«Дінде күштеу жоқ...» деген аятты қалай түсіндіресіз?

Діннің рухында ешқандай мәжбүрлеу яки күштеу жоқ. Бұл – Ислам болмысына жат. Исламда ең бастысы – ерік пен таңдау бостандығы; бұл дініміздің басты қағидасы. Күштеу арқылы жасалған барлық амалдар мен іс-әрекеттер дұрыс болып саналмайды. Асылында күштеу арқылы Жаратқанның жарлығын орындату «амалдар ниеттерге қарай» деген дініміздің қағидасына қайшы.

Дін мәжбүрлеуді өз ішінде қалай құптамайтын болса, өзгелерді Исламға күштеп яки мәжбүрлеп кіргізуді де мүлдем хош көрмейді. Ислам діні – сенім мәселесін адамның өз ықтиярына қалдырады. Мысалы, «зыммилер»[1] салық төлеуге келіскеннен кейін, Ислам діні олардың өмірі мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін болған. Бұл Исламдағы төзімділіктің асқан үлгісін танытады.

Дін адамдарды мәжбүрлеу яки күштеу арқылы өз қағидасын орнататын жүйе емес. Ол ең әуелі иманды негізге алады. Ал иман – жүрек пен ар тазалығы. Бұған ешқандай мәжбүрлеу өз билігін жүргізе алмайды. Адам баласы бар пейілімен өзі ықылас танытса ғана иман келтіре алады. Осы жағынан келгенде дінде ешқандай мәжбүрлеу жоқ.

Адам атадан бастап қазірге дейін Ислам діні ешкімді иман етуге мәжбүрлемеген. Мәжбүрлеу немесе күштеу сірә, жүрегі күпір мен күдікке толы жандарға ғана қатысты болар. Мұндайлар өздері иманға келу былай тұрсын, өзгелерді де жолдан тайдырып, діндерінен шығаруға күш салады. Ал бірде‑бір шынайы мүмін Құдайға сенбейтін жанды күштеп еш уақытта мұсылман етуді мақсат етпейді.

Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындауы мүмкін: Құран Кәрімде жиһадтың парыз екендігіне қатысты көптеген аяттар бар. Бұл белгілі бір дәрежеде мәжбүрлеу болып саналмай ма?

Әлбетте, жоқ. Себебі, жиһад – дұшпанның зорлық-зомбылығын тыю мақсатында жасалатын шара. Кез келген жанның Ислам дініне өз ықтиярымен кіруіне жол ашық. Сондықтан Исламда парыз болып саналатын жиһадтың мән-мағынасы адамның өз қалауы мен таңдауына жағдай жасау, ешкімді сенбеуге яки күпірлікке мәжбүрлемеуге барып тіреледі әрі ар‑ождан бостандығын, ар тазалығын қамтамасыз етуге негізделген.

Мәселені басқа бір қырынан қарастырар болсақ, жиһадқа қатысты аяттардың үкімі Ислам тарихындағы белгілі бір кезеңдерге қатысты айтылған. Дегенмен әрбір өрлеу құлдырау дәуірлерінің белгілі кезеңдерінде мұндай үкім қайта күшіне енуі мүмкін. Сөйтсе де, үкім тек сол дәуірге ғана тән болып қала бермек. Мәселен, «Кәфирун» сүресіндегі «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме» аятының үкімі де белгілі бір кезеңге ғана қатысты.

Қазіргі уақыт – мәселелерді шешу мен түсіндіру кезеңі. Әуелі діннің ақиқаттығына байланысты барлық сұрақтар мен қағидалар түсіндіріледі, мұны іске асыру барысында қарсы жақты дінге күштеп тартуға жол берілмейді. Сонымен қатар, бұл дәуір өзгелердің адасқанын бетке салық етпей, олармен айтысып‑тартыспау, олардың қытығына тиюден гөрі өзінің тура жолда жүруіне жіті мән беріп, жеке өмірінде діннің талаптарын іске асыру кезеңі. Осы дәуір не кезеңге қатысты үкімдер мен шарттар барлық кезеңдерге тән бола алмайды. Десек те, қазіргі кезге қатысты үкім келешекте қайталанбайды деп кесіп айтуға тағы болмайды. Ислам тарихының әрбір дәуірінде осындай кезеңдер болған. Қазіргі уақытта мұндай жағдайға өзіміз де куә болып жүрміз.

Дегенмен, жоғарыда аталған аяттың үкімі аса кең ауқымды қамтитындығын айта кеткен жөн. Бұл – Ислам елінде өмір сүретін басқа дін өкілдеріне қатысты үкімдер. Мұнда қандай да өзге дін өкілін Исламға мәжбүрлеп кіргізуге тыйым салынған. Сенім мәселесінде әркім таңдау еркіне ие.

Тарихқа көз салар болсақ, мұсылман елдерінде әрдайым яһуди мен христиандардың терезесі тең өмір сүргендігі белгілі. Батыстық зерттеушілердің өздері мойындағандай, христиандар мен яһудилер өз елінде, өз жерінде дәл мұсылман еліндегідей жайлы өмір сүрмеген. Олар мұсылмандардың қол астына кіріп, салық төлеп отырған. Ал, мұсылмандар оларды қорғап келді, бірақ ешқашан да Ислам дініне кіруге күштемеген. Күні кешеге дейін олардың өз мектептері болатын, салт-дәстүр, ғибадаттарынан бастап өздерінің барлық діни құндылықтарын сақтап келген. Мұсылмандардың ең күшті, қуатты кезеңдерінің өзінде олардың тыныш өмір сүруі өз отандары Еуропадағыдай болатын. Мұсылман мемлекеттерінде еркін өмір сүруге жағдай жасалған. Бірақ олардың мұсылмандарды адастыруына жол берілмеген. Мұсылман жастарын, әйелдерін жолдан тайдыруына көз жұмып қарап отырмаған. Бұл қоғамның өз-өзін қорғау қажеттілігінен туындаған.

Діннің осындай қоғамдық тәртіпті сақтауға негізделген үкімдерін мәжбүрлеу деп пайымдау дұрыс емес. Мұндай үкімдер дінді ерікті түрде қабылдаған-дарға ғана қатысты. Олар онсыз да әуел бастан осы үкімдерді біле тұра Исламға кірген. Мысалы, біреу Ислам дінінен шығатын болса, оған тәубе етуге мұрсат, мезгіл береді. Егер шешімінен бас тартпайтын болса қатаң жаза қолданылған. Бұл әуел баста өзінің келіскен келісіміне қарсы келуіне қатысты жаза. Қоғамдық жүйе осылайша өз-өзін қорғап отырған. Мемлекет белгілі бір қоғамдық жүйенің арқасында өркендейді. Әр адам ойына не келсе соны істейтін болса, онда мемлекет құрудың қандай мәні бар?

Сонымен қатар, Ислам дінін қабылдағандар рұқсат етілмеген кейбір істерден бойын аулақ ұстауы тиіс‑тұғын. Мұны да күштеу деуге келмейді. Мысалы, намаз оқып жатқан адам дауыстап күлсе, оның дәреті бұзылады. Сондай‑ақ, ихрам киген адам үстіндегі жәндікті өлтірсе яки тігілген бір киім кисе соған лайықты жазасын алады. Алайда, сол адам намаздан тыс уақытта күлсе яки ихрамсыз шақта жәндікті өлтірсе жазаға тартылмайды. Осы секілді Ислам дініне кіруге бел буған адамға қандай да бір қысым көрсетілмеген, бірақ өз еркімен дінге кіргеннен кейін оны тастап кетуіне жеңіл‑желпі қарамаған. Әлбетте, діннің өзіндік міндеттері мен бұйрықтары бар. Сол себепті дінді қабылдаған адамдардан осы діни ережелерге бағынуын талап ету орынды жайт. Мәселен, мұсылманға намаз, ораза, зекет, қажылық парыз, ал ішімдік, құмар ойындары, зина мен ұрлық жасауға тыйым салынады. Осы тыйымдарды бұзғандарға тиісті жаза беріліп отырған. Ал, бұлардың ешбірі де мәжбүрлеуге жатпайтындығы түсінікті.

Негізінде бұған аз да болса ой жіберген жан мұндай тыйым салушы заңның әлгі адамдардың мүддесімен толық тоғысатынын ұғар еді. Өйткені, жеке тұлға немесе қоғам осындай заңдылықтардың сақталуы арқасында ғана дүние мен ақырет өлшемін ұстана алады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, дінде, бәлкім, мәжбүрлеу бар болар, бірақ мұны адамдарды мәңгілік бақыт мекеніне жетелеу деп ұғынған жөн.


 [1] Ислам мемлекетінде өмір сүретін басқа дін өкілдері

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.