Әбден әшкерелгеніне қарамастан әлі де Дарвинизм теориясының сойылын соғушылардың көздегені не?
Дәйексіз бола тұра әлемде осыншалықты дәріптелген теория жоқ болар. Ғылыми тұрғыдан қате екендігі қаншама рет дәлелденсе де, оны кейбіреулер өздерінің мүддесі үшін қайта күн тәртібінде ұстауға күш салуда. Бірқатар ғалымдар дарвинизмді жер-көкке сиғызбай дәріптесе, бірқатары оның жалғандығын әшкерелеп, ендігәрі мұндай негізсіз теорияға илануға жол жоқ екендігін алға тартуда. Әлемдік ғылыми ортадағы дарвинизмнің қазіргі хал-ахуалы міне осындай. Дегенмен, дарвинизмнің белгілі бір кезеңге дейін жалғасатындай сыңайы бар. Жылдар бойы Батыста да, Шығыста да бұл төңіректе мыңдаған кітаптар жазылды, әлі де жазылу үстінде.
Осы орайда мынаны айта кеткен жөн; қазіргі таңда Батыс пен Шығыс мәдениеті тұтастай материалистік философияның қағидаларына негізделген. Материализм Ресейде болсын, Америкада болсын жетекші күшке ие. Бүгінгі таңда Батыс мәдениетінің бір бөлігі Америка мәдениетіне бейімделуде. Ал енді шығысқа келер болсақ, тек қана географиялық ерекшелігі болмаса ойлау жүйесінің батыстан айырмашылығы жоқ деуге болады. Қазіргі таңда Батыс пен Шығыс арасында айтарлықтай айырмашылық қалмағандығы белгілі. Осы тұрғыдан алғанда біз Ресейді де батыстық мемлекет ретінде қарастырамыз.
Екі жақтың да дінге әрі ғылымға деген көзқарас пен ұстанымдары бірдей. Батыс дінді Руссо мен Ренанның көзқарастары негізінде қоғамдық өмірдің кішігірім қажеттілігі деп біледі. Олар үшін дін ешқашан ғұмырлық мақсат болған емес. Бар болғаны кейбіреулердің өз жан тыныштығы мен тән саулығы үшін ұстанатын көп жолдың бірі ретінде ғана бағалайды. Содан келіп, дінге еркіндік беру керек дейді. Бүгінгі таңда Ресейдің де дәл осы жағдайда тұрғаны белгілі. Дінге деген мұндай көзқарас бұл тақырыпқа қатысты белгілі бір дәрежеде ілгерілеуді көрсеткенімен, біздің ұғымымызда діннің орны мүлдем бөлек.
Бүгінгі әлемдегі ахуал осындай. Алайда, осыған қарамастан материалистік тұрғыдан ойлайтын адамдардың өзі дарвинизм теориясын өлтіре сынап, тамырына балта шапты. Бұл мәселеде Америка мен Еуропаның көзқарастары өзгеріп отыр, ал посткоммунистік елдер әлі де сол баяғы қасаң теорияның ықпалынан арыла қойған жоқ.
Қазіргі уақытта кейбір елдерде дарвинизм теориясы әлі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Мемлекеттік басқару жүйесі әуел бастан осы тарихи материализмге негізделгендіктен, олар үшін Дарвин теориясының өз маңызын жоғалтпауы аса маңызды да. Материализмнің, әсіресе, тарихи материализмнің іргесі шайқалса, метафизиканың өркен жаятындығы анық. Ондай жағдайда материалдық һәм экономикалық игіліктерден гөрі рухани дүниелерге көбірек ден қойылар еді. Ал бұл, олардың өмірлік жүйесі мен пәлсафасының күйреуі деген сөз. Сол себепті, дарвинизмнің маңызын сақтап қалғысы келетіндер болған және бола да береді.
Дарвинизмнің шашбауын көтеретіндердің басым көпшілігі осы идеологиялық пайымдарға қызмет ететін ойшыл ғалымдар мен оқу-ағарту саласындағы мұғалімдер. Олар биология пәні бойынша өтілетін әрбір сабақта дарвинизмді дәріптеп, жас ұрпақтардың санасын улауды жалғастыруда.
Бұл мәселені тереңірек сөз етейін деп отырғаным жоқ. Бұдан бұрын бір конференцияда осы мәселеге жан-жақты тоқталған болатынмын. Кейіннен бұл тақырыпты дінтану саласында жүрген бірқатар әріптестерім қолға алып, зерттеулер жасады, кеңкөлемді еңбектер жазды. Осы тақырыптың жан-жақты сараптамасын жоғарыда аталған еңбектерге сілтеме жасай отырып қойылған сұрақ шеңберінде ғана кейбір мәселелерді түсіндіре кеткенді жөн көрдім.
Бұл теорияны қолдайтындардың пікірінше, тіршілік су ішінде амино-қышқыл түрінде пайда болды. Амебаға немесе бір клеткалы жәндіктерге айналған тіршілік иелері кейіннен көп клеткалыға ауысқан. Келе-келе эволюциялық даму арқылы осы тіршілік иелері маймылға (кейбіреулердің пікірінше итке), сонан соң адамға айналған. Пікірлерін дәйектей түсу үшін табылған қаңқаларды алға тартып, қазіргі таңдағы жәндіктердің арғы тегін солармен байланыстырады. Тіпті бірқатарын аттың, медуза немесе су жәндіктерінің арғы тегіне жатқызғандығы да белгілі. Мыңдаған жылдар өткеннен кейін барып қазіргі түрге айналған көрінеді. Алайда ғалымдардың соңғы жаңалықтары бұл жорамалдарды түгелдей жоққа шығарды.
Мәселен, эволюция теориясын жақтаушылар «қырсық жәндік» деп атаған насекомдардың арада 350 миллион жыл өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін о бастағы дене бітімі со күйі өзгермеген. Қоңыздар турасында да осыны айтуға болады.
Омыртқасыз жәндіктер мен теңіздегі шаян тәрізділердің 500 милион жыл бұрын тастардың астында қалған қаңқалары зерттелгенде бүгінгі түрлерімен бірдей екендігі анықталды. Жануартанушы (зоолог) ғалымдардың пікірінше, олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ең ұсақ жәндіктердің өзі қандай да бір өзгеріске ұшырамаған болса, онда аттың тұяғы да әу бастағы қалпынан өзгермегендігін айтуға болады. Ендеше, адамның да алғашқы жаратылған кездегі физиологиялық ерекшеліктері әліге дейін сақталып келе жатқындығы шүбә тудырмаса керек.
Эволюционерлердің пікірінше, жоғарыда аталған басқа да жануарлар мен жәндіктердің баршасы ұдайы өзгеріске ұшырап, эволюциялық дамуы тежелмеуі қажет болатын, бірақ қазір кейбір жәндіктердің 500 миллион жыл бұрынғы қалпынан өзгермегендігі анықталып отыр. Бұл эволюционерлердің теориясын әшкереледі.
Олардың тағы бір жорамалдары бойынша, жан-жануарлардағы өзгерістер толығымен кездейсоқтыққа негізделген. Бұл өзгеріс белгілі бір уақытта және өте баяу жүзеге асуда. Әрбір тіршілік иесінің өзгеріске ұшырауына қоршаған ортасы мен жеке бас ерекшеліктері ықпал еткен. Күн мен жердің арақашықтығы, жердің күнге ұзақ немесе жақын болуы, жердің өз өсін айналуы барысындағы өзіндік факторлар мен маусымдардың ауысуы секілді жағдайлардың барлығы мутацияға оңды немесе теріс ықпал ететін факторлар болып табылады. Осы факторлардың негізінде тіршілік иелері өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, олардың пайымдауынша, жылқы миллиондаған жыл бұрын құртақандай, тырнақты мақұлық болған. Ғасырлар бойғы өзгерістер нәтижесінде қазіргі түріне келіп іріленіп, тұяқты жануарлар санатына енген-міс.
Негізінде эволюциялық теорияны жақтайтын ғалымдардың нақты дәлелдері жоқ. Ертеде болған бір мақұлықтың қаңқасын көрсетіп, қазіргі жылқылардың арғы тегіне жатқызады. Алайда арғы тегіне жат-қызылған мақұлық пен біз көріп жүрген жылқының арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Олардың жылқы деп көрсеткендері Аллаһ тағаланың сол дәуірде жаратқан, алайда кейіннен тұқымы жойылып кеткен бізге беймәлім мақұлығы болар. Бүгінде ондай мақұлық жоқ. Ендеше неліктен сол мақұлықты жылқының арғы тегіне жатқызуға тиіспіз? Аллаһ тағала сол дәуірде әлгі мақұлықты жаратты, кейін жылқыны жаратты.. Бұларды бір-бірімен байланыстырудың қандай қажеті бар?
Миллиондаған жыл бұрын бал арасының болғандығы анықталып отыр. Яғни, аралар миллиондаған жылдар бұрын дәл қазіргідей геометриялық пішіндегі ұяларына бал жинаған. 100 миллион жыл өтсе де олардың дене бітімі, іс-әрекеттері мысқалдай өзгермеген. Егер қандай да бір эволюциялық өзгеріске ұшыраған болса, бұл қашан және қалай өзгергендігін нақтылы ғылыми тұжырымдармен көрсеткен жөн болар еді, әрине мұны дәлелдеу де осы жорамалды алға тартушылардың міндеті.
Бірнеше жыл бұрын неодарвинисттердің бірі жартылай маймыл, жартылай адам іспеттес бас сүйекті алып, адамның маймылдан пайда болғандығына дәлел ретінде төрткүл дүниеге жар салды. Алайда, «Бақсақ бақа екен» демекші, олардың қулығы көп өтпей-ақ белгілі болды: маймыл мен адамның бас сүйектері жартылай алынып, осы екеуін жымдастыра біріктіріп, бір бүтін бас сүйек етіп шығарған көрінеді. Ол біраз уақыт қышқылда сақталғаннан кейін, «бұзылып, бүлінген» етіп көрсету үшін кейбір тұстарын қолдан бүлдіріп, осылайша «аралық кезеңдегі аталарымыз» деп дүниеге жар салған. Бір қылжақпастың кесірінен оны маймыл мен адам арасындағы өзгерістің аралық кезеңінің айғағы деп бүкіл ғылыми орта осыны қабылдауға шақ қалды. Алайда, оның қолдан құрастырылған бас сүйек екенін ғалымдар дәлелдеп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әшкереледі.
Ал енді мутацияға келер болсақ, ол – жанды тіршілік иелерінің нәсілінің секіріп өту арқылы да өзгеріске ұшырай алатындығы және осы өзгеріс жаңа түрлердің (тіршілік иелері) пайда болатындығын алға тартатын болжам...
Қазіргі таңда генетика мен биохимия саласында ашылған бірқатар ғылыми жаңалықтардан белгілі болғанындай, кездейсоқтыққа негізделген мутациялардың эволюциялық өзгеріске ұшырауы, кемелденуі мүмкін емес. Ендеше мутациялық теорияның да қыр аспай тоқырағаны, дағдарыста екендігі анық.
Мәселен, талай жыл көгершіндер мен иттерге қатысты түрлі будандастыру жасалды. Бірақ, ит сол ит. Бәлкім, кейбір физиологиялық өзгерістерге ұшырап, мұрны, аузы басқаша өзгеруі мүмкін, бірақ ол бәрібір есекке айнала алмайды. Көгершін де сауысқанға айналған жоқ. Көгершін күйінде қалды.
Бұрындары дрософилла шыбынына дәл осындай ғылыми тәжірибе жасалған болатын. Шыбын да өзгермей, шыбын болып қалды. Тәжірбие жүргізушілер соңында әбден жалығып, салы суға кетіп зерттеуді тоқтатқан болатын.
Дегенмен осы зерттеулер арқылы көп шындықтың беті ашылды. Ғалымдар тіршілік иелерінің бір түрден екінші түрге өтуі мүмкін еместігіне және түрлердің өзіндік ерекшеліктерінің өзгермейтіндігіне көз жеткізді. Буданнан ұрпақ өрбімейтіні белгілі. Мәселен қашырдың еркегі яки ұрғашысы болмайтындықтан, оның нәсілі де жалғаспасы анық. Ендеше қалайша осындай өзгерістер нәтижесінде будандық кезеңді өткерген мақлұқтан адам секілді қияметке дейін нәсілі жалғасатын керемет тіршілік иесі пайда бола алады? Бұған сенуді былай қойып, жай ғана ойға алудың өзі күлкілі емес пе?
Мадагаскар аралы маңайынан балық сүйегі табылды. Зерттеушілер бұл түрдегі балықтың осыдан 60 миллион жыл бұрын өмір сүргендігін анықтады. Алайда, олар бұл балықтың түрі мүлде жойылған деп қате тұжырым жасады. Көп уақыт өтпей әлгі аралдың маңынан бір балықшы тап әлгіндей балықты ауына түсіреді. Кейін белгілі болғандай, 60 миллион жыл бұрынғы балық пен ауланған балық бір түрден болып шыққан. Бұл жолы да эволюция теориясын жақтаушылардың дегені болмай, ойлап тапқан құйтырқы әрекеттері әшкереленді.
Дегенмен, тарихи материализмнің негіздерінің бірі болып табылатын, Маркс пен Энгельс барынша қолдаған эволюциялық теорияны материалистер ғылым мен білімге қайшы келген күннің өзінде көрсоқырлық көрсетіп, қорғап‑қолдаудан бас тартқан емес, бас тартуға құлықтары да жоқ тәрізді.
Олардың пікірінше, барлық мәселе материализммен түсіндірілуі қажет. «Бұл мәселеге қатысты дәйекті тұжырым жасай алмағанымызға қарағанда, осыған бөгет болып жатқан бір тылсым күш бар екен-ау» деп ешқашан ойланбайды. Олардың бұл бірбеткейлігі, бетпақтығы аталмыш жалған теориясымақты қайткен күнде де мойындату мақсатын көздегендіктен туындап отыр. Бұл жанталас оларды ақылдан, қисыннан және туралықтан адастырғаны соншалықты, ғалым, ойшыл жандарды былай қойғанда, қатардағы қарапайым адамның өзін иландырмайтын қулықсымағымен ұштасып, ақыр соңында өздерінің масқарасын шығарды. Сонда да қоймайды. Олардың бұл бірбеткейлігі әлбетте өз жемісін бермей қойған жоқ.
Олай дейтініміз, олардың ықпалында кетіп, кейбір албырт жас өскіндердің саналары улануда. Өкініштісі осы. Бірақ, «өтіріктің арты бір тұтам» деген сөз бар. Негізінде олардың да айласының қыр аспасы айдан анық.
«Бір есерсоқ құдыққа тас лақтырса, қырық ақылды адам оны шығара алмай әлек болады» демекші, бұл мәселе де осының кебін киген секілді.
Дарвиннің өзі парқына бармаса да, оның бұл әрекеті бір жағынан ғылымға қосқан үлкен үлес болды деуге болады. Өйткені түрлердің белгілі бір тәртіппен жүйеленуі, сыныпталуы жасалды. Ол қаламаса да, оның жанды тіршілік иелеріне қатысты пайымы ғаламдағы ғажайып үйлесімділіктің бар екенін, оның ерекшелігін дәлелдеп берді. Бұл үйлесімділікті құрған әрі мұны ешкім бұза алмайтындай етіп жаратқан Аллаһ тағала неткен ұлық!..
Тура жолға салу тұтастай Жаратқанның еншісінде. Түптеп келгенде, Дарвиннің ашқан жаңалықтары біздің иманымызды арттырғанымен, жеке басын қатты адас-тырды.
- жасалған.