Әр саладағы реформалары мен жетістіктері оның пайғамбарлығын дәлелдейді
1. «Жер бетіндегі ең маңызды, ең керекті, ең қиын және ең пайдалы мамандық қайсы?» деген сұрақтың жауабы қандай болуы мүмкін?
Осы төрт қасиетті қамтитын мамандыққа сүйену керек пе, әлде саясатқа бару керек пе? Я болмаса
тергеуші, жауынгер, сақшы, диқан, жұмысшы, іскер, мұғалім сияқты мамандықтардың қайсысы?
Бұл сұрақты кез келген мамандық иесінен сұрай қалсаңыз, бәрі де өз мамандығының қажеттілігін, пайдасын, қиындығын және маңызын айтады. Әрине, міндетті түрде әр мамандықтың өзіне тән пайдасы, маңызы, қиындығы мен зәрулігі бар. Алайда, әрбір мамандық пен кәсіптің негізі – адам, яғни жеке тұлғаны тәрбиелеу, қоғамға пайда тигізу.
2. Қоғамның негізгі тірегі – «жан-жақты жетілген жеке тұлға». Ал оны тәрбиелеп шығару үшін тәрбиелеушінің мейлінше жетілген мінез-құлқы мен қабілеті болуы керек. Сонымен бірге, тәрбиеші өзі тәрбиелейтін кісінің жаратылысын, бітім-болмысын, мінез-құлқын, жан-дүниесін, қабілеттерін, таным-түсінігін, сезімдерін, ақыл-ойын, пейілін, осал жерін, кемістігін, әлеуметтік жағдайын біліп қана қоймай, оның әсіресе, болашақта қандай қасиеттерді бойына сіңіретінін, қай салада табысқа жететінін аңғара алатын сұңғыла адам болуы тиіс, қысқаша айтқанда, адамды барлық жағынан танитындай болу керек. Сосын адамтанудың бұл әдісі мен талдау жасау да жеткілікті емес. Алдындағы адамдардың осындай әр түрлі ерекшеліктерін шатастырмай, ұмытпай, кез-келген уақытта және кез келген жерде олардың игілігі үшін дұрыс шешім қабылдау, пайдалы ақыл-кеңес беру, жақсы қарым-қатынас жасау және нәтижелерді ескере отырып оларды басқару – маңызды мәселелер.
Одан да маңыздысы, әрбір адамды жеке қарастырып, оларды жақсылап таныған соң әрбірімен жақсы қарым-қатынас жасаудың, сөйлесудің тәсілін анықтаған соң олардың бойындағы жаман мінездер мен дағдыларды тамырымен жойып, олардан туындайтын кері әсерлерді ескеріп, әрбір тұлғаның миы мен жүрегіне рухани тұрғыдан емдеу, әр түрлі қатерлі жарадан, микроптан тазалау және бұларды орындаған соң шәкірттерінің ақыл-парасатын өсіру үшін оларды әрдайым тура жолда ұстап тұратын ең ұлық мінездермен әспеттеп, жарты жолда тастап кетпеу. Құдды егіншінің зиянкестерден тазалаған егіс даласына мол өнім беретін әр түрлі тұқым сеуіп, оларды күтіп-баптап, өсіргені секілді адамды қадағалаудың да маңызы зор.
3. Біреудің иманы берік секілді көрінгенімен, ғибадаты болмауы мүмкін. Отанды сүю туралы айтады, алайда парақор. Жүрегі нәзік әрі байсалды болса да, халықтың мүддесін қорғауға аса мән бермейді. Барлық жағынан көркем мінезді болуы мүмкін, әйткенмен бұл мінезі миы мен жүрегіне нақышталып, тұлға-бітімінің ажырамас бір бөлшегіне айналмаған. Осылай болған соң, бүгін тапқанын ертең жоғалтып жатады. Бүгін жақсы көрінсе де, ертең жек көрінішті адамға айналуы мүмкін.
Енді біреулер бар: сенеді, сендіреді, иман еткен жандарды ғибадаттың әр түрімен еліктіреді; «адамгершілік құндылықтар» дегенін өзі де орындайды, өзгеге де орындатады. Қашан көзі жұмылғанша алғашқы ынта-ықыласынан аумайды. Сонда бұл адамның бір киелі күш-құдіреті бар екеніне күдік келтіруге бола ма? Әсте!
Міне, адамзаттың ең ұлы тәрбиешісі осы істердің бәрін орындап, ұлы тұлғаларды тәрбиелеп шығарған әрі осындай тұлғалардан адамзат екінші мәрте көре алмайтын ең өркениетті қоғам құрған. Бұл жағдайда ол пайғамбар емес деп айтуға қалай дәтіміз барады?
4. Жеке тұлғаны тәрбиелегенде күш қолданбаған абзал. Жазалау, мәжбүрлеу, күш көрсету секілді істер ағашты сілкігеннен адамның ұшып түскені секілді өз әсерін тез жояды. Мұндай тәсілмен орнатылған жүйелер мен құндылықтар жүрекке сызат түсіреді. Сондықтан адамның ар-ұжданына, сана-сезімі мен жүрегіне ұялату және мүмкіндігінше сүйіндіру – бұлар жеке тұлғаны тәрбиелеуде маңызды орын алады.
Жазалау тәсілі тәрбиеге көнбегендер үшін қолданылса болады. Әйткенмен, мақсат-мұраты бар жеке тұлғаларға сүйіспеншілік, мейірім-шапағат пен кешірімділік секілді асыл қасиеттерді насихаттау керек.
5. Жүздеген университеттер мен мыңдаған ғалымдар зерттеген «кәміл адам» мәселесін Пайғамбарымыздан да артық түсінген жан болмаған. Ол тәрбиелеген, адамзатқа үлгі еткен шәкірттері мәдениетті халықтарға ұстаздық еткен.
6. Ми мен жүрекке орныққан сенім-нанымды және қате ой-пікірді өзгертудің қаншалықты қиын екені белгілі. Әсіресе, қырық жастан асқан адамға жаңсақ сенім-нанымдарын тастату қиынның қиыны. Алайда Пайғамбарлар Сұлтаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы қиындықты да еңсеріп, шөлдің жабайы, қырсық, қытымыр әрі менменшіл адамдарынан адамзаттың ең ұлы ұстаздарын тәрбиелеп шығарды.
7. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешқашан қорқытып-үркітіп, жазалап, сес көрсетіп, қинау секілді дөрекілікке бармастан, жұрттың көңілінен шыққан, жүрегінің төріне салтанат құрған, бүкіл күдікті жойып, жүрегіне сенім ұялатқан. Егер сес көрсетіп, қинаған болса, онда әкелген діні ғасырларды артқа тастап бүгінге жетпейтін еді, сондай-ақ, тарихта теңдесі жоқ бұл дін жылдам жайылып, мәдениеттердің анасы бола алмас еді. Бас шабу, жүректі қанға тұншықтыру арқылы сенім мен түсінік қалыптаспайды. Қалыптасса да, ғұмыры ұзақ болмайды. Қысым көрсетіп, күш қолданғандар өздері құрған жүйелерімен бірге із-түзсіз құрып, тарихта қара дақ боп қалды. Ресейдегі большевиктік төңкеріс және сол кезеңдегі қара күшке сүйенгендер – осының ең нақты мысалы.
8. Қандай да бір мақсатпен көтерілген адам көбіне соңынан ерген адамдарды билікпен, лауазыммен, атақпен, байлықпен қызықтырып, үйіп-төгіп уәделер береді. Алайда, өмір бойы жоқшылық, аштық, азап-қорлықтан басқа ештеңе көрмеген пайғамбарлар Сұлтаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешкімге мұндай уәде бермеген. Тіпті, Меккеліктер оған осы тәріздес ұсыныстарды жиі-жиі жасаған, бірақ ол ешқайсысын қабылдамаған. Тек қана «Аллаһтың разылығы және Жәннат» деген.
Төңірегіндегі жандарға бір қараңыз: ешкімнен зекет, садақа алуға тыйым салынған жанұясына, диірмен тарта-тарта қолы ойылған әрі білезік тағуға рұқсат берілмеген қызы Фатимаға (р.а.) және жоқшылықты байлыққа, кішіпейілділікті атақ-даңққа, ақыретті фәни дүниеге мүлдем ауыстырмайтын тура жолдың жұлдыздары – сахабаларына бір қараңыз!
9. Шынайы мақсат-мұраты жоқ әрі пайғамбар болмаған адам дұшпандарының көңілінен шығып, оларға өзінің адалдығына сендірмек түгілі, достарының жүрегінен орын тауып, олардың қолдауына ие болуы, тіпті дос табуы да неғайбіл. Алайда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мейірім-шапағаты, сүйіспеншілігі, кешірімділігі, жайдары мінезімен тек достарының ғана емес, Әбу Суфиан, Икримә, Халид, Уахши, Хинд, Амр, Сафуан секілді өзіне қылыш сілтеген дұшпандарының да жүрегін жібіткен.
10. Мәселен, сіз адамдардың жүрегіне жол тауып, ой-пікіріңізді олардың санасына, жүрегіне жеткізу үшін осы жолда әр түрлі қиындыққа төтеп беруге, әр түрлі қорлық-мазаққа, материалдық-рухани зарарларға, қауіп-қатерлерге төзе білуге ниет таныттыңыз. Енді өзіңізді, жүрегіңізді және сезімдеріңізді былайша тексеріп байқаңыз. Адамдар:
− қасыңыздан өтіп бара жатып бетіңізге түкірсе;
− сіз сәждеде тұрғанда, басыңызға малдың қиын төксе;
− жиі жұдырықтаса;
− жолыңызға тікен шашып, тас лақтырса;
− көше қалтарыстарында қолына қанжар алып сізді торуылдаса;
− көпшіліктің ішінде сізді мазақтап, абырой-ыңызды жерге таптаса;
− отбасыңызға жиіркенішті жала жапса;
− ең жақындарыңызды өлтіріп, олардың өкпе-бауырын аузымен шайнаса;
− қанша мәрте сізге және қарамағыңыздағыларға әскер салып, достарыңызды өлтірсе, сізді әр жеріңізден жараласа;
− сізді өз туған жеріңізден қуса;
онда не істер едіңіз? Сабыр сақтап, төзе аласыз ба? Мүлдем қаймықпастан, өз жолыңызда алға баса берер ме едіңіз? Кешіріммен қарап, кеңпейілділігіңізді жалғастырар ма едіңіз? «Иә, Жаратқан Ием, олар білмейді. Оларды кешір және тура жолға сала гөр», – деп Жаратушыға жалынып-жалбарынар ма едіңіз? Тіпті жеті қабат көкті және жұмақты серуендеп, ең үлкен нығметтердің дәмін татқан соң, тағы да олардың арасына қайта оралар ма едіңіз?[1]
Иә, түрлі қорлық-мазаққа, зорлық-зомбылыққа қарсы қаймықпастан, мейірім-шапағатымен, сүйіспен-шілігімен, кешірімділігімен ең қатігез адамдардан үлгі-өнеге аларлық адамдар тәрбиелеп шығарған ұлы тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығын мойындамау – барып тұрған көрсоқырлық пен меңіреулік.
11. Сахабалардың өміріне зер салып қарасақ, олардың Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен дін жолында бастарын өлімге тіккенін, бүкіл өмірін пида еткенін, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін, еркегінен әйеліне дейін – бәрінің шейіт болу үшін жанталаса жарысқанын көреміз. Өлімге осыншалықты ынтық адамның әрекеттерін адалдықтың не екенін білмейтін ақымақ адам ғана жоққа шығарады.
12. Алға қойған мақсатқа жету үшін қоллау білдіретін көмекшілерді тәрбиелеу, әлбетте, өте маңызды. Дәл осы секілді тағы бір маңызды мәселе бар: осы көмекшілерді бастарына түрлі қауіп төнгенде, сабыр сақтап, орнында тапжылмауға үйрете білу. Қиын жағдайға тап болғанда, бір мақсатпен жиналғандардың тарыдай бытырап кеткені тарихта аз болмаған. Алайда тарих сахабалардың тек сабыр-төзімін ғана жазып қалдырған.
13. Адал, турашыл адамдар біреуді сүйсе, құрметтесе, мұны адал ниетімен, шын пиғылымен істейді. Олар өздерінің сүйіспеншілігі мен құрметіне лайықты адамды мәңгі-бақи сүйіп өтеді. Демек, олардың мәңгілік сүйіп өткен адамын өте абыройлы, беделді деуге болады. Миллиардтаған адамның сүйіспеншілігіне ие болған Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – келген және келетін бүкіл адамдар арасында ең көп құрметке ие адам. Бұл оның пайғамбарлығын дәлелдейді. Тіпті пайғамбар болмаса да біз оған іңкәрлік танытар едік. Бірақ бұл сүйіспеншілік өміршеңдік танытпас еді.
14. Кез келген халық өз ойшылдарының мұра етіп кеткен ой-пікірлерін, мақсаттарын игілігіне жаратады. Олардың ой-пікірлері халықтың ой-түсінігінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, саяси-әлеуметтік өмірінде ашық немесе құпия түрде азды-кемді белгілі болады. Алайда, бүкіл халықтың санасына бір идеяны орнықтыру тарихта саусақпен санарлықтай аз халыққа нәсіп болған, я болмаған. Ең маңыздысы, осындай сенім-наным мен ой-пікір тұтастығын ғасырлар бойы бүкіл әлемде талай жыл кең ауқымды түрде ұстап тұру, оны үздіксіз жүзеге асыра білу тек сол ұлы тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) 14 ғасыр бұрын дүниеге келтірген құтты жамағатына нәсіп болған және ол жамағаттың Аллаһ тағаланың есімін «жүрегі бар»[2] бүкіл адамдарға естірту жолындағы қайрат-жігерімен жүзеге асқан. Олар адамдардың көңіл сарайын осы құтты тұлғаның ұлағатты сөздерімен нақыштаған.
Идеяны санымен де, сапасымен де жүректе жалындатқан ұлы тұлғаға пайғамбарлық нұрын лайық көрмегенде, кімге лайық көресіз?
15. Мұғалім, басшы немесе әке болған біздер кейде кішкентай балаларымыздың тосыннан қойған сұрақтарына не жауап беретінімізді білмей сасқалақтап қаламыз. Сондай-ақ, мәдениеті мен ойлау жүйесі әр түрлі адамдарға әрқалай жауап беріп жатамыз. Мұндай жағдайда көбіне оларды сендіре алмағандықтан, оның нақты жауабын іздестіруге, кітаптарды парақтауға мәжбүрміз. Соның өзінде сұраққа нақты жауап бере алмаймыз. Жауап берсек те, көбінесе өзіміз жауабын білген сұрақтарға жауап береміз.
Алайда, Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сауаты болмаса да, яһудилердің қарша боратқан бүкіл сұрағына жауап берген. Сондай-ақ әр деңгейдегі бәдәуилер мен сахабаның сұрақтарына да ақылға қонымды етіп жауап берген. Өте тапқыр түрде жауап бергені сонша – болашақ ғасырларға күрмеуі шешілмеген ешқандай мәселе қалдырмаған.
Мысалы, алты ай түн, алты ай күндіз болатын полюстерде қалай намаз оқылатынын сол заманның адамына берген жауабымен шешіп беріп кеткен.[3] Осылайша әрі бүгінге, әрі ертеңгі күндерге және әр деңгейге сай жауап беру – тек Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолынан келетін іс. Ол мұны лайықты түрде орындаған.
16. Парасат пен көрегенділік – саусақпен санарлықтай аз кісіде ғана кездесетін сипаттар. Болашақты бағамдай білу, төңірегіндегілерді жақсы тану, олардың қабілет ашу, әрбір адамға мінезі мен қабілетіне қарай жұмыс тапсыру және «жаңылдым, қателестім» деп өзгерте бермей терең ойланып қадам басу – парасаттылық пен көрегенділіктің белгісі. Егер осы ерекше қасиеттер бүкіл өмір бойы ешбір кемшіліксіз орындалатын болса, онда ол адамды аса парасатты, өте ақылды деуге болады. Әсіресе, бұл қасиеттер ақырзаманға дейін маңызын жоймаса, онда оны нағыз ғажайыпқа теңеуге болады. Міне, Аллаһ Елшісінің парасаты, зеректігі мен ақылдылығы осындай болатын. Ондағы осы қасиеттерді түгелдей ғажайып деуге болады.
17. Ғасырлар бойы қоғамдағы ғылыми, әкімшілік, саяси, әлеуметтік, экономикалық, т.с.с әр салада бүкіл адамзатқа ұстаз болған және мәдениет ошақтарын құрған сахаба, табиғин, тәбә-табиғин және Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мектебінен тәрбиеленіп шыққан Әбу Ханифа, Шафии, Бистами, Гәйлани, Ғазали, Раббани секілді замана алыптары – бәрі сол біртуар тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығының ең айшықты куәгерлері емес пе?
18. Кез келген адамдағы әрі қоғамдағы әбден қалыптасқан әдет-дағдыларды тамырымен жою өте қиын. Ішімдік, құмар ойын, зина, пара, алдау, ұрлық, өлім сияқты жаман әдеттерді жоймақ түгілі, бүгін темекіні тастатудың өзі үлкен жетістік болып саналады.
Уағыздаушылар барынша насихаттаса да, ғалымдар залалын түсіндірсе де, темекіні де, ішімдікті де, құмар ойынды да түбегейлі жоя алмады. Ұзаққа барудың қажеті жоқ: мына өзіміз үш мезгіл тамақты екі мезгілге түсіре аламыз ба? Сапалы сусын, шай, кофе, киім-кешек сияқты заттарға құмарлығымызды тыя аламыз ба?
Енді Пайғамбарымыздың тамаша жетістіктеріне көз жүгіртейік: Ол қолында билік, күш болмаса да, санаға сіңіп қалған жаман әдеттерді тамырымен құртты. Сөйтіп, ешкімді қинамай-ақ, өте қысқа уақытта аз ғана жұмыспен әдет-ғұрпынан жазбаған көптеген қырсық, тұрпайы ру-тайпалардың тозығы жеткен дағдыларын толығымен жойды. Жойып қана қоймай, олардың орнына әр түрлі көркем мінез-құлықты нақыштады. Біздер оның осы ұлы ісіне қарап: «Әшһәду әннәкә Расулуллаһ» деп сый-құрметімізді ұсынбасақ дұрыс болмас? Иә, жоғарыда айтылған істі жүзеге асырған ұлы тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тарихта теңдесі жоқ.
19. Үш жылдан бері бір-бірімен ренжісіп жүрген екі туысқаныңызды татуластырғыңыз келеді делік. Немесе бір-бірімен араздасқан екі көршіңіз бар, оларды достастырмақшысыз. Я болмаса саяси-идеологиялық себептермен бір-біріне алакөз екі ұйыммен бетпе-бет тұрсыз. Не болмаса жылдар бойы жалғасып келе жатқан соғыстардан қансыраған бір ұйымның ішіндесіз. Иә, осы жағдайлардың бәрінде бейбітшілікке қол жеткізіп, келісімге келіп, ынтымақ орнатып адамгершілікпен өмір сүруді қалайша қамтамасыз ете аласыз?
14 ғасыр бұрынғы ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмір сүрген қоғам қандай еді? Көз алдымызға жабайы шөлдегі бітпейтін тайпа соғыстары, руаралық ұрыстар, ұрпақ бәсе-келестігі, екіге жарылған туыс рулар, харам айларының тезірек аяқталуын күтіп ұрысты бастатуға асыққан жаман пиғылдар елестейді. Сондай-ақ, әйелдердің малша базарда сатылғанын, олардың ойыншыққа айналғанын, қыз балалардың тірідей топыраққа көмілгенін көреміз. Бұлардан басқа әлсіздер мен кедейлердің барынша езілгенін, қаналғанын; пайыз, қара базардың кең етек алғанын; адамдарға қаны, тегі және руына қарай атақ-абырой берілгенін, түрлі арсыздықтардың кең жайылғанын және күштінің дегені ғана орындалатынын байқаймыз.
Алайда, осы үмми тұлға 23 жылдай қысқа уақытта жабайы ру-тайпаларды мәдениетті халыққа айналдырды, жануардан бетер залымдардан адам түгілі құмырсқаны да басуға қимайтын мейірімді жандарды тәрбиелеп шығарды. Бір-бірінің байлығын талан-таражға салған адамдардан дүние-мүлкінің жартысын бауырына қуана-қуана бөліп беретін жанашыр, өзі аш бола тұра, бауырын тойдыру үшін аузындағысын жырып беретін бауырмал, қамқор адамдарды тәрбиелеп шығарды. Сонда осы ғажайып төңкерістерге қарап, тағы бір мәрте: «Мухаммәдун Расулуллаһ», – деп неге айтпасқа?!
20. Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әкелген Ислам діні бүкіл уақыт пен мекенді қамтиды; адам мен қоғамның бүкіл проблемасын шешті; өмірдің барлық келеңсіздіктерін дұрыс жолға қойды. Ол орнықтырған жүйе солу, сөну, шіру, мерзімі біту, кемістік, қайта реттеу сияқты барлық нұқсандықтан биік тұрды. Міне, осындай тепе-теңдікті орнатқан ұлы қызметті бір ересек адам, бір бала, бір азат құл және бір әйелмен[4] бастап, 23 жыл ішінде ұлы діннің негізін орнатқан Ұлы Тұлға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) неге пайғамбар болмасқа?!
21. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ерекше ұлы тұлға екендігі сонша – Құран Кәрім мен ұлағатты сүннеті миллиондаған адамның өміріне дұрыс бағыт берді; мыңдаған кітаптың қайнар бастауы болды; мүміндердің жан дүниесінде өшпестей орын тепті; өзі әкелген реформалары мен өмірлік қағидалары кемшілік, қателік және нұқсандық атаулыдан ада. Сондай-ақ, күнде бес мәрте төрткіл әлемнің төрт бұрышында есімі бүкіл шартарапқа жайылған екінші бір адамды көрсете аламыз ба? Әрине, көрсете алмаймыз. Онда әдеппен орнымыздан тұрып, тағы бір мәрте: «Уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә Расулуһу»[5], – дегеніміз дұрыс болар.
22. Оның пайғамбарлығы мен адалдығына ең үлкен дәлелдердің бірі – уақыт. Өткен дәуірлер осы куәлік ету міндетін толық орындап шықты. Сол секілді болашақ та мұны толығымен дәлелдеп шығады. Сол болашақ «көктемінің» таңғы арайы ағараңдап атып келеді.
Иә, ХХI ғасырға қарай қадам басқан сайын, Еуропа мен әлемнің әр түкпірінде ақиқатқа көзі ашылған абзал жандар иман нұрымен қауышып, жаңа оң өзгерістер болып жатыр, материяға арқа сүйеген түрлі «изм»-дер құмға сіңген судай бір-бірлеп құруда. Міне, осының бәрі ислам «көктемінің» алғашқы сүйіншілері емей немене?
23. Отандық-шетелдік, дос-дұшпан, өмірдегісі бар-өлгені бар – саны көп ғалымдар мен ойшылдар өз кітаптарында оның жеке басын, көркем мінезін, проблеманы оңай шешетін, әкелген өмірлік қағидаларын, т.с.с. ерекше қасиеттерін тамсана жазып тауыса алмаған. Бұлар да оның пайғамбарлығын дәлелдесе керек.
[1] Автор Пайғамбарымыздың Миғраждан жерге қайта оралған оқиғасын меңзеуде (ауд.)
[2] Қараңыз: Қаф сүресі, 50/37.
[3] Қараңыз: Мүслім, Фитән 110; Тирмизи, Фитән 59; Әбу Даууд, Мәләһим 14; Ибн Мәжә, Фитән 33; Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 4/181.
[4] Хазірет Әбу Бәкір, Әли, Зәйд ибн Хариса және Хадиша анамыз (р.а.).
[5] Мұхаммедтің Аллаһтың құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін (ауд.)
- жасалған.