ҒАЙЫПТАН БЕРІЛГЕН ХАБАРЛАР

Өз заманындағы мұғжизалар
1. Бухари[1], Муслим[2] барлық хадис кітаптары бір ауыздан мына хадисті жеткізеді:
Бір күні Аллаһ елшісі мінберге шықты да көздерін ғайып әлеміне тігіп, қабағы қатуланып жамағатына ғайыптан құшақ-құшақ хабар жаудырып жатты. Бір кезде: «Бүгін менен қалаған нәрселеріңді сұраңдар!» – деді. Әркім қалағанын сұрап, жауабын алып жатқан. Бір кезде бір жас жігіт орнынан тұрды да: «Аллаһтың Елшісі, менің әкем кім?» – деді. Жұрт арасында аз да болса оның әкесі жайында алып-қашпа сөз бар еді. Мұндай сөздерден жас жігіттің көңіліне қаяу түскен. Ол сол күні реті келіп тұрғанда, әрқашан Хақтың рұқсатымен  ғайыпқа көздері ашық Хақ пайғамбардан әкесінің кім болғанын сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Сенің әкең Хузәфа», – деді. Албырт жастың көңілі жай тапты. Бұдан кейін әкесіне толық сеніп, өзін Абдуллаһ ибн Хузәфа әс-Сәһми дейтін болады. Аллаһ расулының сол сәттегі көңіл-күйін байқаған алып тұлғалы Омар (р.а.) кенеттен орнынан атып тұрып:
«Біз Раббымыз – Аллаһқа, дініміз – Исламға, пайғамбарымыз – Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) разы-мыз», – деді.
Оның осы бір жүректен шыққан сөзі Аллаһ елшісінің жан сарайына таңғы самалдай жайлы әсер етіп, қатулы қабағы жібіп сала берді.

Бұл жайт мешіт толы сахабалардың көз алдында болған еді. Бүкіл сахаба Аллаһ елшісінің айтқандарын үнсіз растап, бейне бір «Дұрыс айтасың» деп жатқандай еді[3].

2. Муслим, Омардан (р.а.) жеткен хадисте былай дейді:
«Бәдірде Аллаһ елшісі соғыстың стратегиясын анықтап, айқас өтетін жерде жүрген болатын. Бір уақытта ғайып әлем пердесінің арғы жағына көз тастап, қолымен кейбір жерлерді ишарат етіп: «Мынау – Әбу Жәһилдің өлетін жері, анау – Утбәнің, мынау – Шәйбенің, ал мына жерге Уәлидтің иығы тиеді...», – деп, басқа да көптеген адамның қай жерде жан тапсыратынын айтып берді». Соғыстан кейін Омар (р.а.) ант ете тұрып: «Аллаһ елшісі қай жерді көрсеткен болса, бәрі де тап Пайғамбарымыз айтқан жерлерде жан тәсілім еткеніне куә болдық», – дейді[4].

Көзі тірісінде Аллаһ елшісін мойындамаған сол адамдар, өлі денелерімен оның туралығы мен дұрыстығын дәлелдеген болатын. Өйткені айтқан хабарлары дәлме-дәл  жүзеге асты.

3. Ахмад ибн Ханбал[5] «Муснәд» кітабында бір оқиғаны бізге былай жеткізеді:
Аллаһтың сүйікті Пайғамбары сахабаларымен мешітте отырған. Бір кезде:
«Бір шамадан соң бұл жерге маңдайы мен жүзі нұрға толы бір адам келіп, мына есіктен ішке енеді. Ол – Йеменнің ең абзал игі жақсыларының бірі. Маңдайында періштенің  сипаған  ізі бар»,– деді.

Көп өтпей, дәл Аллаһ елшісінің айтқанындай бір адам кіріп келді де, алдына тізерлеп отырып, мұсылман болғанын жариялады. Нұрлы жүзі айдай жарқыраған осы бір көркем, әдепті, ізетті тұлға – Жәрир ибн Абдуллаһ әл-Бәжәли болатын[6].

4. Бәйхақидің[7] «Дәләилу’н-Нубууә» атты кітабындағы хадистен:
Әбу Суфиян Меккенің алынуы кезінде сәждеге бас қойса да, иман жүрегіне толық орнықпаған болатын. Рақым Пайғамбары Қағбаны тауап етіп жатқан заматта Әбу Суфиян да сол жерде еді. Бір кезде оған: «Қайтадан қол жинап келіп, мұсылмандарға қарсы шықсам ба екен?» – деген ой келді. Дәл сол сәтте Аллаһ елшісі Әбу Суфиянның жанына тақап барып, құлағына: «Бәрібір қайта жеңеміз», – деп сыбырлайды. Әбу Суфиянға бұл сөз бишікпен осып жібергендей әсер етіп, иманы жүрегінен толық орын алды. Сол-ақ екен ұйқыдан оянғандай селк етіп: «Аллаһқа тәубе етіп, кешірім сұраймын», – деді[8].

Әбу Суфиянның бір сәттік санасын шарпып өткен ойларын Аллаһ расулына кім жеткізді? Әбу Суфиянның осы әрекеттері екі әлем шырағының пайғамбарлығына көз жеткізер көп дәлелдердің бірі ғой.

5. Хадис кітаптарына үңілсек:
Умәйр ибн Уәһб  сахабалар арасында «Исламның тақуасы» деп аталған. Алайда қараңғылық дәуіріндегі аты «шайтан адам» болатын[9]. Ол Сафуан ибн Умәйямен келісті де, мұсылман сықылды көрініп, Мәдинаға бармақ болады. Ниеті – Аллаһ Сүйіктісін өлтіру. Ақысына Сафуан ибн Умәйя Умәйр ибн Уәһбқа бірнеше түйе атайды.

Умәйр қылышын қайрап жолға шықты. Мәдинаға келгенде, мұсылман екендігін әрі Аллаһ елшісіне бият[10] еткісі келгенін айтады. Оны ертіп мешітке апарды. Бірақ сахабалар Умәйрге сенбейтін. Сол үшін оны Аллаһ елшісімен жалғыз қалдырмады. Барлығы еттен, сүйектен жасалған қорған болып, Аллаһ елшісінің айналасында кірпіштен қаланған дуалдай бақылап тұрды. Умәйр мешітке кіргенде, Хақ Сүйіктісі не үшін келгенін сұрады. Умәйр бірталай сөйлеп, ауыз шаршатса да, ешбір сөзімен Аллаһ елшісін сендіре алмады. Соңында екі дүние Сардары: «Ақыры шындықты айтпайды екенсің, онда мен айтайын: Сен Сафуан екеуің пәлен жерде сөйлесіп, келісіп, сен мені өлтірмек болып, осы жерге бел байлап келдің. Қарымына Сафуаннан мұншама түйе алатын едің», – деп, маңайындағыларды да таңдай қақтырды.

Умәйрді мына сөздер шоқтай қарып, балықтай шоршытты. Сосын  өзіне келіп Аллаһ елшісінің қолынан ұстап, мұсылман болды[11]. Кейіннен ғибадатқа терең беріліп, сахабалар арасында «руһбан» (тақуа) деп атанды.

Умәйр мен Сафуанның арасындағы осы әңгімені Аллаһ елшісі қайдан естіді? Айшылық алыс жердегі әңгімені оған кім жеткізді?
Сенгені бар, сенбегені бар адамдар осы жайттарды ой елегінен өткізе берсін, ал біз басқа бөлімге өтейік.


[1] Әбу Абдуллаһ ибн Исмаил әл-Жуфи әл-Бухари (810-869) – хадис ілімінің шоқтығы биік ғалымы. Ең негізгі алты хадис жинағының біріншісі саналған «әл-Жамиус-сахих» кітабын жинастырушы.
[2] Муслим ибн әл-Хажжаж немесе Әбул-Хусәйн әл-Қушайри ән-Нисабури (817-875) хадис ілімінің мәшһүр ғалымы. Бухаридің кітабынан кейін келетін «Сахих Муслим» хадис жинағының авторы.
[3] Бухари, Фитән, 15, Да’уа, 32, Муслим, Фада’ил, 134.
[4] Муслим, Жәннат, 76-77; Нисә’и, Жәна’из, 117.
[5] Ахмад ибн Ханбал немесе Әбу Абдуллаһ Ахмад ибн Ханбал әш-Шайбани (Бағдад 780 - 855) – Фиқһтық (мұсылман құқығы) Сунни төрт мәзхабтың ішіндегі Ханбали мәзхабының құрушысы. «Муснәд» атты хадис жинағының авторы.
[6] Муснәд, 4/360-364.
[7] Бәйхақи Әбу Бәкір Ахмад ибн Хусәйн (ХI ғ) – Шафии мәзхабын ұстанған атақты мұсылман ғалымы, бірнеше сүбелі ғылыми кітаптардың авторы
[8] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 4/348. Бәйһақи, Дәла’илу’н-Нубуә, 5/102.
[9] Халид Мұхаммед Халид, Рижәлун Хаулә’р-Расул, 401 бет.
[10] Сенім білдіру.
[11] Ибн Хажәр, Исабә, 3/36.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.