ПЕРІШТЕЛЕР МЕН ЖЫН-ШАЙТАНДАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
1. Періштелердің ерекшеліктері
Періштелер нұрдан жаратылған, сондықтан олардың жаратылыстарында нұр басты рөл ойнайды. Періште ұғымы («мәләийка» сөзі) «пайғамбарлық, елшілік, өкілдік, ұлы істердің қалаушысы» және «заңғар биіктіктен түсу» деген мағыналарды білдіреді. Діни терминологияда «періште» сөзі («мәләк») макро әлем мен микро әлем арасында байланыс құратын, елшілік қызмет атқаратын, хабар жеткізетін, жақсылыққа итермелейтін ниетті ізгілікке бұратын өте киелі елшілер тобына айтылады. Олар ғайып әлемге құлақ асады әрі көбіне сол әлемнің қызметінде жүреді, екі дүниеде де жүріп жатқан Аллаһ тағаланың құдіретті істерін ұлықтайды.
Періштелер тек «Әмір» әлемінің өкілдері ғана емес, олардың денесі де нұрдан тұрады. Тым нәзіктігімен, нұрлы шұғыласымен ерекшеленеді. Сондықтан олардың жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, бір нәрсенің ішіне елеусіз кіріп-шығу қабілеті де өте жылдам әрі айрықша жаратылған. Адамның көз қарашығына орналасып, оны жақсылыққа қаратып, әдемі нәрселерге көңілін бұрады. Пайғамбар мен әулиелердің жан сарайына басқаша, ал өсімдіктер мен хайуандар әлеміне мүлдем өзге пішінде ене алады. Жан дүниемізге құйылатын шабыт көбіне тікелей Аллаһ тағаладан келеді, кейде періштелер жеткізеді. Періштелер «Аллаһ тағаланың бұйрықтарына қарсы келмейді, әмір етілген нәрселерді орындайды»[1]. Бұл – періштелерге тән қасиет. Адам ешқашан періште сияқты бола алмайды. Өйткені адамның өмірі бір қалыпты емес: біресе жоғарылап, біресе төмендеп құбылып тұрады. Адам баласы кейде періштелерді қызықтыратындай тақуалыққа берілсе, кейде хайуаннан да бетер азғындап кетеді. Ал, періштелердің дәрежелері тұрақты. Олар нұрдан жаратылғандықтан, Аллаһ тағалаға еш қарсы келмейді. Осы қасиетімен олар адамдар мен жындардан ерекшеленеді. Періштелер ер-әйел болып бөлінбейді, өйткені оларда жыныс деген ұғым жоқ. Олар ашуланбайды, кек сақтамайды, қызғанбайды, яғни жалпы алғанда, олардың жаратылыстарында оғаш мінез-құлық болмайды. Олар адамдар мен жындарда кездесетін кемшіліктер мен нұқсандықтардан да пәк. Періштелер ішіп-жемейді, ашықпайды, шөлдемейді, шаршау дегенді білмейді. Істері үшін ақы-сый талап етпейді, керісінше Аллаһ тағаланың разылығы үшін жасаған амалдарынан жағымды әсер алады, рахат табады. Оларда лауазымға ие болу, жоғарылау деген ұғым жоқ, тек Аллаһ тағалаға жасаған құлшылықтарынан дәрежелеріне қарай ләззат алады. Нұрдан жаратылғаны үшін, азықтары да нұр. Қалайша адамдар су, ауа, жарыққа мұқтаж болып, түрлі азықтармен қоректенсе, солардан ләззат алса, періштелер де зікір, тәсбих, хамд, ғибадат, Аллаһ тағалаға деген сүйіспеншіліктері мен мағрифат нұрымен азықтанып, солардан ләззат алады. Тіпті, хош иістер де олардың азығы болып табылады. Олар әдемі хош иістерді ұнатады. Сөздің реті келгенде, үлгі-өнеге иесі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әдемі хош иістерді ұнатқанын және үнемі үстіне жұпар иіс сепкенін айта кетейік.
Періштелер Аллаһ тағаланың ұлылығын ұғынуда, оның есімдері мен сипаттарын білуде адамдардан көш ілгері тұрады. Алайда, адам баласы Аллаһ тағаланың есімдері мен сипаттарының кішігірім нұсқасын өз бо-йында жинақтап көрсетуімен, ішкі сезімдері, рухани өмірі, терең ойлана алу тұрғысынан періштелерден артық жаратылған.
Біз кейбір періштелердің атын, олардың қызметін нақты білеміз. Өйткені олар туралы Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған. Ал, бірқатарын атқаратын қызмет түрі мен оларға берілген жалпы атау бойынша танимыз. Жекелеген есімдері мен саны турасында риуаят болмағандықтан бейхабармыз.
Аталған төрт үлкен періште: Жәбірейіл (а.с.), Микаил (а.с.), Исрафил (а.с.) және Әзірейілді (а.с.) танып білсек те, Арштың қызметшісі сегіз періште, Мәлә ағла, Нади ағла және Рафи ағла жайында көп ештеңе біле бермейміз.
Төрт үлкен періштеден басқа қарубиун, мухаййамун, жұмақтың күзетшісі Ридуан, тозақтың қарауылы Малик атты періштелер де бар екенін білеміз.
Сондай-ақ, әйелдің жатырындағы ұрықты қадағалайтындары, кез-келген адамның сөздері мен қылықтарын жазып отыратын «Кирамән Кәтибин» періштелері де біз білетін періштелерге жатады. Бұған қоса, әрбір иманды кісіні қорғап жүретін 360 періште тағы бар. Бұлар, әсіресе, қариялар мен сәбилерді қорғайды. Сонымен қатар адамға жақсылықтың жолын көрсететін, мұсылмандардың тілеуін тілейтін, ал кәпірлердің жүрегін ұшырып, уайымын еселейтін періштелер де бар.
Бұлардан басқа ғибадат, зікір, ілім үйретілетін орындарды аралап жүретін періштелер, екінді мен таң намаздарында ауысып тұратын періштелер, жұма күндері айтылатын салауаттарға сүйсініп, Құран тыңдайтын әрі осындай жерлерге «сәкина»[2] түсіретін періштелер де бар. Сонымен бірге, намаз оқитын, сапқа тұратын, намаздағы дұғаларға қосылатын, мұсылмандармен амандасатын періштелер де өмір сүреді.
Жан тәсілім етер сәтте және өлімнен кейін келетін, қабірде сұрақ қоятын Мункәр мен Нәкир атты періштелер де бар.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғражға шыққанда, жаратылған сәттен бері Аллаһ тағаланың ұлылығына тағзым етіп рүкуда, сәждеде, қиямда тұрған періштелерді көрген.
Атомдардың қозғалысын реттеп, әрбір жаңбыр тамшысын жерге алып түсетін, метеорит, жер шары, жұлдыздар, аспан жүйелері мен галактикалардың қозғалысын, бүкіл табиғат құбылыстарын бақылайтын, оларды қадағалап отыратын, жаратылыс әлемінің атомдары санына тең періштелер бар деуге болады.
«Әрбір жан иесі сәт сайын өлімнің дәмін татуда».[3] «Барлық нәрсе өткінші, ал мәңгі қалатын – Аллаһ тағала».[4] Бұл – жаратылғандардың барлығына арналған қағида, періштелер де бұл қағидадан тысқары емес. Тіпті, ең соңында Әзірейілге (а.с.): «Өз жаныңды да ал!» – делінеді.
Сонымен бірге, Аллаһ тағаламен байланысын үзбей өмірін жалғастыратындар да бар болар, бірақ біз оларды біле алмаймыз.
Періштелер, әсіресе, «рахым» періштелері мүсін, сурет, ит және крест бар үйлерге кірмейді.[5] Етеккірі келген әйелдер мен ғұсыл алмаған адамдарға жақындамайды.[6] Пияз, сарымсақ тәрізді жағымсыз иіс шығаратын тағамдарды жегендерге де жоламайды[7]. Темекінің иісінен де періштелердің қашатынын айтуға болады.
Тағы бір риуаят бойынша, әке-шеше, туған-туыстарынан безгендерге де періштелер жоламайды.[8]
Егер періштелердің әрдайым бізбен бірге болуын қаласақ, оларға қолайлы жағдай туғызу мәселесін естен шығармаған жөн.
[1] Тахрим сүресі, 66/6
[2] тыныштық пен бақыт дегенді білдіретін араб сөзі (ауд.)
[3] Әли Имран сүресі, 3/185.
[4] Рахман сүресі, 55/26-27.
[5] Бұхари, Бәдъул-халқ 7, 17; Мағази 12; Жиһад 139; Либас 88, 94, 95; Мүслім, Либас 81, 82, 83, 84, 103; Әбу Даууд, Хатәм 6; Нәсаи, Зинәт 54.
[6] Әбу Даууд, Таһарә 89; Либас 45; Тирмизи, Әдәб 44.
[7] Бұхари, Азан 160; Әтғимә 49; Итисам 24; Мүслім, Мәсәжид 72; Тирмизи, Әтғимә 13; Әбу Даууд, Әтғимә 40.
[8] Әл-Хәйсами, Мәжмәуз-зәуәид, 8/151.
- жасалған.