Әдеп деген не? Әдептіліктің мәнін қалай түсінген жөн?
«Әдеп» (әдәб) – тәрбиелілік, көрегенділік, әдептілік деген мағыналарды білдіретін арабтың сөзі. «Әдеп» – діндегі асыл қағидалардың негізінде адам бойында пайда болатын ізгі қасиет, кеңірек түсіндіргенде, рухтың дінмен астаса отырып, берік болуы. Діндердің барлығы бірдей кісіге әдептілікті сіңіре қояды деу қиын, ал Ислам діні адамды шынайы әдептілікке баулиды.
Әдеп «ихсан»[1] мәртебесіне жету дегенді де білдіреді. Яғни, әрбір іс‑әрекетіміз бен бізге жүктелген міндеттерді Жаратушы Ие көріп тұрғандай қапысыз түйсініп, қалтқысыз орындау. Жаратушыны көзбен көріп тұрғандай күйде болу. Әдептіліктегі ихсан түсінігі осы. Сонымен қатар, әдеп – парыз бен уәжіптен бөлек, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бүкіл іс‑әрекетін үлгі етуді де қамтиды. Ежелден ата-бабаларымыз әдептілікке қатысты ойдым-ойдым ой кестесіндей сөз маржандарын мирас етіп қалдырған:
«Әдептілік – кісінің киімі.
Әдепсіз адам – жалаңаш жанмен тең!»
Яғни, тәрбие немесе әдептілікті, тәнді сырт көзден қорғайтын киімге теңесек, әдепсіз жан, киімнен жұрдай, өзі тырдай жалаңаш адам іспеттес болмақ.
«Әдеп – Жаратқанның нұрынан түскен тәж.
Тәжді қабыл ал да, барлық пәледен құтыл».
Бұл жерде әдептілік патшаның тәжіне теңелген. Тәжді киген жан барлық пәледен аулақ болады. Демек, пәле‑жаладан аман болғың келсе, ұдайы әдептен аттамауға тырыс.
«Әдепті жан ілімсіз болмайды.
Қанша ілім қуса да, әдепсізден ғалым шықпайды».
Демек, әдептілік бар жерге ілім ұялайды. Жер бетіндегі барлық кітапты оқып тауысса да, әдептіліктен жұрдай жан ғалым болып жарытпайды. Жүніс Әмренің[2] сөзіне жүгінсек:
«Ілім-білім дегенің,
Ол – өзіңді тануың!
Сен өзіңді танымасаң,
Не пайда оқып, жарығым?!».
Егер адам өз-өзін танып, өзінің кім екендігін білмесе, онда оқып үйренген ілімінің айтарлықтай пайдасы болмайды.
Әдептіліктің сұлтаны – Аллаһ тағаланың елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) еді. Тәрбие тұрғысынан да, көркем сөз тұрғысынан да Пайғамбарымыз әдептіліктің ең озық үлгісін көрсетіп кеткен.
Бірде Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулуллаһ! Сізді мұншалықты әдепке баулыған кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мені Раббым әдепті етті әрі мінсіз етіп тәрбиеледі!» – деп жауап береді.
Бірде сахабалар Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы, Пайғамбарымыздың жан-жары, барша мүміндердің қияметке дейінгі анасы Айшадан (р.а.): «Аллаһ елшісінің ахлақы қандай еді?», – деп сұрайды. Сонда ол: «Сіздер Құран оқымаушы ма едіңіздер?», – дейді, әлгілер: «Әрине, оқимыз», – дегенде, Айша анамыз: «Оның мінезі – тұнып тұрған Құран болатын», – деп жауап берген еді.
Міне, қасиетті Құранның асыл құндылықтарымен тәрбиеленген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әрдайым адамдықтың асқар биігінде! Ендеше, шынайы әдептілікті үйренгісі келетіндер осыған назар аударсын, Пайғамбарымыздың әдебін ақиқаттың айнасына балап, соған сай бой түзесін.
Хақ тағала әз елшіні барша адамзатқа әдептіліктің үлгісі етіп жаратты. Бұлай болмаған жағдайда пайғамбарлық секілді ұлық міндетті алып жүру едәуір қиындық туғызар еді. Егер ол біз секілді қателіктерге бой алдыратын болса, зияны өзімен ғана шектелмей, ізінен ерген миллиондаған адамның тағдырына кері әсер етер еді. Сондықтан да Хақ тағала оны өзгеше тәрбиелеп, біздерге үлгі-өнеге еткен.
Иә, бүкіл саналы ғұмырын Хақ жолына арнаған ол қашанда ізгі істердің басы‑қасынан табылды. Әлі пайғамбарлық келмеген кез еді. Қағбаны қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан. Немере ағасы Аббас (р.а.) тас қажамас үшін үстіндегі ұзын киімінің бір етегін түріп иығына төсеген-ді. Аллаһ елшісінің де (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) иығы тас тасудан қанталап кетіп еді. Хазірет Аббас (р.а.) оған өзі секілді істеуге кеңес береді. Алайда, бұлай етсе киімінің етегі тізеден жоғары көтеріліп, балтыры көрініп қалатын болды. Сөйтсе де Аббастың (р.а.) кеңесіне құлақ асып, киімінің етегін енді көтере бергені сол еді, кенет көзіне періште шалынды. Ардақты Пайғамбарымыз қатты қорыққанынан жерге отыра кетті. Осы оқиғадан кейін әурет жерлерін ешқашан ашқан емес. Бұл – оның әуел бастан Жаратушының ерекше бақылауында болғандығының бірден‑бір дәлелі.
Бірде Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Өмірімде екі рет тойға баруға ниеттендім. Екеуінде де кенеттен ұйқы басып, көзім ілініп кетті. Екеуінде де оянған кезімде той тарқап кетіпті» – дегені бар.
Бұл жайттардың барлығы да пайғамбарлыққа дейін болған оқиғалар. Өмірінің барлық кезеңдерінде Хақ тағала оған зәредей де күнә жасатпады. Бұл Аллаһ елшісіне ғана тән бөлекше құбылыс еді.
Басқалай болуы да мүмкін емес еді. Неге десеңіз, әр адамның жүрегінде шайтанның қармауына бейім қара дақ бар. Ал Пайғамбарымыздың жүрегіндегі сол қара дақты тұсты сәби шағында періштелер көкірегін ашып, сылып тастаған болатын. Сол себепті жайшылықта бізді түрлі күдікке, күмәнға итермелеп, қан тамырларымызда ойнақ салып жүретін шайтан Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) маңына да жолай алмаған. Иә, ол ерекше жаратылған жан еді...
Хақ тағала оны пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де күнә атаулыдан сақтады. Қалай пәк болып дүние есігін ашса, өмір бойы сол пәктігіне дақ түсірмей өтті. Әдептіліктің жарқын үлгісін паш етті...
Пайғамбарымыздың өмірі тұнып тұрған әдептілік. Қандай жағдайда да әдептіліктен аттап көрмеді. Әділетсіздікке Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жаны қас болатын. Ал әділетсіздікке кезіге қалса, қатуланып, бейне бір буырқанған теңізге ұқсап кететін. Қашан әділдік орнағанша тыным таппайтын. Алайда, басқаға емес, жеке басына жасалған сорақы әділетсіздіктерге қабағын да шытпайтын. Өйткені, бұл Аллаһ елшісіне ғана тән әдептіліктің үлгісі еді.
Бірде сахабалардың қатарына жаңа қосылған, әлі бәдәуилік[3] ерсі әдеттерінен толық арыла қоймаған біреу Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жағасынан жұлқи тартып, соғыстан түскен олжадан өзіне үлес талап етеді. Қалыңдау матадан тігілген жағалығы Ардақты елшінің мойнын қанталатып жіберген еді. Сахабалардың ашуын келтірген мұндай дөрекілікке Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бар болғаны мұңая күлімсіреп: «Мына адамға сұрағанын беріңдер», – деумен ғана шектелді. Міне, оның сабыры осындай болатын...
Қатты ашуланғанда өз-өзін жеңе білу небір таңдаулы тұлғалардың да қолынан келе бермеген. Бұған мысал көп-ақ. Сөйтсе де оларды ешкім жерден алып, жерге салып жатқан жоқ және жазғыра қоймасы тағы белгілі. Міне, осындай жағдайларда да Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзінің теңдессіз әдептілігімен айдай толықсып, күн сәулесіндей нұрлана ерекшеленетін. Төмендегі мысал сондай жағдайлардың бірінен сыр шертеді.
Пайғамбарымыз Ұхұд шайқасынан аз ғана уақыт бұрын көрген түсі бойынша ашық майданнан гөрі Мәдина қаласында қалып, қорғаныс тәсілімен соғы-судың ұтымды болатыны жөнінде шешім қабылдады. «Оның көрген түстері – уахиға тең еді». Түсінде барлық нәрсені ап-айқын көретін. Пайғамбарлығының алғашқы алты айында да осындай иләһи түстер жиі енетін. Түсінде көргендері айна-қатесіз жүзеге асып жататын. Ұхұд шайқасынан бұрын көрген осы түсінен ең жақындарының бірінің шейіт болатынын, сондай-ақ қаланың сыртына шығып соғысудың сахабалар арасына үлкен сызат түсіретінін аңғарған еді.
Сол себепті Мәдина қаласын бекініс етуді алға тартты. Алайда, бұған жас сахабалар иліге қоймады. Ислам дініне қызмет етуге деген шын пейіл мен адал ниет, жастардың бұйрыққа екі етпей бағынудың қаншалықты маңызды екенін пайымдауына кедергі келтірді. Өйткені олар осы қастерлі жолда жанын беруге дайын еді. Әсіресе, Әнәс ибн Надр сияқты Бәдір шайқасына қатыса алмағанына бір жыл бойы өзегі өртеніп жан азабын тартқандар, қынынан суырылар қылыштай жалындап тұрды. Олар Пайғамбарымыздан қаладан тысқары шығып соғысуға рұхсат беруін сұрап, айтқандарынан қайтпай тұрып алды. Осы жерде де Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тән әдептіліктің және бір қыры
көрінді. Ол сахабаларымен болған кеңесте көпшілік ұстанған көзқарасқа қарсылық білдірмеді. Әркез осылайша орта жолды ұстанатын. Әрине, бұл да – әрбір басқарушы үлгі тұтар адамдық қасиет. Егер Пайғам-барымыз сол жерде өз пікірінен танбай, табандылық танытқанда сахабалар сөзсіз көнер еді. Алайда, мыңнан бір болса да сахабалардың пайғамбармен келіспеушілігі оларды қасіретке ұшырататындықтан, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) дәл осы аса нәзік мәселеге ерекше сақтық танытты. Өйткені мейірімділіктің сұлтаны сахабаларының Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қарсы шығудың салдарынан болатын қасіретті тартуын әсте қаламайтын. Бие сауым уақыттан соң сахабалар райынан қайтып, Пайғамбарымызбен келісетіндіктерін білдірді. Алайда, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабылданған шешімге сай киген сауытын қайта шешпесі анық еді. Өйткені ол өз шешімін өзгерткенді жөн көрмейтін.
Мұсылмандар Ұхұдқа бет алды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әскердің соғысу тәсілін тікелей өзі белгіледі. Ол әскери әдіс-тәсілдің білгірі еді. Алғашқы шабуылдан‑ақ жаудың шебі сөгіліп, қашуға ыңғайланды. Алайда, Пайғамбарымыздың соғысу жоспарына керағар қимыл жасағандар істің насырға шабуына тікелей әсер етті. Яғни, сахабалардың кейбірі осы жолы да Пайғамбарымыздың бұйрығын мүлтіксіз орындаудың мәнін толық ұғына алмаған еді. Садақшы-мергендерге өздеріне тиесілі нысандарынан қандай жағдайда да айрылмауы әмір етілген-ді. Тіпті, мұнымен қоса: «Қарақұстар қаптап өлі денелерді іліп алып кетіп жатқанын не біздің олжаны бөлісуге кіріскенімізді көрсеңдер де орындарыңнан қозғалушы болмаңдар!..» – деп, оларға алдын ала ескерту де жасалған болатын. Олар Пайғамбарымыздың бұл сөзінің астарын ұшқары, үстірт түсініп, бұйрық жау шабуылының үдеп тұрған кезіне қатысты айтылған болар деген байлам жасайды. Іле-шала қазіргідей жау қашарға жер таппай жүргенде біздің бұл жерде қол қусырып отыруымыз жарамас, достарымызға көмек көрсетейік деп тау бөктеріндегі орындарын тастап, ылдиға түседі.
Мұның соңы немен біткені баршамызға мәлім. Алпыс тоғыз адам шейіт болды. Араларында Хамза (р.а.) да бар. Жараланбаған жан қалмады. Олардың кейбірі сол шайқаста алған жарақаттарының азабын өмір бойы тартып өтті. Ең әттеген‑айы, Исламның асқақ абыройына селкеу түсті. Мұсылмандар үшін бәрінен де ауыры осы болды.
Негізінде өмірі қабақ шытып көрмеген Хақ Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бір ашуланса, осы жерде ашуланар еді. Бірақ, Хақ тағала дереу мұның алдын алып, ардақты Пайғамбарымызға: «Сол кезде Аллаһ тағаланың рақымшылығымен оларға жылы қарадың. Егер сен дөрекі, қатігез болғаныңда, сөзсіз олар айналаңнан тарап кетер еді. Ендеше, оларды кешір! Кешірілуі үшін дұға ет! (Көпшілікке қатысты) істерде олармен ақылдас! Одан кейін шешім қабылдағанда Аллаһ тағалаға сүйеніш білдіріп, сенім арт! Өйткені, Аллаһ тәуекел етушілерді жақсы көреді»[4],– деді.
Құрметінің ұлықтығы сол, тіршілік атаулыны жоқтан бар еткен Жаратушының өзі пайғамбарымызға бөлекше ілтипат білдіруде. Мәселен, ардақты Пайғамбарымызға: «Дөрекі, ашушаң болма!», – демей, «Егер дөрекі, қатігез болғаныңда...» деу арқылы оның мұндай жан емес екендігін білдірген. Яғни бұл жерде, «егер әлгіндей мінез танытсаң, олар айналаңнан тарап кетер еді. Сондықтан өзіңнің шынайы әдептілігіңді көрсет! Қатігездік, дөрекілік танытпа!»,– деуде.
Осылайша Хақ тағала алдын алып, «сүйікті құлына» күнә жасатпаған. Мұны кім үшін жасауда? Әлбетте, мүміндерге мәңгілік жол көрсететін абзал тұлға үшін! Ал Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Құранның әмірлеріне мойынсұнғандығы соншалықты, болашақта ойына келуі мүмкін кейбір күдікті нәрселерден де жүрегін таза ұстайтын...
Мәселе мұнымен де бітпеді. Хақ тағала: «Оларды кешір әрі олар үшін кешірім тілеп дұға ет!», – деп бұйырды. Өйткені, сахабалар да өз абыройларына дақ түсіретін әрекеттерден аулақ болуы қажет еді. Сондықтан Хақ тағала Пайғамбарымызды да олар үшін кешірім тілеп дұға етуге шақырды.
Оның үстіне Пайғамбарымызға қарсы шыққандығы үшін олар өздерін іштей жазғырып жүрер еді. Өздерін кінәлі сезінген сайын осы тұнжырағаны тұнжыраған болып, бұл қолайсыз ахуалдың жалғаса беретіндігін Жаратушы ие сездіруде. Сондықтан да Пайғамбарымыздың сахабаларын шақырып, арада түк болмағандай қайта кеңескені абзал болмақ...
Аса қысылтаяң шақта да ашуға ерік бермеудің қажеттілігін Хақ тағала елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) білдіріп, бір жағынан болашақта күнә жасауына тосқауыл қойса, екінші жағынан оған әдептіліктің асыл үлгісін үйретуде. Міне, ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) да осылай тәрбиеленген.
Әнәстің (р.а.) айтуынша: «Он жыл бойы Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қызмет еттім. (Ол Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қызмет ете бастағанда он жасында болатын). Істеген ісіме: «Неге бұлай істедің?», істемеген ісіме: «Неге істемедің?», – деп жазғырғанын өмірі естімедім. Бірде мені бір жерге әлдебір шаруамен жұмсады. Мен көшеде ойынға айналып қалыппын. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде артымнан біреу келіп құлағымнан тартты, қарасам Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) екен. Бәз‑баяғыша күлімсіреп тұр. «Міне, бара жатырмын!», – дедім де жүгіре басып, тапсырылған істі орындауға асықтым».
Өзі Аллаһ тағаланың ахлақымен тәрбиеленгендіктен, үмбетінің де сол қайнардан қанып ішуін қалайтын. Мұндай ұлы тәрбиенің қос қайнар көзі бар, олар – Құран және Пайғамбар әдебі деп аталатын – сүннет.
Әдеп дегеніміз – парыз, сүннет, мұстахабымен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тұтастай өмірі болса (бізге қалдырған ең қымбат мирасының өзі осы нұрлы ғұмыры емес пе?), онда біз сол әдептілікті үйренуге аса зәруміз. Әлбетте, парыз әдебін үйрену – парыз, уәжіп әдебін үйрену – уәжіп, сүннет әдебін үйрену – сүннет, мұстахаптарды үйрену – мұстахап болмақ. Өйткені, Аллаһ тағала оны бізге дұрыс өмір сүруді үйрету үшін жіберген. Ішіп-жеу, жүріп-тұру, күнделікті табиғи қажеттіліктерімізді өтеудегі әдептің бәрін біз содан үйрендік. Даналық тұрғысынан хадистердің астарындағы хикметтер зерттеле жатар, ол өз алдына бөлек тақырып. Тақырыптан ауытқымас үшін мәселенің бұл жағына тоқталып жатпаймыз. Бұл жердегі негізгі мәселе Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бізге барлық нәрсенің өзіндік әдебін үйретуі болса керек.
Біз осы әдептілікке толықтай дағдыланып, жеке, отбасылық әрі қоғамдық өмірімізді осыған орайластырып, жүйелей алсақ, Құранның дәстүрлерін жүзеге асырған боламыз. Сонда «кімге әдеп көрсетіп, әдептілікті қаншалықты сақтауымыз керек?» деген сұрақтың жауабы өздігінен табылар еді.
Сахабалардың Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) деген құрметі мүлде бөлек еді. Пайғамбарымызды тыңдаған сәттегі байыптылықтары сондай: бастарына бақыт құсы қонып, сол құсты ұшырып алатындай демдерін ішіне тартып, қыбыр етпейтін. Жақыннан таныған сайын оған деген сүйіспеншіліктері мен құрметтері еселеп арта түсетін. Сахабалардың басым көпшілігінің тіпті сұрақ қоюға да батылы бара бермейтін. Сырттан бейтаныс біреу келіп сұрақ қойып, Пайғамбарымыздың соған берген жауабын рахаттана тыңдайтын сәтті тағатсыздана тосатын. Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) емін‑еркін сөйлесетін сахабалар саусақпен санарлықтай сирек еді. Бәлкім, бұл оның мүбәрак тұлғасына ғана тән айбары, салмақтылығы мен байсалдылығынан болар.
Худайбия келісімінде[5] меккеліктердің елшісі сахабалардың Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) деген құрметіне куә болып, Меккеге оралған соң: «Мен Хүсреу патшаны және Византия сарайларында қонақ болып, небір патшаларды көрдім. Бұлардың арасында залымдары да, қатігездері де ұшырасты. Бірақ олардың ешқайсысының хазірет Мұхаммедтей (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шынайы құрметке бөленгенін көрмедім» – деп таңданысын жасырмаған екен.
Сахабалардың арасында даналығы мен парасаты бір басына жетерлік ел бастаған ұлы тұлғалар да болды. Ғұмырында жеңіліс дәмін татпаған, жеңістері арқылы Исламның мерейін әрқашан үстем еткен даңқты қолбасшы, Аққадтың[6] сөзімен айтқанда «теңдесі жоқ алып кемеңгер» Халид ибн Уәлид бір шайқаста басындағы сәлдесі домалап кеткенде, бәрін тастап сәлдесін алуға тұра жүгіреді. Сарбаздар: «Уа, қолбасшы! Мертігесіз ғой, қайда барасыз?», – деп айғайлайды. Ол артына бұрылып та қарамастан, жан‑жақтан жалаңдаған қылыштарды да елемей: «Өлімді қойшы! Сәлдемнің ішінде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мүбәрак бір тал шашы бар еді!» – дейді.
Пайғамбарымыз келген кезде бәрі де әдептілік танытып орнынан тұратын, ол отырмай ешкім де тізе бүкпейтін. Ардақты елші әсте олардан мұндай ізет көрсет деп талап етпеген. Қайта одан қысылып, үнемі: «Жат жерліктер секілді орындарыңнан тұрып қошемет жасамаңдар», – деп ескертетін. Бірақ әрдайым қуана-қуана орындарынан тұрып ізет көрсетуді сахабалар өздеріне борыш санайтын.
Бірде Әбу Бәкір (р.а.) мен бір яһуди арасында дау туады. Екі жақ та өз пайғамбарының мерейі үстем екендігін айтып, сөз таластырады. Бір кезде яһуди Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) туралы жағымсыз сөз айтып қалғанда, Әбу Бәкір (р.а.) оны жаққа салып кеп жібереді. Яһуди дереу Аллаһ елшісіне келіп шағымданады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осы оқиғаны арқау ете отырып сахабаларға: «Мені Мұсадан (а.с.) жоғары санамаңдар. Өйткені, хашыр (өлгеннен кейін қайта тірілу) үшін сұр үрленген кезде ең алғаш тірілетін мен боламын. Көзімді ашқанда (а.с.) «Арштың» тіректері астында хазірет Мұсаның жалбарынып тұрғанын көремін. Бұл менен бұрын қайта тірілудің болғаны ма, жоқ әлде Тұр тауындағы дауыстың қарымы ма екен, оны біле алмаймын», – дейді.
Құран Кәрімде Хақ тағала Ақиық елшіге: «Сен балық иесі Жүніс тәрізді болма!»[7] – деген кезде, сахабалар Жүніс пайғамбар туралы жаман ойға бармасын деген ниетпен: «Мені Жүніс ибн Мәттәдан артық санамаңдар!», – дейді.
Ғаламның рақым нұрының өзге пайғамбарларға деген құрметі мен әдептілігі осыншалықты терең болатын. Жауһардың қадірін зергер ғана білмек. Біз Мұса (а.с.), Иса (а.с.) және өзге де пайғамбарлардың ұлылығын толықтай танып біле алмаймыз. Пайғамбарлар ғана бір‑бірінің қадір‑қасиетін лайықты бағалай алмақ. Сондықтан да хазірет Иса (а.с.): «Күллі әлемдердің мырзасы келетін күн жақын қалды!», – деп хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) келетінін бес жүз жыл бұрын сүйіншілеген‑ді. Пайғамбарымыздың ұлылығын өзіне дейінгі пайғамбарлар жақсы білді. Солай бола тұра, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) кішіпейілділіктің биік үлгісін көрсеткенін жоғарыдағы сөздерінен‑ақ аңғаруға болады.
Иә, мұның бәрі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әдептілігінің, асқан кішіпейілдігінің белгісі. Қарапайымдылыққа ұмсынған сайын Хақ тағала оның мәртебесін көтере берді. Шарықтай келе «Махмуд мақамына» жетті. Бұл – орасан биік дәреже. Дәреже болғанда да, өзге жандарға қол ұшын беру мәртебесінің асқар шыңы. Мінекей, осы ерекшелікке тоқтала кеткен абзал. Махмуд – мәртебесі мұқтаж жандарға көмектесу дәрежесінің ең шырқау биігі. Өйткені, әуел бастан-ақ оған Мұхаммед және Ахмед деген есім берілген. Иә, бұл мәртебенің иесі сол болатыны әу бастан белгілі еді.
Негізінде оған өзге ешбір пайғамбарға нәсіп болмаған мәртебе берілген. Барша пайғамбар Аллаһ тағаламен тілдескен, дегенмен ешбірі Ардақты пайғамбарымыз секілді Миғражға шығу бақытына бөленбеген.
Иә, барша ғаламды дүр сілкіндіріп, тағдыр дәп-терінің жазылу салтанатына, жәннат пен жәһаннамды көру секілді ғажап құбылыстарға соңғы пайғамбар, ардақты Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ғана өз көзімен куә болған. Ал біз – Миғраж нығметіне бөленген сол ұлы пайғамбардың үмбетіміз. Пайғамбарымыз Миғраж саяхатынан Раббымыздан бізге баға жетпес сый ала келді, ол – намаз. Намаз – мұсылманның миғражы. Мұны да Аллаһ тағала біздерге ең кәміл, ең ғажап түрде тарту еткен.
Біз мұнда Пайғамбарымыздың әдебі жөнінде сөз етіп отырмыз. Себебі, әңгімеміздің басында: «Әдеп дегеніміз не?» деген сауал қойылған болатын. Асылында, бұл сұраққа ұзын‑сонар жауап іздеудің де қажеті шамалы. Мұның жауабы қысқа әрі нұсқа: «Әдеп дегеніміз – Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сөзі мен ісіне сай болу...».
Ендеше, адамның үлкендерге, ұстазына, мұғалі-міне, қолбасшысына ізет көрсетуі, тура жүруі, адал өмір сүруі, басшыларына бағынып, құрмет көрсетуі де өз кезегінде әдептілік болып саналады. Бірақ, әдептілікті біржақты түсінбеу керек. Бұл қателікке ұрындырады. Үлкендердің кішілерге, жоғарыдағылардың төменде-гілерге көрсетер әдептілігі бар. Тегінде, нағыз әдептілік екі жақ та бірдей әдеп сақтаған жағдайда орнамақ.
Орындалуы тиіс істерді Пайғамбарымыз өзі бас болып, серіктерімен бірге атқаратын. Отбасы, ошақ қасында жарларына көмектесетін. Өзінің жеке істерін басқаға бұйырып істетпейтін. Сахабалар оған қызмет көрсету үшін барын салатын. Дегенмен, кез-келген іске алдымен Пайғамбарымыздың өзі ұйтқы болып, жол ашып беретін.
Мәселен, бір сапарда барлығы ас қамдауға кірісті. Сахабалардың бірі қой соятындығын айтса, енді бірі терісін сыпырып, етті жіліктеуді өз мойнына алды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) да қарап отыруды өзіне ар санап: «Ендеше, отынды мен жинайын», – деп түрегеледі. Хандак шайқасы алдында ор қазу жұмысына белсене араласқаны, Мәдинадағы мешіт құрылысында жұртпен бірге кірпіш тасығаны бәрімізге белгілі. Сахабаларын да іс жүзінде осылай тәрбиеледі. Сондықтан да Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.анһум) сынды иман иелері қай уақытта, қандай жағдайда болмасын, қара қылды қақ жарар әділдікпен ғұмыр кешті. Мұның барлығын олар өздеріне өмірлік ұстаз әрі жолбасшы деп білген Аллаһ елшісінен үйренген еді.
Бірде Амр ибн Астың (р.а.) аса мұқияттылық
танытатын бір істе жіберген ағаттылығына байланысты Омар (р.а.) оған: «Әркім анасынан азат болып туылады. Сен қашаннан бері өзгелерді құл ете бастағансың?!», – деп қатаң ескерту жасап, хат жолдайды. Бұндай биік парасат оларға Пайғамбарымыздан дарыған еді. Ол – біле-білгенге бүгінгі һәм келешек ұрпақ үшін де әдептілікте әрдайым үлгі тұтар біртуар Жолбасшы. Ізетке толы осындай әдепті бойға сіңіру жеке тұлға мен қоғамның бақытты ғұмыр кешуінің кепілі болмақ. Өкініштісі, осы шағын сұрақ-жауап шеңберінде Аллаһ сүйіктісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әдептілікпен әдіптеліп, өрнектелген өнегеге толы нұрлы өмірінің барлық қырын ашып беру мүмкін емес. Сондықтан да әзірге қойылған сұраққа жауап берумен ғана шектеліп отырмыз, болашақта осы тақырыпты кеңінен толғамақпыз.
Пайғамбарымыздың киім киісі, жүріс-тұрысына қатысты қаншама кітаптар жазылды. Бұл мәселенің мәнін ашуды білікті еңбектердің еншісіне қалдыра отырып, сөз түйіні ретінде мынаны айтпақпыз. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өмірі – жасандылықтан ада, қарапайымдылық пен өнегеліліктің шынайы үлгісі. Пайғамбарымыздың өмір салтын толықтай ұстану – әрбір мүміннің арманы. Себебі бұл – адамзатты бақытқа бөлейтін ғұмыр. Бастапқыда айтқанымыздай, әдеп не әдептілік – өмірді ретке келтіретін адамдық ұстаным. Әдептіліктің ең жарқын үлгісін Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) көрсеткені даусыз!
[1] Үнемі Аллаһ тағаланың құзырында тұрғандай күйде болу. Тақуалықтың бір деңгейі.
[2] Әйгілі түрік шайыры
[3] Көшпенді арабтарға берілген атау
[4] Әли Имран, 3/159
[5] Худайбия келісімі – хижраның алтыншы жылында Меккелік пұтқа табынушылар мен мұсылмандар арасында 10 жылға жасалған бітімгершілік келісімнің атауы.
[6] Аққад, Аббас Махмуд (1889-1964) – Мысырдағы танымал журналист, ақын, ойшыл және әдебиет сыншысы. Көптеген әдеби, философиялық әрі діни еңбектердің авторы.
[7] Қалам, 68/48
- жасалған.