Ессіз уақыттар және дін атын жамылып жасалған қылмыстар
Құрметті Фетхуллаһ Гүлен кезекті жаңа сұқбатында адамзаттың түрлі кезеңдерде керітартпа жағдайларға куә болғанын, сол кезеңдерде орын алған ессіздіктердің астары мен көлеңкелі тұстарын сөз етті. Мейлі кім, қандай мақсатта жасаса да барлық террорлық әрекеттің көпқырлы қылмыс екенін айтқан ол әсіресе мына тұстарға ерекше тоқталды:
- Аллаһ тағала бір аятта былай деген: «Аллаһ қандай да бір аймақты сол аймақта түзетушілер бар кезде жоймайды» (Хұд сүресі, 11/117). Бұл аятта «муслихун» сөзі арқылы түзеу, оңалту ниетіндегі адамдар меңзеліп, олардың бәле-жаланың бетін қайтаратындығы айтылған. «Муслихун» есімдікпен басталған сөйлем. Бұндай сөйлем араб тілінде жалғасатын істі, орнықтылықты білдіреді. Демек, «муслихун» жатқанда да, тұрғанда да үнемі «Қатты бүлінген мына адамзаттың жағдайы қайтсе түзеледі?» деген оймен адамзаттың адами келбетін дұрыстауға тырысып, сол бағытта жобалар құрып, оны жүзеге асырған, бұдан өзге қайғысы болмағандар деген сөз. Егер осындай ниетпен жүрген жандар болса, Аллаһ ол елді жамандыққа ұшыратпайды. Ендеше, осы аятқа сүйене отырып мынаны айтуға болады: «Бар қайғысы Құран болып, адамзаттың түзелуін ойлаған, осыны өмірлік мақсат деп біліп, әйел-еркегімен барлығы осы мақсатта жұмыла іс жасап жүрген көпшілік болса, Аллаһ ол мемлекетке көк пен жердің жамандығын болдырмайды». Түркиядағы бір айтулы ғалым Измир мен Ерзинжанда орын алған жер сілкінісін түсіндіргенде «Не ол жерлерде қызмет етіп жүрген ешкім болмаған, не олардың саны тым аз, жеңіліс тапқан жағдайда болған» деген.
- Өз дәуіріндегі түрлі қиындықтардың себептері сұралғанда, Нәжмеддин Кубра хазірет «Біз түзу жолмен жүре алмағандықтан сондай жағдайларға душар болдық. Біз бір-бірімізбен өштесіп, дүниеқоңызданып кеткендіктен Аллаһ сондай залымдарды бізге қарсы қойды. Бізге жазамызды тартқызғаннан кейін Аллаһ ол залымдарды да жазасыз қалдырмайды» деп түсіндірген.
- Мұхаммед үмбеті (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жазаға лайық жағдайға тап болғанда, Аллаһ тағала оларды жөнге салу үшін залымдарға тап келтіреді. Иә, залым – Аллаһтың қылышы. Алдымен сол арқылы өш алады, кейіннен оның өзінен де өш алады. Яғни, зұлымдық жасаған залым да жазасыз қалмайды. Аллаһ алдымен залымдар арқылы мұсылмандарды қинайды, кейіннен ол залымдардың да көзін жояды.
- Шариғатқа сай әрі шынайы мақсатқа жету үшін сол жолда қолданылатын тәсілдер де шариғат шеңберінен шықпауы тиіс. Ислами шеңбердегілер үшін де әр істегі жоғарғы мақсаттардың шариғат шеңберінде болуы шарт болса, сол мақсатқа жетудегі сүйенетін құралдардың да шариғатқа сай болуы міндетті. Ықылас пен шынайы берілгендік болмаса Аллаһқа қауышу, Аллаһтың разылығына бөленуге қол жеткізу қиын. Дәл осы секілді Исламға қызмет пен мұсылмандарды шынайы мақсатына бағыттау да ешқашан шайтани жолдармен жүзеге аспайды. Өзгелер жабайы іс-әрекетке барса да, мүминдер дұрыстықтан қияс кетпейді, кетпеуі тиіс те.
- Әсіресе қандай да бір қылмыс қасиеттілікке баланып, діннің атынан жасалса, бұл өте-мөте қауіпті. Егер түрлі дәрі-дәрмекпен, еріктен тыс ми басқарулар арқылы жасамаған болса, ақыретте бұл істеріне ешқандай да ақтау айта алмайды. Беліне бомба байлап, сол істі дін үшін жасаса да, тіпті «лә иләха иллаллаһты» айтып барып ажал аузына қойып кетсе де, алдымен өздері бірінші болып тозаққа түседі. Неге десеңіз, Ислам дінінде мейлі бітім жағдайында, мейлі соғыс кезінде жасалуы тиіс істер белгілі бір ережелер мен тәртіпке негізделген. Бітім жағдайында ешкім өздігінен соғыс ашып, адам өлтіруге шешім қабылдай алмағаны тәрізді соғыстың ең бір қызған шағында да қарсы жақтағы жас бала, әйел, кәрі кісілерді өлтіруге құқы жоқ. Осы себепті қай қырынан қолға алынса да, жанкештілік актілер, денеге таңылған бомбалар, осыған ұқсас террорлық әрекеттерді мұсылмандықпен байланыстыру әсте мүмкін емес.
- Бір соғыста хазірет Үсама ибн Зәйд жау жағынан біреуді енді өлтіре бергенде, ол куәлік сөзін (кәлима шахада) айтып қалады. Алайда хазірет Үсама бұл сөзді шын ниетпен емес, ажалдан қорыққандықтан айтқан шығар деп оны өлтіреді. Хазірет Үсама секілді алып сахаба эмоцияға беріліп біреуді өлтірді деу қиын. Сірә, мәселенің түпкі мәнін аңғармаған болар. Өйткені ол дәуірде барлық нәрсе таза күйінде білдіріліп, сахаба сол мезет оны жүзеге асыратын. Аллаһ елшісі (алайһис салату уә сәлләм) айтпаса, қайдан білсін?! Бұл жағдайды хабарлап айтқанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) қатты тұнжырап «Сен оның жүрегін жарып қарап па ең?» деп хазірет Үсамаға ұрысқаны соншалық, Үсама ибн Зәйд «Қап, осы оқиғадан кейін мұсылман болып, Пайғамбарымыздан бұндай ауыр сөз естімесем болар еді» деп өкінген.
- Ақырзаман да – бүліктер көп кездесетін ессіз кезең. Бұндай кезеңде есі дұрыс әрі Аллаһқа шынайы сенген адамдар өздері құрған тепе-теңдік пен аталмыш жағдайларды салыстыра қарап «Бұндай зорлықшыл күш қолдануды қалай болдырмасақ, жаңаша тепе-теңдік қалай құрсақ?» деуі тиіс әрі осы бағытта жұмыстар жасауы керек.
- жасалған.