккурге жатады. Болмаса түпкі мәніне үңілместен ай мен күннің немесе басқа да аспан денелерінің сырт қозғалысын сөз ету, содан шабыттану терең ойшылдыққа жатпайды. Ол алған әсерін басқалармен бөліскен қиялшылдық қана. Табиғатты жырлаған ақындар мен бірқатар натуралист ойшылдар да осы кейіпте.
Ақындарымыздың тағы бір шоғыры жағдаяттар мен құбылыстардың бергі бетін сөз еткенімен түпкі ақиқатына бойлай алмаған. Мәселен, олардың табиғатты суреттейтін өлеңдерін оқысаң, таңдай қағып тамсанасың. Сулардың сарқырап ағуы, жаңбырдың тырсылдап жаууы, жапырақтардың сыбдыры мен құстардың сайрауын керемет бейнелейтіні соншалық, бірден ұжмақтың бағына тап болғандай күй кешесіз. Алайда ақиқат пен шындыққа, құдіретті тануға көкірек көздің соқырлығы оларды көнеге дұшпан қылып, жаңаны мойындатпаған. Материалдық әлемге ғана қараумен шектелу, өзге әлемді тануға кедергі келтіретіндіктен жалғыз ескекті қайықпен саяхатқа шыққандай бір орында шыр айналудан аса алмаған. Олардың өмір жайлы ойларының тынысы тарылып демде тұйықталып қалып отырған, ал ой деп санағандары сол тұйықтағы сәулесі мардымсыз пәнидің жалған екендігіне көз жеткізуден туған өкініш-қайғылары ғана. Бұндай тәфәккурдың әрине еш пайдасы тимесі анық.
Терең ойға бару үшін әуелі белгілі бір деңгейде таным, ғылымның қазіргі жағдайын саралау, сол негізде жаңаша пайым жасау қажет, бұлардан да маңыздысы жатса-тұрса ақиқатты тапсам деген миын жегідей жеген ой керек. Осы негізді ұстанған адам үнемі жаңа тұжырымдар жасайды, бұл тұжырымдарды келесі тұжырымдарына негіз етіп бір саты өседі, одан да жаңа ой туғызып тәфәккурде барынша тереңдей түседі. Кейіннен екі жақты ойлауды көп жақты ойлауға ойыстырып, уақыт өте келе нағыз ойшылға айналып, кәміл адамдық дәрежесіне шыға алады.
Әсілі, ойлау үшін әуелі мынаны білу керек: оқу, ғалам кітабын зерделеу, ақиқатқа жүрегін, ғылымға санасын ашық ұстау, болмысқа, сол болмыстың тілмәші қасиетті Құранның көзімен қарай білу т.б. Болмаса, Шолпан жұлдыз мұнда орналасқан, Күн былай, Марс былай батады деген секілді құрғақ я мақсатсыз біліктілік ешқашан тәфәккурге жатпайды. Бұндай таяз түсінікпен алысқа барам деу әбестік. Оған сауап жазылатыны да, жазылмайтыны да дүдәмал.
Бір сағаттық терең ойдың көп жыл жасаған құлшылыққа тең саналуының мәнісі мынада: Құдіретті ойлап терең ойға берілу – адамның иманын арттырады, жүрегіндегі нұрды еселейді. Жаратушыға деген сүйіспеншілікті оятып, рухани ләззатқа бөлейді.
Міне, осындай терең ой ғана адамды басқалар мың айда жете алмайтын дәрежеге бірден жеткізіп, үлкен табыстарға кенелтеді. Осы шындықты ұқпастан Жаратушыға бет бұрған адамға келсек, мың жыл құлшылық жасаса да ол рухани өрлей алмайды. Сол себепті жасағандары бір сағаттық тәфәккурге тең келмейді. Алайда бұл оның мың жылдық құлшылығы бекерге кетті дегенді ұқтырмаса керек. Мұндай ойдан Құдай сақтасын! Аллаһ тағала оның намаздағы әр қимылын, сәждесі мен рукуғын, отыруын т.б. зая кетірмейді.
Құранда бұл туралы «Кім де кім тозаңдай жақсылық жасаса, оның қайтарымын көреді. Кім де кім тозаңдай жамандық жасаса, оның да жазасын тартады»[3] делінген.
Яғни жасаған амалына қарай қайтарым көретіні сөзсіз. Сондықтан намаз оқығанда ол Аллаһ тағаланың алдындағы міндетін орындап, Раббысымен тілдескенмен, тәфәккур арқылы қол жеткізетін тереңдікке бойлай алмайды.
Иә, осындай мәндегі тәфәккур ғана мың жылдық құлшылыққа тең келуі мүмкін.
Енді сұрақта тағы бір мәселе «тәфәккурге негіз боларлық белгілі бір уирд не зікір түрлері бар ма?», «Мұндай уирд пен зікірлер тәфәккурді байыта ала ма?» деген мәселеге келейік.
Бұл да ғалам атты алып кітапты зерделеуге, сондай-ақ саналылыққа байланысты. Саналы түрде жасалған дұға, тілек, жалбарыну кейде көңілдің ашылмастай көрінген құлпыларын ашады. Бірақ мен бұл уирдтер мен зікірлерді қай жерден, қалай таңдау керектігі жайында үндемегенді жөн көріп отырмын. Неге десеңіз, ол әркімнің ішкі рухани дайындығы мен жан қалауына қарай өзгереді. Сол себепті әркім өз қалауынша «Жәушан», «Әурады құдсия», «Масурат»[4], не Шазели[5], Шаһы Гейлани[6], Ахмет Руфаи[7], Ахмет Бәдәуи[8] секілді рухани тереңдіктегі кісілерге тән жеке зікірлерді оқыса болады. Бұл ұлы кісілердің зікірлерін оқыған адам олардың жанында тұрғандай күйге бөленіп, зікірдің ләззатына тоймайды. Шіркін, әркім-ақ осы зікірлерді оқып, кәдеге асырса, өздерін рухани тұрғыда жаңалап, иманын күшейтер еді.
Тағы бір мәселе терең ойға шақыратын аяттардың, іштей жасалатын дұғалардың тәфәккурге жатып-жатпайтындығы?
Аят-дұғаның мағынасын түсінбесе, не ішкі қалтарыстарына дейін дендей алмаса ол тәфәккурге жатпайды. Сауап болады, бірақ тәфәккур болмайды.
Тәфәккур – ой толғағын тербеу деген сөз. Өткен оқиғалар мен жаңа оқиғаларды бір таразыға салып, одан қорытынды шығара білу, бір нәрсенің себебі мен нәтижесі арасында қатынас құра білу, Аллаһ пен құл арасындағы байланысты күшейту. Ал мұндай нәтиже бермейтін әурад-ы әзкар немесе ең мүбәрак кісілердің дәрістері сауапқа қана жатады. Тәфәккур болуы үшін адамның жаны мен көңілін асқақтатып, Раббымызбен байланысымызды тереңдетуге, иманымызды күшейтуге апаруы тиіс.
Аллаһ тағала бізге шынайы тәфәккур жасауды нәсіп етсін. Өйткені бүгінгі күні бізге жетпей отырған бір мәселе осы тәфәккур.
Сондықтан қазіргі таңда өзіне сай тереңдігімен, өрелі түрдегі тәфәккурге әлі бара алмай отырмыз деген адамның сөзінде шындық бар деуге болады.
[1] «Али Имран» сүресі, 3/190.
[2] Тәхажжуд – бес уақыт намаздан бөлек түнде тұрып арнайы оқылатын нәпіл намаз. Тәхәжжуд намазды Пайғамбарымыз үзбей оқыған.
[3] «Зілзәл» сүресі, 99/7-8.
[4] Бұлар – мұсылмандар арасында көп таралған дұғалар.
[5] Шазели немесе Абдулхасан ибн Абдуллаһ аз-Заруили (1196-1258) – танымал шейх, Шазалия тариқатының негізін қалаушы, «Ахзаб» атты дұға жинағы мен «Уасиа» еңбегінің авторы.
[6] Иранның Гейлан қаласында туылып, Бағдатта қайтыс болған мұсылман ғұламасы (1078-1166). Қадирия тариқатының негізін салушы.
[7] Ахмет Руфаи (Рифаи) (1118-1183) – танымал сопы, Руфаия тариқатының негізін салушы, бірқатар еңбектер мен дұға жинақтарының авторы.
[8] Ахмет Бәдәуи немесе Ахмет Бәдәуи Сиди (1200-1276) – Мысырдағы ең танымал сопы, Бәдәуия тариқатының негізін қалаушы, сопылық туралы бірқатар еңбектердің авторы.
- жасалған.