Жақсы орта әзірлеу
Бұл жолы балаға жақсы орта әзірлеу мәселесіне тоқталайық. Қазіргі дамыған елдерде мектеп ауласында немесе басқа да орындарда балаларға арналған саябақ, балабақша, т.б. нысандардың болуына көп көңіл бөлінеді. Оның жайлы ортада өсуі, отбасының уақытын алмауы, барлық жағынан қамтамасыз етілуі баланың санасы сергек, ойы ұшқыр болып өсуіне жағдай жасайды. Бұлар егжей-тегжейлі ойластырылып, пайдасы мен зияны есепке алынып барып жасалады. Бала өзінің жан сарайын ашатын, жетілдіретін, адами қасиеттерін шыңдайтын, тіпті Раббысымен қатынас құра алатындай рухани ортаға да мұқтаж. «Баланың ортасы» дегенде осы жағы да ойластырылуы керек. Біз келесі кезекте осы мәселеге қатысты жайттарды сөз етеміз.
а) Дос таңдау
Баланың өз құрбы-құрдастары арасынан дінге құрметпен қарайтын достар табуына жағдай жасау аса маңызды. Жағдай жасап қана қоймай, ата-ана бұны қадағалап отыруы қажет. Оның Отанға, ұлтқа, дінге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайтындай болып өсуі үшін міндетті түрде тоқпақтап қысым көрсетудің қажеті жоқ, бағыт-бағдар беріп, жол көрсетсеңіз жетеді. Баланы үнемі қадағалап, «көздің қарашығын» кім көрінгенге сеніп тапсырмау керек. Адам өзі танымайтын біреуге сағатын да сеніп тапсырмасы анық. Мәселен, танымайтын біреу сізге келіп: «Бауырым, бұл жақта ұры-қары көп, әмияның мен сөмкеңді маған бер, мен сақтап берейін» десе, сіз оған келісер ме едіңіз? Әрине, жоқ! Танымайтын адамға сөмкеңізді де, әмияныңызды да аманаттамасыңыз анық. Олай болса, көшедегі кім көрінген біреуге бауыр еті балаңызды қалай аманаттамақсыз, оларға қалай қадағала демекшісіз. Меніңше, мұндай «қайшылыққа» ұрынбау керек.
Иә, жақсы дос табу мәселесі де ата-ананың мойнында. Сағдидың «Гүлстанда» айтқанындай, жаман дос жыланнан да жаман. Оның тұзағына бір түсіп қалсаңыз, не шағады, не қандай да бір келеңсіздікке ұшыратады. Жақсы дос періштеден де жақсы. Бірге жүрген кездері үнемі періштелермен жүргендей жаныңыз жадырап сала береді.
«Әркім сүйгенімен бірге». Бұл – пайғамбар сөзі. Олай болса, ата-аналар үшін баласына дос табу аса маңызды. Баланың сана-сезімінің қалыптасуында дос-жарандарына көңіл бөлмей болмайды. Егер баланың бойынан жаман әдеттер байқалса, оны араласып жүрген жандардан дереу ажыратып, өзіміз сенетін басқа біреулерге табыстауымыз керек. Тіпті өзі туған ауданда маңайында бұзық балалар көп болса, баланы мүмкіндігінше олардан алыс ұстауға тырысу керек, тіпті болмаса басқа мектепке ауыстырып, басқа ауданға көшірген жөн. Алайда ол жерде де достық құратын балалардың діндар, арлы-ұятты балалар болуына көңіл бөлуіңіз керек.
Бала қай жерге барса да, діни әсерді сезінгені жақсы, ой-өресі жоғары жандармен араласуы керек. Анасы, бәлкім, аштықтың азабын тартып, әкесі ақшасын шығындар, бірақ сонда да Аллаһтың өзін әрі баласын азаптайтын күннен қорқуы тиіс, әрі жылан-шаянға айналатын ата-ана болудан сақтануы қажет. Кейде бала дәріс оқу не үй тапсырмасын орындау үшін біреудің үйіне баруы мүмкін, мұндай кезде де үнемі балаңызды қадағалап отыруыңыз керек.
Иә, бала өз достарының үйіне барып тұруы керек, алайда араласатын жора-жолдастарының иманды, тәрбиелі болуын жіті қадағалаған жөн. Міне, осындай жанұяларда тәрбиеленген балалармен достасуына, осындай жанұяларға барып бірге дәріс оқуына кедергі келтірмей, қайта қолдау білдіру керек. Ал, керісінше, баратын үйі күнәдан бас алмайтын я болмаса ойы бұзық кісілермен араласса, онда балаңыздың тәрбиесі кемиді.
ә) Дінге деген шынайылыққа баулу
Балаларыңызды діни мерекелерге, мешітке, жама-ғатқа апарумен қатар діни әндер орындалатын, мәуліт-шәріп оқылатын жерлерге де апарған жөн. Бұл дінді кеңірек тануға септігін тигізеді. Бала тыңдайтын әуеннің өзі бойға діни құндылықтарды сіңіріп, адамгершілік сезімдерді оятып, Аллаһқа деген шынайы махаббат ұялатқаны құба құп.
Бірақ мынаны да ескерген артық емес, кей мұсыл-ман елдерде мәуліт оқыту жыл сайынғы салтқа айнал-ғандықтан, кейде мәуліт аса бір құлықсыз оқылатын кездер болады. Егер бұндай мерекелерде мәулітхандар мен қарилардың оқуында жасандылық я селқостық сезілетін болса, баланы ондай ортаға апармаған жөн, өйткені бала діндарлардан ешқашан жасанды мінез, рия амалдарын көрмеуі тиіс. Иләһи айту немесе мәуліт қасидасын оқу, түптеп келгенде, рухани тазару үшін жасалады, сондықтан мәуліт оқушы басқалардың жүрегін қозғап, көңілін босататындай ықыласпен оқуы керек. Ал, өмірі жылап көрмеген адамның «Иә, Аллаһ тағалам, сені еске алған сайын екі көзге ерік беріп егіл-тегіл болам» деп мәуліт қасидасын оқуы қып-қызыл өтірік. Мұндай өтірікті естіген баланың жан дүниесі жарығы болғанымен жылуы жоқ, шұғыласы болғанымен шуағы жоқ, суық сәулеге айналады.
Бала кезімде «Иә, Аллаһ тағалам, сені еске алған сайын қорқам» деген мағынаға саятын арабша бір сөй-лем жазғанымда, неге екенін, бойымды бір үрей билеп, қолымдағы қаламым сусып жерге түскен еді. Естелік ретінде әлі күнге оны сақтап келем. Қорықпастан, мен қалай «Иә, Аллаһ тағалам! Сені еске алғанда қорықтым» дегеніме қарадай қысылып, жерге кірердей ұялдым. Иә, айтқан сөзі көлгір, көзіне ешқашан жас келмейтін, алайда қолын жайып ұялмай-қызармай «Көз жасымызды көлдетіп алдыңа келдік» деген рияшылдық балаға жақсы өнеге бермейді.
Мұқият байқасаңыз, мәуліт пен иләһиді бір жағы-нан діни мереке ретінде қолға алып, баланың рухани өміріне енгізу тұрғысында бір негіз ретінде қарастырып, екінші жағынан оны өтірік, рия, көзбояушылыққа апаратын қылықтардан алшақ ұстауды да ақыл-ой мен қисынның, дін парасаттылығының үлгісі деп есептейміз, өйткені бала күпірден алыс болған сайын риядан да жиренуі тиіс. Дінді адалдықтан іздеп, оған іштей сенбей, сырттай дабыра салғанды емес, көңілінің ақтығын, жүрегінің пәктігін, ішкі тебіреністерімен қоса жеткізетін адамдарды тыңдатуыңыз керек.
Біздің діни түсінігіміз осыны талап етеді, өйткені осы айтылған жайтты сахабалардың өмірлерінен де көреміз. Бұл – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) түсінігі болғандықтан, сахабалардың басқаша ойлауы мүмкін емес. Бұл ұстанымды қабылдаған кезімізде діннің негізі болып табылатын бір мәселені де мойындаймыз. Әйтпесе кейде қате түсінікке ұрынған кезімізде балаларымыз бен немерелеріміздің рухани жүдеуіне жол ашқандай боламыз. Ең дұрысы, баланы бойын риядан аулақ ұстайтын байсалды әрі байыпты діндар адамдармен таныстыру.
Байқап отырсаңыз, мұнда иләһи яғни діни әнді тыңдап-тыңдамау тұрғысында сөз қозғап отырған жоқпыз, тек бала риядан аулақ болып өссе екен дейміз. Қандай орта болсын балаға үлгі болатындай шынайы жандар кездескені жөн.
б) Кімдермен араласатындығын анықтау және орын таңдау
Шаңырақтың берік болуына қажетті алғышарттарға алдында тоқталғанбыз. Негізі, ата-анасы жақсы қада-ғалап отырған әрі жақсы тәрбие көрген бала сыртқы ортаның жағымсыз әсеріне берілмейді, бірақ сонда да жіті қадағалап отыру артық емес. Бала тіпті қалам-қағаз, т.б. ұсақ-түйек зат алмақ болса да, біз баланы жаман сөз естімейтін, жағымсыз әсер алмайтын жерге жіберуіміз керек. Бала зұлымдықты, күпірлікті насихаттайтын кітаптар сатылатын дүкендерге бармауы тиіс. Ойы бұзылып, жан дүниесі қарайып, көзқарасы өзгермеуі тиіс. Ол қай жерге бас сұқса да Аллаһқа, дінге қатысты ишара-белгілермен жолығуы тиіс. Тағы да еске сала кету керек, баланың қалам-қағаз, өшіргіш, дәптер алатын жерлерінің өзін ата-анасы таңдап бергені жөн, баланың сәл де болса шалт басуына мүмкіндік бермеу керек.
Бала киім тіктіру үшін шеберханаға барса да, ол жерден руханиятқа қайшы нәрсе көрмеуі тиіс. Тіпті сол жерде отырған уақытының өзінде дін турасында, елдің өркендеуі мен өсуі жайында әңгіме қозғалып, шебер қолына инесі мен матасын тігіп отырған кезде де, қасына келгендерге өзімізге тән рухани реңді дарытуға тырысуы керек. Тілімен, бүкіл сана-сезімімен ақиқатты түсіндіріп, бар сезінгендері арқылы шындықты жеткізіп, қолындағы матаны аударып-төңкеріп отырып, ой әлемімізді де сан мәрте қиып, қырқып жөндеп шығуы тиіс. Бұлар қатты қадағалануы тиіс күнделікті, тұрмыстық жағдайлар, істелетін істер бұдан да арыда.
Мұндай қамқорлықты баланы адамдардан аулақтату деп ұқпауымыз керек. Керісінше, бұлар баламыздың жақсы қалыптасуына жасалған жағдайлар ретінде қаралуы тиіс. Мәселені бүге-шігесіне дейін бұдан да кеңірек қолға алсақ, балаға өте діндар шебер табу керек. Шебер қолындағы тігін машинасының құлағын бұраған сайын «Аллаһтың атымен» дегенді білдіретін «бисмиллаһ» деуі керек, шүмекті ашып, суды ағызарда да, отырғанда да, тұрғанда да, қысқасы, барлық ісін «бисмиллаһсыз» бастамауы тиіс. Мұндай шаштаразыңыз жоқ болса, бұл бала тәрбиесімен толық айналыспағаныңызды білдіреді.
Осыған қатысты маңызды бір жайтқа назарыңызды аударғым келеді. Тойға бару діни міндет әрі жауап-кершілік. Ғаламның Төресі бір хадисінде былай деген: «Сіздерді тойға не жүзік тағу рәсіміне шақырса, барыңыздар»[1]. Пайғамбарымыздың бұл бұйрығы сөз-сіз орындалуы тиіс. Мұндай бұйрықты естіген әр мүмин «қылша мойным, талша» дері анық. Алайда діннің тағы бір ұстанымына күнә жасалатын тойға бармау да жатады. Олай болса, егер баланың көріп тамашалайтындары тәрбиесін бұзатын, оны түрлі күмәнға салатын болса, әрине, ондай тойға бармағанның өзі жақсы.
в) Бала көретін теледидар бағдарламаларын таңдау
Үйінде теледидары бар мүмин балаларының көретін бағдарлармаларына да қырағылық танытуы тиіс. Теледидар көру күнә емес. Бұл айтқанымыз теледидарға қарсы екенімізді білдірмейді. Алайда теледидар арналары мен бағдарламаларын іріктеу бүгінгі күні өзекті болып табылады. Бүгінгі күні Түркия Республикасының үкіметі де бұл мәселеге көңіл бөліп, кей бағдарламалардың, әсіресе, жас балалардың тәрбиесіне кері әсерін тигізетіндігіне алаңдаушылық танытып, түрлі шаралар қолдануда. Расында да, кейбір көрсетілімдер жастардың тәрбиесін бұзып, ішкі сенімдеріне сызат түсіруде, жан дүниелерін қарайтып, бұзақылықтарға итермелеуде. Мәселен, баланың табиғатына жат теледидар бағдарламасын тамашаласаңыз, бұл әрекетіңізбен ұрпағыңыздан бастап өз шаңырағыңыздағы адамдарды іштей аздырып отырсыз деген сөз.
Бұл айтқандарымыз адам игілігіне қызмет ететін ғылым-білімге, жалпы даму мен техникаға, өзге ғылым салаларына қарсы насихат деп ұқпаңыздар. Біз техниканың адамзаттың бақыты мен игілігіне жаратылуын жақтаймыз, әрі оның жетілдірілуін қолдаймыз. Аллаһтың осындай нығметтерін таным, мәдениет, денсаулық, медицина, т.б. салаларда кәдеге жаратқанды жөн көреміз. Мәселеге осы тұрғыдан келу ешқандай керітартпалықты, көнені көксеуді білдірмейді. Нағыз керітартпалық кейбір теледидар арналарының жастар тәрбиесін бұзып жатқанын көре тұра үндемеу болса керек.
г) Құрани тәрбиемен өсіру
Кез келген ортаға тез бейімделгіш баланың күнәға бой үйретпеуіне көңіл бөліп, пәк күйінде өсуіне жағдай жасау, жанұядан көрген діни құндылықтардан сыртта жүргенде де алшақтатпау, сыртқы ортаның ауанын жанұяның ішкі жылылығымен үйлестіру де ата-ана, мұғалім және тәрбиешінің міндеті.
Әсілі, күш атаулы зорлыққа негізделген, әділеттілік табан асты етілген аласапыран уақыттарда адамгершілік мінезді сол күйі сақтап қала білу аса маңызды. Айталық, ұрпақтың Құран тәрбиесімен тәрбиеленуі, Құран мінезін бойға сіңіруі, үнемі ақиқатты жақтайтындардың қатарында болуы, ең алынбайтын күшке де мойымайтындай күйге келуі ұлттың өміршеңдігі мен жалғастығының ең маңызды негізі деп ойлаймын. Неге десеңіз, әрі сезім мен ұждан әлемінде, әрі шынайы өмірде кемел қоғам үлгісі тек Құран арқылы ғана жүзеге асқан.
Тарихқа айшықты таға қағып, таңба қалдырған, мың жылдан аса уақытты нұрландырған сол бір ғажап Ислам жамағаты Құранның шуақты аясында алқызыл тудай биікте желбіреп, асқақ та алыс әлемге түрен тартты. Мұндай жамағаттың пайда болуы, тарихтың барысын өзгертуі адамзаттың ең таңғаларлық оқиғасы болды. Осынау кемел қоғамды құрған жеке адамдар ешқандай ой, ешқандай пәлсапамен санасын кірлетпеген, қайта Құранның тұнығынан қанып ішіп осындай пәк те періште күйге жеткен.
Пайғамбарымыздың тәрбиесі де, мінезі де тұнып тұрған Құран еді. Ізінен ергендер де Құранға құлақ салып, Құран самалымен тыныстап, Құранмен өмір сүріп, көктеп-көгерді. Ал сырттай Құранмен байланысы бардай көрінгенімен бұндай кемелдікке жете алмағандар қасиетті кәламның өзегіне бойлай алмаған шолақ ойлы жандар.
Құранды түсіну, сонымен тірілу қасиетті кітаптың өзегіне қаншалықты бойлай алуға байланысты. Терең сыры мен сымбатына үңілмей, тек ұғымдары мен сөздеріне ғана алданғандар, Құдай біледі, сауап алса да маржан терген сауапқұмар жандарға айнала алмайды. Құранмен байланысымыз тұрғысындағы негізгі мәселе – оны жүрек, сана, ақыл-ой тұрғысынан әрі жан сарайымызбен алпыс екі тамырымызды иіп сезіне білуде жатыр. Міне, дәл осылай үңіліп ынта қойғанда ғана Аллаһтың бізге деген ықыласын сезініп, су тиіп, жарық түсісімен дереу көктеп шыға келген өскін тәрізді жайқалып бой көтереміз. Аяттардың әр сөзінде, әр сөйлемінде түрлі тереңдіктерге бойлап, рухымыздың шырайын тамашалаған сәтте көктердің де шырайын тамашалау өрісіне жетеміз.
Меніңше, осындай негізде ғана жаңа ұрпақ тәр-биелеуге болады. Артынша «ізгілер сабақтастығы» өз жалғасын тауып, Құран бүкіл сырларымен көкірегімізге сәулесін құяды. Бұндай байлықпен ілімнен иманға, иманнан мағрифатқа биіктеп, онымен тілдесу деңгейіміз өсіп бұрынғыдан да іштей тереңдікке құлаш ұрамыз, асқан тереңдікке жетіп, Аллаһ тағаланың сөздеріндегі тұңғиық астарлы мәнді басқа қырынан ұғамыз. Иә, үйренгенін дереу іске асыратындай Құранға шәкірт болу оның ішкі кеңістігін аралауға жол ашады. Ал Құранға деген байланысымыз бен құрметіміз тек көзқамандық-тан аспай, өзегіне бойлай алмасақ, оған жақындаған сайын жат тартамыз. Адамдар қанша уақыт Құран рухынан бейхабар жүріп, оның байлығын өмір сүру үлгісіне айналдыра алмаса, сонша уақыт бақытсыздықтан көз ашпады деген сөз. Құранмен байланысты тағы бір маңызды нәрсе: бүкіл адамзаттық құндылықтарды игілікке асыру. Қолдағы мәліметтерді қозғаушы күшке айналдырып, Құран үкімдерін жағдайға, шарттарға және даму деңгейімізге қарай пайдалана білуіміз керек. Осы айтылғандар іске асырылса, адам өз жаратылысына сай екі дүниеден де өз орнын тауып, тоз-тоз болып кетуден арылады.
- жасалған.