БАСПАДАН

Иман мен Исламға қатысты мәселелерді түсін-дірерде бүгінгі күні «қалай?» деген сұрақтан гөрі «неге?», «неліктен?» деген сұрақтардың басын ашып алу маңыздырақ. Мұны төңіректе болып жатқан құбылыстарға сын көзбен қарап, сараптай да білетін көкірегі ояу, көзі ашық, ары таза азаматтардың ешбірі жоққа шығармайды. Неге десеңіз, қазіргі шарықтап дамыған ғылым көкіректегі иманды барынша әлсіретіп бағуда. Бұл жұмақтағы Туба ағашын еске түсіргендей. Тамыры көкке қарап, ал бұтақтары жерге иілген сол ағаш тәрізді «тамыры» мида, ал «бұтағы мен жемісі» жүректен орын тепкен иман атаулыны ғылыми-техникалық прогресс реті келсе тынысын буып, өзегін тарылтып, аяғынан шалуда.

Тамыры қурап кеткен ағаштан жеміс алу мүмкін бе? Ендеше, «неге?», «не үшін?» деген қарша бораған сұрақтарға тұшымды жауап таппай қиналған «иманнан» да «қалай» дейтіндей сапалы жеміс күту мүмкін емес.

Қираған нәрсені әуелі қалпына келтіріп, сосын оны мықтап бекіту керек, содан кейін барып қажет болып жатса сәндеген дұрыс. Ал қалпына келтірілмеген,  бекемделмеген нәрсені тыраштанып сәндеудің реті жоқ. Сондықтан барлық мәселедегідей, бұл мәселеде де астамдық пен нұқсандыққа бармай орта жолды ұстану – шындыққа жетудің бірден-бір қағидасы.

Қисынға құрылған дәлелдерді өмірлік мақсатқа айналдырып, диалектика мен демагогияға салыну қаншалықты жетесіздік болса, оны толығымен жоққа шығару не оған атүсті қарау да дәл сондай шикілік. Негізінде, осы көзқарастың екеуі де – бір ақиқаттың екі жағы. Ал анықтамадағы қателік – бір ақиқаттың әлгі екі жағын бір-бірінен бөлек алып, екеуін де жеке ақиқат деп қабылдауда жатыр. Оның үстіне, осы екі түрлі түсініктегі кісілердің тек өздерінің ғана пікірлерін ақиқаттың нақ өзі деп санауы екі араны тіпті алшақтатып жіберді. Өкінішке қарай олар әлі де содан таймай келеді. Ал сезімге берілмей, кең түрде саралай білгенде ғана осы екі мәселенің басын тоғыстыруға болады.

Имам Ғазали[1], Жәлаладдин Руми (Мәуләна)[2] секілді мұсылман ойшылдары «ақиқатқа жетуде қисындық дәлелдермен шұғылдану – уақыт шығыны ғана», «бар күш-жігерін қисындық дәлел жинауға жұмсаған адам  ақиқатқа барар жолда әл-дәрменінен айрылып шаршап-шалдығады» деп тәлім айтып, өз еңбектерінде бұған көп дәлелдер келтірген.

Имам Ғазали қисындық дәлелдермен ақиқатқа жетуді ойлаған жанды «қажылыққа баруға ниет ете тұра, сапарға сайлаған атын баптап-күтем деп жүріп жолға шыға алмай қалған адамға» ұқсатады. Мұндай әрекет адамды ақиқатқа апармайды, керісінше, ақиқаттан қол үздіреді. Ал Мәуләна болса, ондай адамды «Қағбаның алдында тұрып, құбыла іздеген бейшараға» ұқсатады.

Ғазали мен Мәуләнаның қисындық дәлелдерге салқын қабақ танытуына нендей жайттардың түрткі болғаны өз алдына күрделі зерттеуді қажет ететін тақырып. Өйткені, бұндай терминдер мен ұғымдардың сол дәуірге тән этимологиясын талдамай тұрып айтылған қай жорамал болсын атүстіліктен аспайды. Ал мұндай этимологиялық талдау жүргізу үшін, сол дәуірге дейінгі кезеңде пайда болған кәлам[3] ғылымының осы тақырыпқа қатысты негіздемелерін қайта қарап шығып, жаңаша зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн. Мәселенің бұл жағын сол саланың білікті мамандарына қалдырып, қысқаша талдау жасау арқылы тақырыпты жинақтап ұсынуды жөн көріп отырмыз:

1. Аталмыш мұсылман ойшылдары өмір сүрген кезеңде ақыл мен қисындық дәлелдермен шұғылдану зәруліктен гөрі қиялға көбірек берілу еді. Өйткені ол кездері адамдардың иманы өте берік болатын. Иманға қатысты мәселелерді дәлелдерге негізделген, оны бекемдеудің қажеті жоқ еді. Ал бұзылмаған нәрсені қалыпқа келтіруге тырысу – оны бүлдіргенмен бірдей. Сол себепті олар осындай бүтіндеуден гөрі бүлдіруі мүмкін қисындық дәлелдерді аса құптамаған.

2. Грек тілінен араб тіліне аударылған еңбектер, грек философиясымен улана бастаған сол кезеңде пәлсапа мен қисындық дәлелдерді дәріптеу – Мәжнүнді Ләйлаға ғашық етуге тырысқанмен бірдей артық іс еді. Бұған қоса, ешқандай сын айтылмастан қабылданған философиялық ойларға қарсы пікір білдіріп, тоқтам айтатын жан керек болды. Олар өз кезеңінде осы міндетті атқарды.

3. Ақиқатқа бастайтын жолда арадағы дәнекерлік міндетті ғана атқаруы тиіс қисындық дәлелдер өз қызметінен жаңылып басты мақсатқа айналып кеткен еді. Сол себепті Имам Ғазали, Мәуләна секілді ірі ғалымдар осындай жаңсақ түсініктерді түзетіп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысты.

4. Мұсылмандардың бетке ұстар ұстазы болғандықтан олардың өз өресі мен биік деңгейлері де осыны талап етті. Олар сол дәуірдің рухани кеселі мен індетіне сай ең тиімді емдеу тәсілдеріне жүгінді.

5. Ұлы тұлғалар мөп-мөлдір, таза суға ұқсайды. Суды қай ыдысқа құйсаңыз, сол ыдыстың пішінін қабылдайтындығы секілді олар да өз дәуіріне қарай бейімделді, соған сай түрге енді. Сол себепті олар өз кезеңінің талабы мен шарттарына  қарай қалыптасты. Бұған сол кезеңде жазылған еңбектер дәлел.

Алайда қазіргі адамдар басқа кезге қарағанда естіген нәрселерінің ақылға қонымды әрі қисынды болуына анағұрлым зәру. Бірақ бұл ішке ену үшін сыртқы қабықты жару деңгейінде ғана болуы тиіс. Яғни өзегінің дәмін тату үшін қабықты сындыру шарт, бірақ ол бірден-бір негізгі шарт емес. Ірі тұлғалардың жиі айналып соғып, мұны қайталауы, өздері әлдеқашан дәмін татып қойған ақиқатты басқаларға да жеткізу ниетінен туындаған. Өйткені олар хаққул-яқинды[4] тамашалап көз ала алмайтындықтан, басқаша қандай да бір дәлелді де, дәйекті де қажетсінбейді. Рухани аса биік мәртебелерге ие мұндай өрелі жандар өзгелерді де сол биікке жеткізу үшін олардан мүлдем ажырап кетпейді. Өйткені олардың пайымынша, тәннің бабынан аса алмай жүрген бейшара пенделерді рух пен жүректен шуақ тартатын руханияттың қиясына самғату үшін бұл аса қажет. Бірақ осы мақсатта олардың дәлел мен дәйекке сүйенуін жанашырлық не жанқиярлық ретінде ғана бағалаған дұрыс.

Негізінде, олар мұндай ғажап мінезді ешкім бара алмаған, тіпті Жәбірейіл періштенің өзі беттеуге дәті жетпеген өреге қадам басқан Адамзат мақтанышы – Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйренген. Оның миғраждан қайтып оралуының өзі – үлкен даналық дәріс. Ондағысы – өзі татқан рухани уыз бен балдан басқаларға да татқызу еді.

«Иман аясында» атты кітап осы мақсатқа үлес қосуды көздейді. Құрметті автордың түрлі уақыттарда, түрлі орындарда берген сұқбаттары мен айтқандары үлкен еңбекпен сұрыпталып, тақырыпқа қатыстыларының ғана мазмұны екшеленді.

Еңбекте негізінен төмендегідей тақырыптар қамтылған: «Тәухид дәлелдері», «Рух, періште, жын мен шайтан түсінігі», «Тағдыр», «Соңғы елшінің пайғамбарлық міндеті», «Құран Кәрім» және «Рухани кемелдену».

Баспа атынан біз де «Иман аясындағы» әрбір минутыңызды берекелі өткізуіңізге тілектестік білдіріе отырып,  рухани мол нәр алу үшін кітаппен оңаша қалдырмақпыз.


[1] Имам Ғазали, Әбу Хамид ибн Мұхаммед ат-Туси (1058-1111) – ірі мұсылман ойшылы, ғұламасы, «Ихия-у улумуддин» (Дін ілімдерін тірілту) атты кітаптың авторы
[2] Мәулана Жәлаладдин Руми (Бәлх 1207 – Кония 1273), әлемге танымал сопы әрі ақын, Мәуләуия тариқатының негізін салушы, 26 мың бәйіттік даналық тәлімнен тұратын атақты «Мәснәуи» еңбегінің авторы
[3] Исламның иман негіздеріне қатысты мәселелерін зерттейтін ғылым саласы (ауд.).
[4] Хаққул-яқин: Аллаһты танудың ең жоғарғы мәртебесі. Ақиқатты көзбен көргендей өте жақыннан тану (ауд.).


 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.