Мәдениет
Мәдениет – қандай да бір ұлттың өзіне тән даму жолында және өркендеу бағытында әлсін-әлсін жүгінетін қайнар бұлағы. Ұлт өміріндегі үйлесім және өзі үшін таңдаған тура бағыты мен мәдениет қайнарларының тұмсалығы арасында әрдайым тығыз байланыс болған.
Мәдениет бір қоғамның тілі, тәрбиесі, әдет-ғұрпы және өнері сияқты құндылықтардан пайда болып, келе-келе сол қоғамның өмір салтына айналған, әр бөлігі аса маңызды негіздер жиынтығы. Бұл негіздерді елемеу – көрсоқырлық, ал қоғамды одан алшақтату оны бағдарынан айырады, ал мәдениетінен айырылған ұлт қараңғылықтың батпағына батып жоқ болады.
Мәдениет – халықтардың бір-бірімен қатынасының нәтижесінде өркениет секілді бір қоғамнан екіншісіне де өте алады. Алайда, ол бір-біріне өту кезінде ұлттық рух «сүзгіштері» дұрыс жұмыс істемесе, бөгде және тиімсіз элементтер дұрыс тазаланып таңдалмаса, мәдениет пен өркениет тығырыққа тіреледі.
Нағыз мәдениет шынайы діннің, өнегелілік пен ойға сіңірілген ғылымдардың қазанында әбден қайнап қалыптасады. Дінсіздік, құлықсыздық, надандық үстем болған жерде шынайы мәдениет жайлы сөз қозғау да, ондай жерде өскен адамның бұл қайнардан нәр алуы да мүмкін емес.
Өзге ұлттың мәдениеті мен өркениетіне «некелесіп» алып, өз ұлтының болашағын баянды етеміз деу, сыпайылап айтқанда, бұл бұтақтарына өзге ағаштардың жемістері ілінген ағашқа ұқсайды. Бұл, әлбетте, әрі күлкілі, әрі опа бермейді.
Мәдениет ұлт пен қоғам табиғатының бесігінде туады және өркендейді. Бір ағаштың гүлдері мен мәуелері қандай болса, қоғамның мәдениеті де сондай болмақ. Өз мәдениетін жетілдіре алмаған немесе жоғалтқан ұлттар, жеміс бере алмаған немесе жемістері төгіліп қалған ағаштар сияқты. Оның бүгін болмаса да, ертең отынға айналары сөзсіз.
Әрбір халықтың өмірінде мәдениет өте маңызды орын алады. Бір ұлттың өткенімен біте қайнасқан және рух тамырларымен тығыз байланысқан «мәдениет» сол халықтың өмір сүру мен даму жолдарын ашып, нұрландырады. Керісінше, күн сайын өзгеретін түрлі түсінік пен құндылықтардың жетегінде жүрген мәдениет ұлттың тамырына балта шабады.
- жасалған.