Әһли кітап
Ислам әлемі өзінен бұрынғы үмбеттерге, яғни, христиан мен яһудилердің әрбір басқан қадамын қалт жібермей бағып, оларға көзсіз еліктейді. Пайғамбарымыз осы жайды:
«Сендер бұрынғылардың соңынан еріп, бір елі қалмай еліктейсіңдер. Тіпті олар бастарын бір кесірткенің ініне тықса, сендер де дәл солай істейсіңдер»[1], – деген қанатты сөздерімен баяндап кеткен.
Сахаба: «бұрынғылар» христиан мен яһудилер ме?, – деп сұрайды. Аллаһ елшісі: «Басқа кім дейсің?» – дейді.
Бүгін Ислам әлемінің жағдайы қандай екені бәрімізге бесенеден белгілі. Бәріміз де белгілі бір жағдайда, діни әрі ұлттық болмысымыздан айрылдық. Халіміздің хадистің сөзімен айтқанда, екі отардың арасында шөре-шөре күй кешіп адасқан қойдан айырмашылығымыз шамалы. Бір замандары өзге мемлекеттердің түбіне жеткен нашар қылықтар бүгін келіп бізді шырмауықтай шырмап алды. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық демекші, біз де есіміз шыға еліктеп, осы аждаһаның ау-торын жаңалық әрі мәдениет санайтын болдық. Батысқа еліктеуде алдына жан салмайтын әлемде дәл біздер секілді ел жоқ шығар. Олардағы жылт еткен әрбір «жаңалық» жаман үйді қонағы билейді дегендей, баса-көктеп, билеп-төстеп төрімізге озатын болды. Оның ақ-қарасын ажыратып жатқан жан болсайшы. Елге енгізу жылдамдығына келгенде, басқа да батыс мемлекеттерін артта қалдырамыз. Алайда Аллаһ елшісі ұсақ-түйек секілді көрінген мәселелердің өзінде де сақтық танытатын[2].
Амал не, тақырып басқа болғандықтан, ол тақырыпты қозғауды жөн көрмедік.
Қазір біздің қозғап отырған мәселеміз – Аллаһ елшісінің сөзсіз болатын осы жайттардан ғасырлар бұрын хабар беруі және әрбір хабардың уақыты келгенде, жүзеге асуы. Әр оқиға Пайғамбарымыздың сүйіншісі мен ескертушісі секілді мерзімі жеткенде, сол айтқан ақиқаттары айдай анық келіп, туралығына куә болуда.
[1] Муслим, ‘Илм, 6; Бухари, Әнбиә, 50.
[2] Қараңыз: Әбу Дәууд, Салат, 88; Муснәд, 5/264-265.
- жасалған.