Жындармен байланыс құруға бола ма? Қандай жағдайларда адамға олардың зияны тиеді?
Кейбір адамдар жындармен байланыс құруға әу бастан бейім келеді. Олар көзді ашып-жұмғанша біздің әлемімізден жырақтап, жындардың әлеміне еніп, олармен қоян-қолтық араласып кете алады. Ол жағы адамның жаратылысына байланысты. Алайда, бұл қасиет адамды басқалардан артық көрсетіп дараламайды. Әлбетте, көзге көрінбейтін тіршілік иелері өздеріне тән шарттар мен қағидаларға тәуелді. Сондықтан адамдар оларды қалағандарынша қолдана алмайды. Себебі, жындар өздеріне Аллаһ берген мүмкіндік шеңберінде ғана тіршілік етеді. Солай бола тұра, белгілі бір сөздерді жындармен байланыстыратын кілтсөз ретінде қолданып, белгілі бір бейнеде, белгілі бір мөлшерде олармен жиі-жиі байланыс құратын адамдар да аз емес.
Жындармен байланыс құрудың өзіне тән әдіс-тәсілдері бар. Бірақ, мұндай істер бір жол көрсететін тәжірибелі маманды талап етеді. Ал егер әдіс-тәсілдерге немқұрайлы қарап әрі ұстаздың да сөзіне құлақ аспасақ, қателікке ұрынып, басымызға бәле тілеп алуымыз әбден мүмкін. Мұндай нәрселермен шұғылданатындардың көкірек көзі рухани әлемге жабық, өздерінің не істеп не қойғанынан бейхабар болса, онда кәпір жындардың залалына ұшырап, солардың қолбаласына айналады. Жындар мұндай адамдарды бірте-бірте түрлі құбылма мінезге салады: кейде тәкаппар ғып, кейде еркелетеді, тіпті реті келсе қорқытып, қысым жасап, өздеріне бағындырып, айтқандарынан шықпайтын қылады.
ХХ ғасырда Үндістандағы Ғулам Ахмад Қадияни осындай жын-шайтандардың құрбаны болғанын айта кеткен жөн. Ол Үндістандағы йога тәсілдеріне қарсы сопылардың тәжірибесін пайдаланып, Исламды қорғаштап соғысуға ниеттенген, дегенмен жын-шайтандардың шабуылына ұшырап, солардың ермегіне айналған. Жын-шайтандар алдымен, оған өз заманының ұлы реформаторы екенін мойындатады. Содан соң оны өзіне Мәһди деп танытып, артынша оны Иса-Мәсихсің деп сендіреді. Ең соңында, ол, (Құдай мұндайдың бетін аулақ қылсын, әрине) «Аллаһ менің ішкі әлеміме енді, сіздерге мен болып көрінді» деп қатты адасуға дейін барады.
Жын-шайтандар еркі осал адамдарды өздеріне оңай бағындырып, тіпті оларды жындандырып та жібереді. Жындар көбіне жүніп не етеккірі келіп жүрген әйелдерге де, дәретсіз, намазсыз кісілерге де тиісіп, оларды түрлі тәсілмен жолдан тайдырып жіберуі ықтимал. Адамның істеген әрбір күнәсі жын-шайтандардың өзіне үйір болуына қолайлы жағдай туғызады. Әсіресе ойы бұзық, бойы таза емес, дұғадан алыс, қалай болса солай өмір сүріп жүргендердің жындарға еріп кетуі оңай. Әрине, жындардың тынышын алып, олар өмір сүрген аймақтарға бисмиллаһсыз кіру – олардың ашу-ызасын тудырып, сізге зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге лас жерлерде жын-шайтандардан қорғайтын дұғаларды оқу керектігін айтып әрі олар жиі кездесетін күл-қоқыс, монша, әжетхана, жайылым, тіпті зират секілді мекендерде намаз оқуға тыйым салады[1]. Бұл жерлер – жын-шайтандардың мекені. Мәселен, Пайғамбарымыз әжетханаға кірерде: «Аллаһуммә инни ағузу бикә минәл-хубси уә-хабаис»[2], – деген дұғаны оқу керектігін айтқан. Сондай-ақ өміріміздің әрбір сәтінде әлгіндей жын-шайтандардың зияны тимейтін таза жерлерде жүру үздіксіз дұға оқу, жақсы адамдармен бірге болу, мүмкіндігінше құлшылық жасау арқылы өзімізді қорғау керектігін бұйырады. Сондықтан жын-шайтандардың әр түрлі қауіп-қатерінен сақтанғысы келген адам, ең алдымен, күнәға жол бермей, олардың келуі мүмкін-ау деген өзінің осал тұстарын бекемдеуі керек.
[1] Тирмизи, Мәуәқит 141; Ибн Мәжә, Мәсәжид 4.
[2] «Аллаһым, еркек-ұрғашы лас шайтандардың жамандығынан сақтай гөр!». Бұхари, Ууду 9; Дағауат 14; Мүслім, Хайз 122, 123; Әбу Даууд, Таһарә 3.
- жасалған.