Ұзақ мерзімді болашақ

Уәһн (дүние сүйіспеншілігі мен өлімнен қорқу)
Пайғамбарымыз қазіргі күнге жақын жайлардан да хабар берген. Солардың бірі:
   «Ұлттар бір-бірін дастарқанға шақырған адамдардай, сендерге қарсы шығу үшін жиналады». Бір сахаба былай деп сұрады: «Біздің аздығымыздан ба?». Ол: «Жоқ, керісінше, сендер сол күні құжынаған құмырсқадай  көп боласыңдар. Бірақ сел басқан шөп-шалам секілді... Аллаһ дұшпандарыңның жүрегінен сендерге деген қорқынышын алып тастайды да, сендердің жүректеріңе «уәһнді» салады», – деді. Сонда біреу: «Пайғамбарым, «уәһн» деген не?», –деп сұрады. Ол былай деп жауап қайырды: «Өлімді қаламау және  дүние сүйіспеншілігі!»[1].

Осы сөздерден бір қарағанда-ақ мына мағыналарды аңғарамыз:
Бір күн туады, сол кезде ұлттар топ-топ болып, бізге қарсы жиылады. Дастарқандағы тамақты бөліскендей, жердің асты-үстіндегі қазыналарымызды өз араларында бөліске салады. Тапа-тал түсте, көз алдымызда дастарқанымызды тонайды. Біз де қарап қалмай, тәтті тағамдарымызды түр-түрімен алдарына қоямыз. Олар шайнамай жұтатын болады. Мұндай күйге түсуіміздің себебі не? Өйткені ол кезде біз тамыры бір ағаш емеспіз. Сел алған шөп-шаламдай боламыз. Мінезіміз бен көзқарасымыз бір арнаға тоғыспай жік-жікке бөлініп, бір-бірімізді жеп бітіруге айналғанда, олар бас пайдалары үшін бір-бірімен ауыз жаласып, жұдырықтай жұмылып, бізді тықсыра бастайды. Бұрын олар бізден қорқатын. Өйткені олар өлімнен қалай қашса, біз өлімге солай жүгіретінбіз. Ол кезде біз дүниені кір-қоқысқа балайтынбыз. Қазір біз өлімнен қашып, дүниені олардан да жақсы көретін жағдайға жеттік. Олар осы осалдығымызды пайдаланып, жанды жерімізден, талмау тұсымыздан буындырып отыр.

 Кресшілер жорығын еске түсірген хадистің астарына үңіліп ой жүгіртсек, бергі тарихтағы оқиғаларға да ишарат еткені анық көрінеді.

Раиф Карадағ[2] «Мұнай дауылы» атты кітап жазды. Кейін өзі сол дауылды тұрғызғандардың қолынан қаза тапты. Кітапта ХIХ-ХХ ғасыр түрік халқының бақытсыз жағдайы мен залымдардың бүліктері айтылған.

Ұлы Осман мемлекетіне (мен «империя» деп атауға қарсымын. Өйткені ол мемлекет империя емес. Сахабалар мен табиғин (сахабаны көргендер) дәуірінен кейінгі ең мықты мемлекет саналады. Оған «Ұлы Мемлекет» деу ғана жарасады) бейне бір дастарқанға жиналғандай келді. Барлық дерттері – түрен тимеген өлкенің байлығына қол жеткізу. Иә, ақыр соңында, бір мемлекеттің қазынасын өз араларында бөліскен еді.

Сол дәуірдің қанішерлері Осман мен Әлидің (р.анһума)  түбіне жетіп, «Алтын ғасырды» қанға бояды. Осман ұрпағына пышағын қадаған да, Ислам әлемін жетімсіретіп, басшысыз қалдырған да солардың ұрпағы болатын.

Түрлі-түрлі тағамдар толы дастарқанға қолдарын сумаңдатып, Акифтің[3] сөзімен айтсақ: «Бірі үнді, бірі адам жегіш, енді бірі кім білсін қандай бәле» дегендей, жиылып келіп, Ұлы Осман мемлекетін ойран-топан етті...

Айтайын дегенім, Аллаһ елшісінің осы жайындағы хадистеріндегі нәубет емес, тарихтың кешегі сұрапыл дауылы мен әлі де күшінде тұрған күпір әлемінің өзара келісімі. Ислам әлемі әлі күнге дейін оларға  дастарқан болудан құтыла қойған жоқ. Мінекей, Пайғамбарымыздың он бес ғасыр бұрын айтқандарының бәрі бүгінгі таңда айдай анық келіп, көктегі жұлдыздардай  жарқырап белгі беруде.



[1] Әбу Дәууд, Мәлахим, 5; Муснәд, 5/278.
[2] Раиф Карадаг (1920-1973) – түрік жазушысы.
[3] Меһмет Акиф Ерсой (1873-1936): Түркияның ән-ұранын жазған түрік халқының бетке ұстар ақыны (ауд).

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.