«Қалбун сәлим» дегеніміз не?

«Сәлим» араб тіліндегі «сәлимә» сөзінен шыққан. «Ислам» сөзімен түбірлес. Сөзбе-сөз мағынасы – «кемшілік атаулыдан пәк жүрек» дегенді білдіреді. Терминдік мағынасы – «ислами шеңберден тыс барлық дүниені тәрк еткен жүрек» дегенге саяды.

Жүректің пәктігі – Құрандағы мұсылмандық сипаттарға ие болу деген сөз. Бұл – аса кең ұғымды қамтитын сипаттама болып табылады.

Айша (р.а.) анамыздан: «Аллаһ елшісінің ахлақы қандай еді?», – деп сұрағанда ол: «Сіздер Құран оқымаушы ма едіңіздер?», – деп, өздеріне сауал тастайды. Олар: «Әрине, оқимыз», – дегенде, Айша анамыз: «Оның мінезі тұнып тұрған Құран болатын», – деп жауап берген екен.

Иә, Құран – алдымен Хақ Пайғамбар (с.а.с.) өз өмірін соған сай реттеп, үкімін басшылыққа алсын деп түсірілген кітап. Үмбеті де Пайғамбарымыздан өнеге алып, Құранның айтқанымен жүруі тиіс. Сонымен қатар, біз кіршіксіз таза, пәк жүрек дегенді ешкімге зияны тимейтін адамның жүрегі деп те түсінеміз. Себебі бір хадисте: «Мұсылман – өзгелерге қолы мен тілінен зиян тимейтін адам», – деп көрсетілген. Бұл осы тақырыптың мәнін дөп басатын дәл анықтама. Қорыта айтқанда, мұсылман – сөзімен де, іс-әрекетімен де ешкімге зиянын тигізбейтін жан.

«Қалбун сәлим» сөзі Құранда екі жерде кездеседі. Екеуі де Ибраһим пайғамбарға (а.с.) қатысты айтылған. Елінің, әсіресе, әкесі Азардың адасқандығы хазірет Ибраһимнің жанына батып, күйзеледі. Бұл – табиғи нәрсе. Өйткені әрбір адам ең алдымен ет жақынына жаны ашиды. Әсіресе бір шаңырақтың астындағы туысқаны болса, бұл жақындығы мен сүйіспеншілігі артпаса кемімейді. Кім де болсын әкесінің адасқандығын көргісі келмейді. Көру былай тұрсын, әкесінің дінсіздігі жанына инедей батып, азапқа салмақ. Әсіресе мұндай адам хазірет Ибраһимдей асқан мейірімді пайғамбар болса, онда жанына найза қадалғандай қатты азап шегетінін түсінуге болады. Сондықтан да хазірет Ибраһим жүрегі сыздап, ауыр күйзеледі.

Күндердің бір күні халықты тағы жинап, тәухид туралы уағыз айтып жатты. Олардың арасында әкесі де бар. Бірақ жиналғандар да, сол арада жүрген әкесі де оған қарсы шығып, ата-бабаларының діндерінен бас тартпайтындықтарын айтып шуласады. Бұл – барлық дәуірлерде иман келтіргісі келмейтіндердің ортақ сылтауы. Осы кезде хазірет Ибраһим қос қолын жайып Раббысына: «Я, Раббым! Маған хикмет бер, мені салиқалы жандарға қос. Кейінгі ұрпаққа мені өнеге етіп еске алатындай ет және «Наим» жәннәтына ие болушылардан ет. Әкемді де кешіре гөр. Сөзсіз ол адасқан адам. Адамдардың қайта тіріліп, Аллаһқа сәлім жүрекпен келгендерден басқа байлық пен бала-шағадан пайда болмайтын күнде мені масқара ете көрме!»[1], –  деп, дұға еткен болатын. Иә, хазірет Ибраһимнің жүрегі кіршіксіз таза болатын. «Айтқандай-ақ Раббысына пәк жүрекпен келді»[2] аяты бізге осы ақиқатты танытуда. Ол ақыретте адамға тек пәк жүректің ғана пайда беретінін айтқан. Яғни, күпірлікке бой алдырған жүрек азапқа ұшырамайды деп ойлаудың өзі мүлде қисынсыз. Тіпті баласы хазірет Ибраһимнің (а.с.) өзі болса да, жүрегінде күпірлігі бар әкеге ондай ұл да ине жасуындай көмек бере алмайды. Иә, Ибраһим – халилуллаһ (Аллаһтың досы), көптеген пайғамбарлардың әкесі. Тіпті пайғамбарлар Сұлтаны ардақты Расулымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзі «мен Ибраһимге ұқсаймын» деп оны ардақ тұтқан. Бірақ әкесі Азар күпірліктегі  адам еді. Сол себепті хазірет Ибраһим әкесіне көмек қолын соза алмайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Хазірет Ибраһим: ақыретте әкесінің аяқ астында жатқанын көріп, қатты қиналып: «Раббым! Бұл менің әкем еді, рақым ете гөр!», – деп жалбарынады. Бірақ, Аллаһ хазірет Ибраһимның жүрегіндегі әкесіне деген сүйіспеншілікті жойып, әкесін санасынан өшіріп, ұмыттырады». Осылайша «Досым» деп рақым құшағына басқан Ибраһимге өзгеше түрде рақымын төгеді.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде ғана таза, пәк жүректің қандай болуы керектігін түсінеміз. Таза жүректің алдымен күпірліктен, күмәннан дін-аман болуы қажет. Күпірлік арқалаған жүрек қанша шына-йылық танытса да, ісі тура бола алмайды. Бүгінгі таңда небір гуманист жандар бар. Олар: «Менің жүрегім таза, өйткені мен ешкімді жек көрмеймін, қашанда оларға жақсылық жасаймын», – дейді. Бірақ мұның бәрі бекер. Өйткені дінсіз жүрек әсте сәлім, тура бола алмайды. Өйткені ол ғаламның иесін жоққа шығарып, жүрегі күпірлік шәлісін жамылған.

Негізінде адамзаттық құндылықтар өте маңызды. Алайда бұл құндылықтарды шынайы тұрғыдан түйсіну, түйсініп қана қоймай осы қасиетті әдетке айналдыру тек қана иман арқылы жүзеге асады. Иман болмаса, бүкіл жақсылық атаулы мен ізгі қасиеттер жалған сипаттың жамылғысын жамылмақ. Сондықтан да оның ешқандай құны да, қадірі де болмайды.

Мәселен, біреу өз отанына, тіпті адамзатқа пайдасын тигізгенімен сол елдің заңдары мен басқару тәртібіне мойынсұнбай қарсы шықса, онда мемлекет оны жазаға тартады. Бұрын сіңірген еңбегі де, ерлігі де қаперге алынбайды. Осы секілді бүкіл ғаламның Жаратушысы мен иесін танымайтын жан отаны мен ұлтына қанша жерден пайдалы қызмет атқарсын, бәрібір Жаратушысын мойындамағандығы үшін ақыретте азапқа тартылады. Осы орайда Әбу Тәліптің (р.а.) жағдайына көз жүгіртсек жеткілікті. Ол Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бала жасынан бауырына басып, қырық сегіз жыл қорғаныш болды. Қиын‑қыстау сәттерде қасынан табылып, көмек берді. Маңдайына шыбын қондырмады десе де болады. Бірақ осыған қарамастан иман келтірмегендігі үшін илаһи кепілдікке жете алмады. Бірде Әбу Бәкір (р.а.) шаштары әбден ағарған әкесі Әбу Қухафаны ертіп Пайғамбарымыздың құзырына алып келді. Сонда ол Пайғамбарымыздың қасында отырып кеш те болса діннің нұрлы жолына кіріп, тілін кәлимаға келтірді. Осы сәт хазірет Әбу Бәкірдің көзі жасаурап, еріксіз иегі кемсеңдейді. Пайғамбарымыз одан: «Неге жыладың, әкең тура жолға түсті ғой», – деп сұрайды. Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Аллаһ елшісі! Мына тәухид кәлиманы әкемнің орнына Әбу Тәліп айтқанда ғой, шіркін!», – дейді. Өйткені Әбу Тәліп Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Меккедегі негізгі қорғаушысы болатын. Кезінде оны бауырына басып: «Бар, қалағаныңды іске асыр, мен тірі тұрғанда саған ешкім тиіспейді», – деген еді. Сонымен қатар Әли (р.а.) мен Мутә шайқасының қаһарманы Жағфарды Пайғамбарымызға табыстап, осылайша оларды ең сенімді жанға аманаттаған. Бірақ, осының бәрінің Әбу Тәліпке пайдасы тиер ме екен? Міне, мәселе қайда жатыр. Егер иманды болып бақиға аттанса, сөзсіз пайдасы тиеді, ал егер имансыз кеткен болса, халі аса мүшкіл һәм ақыретте азаптан құтылуы әсте мүмкін емес.

Осы тұрғыдан алып қарағанда жүрек тазалығы – аса маңызды мәселе. Адамның көптеген мәрттік әрекеттерге барып, ізгі істер атқаруы бек мүмкін. Бірақ, ол ең алдымен жүрегін шірк пен күпірден және түрлі адасушылықтардан тазартып алуы қажет. Сонан соң жүректің Исламмен нұрланып, Құран ахлақымен сусындауы тиіс. Егер жүрек Құранның көрсеткен ахлақын сіңірмесе, онда ондай жүректен қайыр жоқ. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) көркем ахлақы, мінез-құлқы да таза жүректің көрінісі болып табылады. Пайғамбарымыздың мінезін өзіне өнеге тұтқанына қарай адам жүрек тазалығына қол жеткізе алады. Әйтпеген жағдайда ол құр сөз жүзінде қалып, өз-өзін алдағанмен бірдей әрекет болып шығады. Бізге Раббымыз оның тіл жетпес көркем мінезінен өнеге алуды нәсіп етсін!

Бүгінгі таңда Исламға қызмет етуді мұрат тұтқан мұсылмандар шамалары келгенше құлшылық жасап, Құран ахлақын өздеріне үлгі етуге күш салуы қажет. Сонымен қатар екі дүние бақытына қол жеткізуі үшін көбінесе жеке мүддені ойламай, өзгелердің бақыты үшін аянбай қызмет ету де – басты мұрат. Мүмін жандар қай жерде болмасын, дінге, ақиқатқа қызмет етуге деген ықыласын арттыру мақсатынан таймайды. Олардың жүректері тек діннің қасиетті байрағын көкте желбірету үшін ғана соғады. Иісі мұсылман мұндай қаһарман рухтарды қашан да мақтан тұтпақ.

Жүрек тазалығы – аса маңызды тақырып. Өйткені Құран аяттары оны дүниелік нығметтерден артық санап: «Байлық пен бала-шағаң пайда бермейді. Сол күні тек жүректің пәктігі ғана пайда береді», – дейді.

«Ойлама ей, молда сенен байлық сұрайды деп,
Қашып құтыла алмайтын Сот күні таза жүректі ғана сұрайды».

Қалай өмір сүрдің? Қандай жағдайда о дүниеге аттандың? Қайта  тірілуің қалай болмақ? «Лиуаул –хамд»[4] байрағының жолын таба аласың ба? Кәусар[5] бұлағына жете аласың ба? Пайғамбарымыз сені алыстан шырамытып, тани алатындай жағдайдасың ба? Кез келген жанның ақыреттегі жағдайы осы тәріздес сауалдарға жауап бере алуына қатысты болмақ. Өйткені Аллаһ елшісі: «Мен өзімнің үмбетімді танимын», – дейді. Қалай танитындығын сұрағанда: «Сендер мыңдаған жылқының арасынан маңдайы мен аяғы қасқа атты қалай танысаңдар, мен де өз үмбетімді дәрет алған мүшелерінен танимын», – деп жауап береді. Аллаһ елшісі үмбетін маңдайындағы «Жүздерінде сәжденің іздері бар»[6] аятымен мөрленген таңбадан таниды. Әбу Хурайра (р.а.) дәрет алғанда қолдарын иықтарына дейін жуатын. Мәнісін сұрағандарға: «О дүниеде жарқырап көзге түсуін арттыру үшін», – деп жауап беретін. Міне, жүрек тазалығының бірден-бір белгісі осы болса керек.


[1] Жүректің пәктілігі.
[2] «Шұғара» сүресі, 83-89.
[3] Саффат сүресі, 84
[4] «Лиуаул–хамд» – Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ақыреттегі байрағы. Барлық үмбеті осы байрақ астында жиналады.
[5] Кәусар бұлағы – Жәннәттағы бұлақ, Аллаһ тағаланың Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіне ақыретте беретін айрықша нығметі. 
[6] «Фатх» сүресі, 29.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.