2. Хасбилік

Хасбилік[1]

Пайғамбарлар жасаған игі істері үшін қандай да бір сый күтпейді. Құран Кәрім олардың осы ерекшеліктерін көптеген аяттарда ескерткен. Барлығының сөздері: «Жасағандарымның қарымын тек Аллаһтан күтемін» ақиқатында түйіскен. Біз істеген ісіміздің қарымы ретінде материалдықты былай қойғанда, тым болмаса рухани сый күте аламыз. Пайғамбарлар мұны да күтпейді. Барлық іс-әрекеттерін Аллаһтың қалауына сай жасайды. Нәтижесінде жәһәннамның отына тасталса да, бұл олардың ой-санасы мен шынайылықтарына зәредей әсер етпейді.  Әрдайым өз міндеттерін іске асыруды ғана ойлайды...

Пайғамбарлар – пенделік һәм рухани ләззаттарын да осы жолда құрбан еткен. Олар осы жағынан да адам баласы жете алмайтын шырқау биікте. Пайғамбарлар өз міндеттерін жәннатқа деген құштарлығынан немесе жәһаннамнан қорыққандықтарынан емес, жаратқанның разылығына ие болу үшін ғана орындайды.

Әрбір пайғамбар – хасби. Бірақ хасбиліктің заңғары нәбилер (пайғамбарлар) Сұлтанына тиісті. Туған сәтте «үмбетім» деген ол Махшарда да «үмбетім, үмбетім» дейтін болады[2]. Неткен хасбилік, қараңыздаршы! Жәннат есіктері айқара ашылып, оның кіруін күткен кезде, Расул үмбетін де сол жерге апару ниетімен махшардың ең қиын сәттерін жәннаттан артық санаған. Бұл неткен хасбилік десеңізші?! Ағайын, туысына, достарына ғана емес, сонымен бірге барлық үмбетіне де жаны ашып, ең ауыр күнәға батқан күнәһарларымен қоса, олардың бірі қалмай пейішке баруын қалайды.

Ия, олардың рухани дүниесінің қақпасы бір-ақ нәрсеге ашық ол – «Аллаһтың разылығы». Бұл қақпа өзге ештеңеге ашылмайтындай етіп нық жабылған.

Әсіресе, қазіргі таңда пайғамбарлардың міндеті саналған тәблиғ-насихат пен дінге шақыруды мақсат-мұрат еткен мирасқорлары осы мәселеде өте мұқият болулары керек. Өйткені сөздің әсері мәнерлеп немесе көркемдеп айтылуында емес, шынайылығанда. Яғни, жүректен жарып шыққан сөз ғана жүрекке жетеді. Бұл, әлбетте, хасбилікті қажет етеді.

Осы хақында Құран Кәрімде: «Сендерден ақы сұрамайтын кісілерге еріңдер. Олар тура жолдағы адамдар»  – делінген (Ясин, 36/21).

Олар тура жол көгінде шарықтағанда, сендер де олардан қалмаңдар. Өйткені сендерден дүние талап етпейді. Бірақ мойынсұнып, артынан ілесуді қалаған кісілеріңді жақын танып біліңдер. Күні-түні «дағуа-дінім» деп, тұла бойы жалын атқан адамдарға еріңдер. Ол болашақ ұрпақтың жеңіс көліктері өтетін жолдарын дайындауды сол дәуірдің салтанатты күндерінен артық санайтын болсын. Хасбилікке бөленген көңіліне ешбір дүниелік көлеңке түспейтіндей бекем болғаны абзал. Осындай жолбасшы, сардар таңдап соңынан ілесіңдер!

Хақ пайғамбар хасби еді. Өмірінде тойына ас ішпеді. Кейде апталап, айлап осы бір құт қонған шаңырақтың ошағынан түтін шықпайтын. Ол ол ма, бойға нәр берер сылдыр сорпа да қайнамайтын[3].

Әбу Һурәйра (р.а.) айтады:
«Бір күні Аллаһ елшісінің қасына бардым. Барсам,  намазын тұрып оқуға шамасы келмегендіктен отырып оқып жатыр екен. Құлшылығын бітірген соң:
– Пайғамбарым, сырқаттанып қалдыңыз ба? – деп сұрадым.
– Жоқ, аштық қой, Әбу Һурәйра,
– деді.
Мен шыдай алмай жылап жібердім. Ол:
«Жылама, Әбу Һурәйра! Бұл дүниеде аштық азабын тартқан кісі о дүниеде Аллаһтың азабын тартпайды», – деп жұбатты…[4]

Ансардан[5] бір әйел оған арнайы көрпеше әкеліп береді. Оны Айша анамыз (р.анһа) Аллаһ елшісінің бір уақыт бел жазып тыныққанда қолданып жүрген шиінің үстіне төсейді. Ардақты елші оны босағадан аттамай жатып байқайды. Мән-жайдың төркініне қаныққан соң:
– Айша! Оны тез иесіне қайтар. Аллаһқа ант етейін, қаласам, Аллаһ мен үшін оң мен солыма алтын мен күмістен тау тұрғызар еді, бірақ мен ондайды қаламаймын, – дейді…[6]

Иә, қаласа, патшадайын шалқып өмір сүре алатын еді, бірақ оны қаламайтын.

Бірде бір періште Аллаһтың сәлемімен келіп, оған:
«Уа, Пайғамбар! Аллаһтың сәлемі бар. Сенен: Патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? – деп сұрап жатыр», – деп сауал тастайды.

Дәл осы сәтте Жәбірейіл періште: «Аллаһтың елшісі (Раббыңа) кішіпейіл бол!» – деп кеңес береді.

Аллаһ елшсі сонда: «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын», – деп жауап қайтарды…[7]

Ол құлдармен де қызметшілерменде бірге отырып тамақтанатын еді. Бір әйел осы көрініске куә болып: «Өзін құл сияқты ұстап, жалшылармен тамақтанғаны несі» деген сөзіне, әлемнің Ұлы Тұлғасы: «Менен асқан жақсы құл бар ма? Мен  Аллаһтың құлымын», – дейді…[8]

Аллаһ елшісінің күллі ғұмыры хасбилікке толы. Пайғамбарымыз жайлы жазылған том-том кітаптарға сілтеме жасай отырып, әзірге бұл тақырыпты қысқартамыз. Негізі барлық пайғамбар хасбилікпен күн кешіп, жасаған еңбектерінің қарымына бұл дүние мен ақырет үшін ештеңе талап етпеген. Сол үшін де оның сөздері адамдардың жүрегінен орын тапты. Олай болса, кім өз сөзінің басқалардың жүрегіне жол тапқанын қаласа, әуелі жасаған еңбегі үшін ешкімнен ештеңе сұрамауды үйренуі керек..



[1] Істеген ісі үшін ештеңе дәметпеген, ешқандай да қарымын күтпей, тек Аллаһтың разылығы үшін істеген жан (ауд.).
[2] Бухари, Таухид, 36; Муслим, Иман, 326.
[3] Бухари, Рихақ, 17; Муслим, Зуһд, 28.
[4] Кәнзу’л-Уммал, 7/199.
[5] Әнсар: Көмектескендер. Мәдина сахабалары (ауд).
[6] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 6/60.
[7] Муснәд, 2/231; Кәнзу’л-Уммал, 7/191; Мәжмуау’з-Зәуә’ид, 9/19-20.
[8] Мәжмау’з-Зәуә’ид, 9/21.


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.