Бала көретіндей ашық ортада ғибадат ету және дұға оқу
Үй ішінде құлшылыққа арналған арнайы орын болуы керек және арнайы уақыт бөлінуі тиіс. Бес уақыт намаз мүмкіндік болса (мешітке бармаған жағдайда) үй ішінде жамағатпен оқылғаны жөн. Баланы қолынан жетектеп, арагідік мешітке апарып тұрған дұрыс. Бұл, әсіресе, шешесі намаз оқи алмайтын жағдайлар орын алғанда жүзеге асқаны жөн. Иә, шешесі намаз оқи алмайтын белгілі жағдайларда (хайыз болған жағдайларда) бала «намаз оқымаса да, дұға оқымаса да болады екен ғой» деген ойға қалмауы керек, керісінше, мұндай жағдайда ғибадатханаларға барудың маңызды екенін осылай ұқтыруымыз керек. Я болмаса бұл мәселені былай да шешуге болады: «әйел өзіне тән жеке жағдайларда дәретін алып, жайнамазын жаяды. Қолын жайып, дұға жасайды. Намаз оқыған сыңай танытып, біріншіден, сауап алса, екіншіден, баласы да намазға немқұрайды қарамайтын болады»[1]. Тәрбие тұрғысынан мұның маңызы зор. Осының арқасында бала үйден үнемі сәждеге жығылатын маңдайды, жылайтын көзді, дұға үшін жайылатын қолды көріп, құлшылыққа деген ыждағаттылықты байқайтын болады. Әйел адамның кей кездері жаратылысына қарай ғибадат жасай алмайтындығын аңғарғанға дейін, діндегі бұл мәселенің мән-жайын түсіндіргенге дейін әркез мешітке қолынан ұстап жетектеп апарып тұрғаныңыз дұрыс.
Уақыты келгенде азан оқыла салысымен, балаңыз: «Әке, намаз уақыты кірді», – деп өзіңізге ескертетін болады. Жұмысқа айналып «Аллаһу акбарды» естімей қалғанда, «Намаз» деп дауыстайтын болады. Үйреткен нәрселеріңізді кейін өзі сіздің есіңізге салып тұратын болады.
Бұдан бөлек Аллаһқа арнайы дұға жасайтын бір сағат уақытыңыз болғаны жөн. Алдын-ала белгілеп қойған бұл сағатта сіз Аллаһқа қол жайып, Жаратушы-ның алдында ішкі мұңдарыңызды ақтарып, пенденің қай кезде де сүйенері Ұлы Жаратушы екенін іс жүзінде көрсетуіңіз керек. Дұғаларыңызды сыртқа естіртіп айтқаныңыз мақұл. Аллаһ елшісінен жеткен дұғаларды сахабалар соның өз аузынан естіген. Ондай дұғалардың көпшілігін Айша анамыз (р.а.) жеткізген. Бұл тұрғыда Али, Хасан мен Хұсейіннің (р.а.) жеткізгендері де бар. Олай болса, сіздер де маңайыңыздағыларға естіртіп тілек тілеңіз, бұл олардың қалай дұға жасау керектігін үйренуіне себеп болады. Егер балаңыздың сезімтал болғанын, Аллаһтың аты аталғанда бей-жай қалмауын қаласаңыз, о баста өзіңіз сондай болғаныңыз жөн.
Өмірімде өзім куә болған біраз жайттар баршылық, есіме түссе болды іштей тебірене еске алам. Әжемнің діндарлығы маған айрықша әсер етті. Ол кісі қайтыс болғанда, мен әлі кішкене бала едім. Ислам дініне қатысты сөз қозғалғанда яки Құран оқылғанда, ол дереу тыпырши бастайтын. Тіпті оның қасында «Аллаһ» деп сәл қатты дауыстап жіберсеңіз, сол мезетте-ақ оның өңі бозарып, реңі қуқыл тартып, күні бойы жүзінен соның әсер-табының кетпегенін байқайтынсың. Менің жан дүниемнің қалыптасуында әжемнің көп әсері болды. Хат танымаса да, оқымаса да, ол кісінің дін дегенде емешегінің езіліп тұруы, білгенін істеуге деген шынайы ықыласы, не істесе де бар пейілімен істеуі, кемсеңдеп жылауы маған ерекше әсер еткені шындық. Мен сол кездің көптеген ғұламаларынан дәріс алдым. Олардың небір керемет сұқбаттарын тыңдадым. Алайда әжемнің әлгіндей қылығынан алған тәрбием мүлдем бөлек еді. Ондай тәрбиені мен басқа ешкімнен алған емеспін. Тіпті, мен мұсылманшылықты бойға сіңіруімде жалпы алғанда әжеме, әкем мен шешеме, солардың ыстық ықыласына борыштармын деп білем.
Сірә, тақырыптан ауытқып барамыз, мәселеге қайта оралсақ. Отбасында ата-ананың өз іс-әрекеттерін нақты белгілеп, әрбір қадамын есеппен басуы аса маңызды. Жоғарыда да айтып өткеніміздей, белгілі бір сағатта Аллаһқа бар ішкі тілеуіңізді ақтарып дұға етуіңіз, «алдыңа келдім» деп іштей егіліп, естен танғаныңызды, әсіресе, баланың қасында да Аллаһқа бар жүрегіңізді арнап, ашық түрде дұға етуіңізді олардың көріп естуі өте маңызды. Сіздің ең үлкен мәселелердің бірі деп білген ақыретіңізді ойлап, соның қамын жегеніңізді көруі, соны ойлап үмітпен көзіңізге жас алғаныңызды білуі ешқашан оның есінен шықпайтын болады. Әсілі, біз құлшылықты жасағанда Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық жасауымыз керек. Намаздағы иіліп-бүгілген рукуғымыз, әттәхиятқа отырғанымыз, сәждеге жығылуымыз – бәрі де Аллаһты еске салатындай болуы тиіс. Аллаһтың құзырындағы жағдайымызды былай бейнелеуге болады: Біз Аллаһпен бетпе-бет келіп тұрғандаймыз. Ұлы Жаратушы «Ей, құлым, тұр, өміріңнің есебін бер» дейтіндей. Біз болсақ, оның рақымын тілеп ұлылығының алдында екі бүктетіліп қол қусырамыз. Оның ұлылығын біліп, өзіміздің түкке тұрғысыз бейшаралығымызды сезініп, өзіміз үшін әрі жақындарымыз үшін дұға ету де қандай ғибратты!
Әлсіз бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менің Аллаһпен бірге болатын бір сәтім бар. Ол сәтте маған періштелер де, басқалар да жақындай алмайды»[2], – деген.
Иә, Аллаһпен бірге болатын бір сағатымыз болғаны дұрыс. Жастайынан көріп-өскен осындай жайттар уақыт өте келе баланың құлшылық-ғибадатқа деген сана-сезімін оятады. Иә, болашақта түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келгенде, жадында сақталып қалған бұл жайттар оның көмегіне жарайды.
Бұған тосырқап қараудың еш реті жоқ, өйткені «Юсуф» сүресінде Құран кәрім бізге мынадай психо-логиялық мәлімет ұсынуда. Анығында, біз Зылихамен жеке қалғанда Жүсіп пайғамбар (а.с.) іштей жаман ойға барды деп айта алмаймыз, алайда Құран кәрім: «Егер Раббысының дәлелін көрмегенде!»[3] дейді. Анық-қанығы қаншалықты пікірталасқа себеп болса да, ірі мүфәссирлардың (тәпсірші, түсіндірмешілер – ауд.) айтуынша, Құранда айтылған «бұрһан» деген сөздің мәні –Яқуб аләйһиссаламның рухани түрде көзіне елестеп, қолымен қаққандай ишара жасап «Әй, Жүсіп!» деп қатқыл дауыстауы. Міне, осы қысылтаяң сәтте абай болу керектігін аңғарған Жүсіптің аузына «Аллаһтан қорқам»[4] деген сөз түседі.
Міне, осы секілді түрлі күнәларға барғызбауда сіз-дің көз жасыңыздың, әрі іштей қатты қайғыруыңыздың маңызы зор. Бұлар баланың санасында мәңгі-бақи қалып қоятын жайттар. Бала қандай да бір жамандыққа беттесе, дереу көз алдына сіз елестеп, «Әй, балам, мұның не?» деп тұратын халге жетеді. Үнемі оған жол көрсетіп, сізден көргендері оның көмегіне жарайтын болады, әрі түрлі қауіп-қатерден сақтайды.
[2] Әжлуни, Кәшфул-хафа, 22/173-174.
[3] «Юсуф» сүресі, 24-аят
- жасалған.