ТҮС КӨРУ

Көз ұйқыда, дене қимылсыз жатқанда шартарапты шарлап, әркіммен сөйлесіп жүретін кім? Қараңғы түсіп, түн қоюлығы басқанда ұйқыға ыңғайлана бастаймыз. Көзіңіз жұмылып, құлағыңыздың естімей бара жатқанын байқайсыз, тіпті тіліңіз сөйлеуден қалып, буын-буыныңыздан әл кетеді, аяқ-қолыңыз босаңсиды. Дәл осы кезде қасыңызға біреу келіп, бір нәрселер айтпақ болса, көрмек түгілі оның дауысын да естімесіңіз анық. Ол да сіздің түсіңізде не болып жатқанынан бейхабар. Таңертең тұра сала, намаз оқығаннан кейін, таңғы асқа да қарамастан, көп уақыт әлгі түсіңіздің әсерінен айыға алмай жүресіз. Қуанышты түс болса, дереу жақындарыңызбен бөліскіңіз келеді. Сонда қарныңыздың ашқанына да қаратпаған бұл көңіл тоқтығының себебін немен түсіндіруге болады? Осы секілді күнделікті өмірде адамды ерекше әсерге бөлейтін ғажап құбылыстар кездесіп тұрады. Оны – рухтың сейілдеуі, шат-шадыман қуанышқа бөленуі деп түсіндіруге болады.

Түстің ақиқаты, түрлері және түсте рухтың болашақты көруі
Ұйқыдағы жан теңіздің түпсіз тұңғиығына немесе ғарыштың меңіреу қараңғылығына сүңгіген адамға ұқсайды. Ол кейде көзін тас жұмып алып сүңгіп, ештеңе көрместен кері қайтса, кейде өзімен бірге ала барған ойыншықтарымен алданғандықтан, көп нәрсені аңғара алмайды. Кейде теңіз толқындарының әсерімен теңселіп, түбіндегі көздің жауын алатын інжу-маржандарына сұқтанады, кейде аспанның сан алуан тылсымына таңырқап, аузының суы құриды. Ұйқыдағы адам осы көрген-сезгендерінен көңіліне бір нәрселер түйіп қалуға, тәбәрік алып қайтуға тырысады. Түсті осы таным шеңберінде қарастыру керек. Кейбіреулер ұйықтағаны мен оянғанын ғана біліп жатады. Ондайлар ұйқыда көзге түртсе көргісіз қою қараңғылыққа сүңгіп ештеңе көрместен кері қайтқандар секілді.

Кейде сананы сарғайтып іштей мазалап жүрген нәрселер, басқа түскен тосын оқиғалар, өзіндегі түрлі жағдаяттар – бәрі де түске еніп жатады. Соғыстан енді ғана оралған адамның көп уақыт шошынып ұйықтай алмай жүруі – осындай түстердің әсері.

Бұған қоса ауру-сырқау, қайғы-қасірет, рухани кеселдер мен мінездің ауытқуынан да түс түрлері құбылып жатады. Мәселен, жатарда тұзды тамақты көп жеген адамның түні бойы түсінде су көріп шығуы, ашулы күйде төсекке бас қойған адамның ұрыс-керіске қойып кетуі, жатарда жаман ойлармен жатқан адамның жаман түстер көруі, т.б.

Кейбір кісілердің түске қатты сенуі, түс көру үшін ұйықтауы, қиялға беріліп, көрген түсі бойынша әрекет етуі сияқты қылықтары – түс көру ауруына шалдығудың белгісі.

Шынайы түс
Адам жадында қалып қойған дүниелерінің немесе қандай да бір ауруының әсерінде қалмай, қиялға да берілместен, мөп-мөлдір тұнық сезіммен тосын түс көрсе, ол шынайы түске жатады. Мұндай түс қиялдан туындамайды әрі онда қандай да бір көңіл-күйдің немесе бір аурудың әсері болмайды. Мәселен, күнәсіз Пайғамбардың, әулие кісілермен қоса салиқалы да салмақты жандардың түсі – нағыз шынайы түстерге жатады. Бірақ, қарапайым кісілер де, тіпті имансыз жандар да кейде осындай түс көруі мүмкін. Шынайы түс Аллаһ тағала тарапынан тарту етілген сүйіншілеу, шабыттандыру, ынталандыру, яки жол сілтеу болуы мүмкін, әлде шалыс баспау үшін жасалған ескерту де болуы ғажап емес. Біз, бірақ, негізгі мәселе ретінде – рухтың болашаққа қатысты түс көруіне тоқталайық.

Мұндай түс – алдағы қабір мен ақырет әлемдерінен осы өмірге жеткен мәлімет. Бес сезім мүшесі мына әлемге қатысты қызметін доғарып, ояу кезде жұмыс істейтін ағзалар өз жұмысын тоқтатып, бұ дүниеге қатысты мүшелермен байланысын түгелдей үзген кезде, рух басқа рухани әлемдермен байланыс орнатады. Ондайда арғы әлемдерге тән сәулелер жан сарайымызға жарқылдап түсе бастайды. Бұған әр түрлі мағынадағы символдық белгілер, бәрзаһ әлемінің көріністері, болашақтағы оқиғалардан ұшқындар келіп қосылады. Сол себепті де түс адамды мына пәни дүниеден оқшаулап, басқа әлемдерге бастайтын сырлы уақыт туннелі іспетті.

Енді осы мәселені басқа жағынан алып қарастырайық.

Иләһи ілімде пайда болғанға дейін барлық нәрсенің жеке сұлбасы болады. Бұлар Жаратқанның құдіретімен кейіннен заттық әлемге өтеді. Осы екі арада, яғни «тұрақты бейнелер» мен заттық әлемнің арасында басқа бір аралық әлем тағы бар. Оны мысал әлемі, яки «сұлбалар әлемі» деп атайды. Міне, заттықтан арылып, уақытша болса да денеден ажырап бой жазған рух денемен байланысын үзбестен осы «мысал әлеміне» жол тартады. Ол әлемге биіктегенде денеге тән болмысын тастап, басқа өлшемдерге енеді. Бұл өлшемде өткен күн,  келер күн, қазіргі сәт – бәрін аралас көреді. Ол жерде рух өткенді де, келешекті де көре алады: екі жылдың қадыр түнін бір жерде кезіктіріп, екі құрбан айт мерекесіне бірден куә болады. Бір аяғы жиырмасыншы ғасырда болса, бір аяғымен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманына қадам басып, өзін сахабалардай сезіне алады. Бұл қалай демеңіз. Мәселен, бір таудың етегінде немесе бір тегіс жерде өмір сүрген адам өзінің айналасын ғана көре алады. Алайда ұшақпен жоғары шыққанда немесе таудың ұшар басында тұрғанда, таудың төрт жағын да тамашалай алады әрі бір үйді емес, бірнеше үйді, тіпті ауылдарды да көреді. Түсте де солай. Ұйқы кезінде рухтың елес денесі өзінен жырақтап, «мысал әлеміне» сүңгігенде, дәл сондай сезімді бастан кешеді.

Міне, осындай «мысал әлемінен» түс арқылы рухқа келіп жеткен хабарды адам кино көргендей тамашалайды, яғни болғандар, болып жатқандарды және болатындарды да бір мезетте көре алады. Ол көріністер кейде ап-анық байқалып көкейге құйыла кетсе, кейде өзгеше белгілермен беріліп, жоруды қажет етеді. Айталық «мысал әлемінде» көрінген «бір тамшы су», шындығында, «алма» болуы мүмкін, ал «мысал әлемінде» көрінген «нәжіс» – мына әлемдегі «дүние-мүлік», яғни қолыңызға келетін ақша деген сөз. Егер бұл «нәжіс» басқа біреудікі болса, ол – арам дүние-мүлік, ал сіздікі болса, адал болғаны. «Мысал әлемінде» сізді атқа мінгізсе, бұл – мақсат-мұратыңызға жетесіз деген сөз. Сондықтан ақиқатқа айналуы мүмкін болғандықтан, көрген түсіңізді бірден өзіңіз жоруға тырыспаңыз. Сізді танитын, жан-дүниеңізді білетін қадірлі адамдарға жорытыңыз.

Шынайы түске қатысты кейбір мысалдар
Профессор Сәййід Қутуб өзінің тәпсірінде былай дейді: «Америкада жүрген кезімде, түсімде Каирде тұратын жиенімнің көзі қанталап кеткенін көрдім. Хатыма жауабында, шынымен де, көздің ішінде қан пайда болып, емделгенін жазғанына таң қалдым».

Әулие Чәләби «Саяхатнама» атты еңбегінде мынадай қызықты жайттар келтірген: «Төртінші Мұрад ханның қызы Кая түсінде атасы Сұлтан Ахметтің жұмақта жүргенін көреді. Сұлтан Ахмет немересі Каяға: «Қызым, Йени Жами мешіті соғылған кезде, етегіме салып тас тасыған едім. Сол үшін Жаратушым мені жұмаққа кіргізді. Сен де кел», – дейді. Сол сәтте қасында тұрған немере ағасы Мұстафа: «Каяны тым асықтырма, қоя тұр, тым болмаса қызы дүниеге келсін. Содан кейін барар», – дейді. Іле атасы «Фатиха» сүресін оқып, бетін сипайды. Шынында да, Кая босанарда жан тәсілім етіп, шейіт болады».

 «Возвращение к Богу в России» атты кітапта да осындай оқиғалар мен түстер туралы айтылады. Мәселен, Анна Островская деген автордың шешесі фашистердің Ресейге тұтқиылдан басып кіруін, соғыстың қалай басталып, қалай өрбігенін егжей-тегжейлі бес жыл бұрын түсінде көреді. Расында да, көрген түсі кейіннен айнақатесіз жүзеге асқан.

Чанаккале соғысында Антанта одақтастар әскерінің қолбасшысы Сэр Гамильтон 1911 жылы түсінде өзінің теңіздің түбіне батырылғанын, өзін біреудің қылқындырғанын көреді. Оянған кезде елес екені белгісіз бір мақұлықтың есіктен сытылып шығып бара жатқанын байқап қалады. Шынында да, Чанаккале соғысында ол қатты қиналып, өміріне үлкен қауіп төнеді.

Бір досымның әйелі түн жарымы ауа аяқ асты көз жұмады. Бірақ, оны ешкім аңдамайды. Таң атқанда Құран сабағына келген балалар мешітке жиналады. Сабақ үстінде 12-13 жасар бір бала: «Түнде мына досымның шешесі қайтыс болғанын көрдім, рас па?» – деп сұрайды.

Аяғы ауыр екі әйел бір-бірімен кездескенде, біреуі екіншісіне: «Алдымен, сен босанасың», – дейді. «Қайдан білдің?» – деп сұрағанда, «Түсімде екеуіміз бір жерде едік. Жерге бір шапан түсті. Сен бірінші барып алдың», – деп жауап береді.

Дәл сол әйел түсінде атасының сатыдан құлап, аяғын сындырғанын көреді. Арада бір айдай уақыт өткенде хат келеді. Онда: «Атамыз мешіттің дуалын тұрғызып жатқан кезде сатыдан құлап, аяғын сындырып алды. Қазір ауруханада жатыр», – деп жазылған екен. Сол әйел тағы да түсінде нағашысын үстелдің жанында тапаншамен атып өлтіріп кеткенін көреді. Арадан төрт жыл өткенде дәл сол нағашысын үстелде отырған жерінде біреулер атып өлтіріп кеткенін естиді.

Осы ғасырдың басында Нильс Бор түсінде Күнді, оған жіппен байланған күйде айналып жүрген ғаламшарларды көреді. Оянған кезде сол көргені мен атом формуласының арасында ұқсастық бар екенін табады.

Химик Кекуле түсінде атомдарды және жылан сияқты бір бейненің өз құйрығын аузына салғанын көреді. Осылайша ол химиядағы Бензеннің алтыбұрышты формуласын ойлап табады.

Элиас Хоу қанша ізденсе де, тігін машинасының инесін ойлап таба алмайды. Бір күні түсінде жабайы тайпалардың бірі оны тұтқынға алады. Қара терге түсіп, арпалысып жатқанда әлгілердің қолындағы найзаның ұшынан бір көз тәрізді тесікті байқап қалады. Ояна салысымен бір ұшы тесік кішкене «найза» жасап, тігін машинасының инесін ойлап табады.

Осындай жүздеген мысалдар бар. Олардың әрбірі рухтың тылсымға толы әлемінен сыр тартқан нұрлы белгілер іспетті.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.