Отағасының міндеті
а) Бала өмірге келмей тұрып алдын-ала дайындалу. Бұл дайындықтың негізгі бөлігі үй-жай, азық-түлік, киім-кешек секілді материалды қажеттіліктерді қамтиды.
ә) тәлім-тәрбие. Балаға жақсы есім қою, емізу, оны бағып-қағу мен жас шамасына қарай тәр-биелеу.
б) тәрбиедегі жауапкершілік
в) жанұядағы ересектердің өзінен кішілерге үлгі болуы, оларға Ислам негіздерін үйретуі.
Кеңірек тоқталсақ:
а) бала өмірге келмей тұрып алдын-ала дайындалу
Ұрпақтың жақсы ортада жетілуі
Тұқымды экологиялық таза, ластанбаған, құнарлы жерге егудің маңызы қандай болса, бала үшін саф ауаның, таза судың да маңызы сондай, оны мейірім-шуаққа бөлеп, оны ізгілікке тәрбиелеу ұрпақтың сапалы болып өсуінде ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар Бұхари мен Мүслім жеткізген Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Бақытсыз адам анасының құрсағында жатқанда-ақ бақытсыз, бақытты адам анасының құрсағында жатқанда-ақ бақытты»[1] деген хадисін білудің де маңызы зор.
Иә, ананың құрсағында жатқан баланың бақытты немесе бақытсыз екендігі анықталғанға дейін бар-лық сақтық шараларын жасау керек. Баланың ана құрсағындағы қорегі – анасының іс-әрекеттері; ата-анасының бұрынғы және кейінгі қылықтары да баланың бақытты немесе бақытсыз болуында үлкен рөл ойнайды.
Мына жайтты ерекше есте ұстаған жөн, біздің таңдау еркіміз бен іс-әрекетіміз есепке алынбастан тағдыр жазылмайды. Біздің қалай және қандай таңдау жасайтынымызды, қайтіп адым аттайтынымызды, бұл іс-әрекеттеріміздің нәтижесі қандай болатынын алдын-ала білген Ұлы Жаратушы біздегі ықтиярды негізге ала отырып, барлық нәрсені соған сай жаратады. Қаншама сәби көз ашқан ортасы мен басқа да келеңсіздіктер салдарынан бақытсыз. Мұндайлардың арасында бақытты болып жатқандар болса, онда бұл Аллаһ тағаланың айрықша мейірім шарапатынан деп түсінген жөн.
Иә, ағаштың жеміс беруі тұқымның қалай егілгеніне байланысты. Әке-шешесі баласына жегізген бір түйір харам астың өзі оны мәңгі-бақи бақытсыз етуі мүмкін. Тұқым бисмиллаһсыз себілген болса, одан қайырлы нәтиже күту қиын. Әу баста дұрыс ниетпен басталмаған істен оң нәтиже күту қиын, бола қоюы да екіталай. Біз сөйтсе де үзілді-кесілді пікір айтудан аулақпыз. Себебі, Әбужаһил секілді мүшріктен Икримә сынды ұлдың тууы, имандылыққа бет бұруы қиын деген отбасылардың өзінен иманды ұрпақтың шығуы мүмкін екендігін көрсетеді.
Құран кәрімдегі: «Ол сондай Аллаһ сендерді бір-ақ кісіден (Адамнан) жаратқан және оған бақытты болсын деп жұбайын (Хауа ананы) жаратқан. Ол жұбайына жақындасқанда, жұбайы жеңіл түрде жүкті болды. Аяғы ауырлаған кезде, Аллаһқа: «Егер бізге игі бала берсең, әрине шүкір етушілерден болар едік» деп жалбарынды»[2] деген аят, бір жағынан, бала дүниеге келмей тұрып ерлі-зайыптылардың өз қалауы болу керектігін, екінші жағынан, Аллаһтан ізгі ұрпақ тілеу керектігін ескертеді.
Адал ырзықпен асырау
Ата-ана міндеттерінің бірі – өз асының адалдығына көңіл бөлумен қатар, бала-шағасына да берер нәпа-қасының адал болуына мән беруі керек. Мұсылман адам өз жанұясындағыларға харам не күмәнді тағам ұсынар болса, ондай адамның үйленуінің өзі харам немесе мәкрүһ екендігін жоғарыда ескерткенбіз (алайда бұл мәселенің талқылауға ашық екенін айта кеткен жөн). Ешкімнің басқаға харам асты ұсынуына хақысы жоқ.
Қарауымыздағы отбасы мүшелері мен бала-шағамызды адал рызықпен асырап, бағуға міндеттіміз. Көпшілік-қауым «Көппен көрген ұлы той, неғылар дейсің» деп заман өзгерісі мен дәуір ығына жығылса да, біз ұрпағымызды харамға жақындатпау жағын ойлауымыз керек. Әсілі, харам жолмен тапқан табысымыз, сол табыспен күн көрген ұрпағымыз тозақтың жиіркенішті заққумы (тозақтағы бір ағаш) секілді бір күні міндетті түрде біздің жанымызды жараламай қоймайды, әйтеуір бір опық жегізеді.
Бала дүниеге келгенге дейінгі міндеттерімізді мінсіз орындасақ, онда сәбидің бақытты болатындығына үлкен үмітпен қарай аламыз. Алайда ішкен-жегеніміз харам, киген киіміміз харам, өміріміз де хараммен былғанған болса, ұрпағымыздың болашақ бақытына өз қолымызбен балта шабамыз.
Иә, харамды ішіп-жеп, хараммен тыныстар болсақ, шайтанға ерген боламыз. «Шайтан адамның тамырларында қанның айналғанындай айналып жүреді»[3] деген хадистің мағынасы, көп жағдайда шайтанның азғыра алатындығын көрсетеді. Тіпті, қан түйіршіктеріне де әсер ете алады. Нәтижеде, біздің қанымыз болып табылатын үрім-бұтағымыз жаманшылыққа, бақытсыздыққа душар болады.
Сондықтан әу бастан бала-шағаны бағып-қаққанда, ішіп-жемі мен киер киімі және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз еткенде, діннің шарттарын ескеруіміз тиіс. Яғни, кез келген харам нәрсеге жолатпауымыз керек.
Хадистерде айтылғандай, киген киімі харам, ішкен асы да харам адам егер Қағбаны тәу етіп, «Ләббәйк Аллаһүммә ләббәйк»[4] деген қасиетті сөзді қажылық пен ихрамда айтқан болса, Аллаһ оған: «Лә ләббәйк уа лә садәйк» дейді. Бұл оның ғибадатын қабылдамағаны, яғни «Ләббәйк те, сағдәйк те өзіңе» дегені.
Сол үшін сабақты инемізге болса да харам араласпауын, баламыздың ешкімнің ала жібін аттамауын жіті қадағалауға тиістіміз. Сәл бір қателік жіберген жағдайда Аллаһқа жалбарынып, кешірім тілеуіміз керек. Мына нәрсені ерекше есте ұстаған жөн: біздің еккен тұқымымыз заққум ағашындай не өзгелерді улайды, не болмаса тамырын тереңге жіберіп, мәуесі мен жемісін төгіп, жапырағымен, саясымен адамзатқа қызмет етеді, қоғамның өркендеуіне, бақытты болуына өз үлесін қосады.
ә) Тәлім-тәрбие
Аллаһ елшісі (с.а.с.) өсиет еткеніндей, балаға естігенде құлаққа жағымды, тартымды, мағыналы есім қою – ата-ананың алғашқы міндеттерінің бірі. Балаға ат қоюға ерекше мән берген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Пайғамбарлардың есімімен ат қойыңыз. Әсіресе, Әзіз әрі Ұлы Аллаһ тағала үшін ең сүйікті есім Абдуллаһ (Аллаһтың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) болып табылады. Есімдердің ең дұрысы Харис (табысқор, ақыретте бақытты) және Хұмам (қадірлі) саналса, ең жаманы Харб (соғыс, қаталдық) және Мүррә (сараңдық) есімдері болып табылады»[5] деп бұйырған. Сондай-ақ, Алла елшісі (с.а.с.) сол шақта «Асия» (қарсы шыққан) деген соғыс пен дұшпандық мағынасындағы есімдерді «Жәмила»[6] (әдемі, көркем) деп өзгерткен болатын.
Балаға ат қойғаннан кейін, емізудің мән-жайы немесе емізбеген жағдайда, сәбидің рызығы мен тәр-биесіне қатысты мәселелердің кезегі келеді.
Әрбір жаңадан туылған сәби пәк күйінде дүниеге келеді[7]. Бейне қылаудай дақ түспеген аппақ қағаз дерсің. Бұл қағазға қалаған нәрсеңізді жазасыз, бірақ Аллаһтың разылығын алатын жайттарды жазуға тиістісіз. Бұл ақ қағазға біздің жазбағымыз періштелер мән беріп, махшарда есеп таразысына тартылғанда оң жағы ауыр басатын игіліктер болуы керек. Яғни, түбі Аллаһтың разылығына жеткізетін пайғамбарлар көрсеткен ақиқат жолды нұсқауға тиістіміз.
Жас өскіннің рухына өшпестей етіп өнеге мен ғибратты уақытылы сіңіріп отыру ата-ананың өз ұрпағының алдындағы басты парызы саналады. Иә, әрбір ата-ана күннің белгілі бір уақытын бала тәрбиесіне арнағаны ләзім. Тәлім-тәрбиенің өзге қырларын алдағы бөлімдерде қозғаймыз.
Жанұя – тәлім-тәрбиенің ең әуелгі ошағы-ордасы, ең бірінші мектебі-медресесі. Әке-шеше тәлім-тәрбиеге бөлген уақытын өз жеке басы үшін жасайтын дұға мен зікірлеріне, басқа да жұмыстарына арнаған уақытынан жоғары бағалауы тиіс. Аллаһты таныту, бүлдіршіннің жас мөлшері мен талғам-түсінігіне сай имандылықты жүректеріне бекіту, ата-ананың жеке бас істерінен де жоғары тұруы керек. Егер сіз үйіңізде бетімен кеткен ұл-қыздарыңыздың тәрбиесіне көңіл бөлмей, Қағбаны тәу ету үшін қажылыққа шықсаңыз, ішкі ар-ұжданыңыз «Бала-шағаны тәрбиелеуді шетке ысырып, қайда бармақшысың?» деп мазалайтыны белгілі.
Әке баласына дінді танытуы, Құран оқып, жаза білуін, тіпті, атқа мінуді, суға жүзуді, заманына сай өзін-өзі қорғай білуін де үйретуі тиіс. Баланың ақыл-ой, күш-жігерін тек жекпе-жек спорт түрімен ғана шектеп қоймай, өмірі мен денсаулығына және ертеңі үшін пайдалы спорттың өзге де түрлерімен шұғылдануына жағдай тудыруымыз керек.
б) Тәрбие берудегі жауапкершілік
Осы тақырыпқа орай мұсылман ғалымдарының бірі мынадай пікір айтқан:
«Іс-әрекетіңнің жемісі ретінде балаңның өзіңнен екендігін, жақсылығы мен жамандығының да саған қатысты екендігін біл».
Жарық дүниемен қош айтыспай тұрып бақилық болатындығы Пайғамбарымызға (с.а.с.) алдын-ала білдірілген еді. Бір күні Ардақты елші (с.а.с.) сахабалармен бас қосқанда: «Құлға дүние мен ақырет таңдауы берілгенде, ол ақыретті таңдады» деп қалды. Мұнымен нені меңзеп отырғанын сол мезетте ұққан Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Аллаһтың елшісі, әке-шешем жолыңа садаға кетсін!»[8] – деп еріксіз жылап жібереді. Иә, Әбу Бәкір сыддық айтылған «құлдың» Аллаһ елшісінің өзі екендігін бірден ұғып еді. Бұдан кейін де Пайғамбарымыз қоштасу хұтпасы кезінде, тағы да: «Көп ұзамай «Дінді айтып, түсіндіре алды ма?» – деп сендерден мені сұрайды, сонда не деп жауап бересіңдер?» – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз міндетін қалтқысыз, адал атқарған болса да, жауапкершілігімді мінсіз атқара алдым ба деген уайымы жоқ емес-ті. Алайда адамзаттың мақтан тұтар тұлғасының сөзі мен ісі астасып, әрбір әрекетінде өнеге мен ғибраттың төгіліп тұратындығы, жұрттың оған қылаудай да сенімсіздік тудырмауы, досы түгіл дұшпанына да адал болуы, дінді асқан біліктілікпен, көркем үгіттеуі, оның ақау атаулыдан ада, пәк тұлға болғандығын көрсетеді. Сол үшін де бүкіл мұсылмандар бір жағынан Аллаһ елшісінің о дүниеге сапар шегетінін біліп, екінші жағынан кемшіліктен пәк екенін біле тұра үмбетіне әлгіндей сауал тастауы, онсыз да үгітіліп тұрған олардың көңілдерін одан сайын егілтіп, жүректерін езіп жіберген болатын. Олар сай-сүйегі сырқырап тұрып, Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Сен өз міндетіңді толық атқардың» деп жауап қатты. Расулаллаһ сұқ саусағын жоғары көтеріп: «Аллаһ тағалам, куә бол, Аллаһ тағалам, куә бол, Аллаһ тағалам, куә бол»[9] деп үш рет қайталады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетінен мойнына артыл-ған зор жауапкершілікті қалай атқарғандығын сұрай отырып, сахабаларын куә еткен еді. Ал, қазір бала-шағамыздан: «Менің сендерге дұрыс тәрбие беріп-бермегенімді сұрайды, не деп жауап бересіңдер?» – деп сұрай аламыз ба?! Я болмаса, олардың «Иә, сіз өз міндетіңізді дұрыс атқардыңыз» деп жауап беретініне сенімдіміз бе?! Жағдай бұлай болмаса, онда тұйыққа тірелгендігіміз, сондықтан Имам Зейнул Абидин «Аллаһтың құзырында олардан жауапқа тартыласың» деген сөзден қатты қорқып: «Иә, Жасаған ием, балаларымның тәлім-тәрбиесінде маған көмек бере гөр!» – деп жалбарынған. Адам баласының ең маңызды, ең шынайы мәселесі – ұрпағын кемелдікке тәрбиелеу, олардың ертеңгі мәңгілік ғұмырына арқау бола білу.
Кейде балаларымызға сыйлықтар алып, қуандыр-ғымыз келеді. Тіпті қажылыққа барып, қасиетті Қағба мен Аллаһ елшісінің мазарын зиярат еткен шақта да балаларымызды естен шығармаймыз. Ең қауырт, ең көкейтесті мәселелердің өзі оларды ұмыттыра қоймайды. Шынтуайтында, балаларымызды ұмытпау деген сөз оларды Ислам әдебімен тәрбиелеу дегенді білдіреді. Ақыретте олардың мәңгілік қуанышқа бөленуіне себеп болудан асқан сыйлық жоқ.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді:
«Балаларыңызға ілтипат көрсетіңіздер, оларды ең жақсы түрде тәрбиелеңіздер»[10]. Иә, осы айтылған жолмен балаларымызды тәрбиелей алсақ, бұл оларға жасаған ең үлкен жақсылығымыз болар еді.
в) Жақсы үлгі-өнеге көрсету
Әрбір мүмін ата-ана балаларының Құран кәрім аясында қоғамның ізгі де кемелді мүшесі болып өскенін ойлайды. Алайда олардың бұл ізгі ойлары нақты іске аспаса, намаз, ораза, қажылық, зекет секілді құлшылықтарға немқұрайлылық танытса, ауызбен айтқан жақсы сөздері жақсы амалға айналмаса, жасаған амалы айтқан сөзінен асып түсіп жатпаса, айтқандары баланың құлағына кіруі былай тұрсын, тіпті өзіндік кері әсерін де тигізуі мүмкін. Балаға ықпал еткісі келген ата-ана өзі айтқан өсиетін әуелі өздері толық орындауы керек. Содан кейін барып өзгелерден талап еткені жөн.
Имам Ағзамның басынан өтті деген мына бір оқиғаны көтеріп отырған мәселемізге арқау етуді жөн көріп отырмын:
Бір бала балды шамадан тыс көп жейді екен. Әке-шешесі қанша әрекет жасаса да, баланың бұл әдетін қойдыра алмапты. Тіпті болмаған соң бір күні Имам Ағзамға барып ақыл сұрайды. Имам: «Қырық күн өткен соң баланы маған алып келіңіздер» дейді. Қырық күннен кейін келгенде, Имам Ағзам балаға «балды көп жеме» деп ескертеді. Айтқанындай содан бастап бала бал жегенін сап тияды. Бұған куә болған кісілер имамға: «Бұл ақылыңызды алғаш келгенде-ақ айтпай, неге қырық күн күткіздіңіз?» – дейді. Сонда Имам Ағзам:
«Маған баланы алғаш әкелген күні өзім де бал жеген едім. Егер өзім жасаған істі басқаға жасама десем, насихатымның әсері болмас еді. Балдың әсері ағзамнан толық кеткенше қырық күн күтуіме тура келген себебі сол», – деген екен.
Сөздің тура болуымен қатар істің де туралығы аса маңызды, өйткені баланың көз алдында сөзіміз бен ісіміз бір жерден шықпай, бір-біріне қайшы болып жатса, бұл олардың бізге деген сенімін азайтары хақ. Жалған сөйлегеніңізді аңғарған немесе сөзіңіз бен әрекетіңіздің үйлеспегенін көрген баланың алдында сіз сенімнен жұрдай боласыз. Титтей ағаттығыңызды байқап қалса, сізден суынып, біртіндеп бойын аулақ ұстай бастайды. Ондай кезде айтқан сөздеріңіздің ешқандай әсері қалмайды.
Демек, біз сөзіміз бен әрекетіміздің бір-бірінен алшақ кетпеуіне мән беруге тиістіміз. Сонда олар өз әкесі мен шешесін нағыз үлгілі ата-ана ретінде көретін болады. Олар бойымыздан шындықты, салмақтылықты, салиқалықты, табандылықты, сезімталдықты көріп, бізді үлгі алуы керек. Үлгі-өнегесін балаларына осылай дарыта білген ата-аналар бір жағы ұлағатты ұстаз болып табылады.
[2] «Ағраф» сүресі, 7-189-аяттар
[3] Бұхари, Ахкам, 21; Уәд’үл-хақ, 11; Иғтикат, 11, 12; Әбу Дәуіт, Саум, 78; Сүннә, 17; Әдеп, 81; Ибн Мажә, Сиям, 15. Бұл – қажы-лықта және ихрам (қажылықта киетін арнайы киім) киген кезде айтылатын қасиетті сөздердің бірі. Мағынасы: құлдық ұрып ал-дыңа келдік деген сөз.
[4] Хайсами, Мәжмауз-Зәуаид, 3/210; 10/292.
[5] Мүснәд, 4/45
[6] Мүслім, Әдеп, 4; Әбу Дәуіт, Әдеп, 66; Тирмизи; Әдеп 62.
[7] Бұхари, Жәнаиз, 92; Әбу Дәуіт, Сүннет, 17; Тирмизи, Қадар, 5.
[8] Мүслім, Фәдаилус-сахаба, 1; Тирмизи, Мәнақыб, 15.
[9] Бұхари, Фитән, 8; Хаж, 132; Мүслім, Қасәмә, 31.
[10] Ибн Мажә, Әдәп, 3.
- жасалған.