3. Өміршең өнеге

Пайғамбарлардың жіберілу мақсатының бірі – үмбеттеріне қайталанбас үлгі-өнеге көрсету.

Аллаһ тағала  Құран Кәрімде: «Міне, солар Аллаһтың тура жолға салғандары (пайғамбарлар). Сен де олардың жолымен жүр!» – дейді (Әнғам, 6/90).

Бұл – әркімді толғандыратын мәселе. Өйткені аятта Пайғамбарымыздың өзіне де пайғамбарлардың есімдері айтылып, соларға ілесу нұсқалған.

Бізге де Құран Кәрім былай дейді: «Расында, сендерге Аллаһтан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Аллаһты көп зікір еткендер үшін Аллаһтың елшісінде жақсы үлгілер бар» (Ахзап, 33/21).
Пайғамбарлар – біз үшін жолбасшы әрі имам. Намазда имамға ұйығанымыздай, өмірдің әр қадамында да оны үлгі тұтып, оның жолымен жүреміз. Бізге нағыз шынайы өмірді пайғамбарлар ғана көрсете алады. Исламның алғашқы дәуірін көргендер Аллаһ елшісінің қас қағым сәттерін де қалт жібермей мұқият қадағалап, одан үлгі-өнеге алып отырған. Сол үшін де екі әлемнің Сардары олар және олардан кейін келгендер жайлы мадақ сөздер айтқан:
«Бір заман келіп, бір жамағат ғазауатқа шығады. Сонда олардан:
– Араларыңда Аллаһ елшісін көргендер бар ма? – деп сұралады. Олар:
– Иә! – деп жауап қатады. Сол кезде жеңіске жету жеңілдетіледі. Кейіннен басқа бір жамағат ғазауатқа шығады да, олардан:
– Араларыңда Аллаһ елшісіне сахабалық еткен адамды көргендер бар ма? –  деп сұралады. Олар:
– Иә! – деп жауап береді. Сонда оларға да жеңіске жету жеңілдетіледі. Көп ұзамай, басқа бір жамағат ғазауатқа шығады. Олардан:
– Араларыңда Аллаһ елшісінің сахабаларын көрген жандарға серік болғандарды  көрген жан бар ма? – деп сұралады. Олар да:
– Иә! – деп жауап қайтарады. Сол сәт оларға да қорған қақпалары айқара ашылып, жеңіске жету жеңілдетіледі»
[1].

Басқа хадисте Пайғамбарымыз: «Адамдардың ең жақсысы – менің замандастарым. Сонан соң олардан кейін келгендер, сонан соң олардан кейін келгендер»[2] – дей отырып, өзіне жақын дәуірлердің ерекшелігіне мән береді. Өйткені олар бар ғұмырында Аллаһ елшісіне еріп, бойы мен ойын соған қарап түзейтін. Негізінде, Аллаһ тағала  үлгі-өнеге етіп таңдаған  осы адамға ұқсау – әрбір пенденің мұраты болуға тиіс. Ақырында солай болды да.

Өйткені сахаба, табиғин[3], тәбәи-табиғиндер[4] бұл мәселеге өте сақ қараған жандар. Осы тұрғыдан алғанда, олардың басқа ғасырда өмір сүрген адамдардан мәртебесі әлдеқайда биік болды.

Иса Мәсих (а.с.): «Қасиеттілердің байрақтары қолдарында», –  деген.

«Қасиеттілер» сөзімен Пайғамбарымыздың үмбетін меңзеген. Бұл – үлкен құрмет.

Әлсіз де болса, бір хадисте Аллаһ елшісі: «Менің үмбетімнің ғалымдары – Израйыл ұрпақтарының пайғамбарлары секілді», – деген еді[5].

Олар Пайғамбарымыздың жолымен жүруде заңғар бір шыңға жеткені сонша – одан ары қарай пайғамбарлық шыңының шекарасы басталатын.

Міне, құлшылықтың шыңына шыққан Омар (р.а.) – осының бірден-бір дәлелі.

Ол Пайғамбарды өзіне жолбасшы етіп, бар ғұмырында оған ұқсауға тырысты. Көшбасшының нұрына малынып, руханиятымен кемелденген. Сол себепті оның ғұмырымен өз өмірін айшықтап, өрнектеген теңдесі жоқ адам еді. Рим, Византия қақпалары оған айқара ашылып, өлкелер мен билеушілер қол астына топ-тобымен кіріп жатса да, өмір сүру дәстүрі өзгермеді.

Палестинадағы Құдыс қаласы Омар (р.а.) заманында алынған болатын. Мұсылман әскерлері билікті қолға алғанмен, шіркеу қызметкерлері кілттерін бермей, қарсыласып: «Ешқайсыңнан қала кілтін алатын адамның түр-сипатын көре алмай тұрмыз. Сондықтан кілттерді бере алмаймыз», – дейді. Бұл жайт жөнінде дереу орталыққа хабар беріліп, алып халифа жолға шығады. Өзіне тиісті түйесі болмағандықтан, «бейтулмалдан»[6]  қарызға бір түйе алып, құлымен кезектесіп мініп, сонау шалғайдағы Иерусалимге жол тартады. Тағдырдың жазмышына қараңыз, қалаға жеткен кезде міну кезегі құлына келеді. Халифа түйеден түсіп, құлының бас тартып өтінгеніне қарамай, оны түйеге мінгізіп, өзі түйені жетектеп қалаға кіреді.

Мына көріністен шіркеу қызметкерлері тебірене толқып: «Міне, кітаптарымызда түр-түсі жазылған адам осы», – деп кілттерді тапсырады.

Сол заңғар да алып тұлға Омар (р.а.) бір күні пұтқа табынушы ирандықтың қанжарынан жараланып, өлімші халде жатқан-ды… Қызметшілері «Ас-су ішесіз бе?» – деп сұрай қалса, кейде жауап бере алмай, үнсіз қалып, кейде көздерімен ғана «жоқ» деп, ишарат жасайтын. Бірақ «Ей, мұсылмандардың әміршісі! «Намаз», – деген кезде, «Міне, міне, тұрып жатырмын. Намаз оқымағандардың Исламнан алар несібесі жоқ», – деп жарасынан қан саулап тұрса да, елең етпей намаз оқитын[7].

Иә, осылайша Пайғамбар нұрымен боялған олардың ғұмыры кейінгі толқындарға баға жетпес үлгі-өнегеге айналды.



[1] Бухари, Фәда’илу’л-Асхаб, 1; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 208-209.
[2] Бухари, Фәда’илу’л-Асхаб, 1; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 212.
[3] Сахабаны көргендер.
[4] Сахабаны көргендерді көргендер.
[5] Әжлуни, Кәшфу’л-Хафа, 2/63; Шәукани, әл-Фәуа’иду’л-Мәжму’а, 286.
[6] Мемлекет қазынасы (ауд).
[7] Ибн Сад, Табақат, 3/450; Һәйсами, Мәжмау’з-Зәуә’ид, 1/295.


 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.