• Басты бет
  • БАҚ-та
  • Zaman
  • Мен үкіметтің Еуропалық Одаққа кіруге деген талпынысын шынайы деп санаймын.

Мен үкіметтің Еуропалық Одаққа кіруге деген талпынысын шынайы деп санаймын.

Сіз Тайып Ердоғанға қалай қарайсыз (Түркияның қазіргі премьер министрі ред)
   
Қала әкімі болып тұрған кезінде (Стамбулда – ред.) онымен бірер рет кездескеніміз болмаса, аса жақын араластыққа барған емеспіз. Ал ол премьер министр болғалы жүздескен жоқпыз. Бізді сыртымыздан ел-жұрт жиі кездестіретін. Оның барлығы дұрыс ақпарат емес. Меніңше, ол ар ожданы биік, тәрбиелі азамат. Сонымен қатар іскер, сенімді, батыл шешімге бара алатын адам ретінде көрінеді. Мен оның Еуропалық Одаққа кіру жолындағы талпыныс-жігерін қолдаймын. Ол ең керек істі жасап жатыр. Тайып Ердоған не істесе де ұнатпай, оған тыржиып қарап отыратындар да бар. Егер ол солар секілді ойлаған күннің өзінде өз санатынан болмағандықтан, оны бәрібір жақтырмаған болар еді. Мен оның бойынан әлі күнге дейін жағымсыз қылық көрмедім. Мен саясаткер емеспін, ешбір партияға мүше де болмадым, ешкімге дауыс та берген емеспін. Мүмкіндік те болмады. Қазір осындамын, өткен сайлауларда да осында болғанмын. Бірақ ел игілігіне жасалып жатқан істерді мойындау керек. Ол ұрламайды да, алдамайды да. Соңғы кезде біз «қолы таза емес» деген сөзден әбден қорқатын болдық. Мен оны ондай нәрсеге бармайтын адам ретінде білемін. Меніңше, ол Түркияның келешегін ойлайтын адам. Бірақ, егер Түркия үшін одан да пайдалы саяси ұйым пайда болса, адамдар оны да қолдайды. Ол бір Аллаһқа ғана аян. Қазір Аллаһ Тағала оларға мүмкіндік берді. Меніңше, олар Түркияға не пайдалы болса, соны іске асырулары керек. Және ешкім де, мейлі оны кімдер жүзеге асырсын, осындай оң өзгерістерге Түркияның келешегі үшін кедергі болмауы керек. Егер бұны  Бюлент (Бюлент Ежевит – Түркияның  алдыңғы  премьер-министрі – ред.) мырза  іске  асырғанда, онда  оған  кедергі  келтірмеуіміз  керек  еді. Егер  Дениз (Дениз  Байкал – оппозиция  партиясының  өкілі – ред.) мырза  іске  асырғанда, бөгет  болмауымыз керек  еді. Бүгінде  Жаратқан  Тайып  Ердоғанға  мүмкіндік  берді. Ол  батыл түрде нақты  мәселелерді   көтереді. Егер ол  шынымен Түркия  болашағын жақсарту үшін  уәде  берсе, бұған саналы  адамдар, бизнесмендер  келісіп жатса, онда  оған  кедергі  келтірудің  еш  қажеті  жоқ. Демократия бар  емес  пе? Егер  оны  ұнатпаса, алып тастайды да билікке  басқа  біреуді  әкеліп  қояды.    


Сіз қалай ойлайсыз, Әділет пен прогресс партиясы (2002 жылы Түркияның билік басына келген партия – ред.), өздеріне қатысты қолданатын «консервативті демократ» түсінігін ақтай алды ма?

     Мүмкін бұрындары олар бұлай ойламаған да болар, бірақ уақыт өте келе адамдар өзгереді. Мұнымен әрине, келісу керек. Он он бес жыл бұрын мұсылмандар тіпті «демократия» сөзін ауызға алмайтын. Демократиялық партия бар еді, бірақ олар да осы атауды атамайтын. «Қанеки, біз де демократ болайық» деп айтпайтын. Дегенмен, уақыт өте келе адамдар өзгереді екен. Мүмкін олар қазір дұрыс бағыт тапқан да болар. Олар демократия мәселесінде едәуір күш жігер жұмсап жатыр. Олардың ынта-жігері Түркияны Еуропалық Одақтың мүшесі ету әрекеттерінен де көрініп тұр. Америкамен де олардың байланысы түсінікті. Ресейге барып келіссөз жүргізіп келгені де түсінікті. Олардың демократиялық бағыты маған шынайы көрінеді, ал олардың ойында дәл не бар екені бір Аллаһқа ғана аян, себебі шын мәнінде біздің демократия деп атап жүргеніміз оған қай жағынан әрі қалай қарауға байланысты.  Әлемде түрлі демократиялар бар. Билікте болған кезінде коммунистер де өздерін демократ санаған. Мүмкін қытайлықтар да өздерін демократпыз дер. Америка да демократия жайлы айтады, Англия да, Бельгия да сол. Әлемде демократияның көптеген түрлері бар. Христиандық демократтар бар. Буддистік демократтар бар. Еврейлік демократтар бар. Қандай да бір сенім, түсінік, қандай да бір философияны ұстанатын адамдардың демократ болуы бек мүмкін. Егер демократия ислами дәстүрмен көршілес келсе, оның ешқандай қорқыныштылығы жоқ. Меніңше, ондай демократия өмір сүруге құқылы. Ондай демократияға тағы мыналарды қосуға болады. Адамның қажеттілігі тек осы пәни дүниелік нәрселермен шектелмейді. Ой бостандығы, сөз бостандығы, еңбекақы бостандығы... Жарайды оның бәрін де іске жаратайық, дей тұрғанмен, менің ішкі «менімнің» бір бөлігі мәңгілікті қалайды. Адам мәңгілік үшін жаратылғандықтан мәңгіліктен өзге еш нәрсе оны қанағаттандыра алмайды. Егер демократия толық болса, онда оның құрамында адамның осы қажеттіліктеріне жауап беретіндей құндылықтар да болсын. Ол осыны да қолдау керек. Яғни, демократияда метафизикалық өлшемдер де болу керек.  Оның бір жағы біздің бір сәттік есептерімізге де ашық болуы керек. Дәлірегі ана өмірдегі алдымыздан шығар есептер үшін. Неге ондай демократия болмасқа? Қазір, яғни олар өз ұсыныстарын айтып жатқанда, олардың ниетінің қандай екенін мен білмеймін. Егер олар ондай демократияның үлгісін ұсынса, онда ол нағыз бүгінгі заманның демократиясы. Мен олардың Еуропалық Одаққа кіру жолындағы еңбектеріне, қажыр қайраттарына, ұсынып отырған демократияларының шынайылығына сенемін. Маған олардың мені кім санап, қандай адамдардың санатына қосатыны, қалай бағалайтыны маңызды емес. Мен үшін бастысы – Аллаһтың разылығы. Ең маңыздысы да осы.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.