Жаратылыстағы үйлесімділік пен ақырет
Ғалам мен адам арасында өте тығыз бір байланыстың бар екені анық. Бұл байланыс қос тіршіліктің екеуінің де жаратушысы бір екенін дәлелдейді. Көзге көрінетін, естілетін, дәмі татылатын нәрселердің бәрін кім жаратқан болса, адамға көру, есту және дәм сезу түйсігін сыйға тартқан да Сол.
Мейірімге мұқтаж жандарды жаратқан және адам бо-йына мейірім сезімінің дәнегін еккен бір Жаратушы. Кейбір құбылыстар қалау, ерік арқылы іске асады. Бұл құбылыстар мен адам бойындағы қалау, ерік сезімін сыйға тартқан да сол бір Жаратушы. Санап бітіре алмайтын нығметтерді берген де, сол нығметтердің дәмін татуды нәсіп еткен де бір Хақ Тағала. Адам ағзасындағы көзді кім жаратқан болса, аспан әлеміне көздің қарашығындай етіп күнді шамшырақтай жарқыратқан да Сол. Себебі, күн мен көздің арасында өте маңызды байланыс пен үйлесімділік бар.
Алманың құрамында адам ағзасы үшін қажетті дәрумендер бар. Тіпті, сыртындағы қатты қабығы да құрамындағы целлюлозамен пайдадан кенде емес. Себебі, қабықты жеген кезде ішекте оны қорытатын зат болмағандықтан ішектер қызу жұмыс істейді. Бұл ағзаның қалыпты зат алмасуы үшін өте пайдалы.
Алма адам ағзасына пайдалы витаминдерге бай. Ал енді адам алма жегенде ондағы витаминдердің дәмінен тыжырынатын болса, онда ол витаминдерді қажетінше алар ма еді? Немесе алманы тойынып жей алар ма еді? Мәселе олай болған тұста алма жеу тура бір дәрі ішкендей болып, оны жеуден адам әркез тартыншақтап тұрар еді. Алайда біздің ағзамыз оның құрамындағы витаминдерді қажет ететіндей жаратылған. Сонымен қатар, ондағы витаминдерден тіліміз де ләззат алады. Сол үшін біз алманы жеген кезде ағзамызға беретін пайдасынан гөрі тіл үйірер дәмін, сол дәм беретін тәтті ләззатты ойлап жейміз. Өзге жемістер туралы да осыны айтуға болады.
Адам нәсілінің, тіпті барлық жан-жануардың ұрпақ жалғастыруы үшін Аллаһ Тағала табиғат заңын бекітті. Сондай-ақ, осы табиғат заңымен қоса оған ләззат түріндегі «сыйақысын» да тарту етті. Егер осы сыйақы қолма-қол әлгі құбылыстармен бірге берілмегенде, тіпті бұл әрекет адам тіксінетіндей оғаш болса, онда ешбір нәсіл ұрпақ жалғастыра алмас еді.
Осылардың бәрін қарастырғанда нәсілдің ұрпақ жалғастыру заңын кім ойлап тапқан болса, әлгі қолма-қол «сыйақыны» да Сол ойластырғаны белгілі. Бәрін ақылмен қиюын келтіріп, адамның жаратылысына сәйкес нағыз табиғи етіп үйлестіргенін көреміз. Олай болса, жаратылысты да жаратқан Ол.
Міне, Аллаһ Тағала бір-бірімен осыншалық тығыз байланысты, бір-біріне әсем үйлескен нығметтеріне бізді бөледі. Бір күні айналамыз қараңғылықтың тар қапасында тұншығып, дүлей дауыл тұрады. Сондай ыждағаттылықпен дайындалған дастарқанның астан-кестені шығады. Бұл өлім желі не бізді алып тынады, не нығметтерді тартып алып кетеді. Демек, бұл дүниеде бізге ұсынылған нығметтер тек өткінші, пәни өмір үшін ғана берілмейді. Осы өмірде бізге берілген нығметтер арасында бір үйлесімділік, бір байланыстың бары рас болса, бұлармен қатысты бізді күткен зор игілік те бар. Бұл өмірде біз дәмін татқан нығметтердің бәрі бізді о дүниедегі нығметтерге қол жеткізуге ынталандырады. Яғни, осы өмірде берілген нығметтер ақыретте берілетін мәңгі нығметтердің тек қана үлгілері іспеттес. Ал негізгісі ақыретте беріледі. Осы өмірдегі түрлі нығметтердің байланысына сенім келтіріп, оны қабылдағаннан кейін, ақыретпен байланысты игіліктердің бар екенін жоққа шығарып, қабылдамау нағыз ақымақтық емес пе?
Аллаһ Тағала бұл әлем мен ақыретті бір-бірімен өте тығыз байланысты етіп жаратқан.
Бұл әлемдегі әрбір нәзік үйлесім мен бар жаратылыс бір жағынан о дүниеге бағыт сілтеп, жол көрсететіндей. Осылайша жөн сілтеген ашық ақиқатты танымағандар – негізінен бұл өмірдің қызығына алданып, өмірдің шынайы мәні мен мағынасын түсінбегендер.
Жаратылыс және ондағы бүкіл өлшем мен тәртіп, сұ-лулық пен нығметтер о дүниедегі негізгі мағыналарына сілтеме жасайды. Ал адам басына келген бәле-қатер, қиыншылықтар мен қайғы-мұңдар о дүниеде сондай жазаларға лайық болатын адамдардың басына төнетін азаптарға дәлел бола алады.
Барлық амалдардың о дүниедегі есебі алынып, жазылған амалдардың жағдайына қарай бір күні жүздердің түнеріп, қап-қара болатынына немесе қуаныштан гүл-гүл жайнап, күндей жарқырай түсетініне дәлел болады. Жүрекке қуаныш нұрын сыйлайтын мына илаһи сөзді тағы бір қайталайық:
«Ол күні (қуанышқа кенелгендердің) жүзі жарқын болады. Раббысына қарап тұрады».[1]
Иә, бір үй ішіндегі бөлмелер арасында қандай байланыс бар болса, осы дүние мен ақырет арасында да тура сол секілді, тіпті одан да күшті байланыс пен сәйкестіктің бары шындық.
[1] Қиямет сүресі, 75/22-23.
- жасалған.