АЛЛАҺ ТАҒАЛАНЫҢ ХАҚ ЕКЕНІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ДӘЛЕЛДЕР

Барды дәлелдеу – жоқты дәлелдеуге қарағанда жеңіл. Алманың бар екенін дәлелдеу үшін бір ғана алманы көрсету жеткілікті. Алайда «жоқты» дәлелдемек болған адам жер бетін тұтас не бүкіл әлемді шарлап шығуы тиіс. Сонда ғана ол жоқтың шын мәнінде жоқ екендігін дәлелдемек. Бұл – аса қиын шаруа. Ендеше, бұдан «жоқ нәрсе ешқашан дәлелденбейді» деген қорытынды жасауға болады...

Дәлелі бар екі адам – дәлелі жоқ мың адамнан артық. Егер екі кісінің айтқаны да бұлтартпас бір шындық болса, оны тар түсініктегі мыңдаған адамның жоққа шығаруы негізсіз.

Егер алып сарайдың барлық есігі ашық болып, бір есігі ғана жабық болса, ол сарайға кіру мүмкін емес деп ешкім дауласа алмайды. Жоққа шығарушы адам үнемі сол бір ғана жабық есікті көрсетіп тұрып алған адамға ұқсайды. Негізі, ондай ойдағылар үшін ол есік қашанда жабық. Себебі бұлар – адамның жан сарайының есіктері. Ал иманды адам үшін жабық есік жоқ. Тек қасақана көзін жұмбаса болғаны! Оның үстіне қалған 999 есік баршаға ашық емес пе?! Ашық болғанда да айқара ашық тұр! Сол есіктердің, дәлелдердің бірнешеуін өздеріңізге ұсынбақпыз:

1. Ықтималдылық
Жаратылыс – болуы ықтимал нәрсеге жатады. Яғни бар болуы мен жоқ болуы тең. Болғаны сияқты болмауы да мүмкін. Егер ол бар болса, шексіз болуы да ықтимал. Яғни ең құрығанда болғандар секілді болмаған нәрсенің де болу мүмкіндігі бар. Болуы мүмкін кез келген нәрсе өзінен басқа бір себепке тәуелді. Олай болса, жоқ болу мен болуы мүмкін басқа түрлер мен негіздерді емес, алдымен, бар болуды, содан кейін бар болудың түрі мен негізін таңдаған біреу бар: ол – Аллаһ тағала.
2. Кейіннен пайда болу
Жаратылыс ұдайы өзгеріс үстінде. Демек, өзгеріп тұратын нәрселердің өзі кейіннен пайда болған болмыстар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, материя да бір жерден бастау алған. Термодинамика заңы бойынша, материяның күннен-күнге тозып, ғаламның үнемі кеңеюі, күн энергиясының бірте-бірте таусылуы сияқты құбылыстар жаратылыстың кейіннен пайда болғанын көрсетеді. Кейіннен пайда болған әрбір жаратылыстың бір жаратушысы бар: себепсіз салдар, шеберсіз өнер туындысы болмайды. Себептер де шексіздікке қарай тізбектеліп кете бермейді. Олай болса, ұдайы өзгерістегі,  о баста жоқ болып, кейіннен пайда болған әрі пайда болуы үшін дәнекер біреуге мұқтаж мына материяның да бір жаратушысы бар: ол – Аллаһ тағала.

3. Тіршілік
Тіршілік – тылсымға толы. Тылсым тереңдігінің тұңғиықтығы сол оны тек сыртқы себептермен ғана түсіндіре алмайсыз. Құдіретті көрсету жағынан да ол барынша айқын. Иә, оның өзі-ақ Жаратушыға дәлел бола алады. Ол – өзінің құпиялығымен ғалымдарды, тұнықтығымен қарапайым адамдарды таң қалдырған сиқырлы құбылыс. Тіршілік бейне бір өзінің бар болмысымен «Мені жоқтан бар еткен бір Аллаһ» деп жар салып тұрғандай.

4. Үйлесімділік
Барлық болмыс өзінің құрамдас бөліктерімен толықтай үйлесім тапқан. Дәл сол секілді бүкіл жаратылыс та өзінің құрамдас бөліктерімен  мінсіз үйлесімде. Бұл – белгілі бір тәртіп пен үндестіктің бар екенінің айқын дәлелі. Ал бұл дегеніңіз бүкіл ісін белгілі бір үндестікпен жаратқан құдіретті бір жаратушыны меңзейді. Ол жаратушы – Аллаһ тағала.

5. Шеберлік
Атомнан адамға, жасушадан галактикаларға де-йінгі бүкіл жаратылыстан өте нәзік әрі таңғажайып шеберлікті көруге болады. Иә, жаратылыстағы барлық туындылар:
− өте шебер жасалған;
− аса құнды;
− өте қысқа уақытта әрі еш қиындықсыз
  жасалған;
− санында шек жоқ;
− олар әр түрлі және бір-бірімен біте қайнасқан;
− әрі үздіксіз жалғасуда.
Әйтсе де сырттай қарағанда, өте жылдам, саны көп, жеңіл әрі тым күрделі  жасалған істерде асқан шеберлік пен баға жетпес құндылықтың болуы нейғабыл емес пе?! Алайда, оны жасаған Аллаһ тағала болса, онда барлық нәрсе өзгереді және кереғарлықтардың өзі қамшының өріміндей үйлесіп кетеді!..

6. Мақсат пен хикмет[1]
Әрбір болмыстың өзіне тән мақсаты, мәні және бір нәтижесі бар екені белгілі. Ешбірінен, тіпті атомнан да мән-мағынасыз, орынсыз я керексіз нәрсені көре алмайсың. Алайда, не материя әлемінде, не өсімдіктер мен жануарлар әлемінде, не болмаса заттар мен құбылыстарда белгілі бір мақсат бойынша әрекет ететіндей ақыл-ес жоқ. Олай болса, жаратылыстағы осы саналы процесті және мұның мәні мен мақсатын Аллаһ тағала ғана реттеген, бір ізге салып жүйелеген десек қана тура бағытты табамыз.

7. Мейірім-шапағат және ризық
Барлық жаратылыстардың, әсіресе, адам баласы-ның қажеті шексіз, ал мүмкіндігі шектеулі. Солай бола тұра, барлық тіршілік иелерінің қажеттіліктері тосыннан әрі адамның ойына кіріп те шықпайтын пішінде және кімге нендей нәрсе қаншалықты қажет болса, соншалықты мөлшерде берілуде. Осындай көмектің көрсетілуі әрі көрсетілген көмектің қажеттіліктерге орай берілуі мынаны дәлелдеуде: өзінің жаратқандарын мүлтіксіз танитын шексіз мейірім иесі бүкіл тіршілік иелерінің мұқтаждықтарын өтеуде. Әлемдегі осынау мәңгілік көрсетіле беретін қайырымдылық пен мейірімділік, күмәнсіз, осы жақсылықтардың бәрін жасауға құдіреті жететін аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһ тағаланың бар екендігін анық білдірсе керек.

8. Өзара жәрдемдесу хикметі
Бір-біріне алыс-жақын барлық тіршілік иелері бір-біріне көмек қолдарын созуда. Екі түрлі топқа жататын тіршілік иелері өзара жәрдемдесудің нәтижесінде бір бүтіннің бөлшектеріндей бір-бірін толықтыруда. Назар аударып қарасақ, бактерия, жауынқұрт және топырақ – үшеуі бірлесіп, бір ғана мақсатпен өсімдіктерге көмекке асығуда және бұл жәрдемдесу ұдайы қайталануда. Ақыл-есі жоқ бұл жаратылыстардың осындай таң қаларлық әрекеттері, сөз жоқ, Ұлы Жаратушымыздың құдіретін паш етіп жатыр. Демек, бүкіл жаратылыс осы жәрдемдесу тілімен «Аллаһ» деуде.

9. Тазалық
Адамнан жерге, жерден аспанның шексіз қабаттарына дейінгі күллі жаратылыстағы тазалық Қуддус[2] деген сипатқа ие Аллаһ тағаланы біздерге жар салып танытуда.
Рас, топырақты тазалайтын бактериялар, жәндіктер, құмырсқалар, қаншама жыртқыш құстар... жел, жаңбыр, қар... мұхиттағы таумұздар (айсберг) мен балықтар, жер шарымыздағы атмосфералық қабат, ғарыштағы қарақұрымдар (чёрная дыра), ағзамыздағы қанды тазалайтын оттегі мен жанымызды жегідей жеген күнәлардан тазартатын рухани самалдар ұдайы Қуддус есімінен хабар беруде әрі сол есімнің шынайы иесі Аллаһ тағаланы көрсетуде.

10. Адамның бет-жүзі
Негізінде, бұл барлық тіршілік иелеріне қатысты, дегенмен мәселені жұмырлау үшін адамның әлпетіне ғана тоқталайық.
Кез келген адамның бет-әлпеті, тіпті адамның жүзіндегі болар-болмас әжіміне дейін өзіне дейін өмір сүрген миллиондаған адамның ешбіріне ұқсамайды. Бұл өзінен кейін келетіндерге де қатысты. Бір жері ұқсаса да, басқа жағынан бір-бірінен бөлек миллиондаған бет-әлпетті алақандай жерге сыйғызып, содан кейін өздеріне ұқсауы мүмкін миллиардтаған бет пішінінен басқа өң беруі және басқаларды қайталамайтын бір түрге келтіру, әлбетте, әр жаратқан болмысын бүге-шігесіне дейін білетін әрі сол болмысқа қалаған пішінді беруге күші мен ілімі жететін Аллаһ тағаланы ең саңырауларға да естіртетіндей дәрежеде жар салуда. Мінеки, әрбір бет-пішіннің өзгелерден бөлек жаратылуы әрі әрбір көзді міндетті түрде басқа көздерден өзгеше жаратуы, еш күдіксіз, көзімен көре алмаса да, жүрегімен сезе алатын әрбір ынсапты адамға солардың бәрін жаратып, шексіз даналықпен әспеттеген Аллаһ тағаланы көрсетеді әрі танытады...

11. Жаратушы дарытқан түйсік
Қаздың балапаны жұмыртқаны жарып шыға салы-сымен жүзуді біледі. Жұмыртқадан шыққан құмырсқа-лар лезде ұя қазуға кіріседі. Бал арасы аз ғана уақыттың ішінде нағыз өнер туындысы болып табылатын омартасын сала бастаса, өрмекші жіп-жіңішке өрмегін тоқи бастайды. Бұлар және осы сияқты тірі жәндіктер басқа әлемде өздеріне үйретілген қабілеттерімен жаратылысынан тума талант болып өмірге келеді. Алайда адам баласы бүкіл тіршілік атаулының ішіндегі ең қабілеттісі бола тұра, барлық нәрсені бұ дүниеде үйренуге мәжбүр. Демек, адамнан өзге тіршілік иелеріндегі бұл ілім мен қабілетті оларға Жаратушы дарытқан. 
Мыңдаған шақырым жерлерге барып ұрық шашқан жыланбалықтардың шабақтары жұмыртқадан шығысымен ұзақ сапар шегіп, өз енесін адаспай тауып келеді. Бұл Құдай берген түйсіктен басқа не болуы мүмкін?! Жануарлар әлеміндегі осы тәріздес таңғажайыптарды тек қана Аллаһ тағаланың сый-тартуы деп түсіндіргенде ғана бұл мәселе өз шешімін табады. Әйтпесе басқа жорамалдардың бәрі шындыққа жанаспайтындықтан бос сөз болып қала бермек...

12. Рух пен ар-ұждан
Рухымыздың шынайы болмысын біле алмасақ та, оның бар екеніне еш күмәніміз жоқ. Рух пен оның қызметінің денемізді басқаруы да – Аллаһ тағаланы танытатын дәлелдердің бірі. Рух деп отырғанымыз – біздің әлемімізге келген «әмір» әлемінің өкілі. Ол бұ дүниеге тек толықсып кемелдену үшін келген. Оның жаратылу хикметі тақырыбымызға қатысты болмағандықтан, біз өзімізге белгілі жағымен шектелейік. Рас, табиғаты жағынан материялық әлемге мүлдем қатысы жоқ рухтың өзіне тән әлемнен осында жіберілуі, кемелдену сатыларынан өтуі әрі мұның бәрі белгілі бір тәртіппен жүргізілуі – күмәнсіз, Аллаһ тағаланы танытатын ең өткір дәлелдердің бірі.
Басқа жағынан алып қарағанда, адамның ішкі сезімі, ешкімнің қатысынсыз-ақ Жаратушыға бет бұруы, осындай жайттардың ұдайы қайталануы – адам табиғатында сенімнің орны бар екендігін ұқтырады. Сөз жоқ, адамда жаратылғалы бері бар әрі Жаратушыны табуда маңызды дәнекерлердің бірі ар-ұжданның барынша Жаратушымен байланыс құруға талпынатынын сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Тегінде, «Әл-мисақтағы»[3] сенімді куәгерлердің бірі осы ұждан емес пе?! Міне, ұждан осы куәгерлігімен Аллаһтың атын жар салуға міндетті.

13. Мінез-құлық және тарих
Әр адам жаратылысынан әсемдікке, сұлулыққа құштар, жамандыққа жаны қас. Бұл шындықпен ешкім дауласпаса керек. Демек, ізгілік пен жақсылыққа деген талпыныс, сондай-ақ жағымсыз қылықтан бойды аулақ салатын мінез мынаны көрсетеді: адамға жақсылық пен әсемдікті бұйырушы, сондай-ақ арсыз, жағымсыз қылықтардан тыюшы жүйенің иесі кім болса, адамға осы ұлық қасиеттерді берген де сол, яғни – Аллаһ тағала.
Діндер тарихына үңілсек, адамзаттың ешқашан дінсіз ғұмыр кешпегенін көреміз. Бұзылған, тіпті ойдан шығарылған дін болса да, әйтеуір әр дәуірде адамдар бір дінге сенген. Ерекше айта кететін жайт: сенімге деген қажеттілік ешқашан жоғалған емес, өйткені бұл адамның жаратылысында бар. Адамның жаратылысына осы сезімді дарытқан да, иман етуді бұйырған да – Аллаһ тағала.

14. Сезім
Адам баласына сан мыңдаған сезім берілген. Әр сезім материя әлемінен тыс тылсым әлемнің хабаршысындай. Алайда адамда Жаратушының бар екендігін сездіріп тұратын ерекше сезім болады, ол – мәңгілікке құштарлық. Осы арқылы адам үнемі мәңгілік ғұмыр үшін барын салады. Өйткені өткінші нәрселердің ешбірі оның көңіліне шын мәнінде жұбаныш сыйлай алмайды. Ал мәңгілікті аңсау сезімін адамға басқа бір пәни болмыстың беруі мүмкін емес. Пәни себептердің ешбірі мұндай «мәңгілік сусынын» ұсына алмайды. Сөз жоқ, бұл сезімнің бар екені рас, мұны жоққа шығару ақылға сыймайды. Олай болса, мұны бізге әлмисақтан бері ұлы Жаратушы дарытқан әрі мәңгілік өмірді де Сол сыйламақ.

15. Ауызбіршілік
Егер біз білетін он өтірікші адам бірінен соң бірі келіп, үйіміздің өртеніп жатқанын айтса, көңіліміз күпті бола тұра «бәлкім, рас шығар» деп қаламыз. Өйткені мұнда он адамның сөзі бір жерден шығып тұр. Алайда, біз сөз еткелі отырған ауызбіршілік – мыңдаған пайғамбарлар, жүз мыңдаған әулиелер мен миллиондаған иманды адамдардың бірауыздан айтқан ақиқаттары. Түрлі кезеңде әрі түрлі жерлерде өмір сүрген бұл адамдардың барлығының бірдей «Жаратушы бар» деп айтуын әсте кездейсоқтыққа балай алмаймыз. Ал, енді осы ретте он өтірікшінің бірауыздан келісе отырып айтқан өтірігіне иланып, миллиондаған пәк жандардың, әсіресе, өмірінде өтірік айтпаған пайғамбарлар мен әулиелердің бірауыздан айтқан шынайы сөздеріне құлақ аспаған адамға не деуге болады? Жалпы ондай адамды саналы, тіпті ақыл-есі дұрыс адам дей аламыз ба?

16. Құран Кәрім
Құран Кәрімнің Ұлы Жаратушының сөзі екенін дәлелдейтін барлық дәлелдері Аллаһ тағаланың да бар екеніне дәлел. «Құран – Аллаһтың сөзі» деген тезис-ті ешбір шүбәсіз, айқын дәлелдейтін жүздеген дәлел баршылық. Олар ислами еңбектерде бүге-шігесіне дейін түсіндірілген. Біз ол дәлелдерге тоқталып жатпастан, тек қана сол дәлелдердің бәрі де бірауыздан: «Аллаһтың бар» екендігін айтатындарын ескере кеткенді жөн көрдік.

17. Пайғамбарлар
Пайғамбарлардың, әсіресе, екі жиһан сардары – Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығын дәлел-дейтін бүкіл дәлелдер – Аллаһ тағаланы түсіндіретін дәлелдерге жатады. Өйткені пайғамбарлардың ең ұлық міндеттері – Аллаһтың бар әрі жалғыз (дара) екендігін адамзатқа жеткізу. Сондықтан, әрбір пайғамбардың пайғамбарлығын дәлелдейтін барлық дәлелдері, бір мезетте Аллаһтың бар екеніне дәлел. Олардың пайғамбарлығын растайтын дәлелдер жайлы сөз ету қазіргі тақырыбымыздан тыс болғандықтан, оларға бөлек тоқталамыз, тек тілге тиек етеріміз: бір пайғамбардың шын мәнісінде пайғамбар екенін растайтын бүкіл дәлелдер – сондай дәрежеде, тіпті алмастан өткір тілмен: «Аллаһ бар және бір» деп жар салуда.


[1] «Хикмет» сөзі бұл жерде «мән немесе даналық сыр» деген мағынада қолданылған (ауд.)
[2] Өте пәк, таза әрі тазартушы (ауд.).
[3] Аллаһ тағала адамзатты жаратпастан бұрын, олардың рухтарын жаратып: «Мен сендердің Жаратушыларың емес-пін бе?», – деп сұрағанда, олар: «Әрине!», – деп бірауыздан жауап қатқан. Міне, осы оқиға «Әл-мисақ» (уәде беру) деп аталған.



Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.