Теңсіздіктер

Енді қайтадан бүгінгі күнге байланысты белгілерге көз салайық.
Іңкәр жүректі Хақ пайғамбар:
«Қияметке жақын қалған заманда кісі таңдап сәлем беру (яғни, танығанына ғана амандасу) етек алады, сауда кең жайылады. Тіпті әйелі күйеуінің саудасына көмектесетін болады. Туыстық қатынас үзіледі. Жалғанға, жалаға куә болу белең алып, шындыққа келгенде, куәлік жасырынады. Қаламның беделі артады», – дейді[1].

Бұл хадис бүгінгі таңдағы барлық келеңсіз жайттардың түңлігін түруде.

Сауда өрістеп, тек жарнамалар үшін миллиондар, триллиондар жұмсалады. Көбінесе әйел заты саудамен айналысады. Бұл сөздерімнен кейбіреулер саудаға қарсы екен деп ойлап жүрмесін, мен тек  Пайғамбарымыздың айтқан хабарының дұрыстығын ишарат ету үшін айтып отырмын.

Иә, туыстық қатынас үзіледі... Ата-ананың ақысы аяққа тапталады әрі туыстық қатынас үзіледі. Ата-ана қартайып, жұмысқа жарамай, мейірімділік пен жәрдемге мұқтаж болып қалғанда қарттар үйіне тасталып, әр үйдің даналары өз үйлерінен таппаған тыныштықты сол жерден табуға тырысады... Аллаһ тағала  өзінен кейін ең үлкен құқықты соларға бергеніне қарамастан[2], әміріне құлақ аспай оларға жабайы тағылардың да қолынан келмейтін ең дөрекі, өрескел қылықтар жасайды. (Бұл айтылғандар бүгінгі күнімізге сәйкес келе ме, келмей ме, оны өздеріңіз бағамдай жатарсыздар).

Қалам-қағаздың беделі артып, жауыннан кейінгі саңырауқұлақ тәрізді баспалар көбейеді. Жазу-сызудың күні туады. Ол сәнге, кәсіпке, қажеттілікке айналады. Жалғанға куәлік ету кең етек алып, шындыққа куә болуға келгенде, ешкім аяқ баспайды. Қоғам бейне бір жалған фабрикаға ұқсап, өмір жалпы алғанда, опасыздық пен арамзалықтың ордасына айналады.

Әрбір мәселе ап-анық баян етілгені соншалық – тіпті кейбіреудің ойына «шынымен-ақ осы сөздерді Пайғамбарымыз айтқан ба?» деген күдік те тууы мүмкін.

Мұның жауабы да жеңіл. Бұл сөздер, ең аз дегенде, бұдан ХIII ғасыр бұрын жазылған хадис кітаптарында бар. Егер бұл сөздерді Аллаһ елшісі айтпаса, өзінен мұншама ғасырдан кейінгі оқиғаларды, көзбен көріп тұрғандай кім айтуы мүмкін? Оның үстіне, Пайғамбарымызға тиісті сөз болмаса, бұл сөздердің иесінде, ең кемінде, Аллаһ елшісі секілді өткір жүрек көзі болуы керек емес пе?  Осы ақиқаттарды пәленшенің сөздері дей алатындай, тарихта Аллаһ елшісіне тең келетін басқа бір адам бар ма екен? Жоқ. Онда, ғайыпқа тиісті бұл сөздер, күмәнсыз, Аллаһ Сүйіктісіне тән сөздер. Раббысы оған үйретіп, бізге хабар берген.



[1] Муснәд, 1/407, 408; Мустәдрак, 4/98,446.
[2] Қараңыз: Бақара, 2/83; Ниса, 4/36; Исра, 17/23.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.