Үйленудің шарттары
Дінімізде үйлену мәселесіне айрықша мән берілген. Бұған қоса, Ислам ғалымдары некеге жауаптылықпен қарауды аса маңызды діни мәселе ретінде қарастырған. Үйлену немесе неке мәселесін парыз, уәжіп, сүннет, харам, мәкрүһ деп жіктеп, әркімнің жеке басының жағдайына қарай үкім белгілеген. Басқаша айтсақ, үйлену әркімнің рухани өресіне қарай әр түрлі сипат алуы мүмкін. Кей адамдар жасы келгендіктен үйленеді. Кейбір жандардың үйленуі уәжіп болса, енді бірінің мұндай қадамы мәкрүһ болуы мүмкін. Алайда тек тәндік ләззат үшін үйленген адамның болашақта қоғамға пайдалы жанұя немесе бала сыйлауы күмәнді.
Ислам ғалымдарынан – Ханафилар мен Маликилардың бұл мәселеде көзқарастары көбінесе бір жерден шығады, ал араларындағы бірлі-жарлы айырмашылық мәселенің ішкі қалтарыстары мен егжей-тегжейі төңірегінде. Біз сөз еткен көрнекті Ислам ғалымдарының пікірі бойынша некені төмендегіше жіктеуге болады:
а) Парыз болған үйлену
Зина жасап қою, яки харам істерге ұрыну қаупі төнген, мәхір төлей алатын, отбасын асырай алатын, бірақ нәпіл ораза ұстауға шамасы жоқ адамның үйленуі – парыз. Яғни харамға аяқ баспау үшін үйленуі керек, харам іс жасап қою қаупі төнген жастарға ең абзалы үйлену. Өзіне де, қоғамға да жат жолға түсіп, үйленуден тартыну адамның өз табиғатына қарсы шығуын білдіреді. Сондықтан өз табиғатына жат мұндай әрекетке адамның бармағаны дұрыс.
ә) Уәжіп болған үйлену
Үйленген жағдайда мәхір төлей алса, жанұясын асырауға шамасы жетсе, харам іс жасау қаупі болмаса, тек іштей сәл қобалжып жүрген болса, ондай адамның үйленуі – уәжіп. Бұл жалпылама халықтың емес, кейбір фиқыһ саласымен айналысатын білгірлердің айтқаны.
б) Сүннет болған үйлену
Зина жасау қаупі жоқ, бірақ үйленуге ниеті бар адамның үйленгені – сүннет.
в) Харам болған үйлену
Үйленген жағдайда харам жолдан ғана күнкөрісін қамтамасыз ететін болса, жанұясын бағу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге немесе парақорлық секілді лас істерге баратын болса, ондай адамның үйленуі харам, немесе жоқ дегенде мәкрүһ. Бұл үкімді жұбайына жәбір көрсететін кісілерге де қатысты деп санаған ғалымдар баршылық.
г) Мәкрүһ болған неке
Харам іске баратыны немесе біреуге қиянат жасайтыны анық болмаса да, сондай ықтимал жағдайда жүрген адамның үйленуі – мәкрүһ.
д) Мүбаһ болған неке
Табысы адал, зина жасау ықтималдығы жоқ, мәхір беретін жағдайы бар, ісінде тыңғылықты адамның үйленуі мәмдух не мүбах. Ондай адам қаласа үйленеді, қаламаса үйленбейді.
Имам Шафиғи (р.а.) былай дейді: «Неке – шын мәнісінде мүбах іс. Алайда харамға жоламау үшін уәжіп болады». Әсілі, осы тұста Шафиғи мәзхабы да ханафилардікіне ұқсас пікір айтуда. Жанұясын асырай алса да, алмаса да, мәхір берсе де, бермесе де, зина жасап қою қаупі туған жағдайда Имам Ахмәд ибн Ханбәл барлық адамның үйленуі парыз деген көзқарасты жақтаған. Негізі бұл көзқарастарды зерделер болсаңыз, олардың бір-бірінен тым алшақ кетпейтінін байқайсыз.
Біз осы мәселелерді қозғай отырып, жұбайлардың бас қосуының дінде қандай мақсаттарды көздейтінін білдіріп, үйленуге атүсті, жеңіл қарауға болмайтындығын ұқтыруға тырыстық. Егер мұндай аса маңызды мәселе барлық жағынан көңілге қонымды ұстанымдарға сүйенбесе, сот орындары жесір әйел мен жетім балалардың дауларынан көз ашпайтындығы сөзсіз. Дін осылардың барлығын әу бастан таразылап, соңы осындай келеңсіздіктерге ұшырататын некелесуді харам не мәкрүх секілді категорияларда қарастырып, көбіне сезім жеңіп кететін мұндай мәселеде ақыл, қисын мен ішкі есепті алдыға шығарады. Бұл жерде баса айтқымыз келіп отырған жайт, үйленудің адам өміріндегі өте маңызды мәселе екендігі, үйлену арқылы қоғамның ең маңызды бөлшегі – жанұяның құралатындығы. Осы себепті үйленуді ойға алғанда оны жеке адамның қажеттіліктерін ғана қанағаттандыратын жайт ретінде емес, тұтастай бір қоғамның, елдің көсегесін көгертетін, тіпті ғаламдық мәселе ретінде пайымдау қажет. Ал адамның тәндік тояттауы мен ләззат алуын осындай ұлы мақсатты жүзеге асыру үшін адам баласына Аллаһтың берген кішігірім сыйы деп түсінген жөн. Былайша айтқанда, ұрпақ жалғасуы, ұлт байрағын желбірететін адамгершілігі мол ұрпақ өсіруі үшін берілген ынталандыру «сыйлығы» деп ұғынған жөн.
Бұл мәселеге Ислам діні ерекше мән береді. Үйленерде барлығы жан-жақты ойластырылуы тиіс, бір жерінен мүлт кетпейтіндей мұқияттылық танытқан жөн. Мүлт кеткен жағдайда шаңырақ опырылып ортаға түсуі мүмкін.
е) Дәлелдерді талқылау
1. Хасан дәрежесіндегі бір хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Үйленіңіздер, көбейіңіздер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігін мақтаныш етемін»[1] .
2. Басқа бір хадисте былай дейді: «Уәлуд, яғни көп бала табатын әйелдермен үйленіңдер»[2] .
3. Тақырыпқа қатысты тағы бір аятта былай делінген: «Араларыңдағы бойдақтарды, сондай-ақ қолдарыңдағы құл, күңдеріңнің де дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Аллаһ өз игілігімен байытады. Аллаһ (игілігі) өте кең әрі білуші»[3] .
Неке қидыруға тұрмысы көтермейтін, жұмсайтын қаржысы не мәхірі жоқ, жанұяны асырауға қабілетсіз адамға келсек, Аллаһ тағала оны өз кеңшілігімен байытқанға дейін сабыр сақтауы тиіс, харамға бой алдырмай, арлы өмір сүруі керек.
Осы соңғы айтылған ой сырттай қарағанда алдыңғы айтылғандарға қайшы келетіндей көрінсе де, түптеп келгенде, бәрі бір шындыққа тіреледі.
Айталық, «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен үмбетімнің көптігін қиямет күні мақтаныш етем» деген хадистің астары мынадай түрлі ойға жетелейтіндей: Аллаһ елшісінің үйленіңіздер, көбейіңіздер деп күткен ұрпағы расында мақтаныш болуға жарамаса, ондай некенің мән-мағынасы жоқ. Маңдайы сәждеге тимеген, қуыс кеуде, пасық пиғылды, бұзылған, кісі қанын арқалаған арсыз ұрпақтан не үміт, не қайыр?! Пайғамбарымыздың күткен ұрпағы дінді білетін, Аллаһтың бұйырғандарын орындайтын, басқаларға да дінді үйрететін ұрпақ болса керек. Құран кәрім бұл тұста былай дейді: «Байлықтарыңыз бен ұрпақтарыңыз – дүние тіршілігінің сәні, мәңгілікке уәде берілген игі істер болса, Раббыларыңның есебінде анағұрлым сауап жағынан артық, үміт етуге де анағұрлым тұрарлық»[4].
Иә, барлық ісіңізді ақыретті есепке алып жасайтын болсаңыздар, сіздер Аллаһ тағалаға, Аллаһ тағала да сіздерге разы болатын жолдасыздар деген сөз.
Осы пайымдаулардың нәтижесінде мынадай тұжырымға барып отырмыз: үйленудегі негізгі мақсат – Аллаһ тағала мен елшісі разы болатындай ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Сол себепті діндар, ұлтжанды, жанұясына қамқор, бала тәрбиесін ерекше қадағалайтын кісілер ұрпақ сүю мәселесінде екіұдайылыққа бармауы тиіс. Өйткені мұндай иманды ұрпақтың көбеюі мұсылман үмбетінің жүзін жарқын ететіні сөзсіз.
Біз қозғап отырған мәселемізге орай Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жастарға қарата айтқан мына бір кеңесі де өте маңызды.
«Уа, жастар! Араларыңнан үйленуге мүмкіндігі барлар үйленсін. Үйлене алмағандар ораза ұстасын! Өйткені ол – харамнан қорғайтын қалқан»[5] .
Жалпы алғанда, ораза ұстау тәннің қуаты мен құмарын ретке келтіріп отырады. Әрі асқазанның тазаруына септігін тигізіп қана қоймай, адамды жаман әдеттерден, нашар қылықтардан тыяды. Ораза ұстаған адамның ағзасы Аллаһтың қалауымен тазарып, жеңілденіп қалады.
Екіншіден, үйлену аса байыпты мәселе. Ақыл мен қисын елегінен әбден өткізіп алмай, қалай болса солай бас қосқандардың шаңырағы, өкінішке қарай, әдетте ұрыс-керістен көз ашпайды. Бақытсыз жанұяда өскен балалардың қажетті тәрбиені ала алмайтыны, әке-шешесі бола тұра тірі жетім болып өсетіні, кейде өз ата-анасына, қоғамға жаны ашымайтын, безбүйрек болып, жат тартып кететіні белгілі. Батыс елдерінің көбінде кездесетін қасіреттің астары осында. Ол елдерде үйлену өте байыпты мәселе ретінде, қажетті ұстанымдар негізінде қарастырылмайды. Бірқатар аса маңызды өміршең мәселелер адамның күнделікті қажетіндей қабылданып, мақсат аясы барынша тарылтылып, түпкі мәнінен ажыратылған. Бүгінгі таңда Еуропа, кешегі Рим жағалаған жардың ернеуінде, бір аттаса ажал құшудың алдында тұр. Өйткені жанұя жарасымы бұзылған, халқы тексіздікке салынған ұлттың ешқашан көсегесі көгермейді.
Бұл келеңсіздікке шіркеудің, әлеуметтанушылардың, тәбиешілер мен ойшылдардың қалай қарайтынын білмеймін, менің бар білетінім, жетесіздік пен қияңқылыққа бет алған қоғамның алысқа бармайтындығы.
[2] Әбу Дәуіт, Никах, 3; Нәсаи, Никах, 11.
[3] «Нұр» сүресі, 32-аят
[4] «Кәһф» сүресі, 46-аят
[5] Бұхари, Никах, 2; Мүслім, Никах, 1,3; Сыям, 43; Ибни Мажә, Никах, 1.
- жасалған.