Құрани тәрбие
а) Құран шәкірті – «құл» түсінігіне ие
Құранның шәкірті залым, қатігез, өзімшіл, деспот, тиран емес. Ол бар болғаны құл ғана, Құдайдың құлы. Құран үнемі адамның Аллаһтың құлы екенін есіне салып, құл болудың үлкен абырой екеніне баса назар аудартады. Құранның тәрбиесі арқылы адам өзінің Аллаһқа құл екенін ұғынса ең үлкен адамгершілікке қол жеткізген болып саналады. Ардақты елшінің ең тамаша қасиеті Аллаһтың құлы болуы еді (абдуһу уә расулуһу) «құлы әрі елшісі». «Кейбір имамдардың айтуынша, арабшадағы бұл уау мұтлақ жәм[1] үшін қойылған, бұл жерде реттілікті көрсетіп тұрған жоқ. Реттілікті білдіріп тұр дегендерге құлақ түрсек, Аллаһ елшісінің әуелі құл болғандығын көреміз. Бұл тұста да өте нәзік мәселе бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) елші болмай тұрып та Аллаһтың құлы еді, өзі қайтыс болып елшілігі біткеннен кейін де Аллаһтың ең беделді, ең абыройлы құлы болып қала берді. Барлық нәрсенің тіні үзіліп, тірлігі тоқтаса да Құдайға құл болуы ұдайы жалғасады. Иә, барлық нәрсе, пайғамбарлық, әулиелік әрі осыған қатысты барлық міндеттер бітеді. Бітпейтін бір-ақ нәрсе бар, ол – әзал және әбад сұлтаны, яғни мәңгі-бақи тірі Аллаһқа деген құлдық.
Аллаһтың «Әй, адамдар, құлшылық қылыңдар»[2] дегеніне мүминдер күніге қырық рет қол қусырып Алаһтың құзырына келіп «Тек қана Саған құлшылық қыламыз»[3] дейді.
Мүмин – ең зор мақұлыққа да бас имеген арлы құл. Ол тек Аллаһтың ғана алдында бас иетін пенде. Осы тұрғыдан келсек, ол сырттай төменшіктегендей көрінер, ал шындығында өз биігінде сұлтан болып қалады. Мүмин ешқашан перғауындардың алдында қол қусырып, бас имейді, өйткені пайғамбарлардың өмірі осы орайда тамаша үлгі-өнегеге толы. Олар Мабуду мұтлақ (Абсолютті ақиқат) пен Мақсуду бил Истихқақты (Ақиқаттың мақсаты, яғни Жаратушыны) дара деп танып, зорлықпен күштесе де ешкімнің алдында бас имеген.
Ойша Пайғамбарымыздың өмір сүрген дәуірін көз алдыңызға келтіріңіз: кеудесіне қыздырып темір басылған Аммар ибн Ясир, күн сайын басына тиген тоқпақтардан ес жия алмай жерге құлаған Мұсғаб ибн Умәйр, аштықтан қалжырап әл-дәрмені қалмаған Сағд ибн Әбу Уаққастарды көріп, Хақ тағалаға құл болудың осыншалықты үлгі-өнегесіне куә болып бас шайқайсыз. Кейінгі ғасырлардағы адамдардан да (деңгейлерінің айырмашылығы өз алдына) осындай рухани тереңдікті көруге болады. Иә, әр кезеңде әділетсіздікке қарсы тұрып, әділеттіліктің ақ туын желбіретіп, зұлымдық пен құдайсыздықтың көзін жойған арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, алып тұлғалар болған. Құранды жетекшілікке алған, Құран үшін өмір сүрген алып тұлғалар.
Ұйым құру, топ құру, конгресс өткізу, ақы-пұл секілді түрлі игіліктерді дәметіп жұмыс істеу – бұлар оңай істелетін істер. Иә, бұлар – ең оңай нәрселер. Маңыздысы, дүниелік әрі ақыреттік ештеңе дәметпестен ақиқатқа жақ болу және осы өміршең міндетті мәң-гілікке дейін алып жүретін, ештеңе дәметпейтіндей өте арлы (хасби), өзгелердің бақыты үшін өмір сүретін Аллаһқа құлдықтан басқа ештеңе іздемейтіндей уыздай ұрпақ тәрбиелеу. Бұлардың бар арманы Құран шәкірті болу, одан басқа атпен аталуды ойға да алмайды.
ә) Кішіпейіл әрі Аллаһтың алдында тым қарапайым
Құран шәкірті кішіпейіл келеді. Оны сырт көз тым қарапайым көруі мүмкін, бірақ ол ондай емес. Ол өте жұмсақ, кішіпейіл, бірақ Жаратушыдан басқаға бас имейтіндей өте арлы әрі табанды. Оның ішкі түйіні өте мықты. Ол мұндай нәрсені ширк деп санайды. Құранның шәкірті сырттай пақыр әрі әлсіз боп көрінеді. Бұл да оның басқа бір қыры, өйткені әлсіздігі мен пақырлығы Аллаһқа қарай биіктеуі үшін екі қанат тәрізді. Ол өзінің әлсіздігі мен осалдығын ұжданында сезінген сайын Жаратушы Иеге деген сенімі бұрынғыдан да арта түседі.
Ардақты елші (с.а.с.) секілді «Қас қағым сәтке болса да, бізді нәпсімізбен оңаша қалдырма»[4] (жетегіне еріп кетуден сақта) деп тілеуден жалықпайды. Міне, әлжуаздық пен пақырлықтың, осалдықтың мұндай ішкі тереңдігі ол үшін нұрлы екі қанат тәрізді. Ол өзіндегі әлсіздік, әлжуаздық және осалдықты сезінген сайын әлсіздік пен әлжуаздықтың қанаттарымен үнемі Жаратушыға құлшылыққа құлшыныс білдіріп, Соның ғана разылығын іздейді.
б) Мақсаты – Аллаһтың разылығы
Құран шәкіртінің мақсаты, ой-арманы Жасаған иенің разылығына кенелу ғана. Ол жанарын үнемі разылыққа ғана тіктеп, өзіне Аллаһ тағаланың: «Уа, мұтмайын нәпсі (Жаратушыға шәк келтірмей, пәк ғұмыр кешкен жан), Раббың сенен разы, сен де Раббыңнан разы күйде Соған қайт»[5] дейтін разылығын күтумен күн өткізеді.
Жүсіп (а.с.) да «Уа, раббым! Мүліктен маған (нәсібімді) бердің, маған түс жоруды да үйреттің. Уа, көктер мен жерді жаратушы! Сен бұл дүниеде де, ақыретте де менің иемсің. Мені мұсылман ретінде өлтіріп, ізгілердің қатарына қоса гөр!»[6] деген сөзімен сол асқақ арманды аңсайтынын ұқтырған еді. Мысырда биік дәрежеге жетіп, көп жыл жылаудан көзі талған, мұңды әкесінің көз жасы тыйылып, өзіне жамандық жасаған бауырларының бәрі келіп қасына бір қатарға тізілгенде, зор жақсылыққа кенеліп, көңілі асып-тасқанда Аллаһқа осылай деп жалбарынуы тереңірек зерделеуге тұрарлық аса маңызды мәселе.
Демек, бұл дүниелік барлық рахат, бақыт пен түрлі қуаныштан артық үнемі салмағын сездіретін, жүректің толық қанағаттанатын бір кезі бар, ол Жаратушы Иенің разылығы.
Мүминнің бүкіл күш-жігеріндегі мақсаты – Аллаһ разылығына қол жеткізу үшін құлшылық жасау, еңбе-гінің жемісіне ақыретте ие болу. Дүниеде жүргенде бір жақсылыққа тап болса, Аллаһ тағалаға мақтау айтады. Аллаһтың алдында басын иіп, сәждеге жығылады. Иә, мүмин тек қана Аллаһтың разылығын ойлайды, Құран кәрімде көптеген аяттар осы мәселе төңірегінде түскен.
«Маған, дін мен ғибадатымды тек қана Аллаһқа арнап, шын жүрекпен Соған құлшылық жасауым бұйырылды»[7]. «Былай де: мен ғибадатымды тек қана Соған арнап, тек қана Аллаһқа құлшылық жасаймын»[8].
«Оларға ширктен алыстап, тек қана бір Аллаһқа ғибадат етулері, намазды тура оқып, зекет беруі бұйырылды»[9] секілді аяттармен мүмин үнемі ықыласқа бөленіп, Аллаһтың разылығын алуды көздеуі тиіс.
д) Өмір заңы өзара көмек
Құран өмір заңы ретінде бауырластық пен өзара қарайласуды негізге алған. «Жақсылық пен (Аллаһтың тыйымдарынан) сақтану турасында бір-бірлеріңе көмектесіңдер, күнә мен дұшпандықта бір-бірлеріңе болыспаңдар. Аллаһтан қорқыңдар, өйткені Аллаһтың жазасы тым ауыр»[10].
Иә, мүминдер діннің әмірлерін ұстанып әрі басқалардың да осалдыққа берілмеуі үшін бір-біріне көмектесуі керек, бір-біріне қол ұшын созып, тура жолдан ауытқымауға тырысуы керек. Ұмытпағанымыз жөн, Ислам дінінде адамның қоғамдық, әлеуметтік өміріне айрықша мән берілген. Оны көркейтіп, жалғастыру – көкейтесті мәселе. Олай болса «Жақсылық пен тақуалықта бір-бірлеріңе көмектесіңдер»[11].
Өйткені өмір күрестен тұрмайды, ол өзара көмекке, бір-бірін сүйеніш тұтуға негізделген. Атомдар өсімдікке, өсімдіктер жануарларға, жануарлар азық ретінде бізге қажет. Оның заңдылығын өмірдің барлық құбылысынан байқауға болады. Ауаның, топырақтың, судың атомдары, атомдар мен атом бөліктері өзара көмек негізінде тіршілік етеді.
Мүмин ғаламға осындай өзара көмектесудің мекені ретінде қарайды, «ғалам бастан-аяқ өзара көмектесуден тұрады екен» дейді. Олай болса адам да ғаламдағы осы жалпы үйлесімге үлес қосып, осы симфония мен ырғақты бұзып алмау үшін мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созуға асығуы керек.
г) Арамыздағы байланыс бауырмалдыққа негізделген
Құран мүминдердің арасындағы байланысты бауырмашылдықтың үлгісі ретінде сипаттаған. Барша мұсылмандар арасында осындай байланыс орнауы тиіс, осы байланыс аясында бауырмашылдық сезімі нығаюы қажет. Әсіресе, Ислам дініндегілер бір-біріне бауырмал болғаны жөн. Өйткені «Мүминдер бір-бірімен бауыр ғана»[12]. Мүмин жер бетінде иман еткен адамдардың барлығына бауыр деп қарап, ғаламды «мәхд-и ухууат» (бауырластық бесігі) деп білуі тиіс.
ғ) Хақ мәселесі
Құранның тәрбиесі «күштің» орнына «ақиқатқа» сүйенеді. «Кімдікі шындық болса, сол күшті» дейді. Бүгін әлсіз болса да, біреуден зәбір көрсе де, болашақта Аллаһтың қолдауы әрі көмегімен ақиқаттың жеңіп шығатынына сенеді.
Мүминдердің көзқарасында кім ақиқатты жақтаса, соған құрмет көрсету ізеттілік саналады. Сол себепті хазірет Омар (р.а.) халифа болып тұрған кезінде бір жолы өзге дін өкілімен қазыға жүгінеді. Қазы қасына шақырып, өз жанына отырғызбақ болып Халифаға ілтипат көрсетеді. Сонда Омар (р.а.) оған қабағын шытып, әділеттілікті ұмытпауын ескертеді.
Құраннан тыс пәлсапалық жүйелердің әсер-ықпалына түспеген мүмин «Ғасырға серт етемін, адам баласы зиянда. Бұдан тек иман етіп, ізгі іс жасағандар, бір-бірлеріне хақты айтып, сабырға шақырғандар ғана бөлек»[13] деп аятта айтылғандай, үнемі әділ әрі адал өмір сүруге шақырады. Акифтың айтқанындай:
Жаратушының көркем есімдері бар, ең әуелгісі Хақ,
Құлға ақиқатты жақтау – қандай абыройлы іс.
Сахабаларымыз бір-бірлерінен айырыларда
Міндетті түрде «Аср» сүресін оқитыны бар емес пе?!
Өйткені ол сүреде игілікке кенелудің сырлары жасырын,
Әуелі ақиқатқа сенім келеді, артынша ізгі іс.
Кейіннен хақ, кейіннен табандылық, міне, ботам, адамдық,
Осы төртеуі бір жерде болса, сен ешқандай қорлық көрмейсің.
Хақтың бар екендігін мойындағанда ғана не нәрсенің де мәні кіреді. Заттардың көлеңкесі ақиқат болса, ол да Аллаһтың Хақ сипатына сүйенеді. Ал «Хақ» есімі – Аллаһ тағаланың есімдерінің ішіндегі ең ұлыларының бірі.
Мүмин кім ақиқатты айтса күш сонда деп біледі. «Хақ ұлы әрі асқақ, ақиқатты елеусіз қалдыруға болмайды», бұл Ислам ұстанымы. Сол себепті, ақиқат үнемі асқақ, еш нәрсе оған тосқауыл бола алмайды.
[2] «Бақара» сүресі, 21-аят
[3] «Фатиха» сүресі, 4-аят
[4] Әбу Дәуіт, Әдеп 101; Мүснәд, 5/42.
[5] «Фәжр» сүресі, 27-аят
[6] «Юсуф» сүресі, 101-аят
[7] «Зүмәр» сүресі, 11-аят
[8] «Зүмәр» сүресі, 14-аят
[9] «Бәйинә» сүресі, 5-аят
[10] «Маида» сүресі, 2-аят
[11] «Маида» сүресі, 2-аят
[12] «Хұжурат» сүресі, 10-аят
[13] «Аср» сүресі, 1-3-аяттар
- жасалған.