Ақиқатты айғақтаған

Ол туғаннан Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) еді. Сол үшін де пайғамбарлығын жариялаған кезде де жұрт оған сеніп, сөздерін растады. Иә, барлық әлем оған: «Дұрыс айтасың, Аллаһтың елшісі» деп туралығын паш етіп жатты. Адамдар түгіл, мұғжиза тілімен жаратылыстың әрбір түрі өз атынан уәкіл жіберді. Оған бият (серт) еткендей еді.

Сөз арасында мынаны айта кеткен абзал: Құран мен Пайғамбарымыздың нұрлы баяндарының мінсіздігі соншалықты мұндай дәрежеге философтар ақылымен, әулиелер жүрек «көзінің тереңдігімен тақуа, салиқалы жандар рухани сезімдерін жетілдіру арқылы мұншалықты терең түсінік пен баяндау тәсіліне  жетуі мүмкін емес.

Ақылын яки жүрегін кемелдендіру жолында талай шыңдарды бағындырған алыптар қаншалықты биік дәрежелерге қол жеткізгеніне қарамастан түптің түбінде Құранның және Аллаһ елшісінің ақиқатпен көмкерілген нұрлы баяндарының алмас қылыштан да өткір туралығы мен ақиқаттығын қабылдауға мәжбүр болады. Ардақты пайғамбарымыздың Аллаһ туралы айтқандары осы саланың білгірлері тарапынан расталып, айтқандарының әрбірі негіз болып қабылдануда. Сонымен қатар Аллаһ тағалаға тән сипаттар, өлгеннен соң қайта тірілу мен тағдырға байланысты терең мәселелерді тыңғылықты түрде тепе-теңдікті сақтай отырып, өзі айтып түсіндірмегенде, ғұламалар бұл мәселелерді түсіну былай тұрсын, бұл туралы бір ауыз сөз де айта алмас еді.

Омар (р.а.) былай дейді:
«Бір күні Аллаһ елшісі таң намазынан кейін мінбеге шығып, түскі азан оқылғанға дейін уағыз айтты. Бесін намазынан кейін қайта жалғастырды. Әңгімесі ақшамға дейін созылды. Нендей нәрсеге тоқталды? Қандай нәрседен хабар берді? Бәрін қамту қиын, бірақ сол күнге дейін айтылмаған көп мәселе тілге тиек етілді. Алғашқы жаратылыстан бастап, адамның жаратылысына дейінгі кезеңдер туралы сөз болды. Содан кейін дүние-жалғанды түгел қамтып, қияметке дейінгі адамдардың басына келетін жағдаяттарды баян етті»[1].

Өткеннің тереңіне сүңгіп, Адам атаға дейін барлық пайғамбарларды түр-түсімен суреттей отырып, одан әрі болашаққа көз тастап, махшар, жәннат пен жәһәннамға дейінгі хабарларды алдарына жайып салды.

Алайда ол кітап оқыған не біреуден дәріс алған жан емес. Олай болатын болса, бұлардың барлығын қалай білген? Әрине, осы ғажайып ілімді үйреткен – күллі ғаламның падишасы Аллаһ еді...

Басқа бір жолмен үйренуінің мүмкін еместігін бүгінгі күннің адамдары таңдана растап отыр. Бұл да туралығына бір дәлел.
Өзі өткен-кеткен пайғамбарлар жайында, олардың мінез-құлқын сөз етіп, түр-тұлғаларына дейін бейнелеп айтып берді. Сол күннің «Әһли Кітабы»[2] оның осы айтқандарына қарсылық білдірмей, бәрін растады: «Иә, кітаптарымызда олар дәл сіздің айтқаныңыздай  жазылған»,– деді[3].

Тәурат, Інжілді оқи алмайтын немесе басқа ақпарат алмаған адамның сол кітаптарда аталған, тіпті аталмағаны да бар, бүкіл бұрынғы өткен пайғамбарларды түр-түсімен сипаттап айтып беруі, бұл  жайдан хабары бар дін ғалымдарының сенімді түрде растаулары  Аллаһ елшісінің туралығы мен дағуасының айқын куәсы, бұлтартпас дәлелі емес пе!?

Мұндай мәселелерді түсініп айта білу үшін адам алдымен оларды білетіндей бір деңгейге жетуі тиіс. Біз осы деңгейге жеткен сенімді тұлғалардың сөздерін негізге алып, осы ойымызды қуаттаймыз. Баспалдақтан баспалдаққа шығып, жоғарыға көтерілген сан мың әулие, тақуалар мен ақыл-ойларын ғылыммен нұрландырған хакімдер, даналардың Пайғамбарымыз айтқан баяндарды жоққа шығармауы Пайғамбардың дұрыстығы мен туралығын дәлелдей түседі. Даналардың оны құптауы Расулдың ешқандай жалған сөйлемегеніне көзімізді жеткізеді. Нәбидің айтқандары өз жанынан шығарған немесе жүрек тереңінен жұлқынып шыққан өз сөздері емес. Ол әрқашан иләһи хабарларды ғана айтып, уахидың «жеткізушісі» болған. Сол үшін  барлық кезеңдер мен мекендердің Сөз Сұлтаны атанды...[4]

Біз мұнда  он бес ғасыр бұрын болашақ туралы айтқан хабарларының ақиқатқа айналып, әрбіреуі оның туралығына дәлел бола алатынына баса назар аударғымыз келеді.

Тақырыпты қозғамай тұрып, ғайып жөнінде айта кетуді жөн көрдік. Себебі, ғайыпқа байланысты түрліше пікірлер сақтықпен қарауды қажет ететін қылдай нәзік мәселелер болып табылады.



[1] Муслим, Фитән, 25; Муснәд, 5/341.
[2] Христиан, еврей.
[3] Муслим, Иман, 271.
[4] “Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана” (Нәжм, 53/3-4).



 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.