Тәрбие

Бізде «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөз бар. Шынында да солай!

Бала тәрбиесінде ата-анасы диетаға отырған адам секілді тәрбиенің өлшемдерін қатаң сақтауы керек.

Бес жасқа дейін баланың түпсанасы кез келген ақпаратты тез қабылдап алатын аса қабілетті кезеңі, сол себепті де осы аралықта балаға қолдан келгенше жақсы үлгі көрсету қажет.

Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағындағы көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты. Бүлдіршіндер мен жастар адамның рухын шыңдап, жігер беретін ортада ақыл-ойы ұшқыр, көргенді боп өседі.

Адам – арам ниеттен қаншалықты алшақ тұрғанына қарай адам болмақ. Жүрегі лас сезімдермен шырмалып, рухы нәпсіқұмарлықтың қыспағында қалғандардың бейнесі адам тәрізді көрінсе де, олар «мұндай құрметті атқа лайық па екен?» деп ойлану қажет. Тәрбиенің тәндік жақтарының қандай болуы керектігін бәрі біледі, бірақ адам үшін ең қажеттісі – оның ой-сезімін дамытудың мәнін ұғынған адамдар некен-саяқ. Негізінде, біз сөз еткен тәрбиенің бірінші жолы арқылы тәнқұмар адамдар, екінші жолы арқылы жүрегі мен рухы асқақ адамдар өсіп жетіледі.

Ұлттың игілігіне көрсетілетін қызмет оның пайдасыз масылдарын, зиянкестерін, қаскөйлерін жойып жіберумен емес, жас буынды ұлттық мәдениет пен ұлттық тәрбие арқылы адамдықтың тұғырына шығарумен өлшенеді. Дін мен тарихты құрметтеп, салт-дәстүрді берік ұстанған қасиетті тұқымдарды еліміздің барлық түкпіріне егіп, көгертпейінше, көзі құрыған жаман адамдардың орнын арам шөп сияқты басқасы басатын болады.

Балаларға оқытылатын кітап мейлі өлең-жыр, не қара сөз болсын, адамның ойына қозғау салатындай, рухын шыңдайтындай, үміт пен жігерді жанитындай болуы керек. Сонда ғана ерік-жігері күшті, ақыл-ойы түзу ұрпақ өсіп шығады...

Қыз баласын болашақта өз ұрпағының тәрбиешісі болатындығын ескере отырып, гүл сияқты нәзік, биязы һәм мейірімді етіп өсірумен қатар, ақиқаттың қорғаушысы ретінде де қайсарлыққа тәрбиелеген абзал. Әйтпесе, олар әлсіз әрі қорғансыз боп өссе, өз бойындағы нәзіктік пен ибалықтың құрбанына айналуы ғажап емес. Ұрғашы арыстанның да арыстан екенін естен шығармау керек.

Тәрбие өзінше бір ғажайып әлем және жақсы тәрбие алған адам қандай құрметке де лайық. Иә, адам оқымаған қараңғы болса да, оны ізеттілігі үшін жақсы көруге әбден болады. Ұлттық рух пен ұлттық тәрбиеден мақұрым халықтар дөрекі, надан әрі желөкпе, қаңбақ адамдарға ұқсайды. Олардың достықтарында опа, қастықтарында шынайылық жоқ, яғни жау боп жарытпайды, не дос боп опа таптырмайды. Мұндайларға сенгендердің үміті үзіледі, оларға арқа сүйегендер қиын-қыстау сәтте жалғыз қалады.

Ұлағатты ұстаздың алдын көрмеген, қайнар бұлақ-тан қана ішпеген тәрбиешілер басқалардың жолына шырақ ұстаған соқырлар іспетті. Баланың бойындағы арсыздық, тәрбиесіздік – оның бауырындағы бұлақтың лайланғандығын аңғартады. Отбасындағы кикілжің, берекесіз өмір және т.б. барлығы жинала келе баланың рухында көрініс табады. Әрине, содан соң қоғамда...

Білім ошақтарында басқа пәндерге мән беріл-геніндей, тәрбие мен ұлттық мәдениетке де баса назар аударылуы керек. Сонда ғана отанды жаннатқа айналдыратын рухы биік, байсалды ұрпақтар өсіп жетіле алады. Мұғалімдер көп, бірақ тәрбиеші бола алғандар тым аз.

Пайдалы болғанына қарамастан ұлттық мәдениет пен ұлттық тәрбиеге өте аз мән беріліп келеді. Күндердің күнінде осы мәселені қолға алатын болсақ, халқымыз-дың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатын боламыз.

Туа бітті талантты адамдар болады. Атақты шайыр Имрүл-Қайыс мектеп босағасын көрмеген. Эйнштейн сабақтан қашып кетеді екен. Өйткені олар бөлекше ойлайтын қабілетке ие. Ньютон математикадан төмен баға алған, алайда жасаған теориясы математикаға құрылған. Ал біз болсақ, өз шөмішімізбен басқаның қазанындағы сорпаны сапырып жүрміз.

Рухы айнадай таза, көргенін сол сәтте қаз-қалпында түсіріп алатын фотоаппарат секілді балалардың алғашқы мектебі – отбасы, алғашқы тәрбиешісі – анасы. Сол себепті де ананың бойындағы қабілеттерді тұншық-тырып алмай, тәрбиелеу – ұлт болашағының кепілі.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.