Фетхуллаһ Гүлен, ислам ойшылы, әлемдік ағартушы: Қазақстанды көру – мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш
– Аса құрметті Гүлен мырза, Иса пайғамбардың он өсиетінің бірі «адам өлтірмеу» болғандығы белгілі. Құран Кәрімде де нақақтан-нақақ кісі өлтірудің бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей екендігі айтылған. Алайда адамзат баласының бірін-бірі қынадай қыруы тоқтар емес. Тіпті діннің атын жамылып, адам өлтіру оқиғалары немесе өзін-өзі жарып жіберіп жатқандар да бар. Өкінішке карай, мұндай бүлікке пәтуа шығарып беріп жүрген кейбір діни жетекшілер де жоқ емес. Кісі өлтіру – кешірілмес күнә. Соған қарамастан, өзгелерді қылмысқа итермелеп, Құдайдың атынан оларға кешірім жасап жүргендердің күнәсі тым ауыр болса керек. Діннің атын жамылушы дүмшелер болмаса, бәлкім, әлгіндей қылмыстар орын алмас па еді?
– Аллаһ Тағала адамзат баласын жер жүзіне әмірші етіп, әділет, ар-ұждан, бейбітшілік және бауырмалдықпен өмір сүруі үшін жаратқан. Құран Кәрімде қан төгіп, адам жанын қиюдың және бүлік шығарудың ең сорақы іс екендігі баяндалады. Иудаизмнің он өсиетінде де адам өлтірудің ең үлкен күнә екендігі айтылған. Хз. Иса өсиеттерінде де осы он қағида қайталанумен бірге, кісі өліміне апарып соғатын ашу-ызаның өзіне жол беруге болмайтынын ескертеді. Құран Кәрімде бір адамды жазықсыздан-жазықсыз өлтірудің күллі адамзат баласын өлтірумен бірдей екендігі, бір адамды аман сақтап қалудың күллі адамзатты аман сақтап калғанмен бірдей екендігі, яғни бір адамның құқығы мен барлық адамның құқығының тең екендігі баяндалған. Дінде осындай қатаң үкімнің болғанына қара¬мастан, адамзат баласы бір-бірінің қанын төгуін тоқтатар емес. Адамзат тарихында тұңғыш рет Адам пайғамбардың ұлы Қабыл өзінің бауыры Абылдың қанын төккен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) алғаш адам қанын төгуге себепкер болғаны үшін қиямет-қайымға дейін нақақтан-нақақ төгілген адам қанының күнәсі Қабылға да жазылатынын айтқан. Адам қанын төгудің осыншалықты ауыр күнә екендігі белгілі болса да, әлі адам қаны судай төгілуде. Әсілі, Иудаизм, Христиан, Ислам, Буд¬дизм және Индуизм секілді әлемдік діндердің өкілдері, әсіресе олардың жетекшілері жержүзіне бейбітшілік орнатып, адам қанының төгілуіне және осыған апарып соғатын бүліктерге тосқауыл болуға тиісті.
Қай дін болмасын, террорлық әрекеттердің орын алуына рұқсат етпейді. «Бір адамның жазықсыздан-жазықсыз қанын төгу, күллі адамзаттың қанын төгу» деп үғатын Ислам діні адам қанының төгілуіне пәтуа беруі мүмкін емес. Алла Тағала кандай жағдай болмасын, нақақтан нақақ адам жанын қиюға және өз-өзін өлтіруге тыйым салған. Егер бәз біреулер дінімізде адам қанын төгуге тыйым салынғанын біле тұра, жарылыс жасап, террорлық әрекетке жол берсе, онда оның қайнар көзі дін болуы мүмкін емес. Террорлық әрекеттер жеке адамдардың дүнияуи тойымсыздығынан немесе саяси, экономикалық мүддеден және өзге де мақсаттардан туындайды. Өкінішке қарай, олар террор¬лық әрекеттерін жасауда діннің атын жамылғаннан кейін дінге сөз тиіп жатады.
Исламда мақсат дұрыс болумен қатар, мақсатқа жетудің жолдары да дұрыс бо¬луы өте маңызды. Көздеген мақсаты ізгілік болғанымен, оған жетудің жолы діни тұрғыдан тыйым салынған болса, мұндайларды қатаң жазамен ескертеді. Сондықтан террорлық әрекеттер исламдық мақсатқа қол жеткізуге негіз бола алмайды деп кесіп айта аламыз.
Бұл мәселеге қатысты мына сөзді қадап айтқым келеді: Ислам жеке адамдарға немесе белгілі бір топтарға соғыс ашуға жол бермейді. Соғысты тек мемлекет пен оның арнайы органы ғана аша алады. Оның өзі дін шарттарына сай болуға тиісті.
– Сіздің мәдениеттерді диалогқа шақырып жүргеніңізден хабардармыз. Бұл теорияға балама бола алатын басқа жолдың жоқ екені белгілі. Бірақ саяси жетекшілер мен әлемге ықпалды тұлғалардың барлығы бұл пікіріңізді құптамауы мүмкін. Әбден пісіп жетілді деген дипло¬матия да кейде мәселеге шешім таба ал¬майды. Косова, Оңтүстік Осетия, Абхазиядағы ушыққан жағдайлар бұл сөзімізге дәлел. Кішігірім мемлекеттер өз мәдениетін қорғауы былай тұрсын, территориясын да қорғай алмауда. Тіпті мұндай жағдайда халықаралық ұйымдардың өзі көзін жұмып, үнсіз қалып жатады. Сіздіңше мұндай жағдайда кішігірім мемлекеттер не істеуі тиіс?
– Қоғамдық әрі саяси оқиғалар көбіне мәселені сырттай ғана аңдататындықтан, сырт көзге қарағанда қате тұжырым жасауға себеп болуы да мүмкін. Мысалы, біз өмірімізде бірде-бір рет көктемді көрмеген болсақ, қысты бітпейтін маусым деп ұғуымыз ғажап емес. Бірақ қыс өз бауырында көктемде құлпырып шығатын түрлі өсімдіктің тұқымын сақтап, жаздың арайлап атуына түрткі болады. Осы сықылды мемлекеттер мен ұлттардың қалыптасып, аяққа тұруы бірден жүзеге аса қоймайды. Оған ұзақ төзім, уақыт керек. Яғни күнделікті орын алып отырған оқиғалар бізді үмітсіздікке ұрындырмауы тиіс. Әсілі, бүкіл адамзаттың мүддесіне сай істер ғана жасалуы қажет. Осыған табандылық танытқанда ғана адамзат бір күні ізгілікке қол жеткізеді.
Бүгінгі таңда мәдениеттер азғындап, адамдар өз ұлттық болмыстарын жоғалтуда. Үлкенді-кішілі барлық мемлекеттер мәдени құндылықтарын сақтай алмайтындай жағдайға келді. Ақпараттық-технологиялық дәуір жаһанданудың ең бір қозғаушы күшіне айналды. Оқиғалардың шапшаңдығы соншалық, оған ілесу мүмкін болмай барады. Рухани деградация белең алған бұл ғасырда мемлекеттер саяси, экономикалық мүдделерін қорғап қалу үшін НАТО, БҰҰ, ШЫҰ, ТМД секілді түрлі халықаралық ұйымдардың көмегіне арқа сүйеуге мәжбүр болып жатыр. Ал алпауыттардың екі ортасында қалған кішігірім мемлекеттер мен ұйымдар болса, әрқашан мүдделік тартыстардың құрбанына айналуда. Себеп – әр адам, әр қоғам, әр мәдениеттің бір-біріне деген төзімсіздігі. Егер мәдениеттер бір-бірін жатырқамай, адамдар бір-бірін жақсы көріп, сыйласа, бүгінгі күнгі орын алып отырған шиеленісті жағдайдың алды алынған болар еді. Ал бұл өз кезегінде Жүніс Әмренің «Күллі жаратылысты Ұлы Жаратушы жаратқаны үшін сүю керек» деген пікірі негізінде зұлымдыққа, ашу-ызаға жол бермей, жүректерге махаббат сыйлау арқылы ғана жүзеге асады. Яғни діні, наным-сенімі, түсі, нәсілі және ұлтына қарамастан, әрбірін өз болмысымен қабылдап, арада диалог орнату арқылы ғана түрлі шиеленістердің алдын алуға болады. Ол үшін адамдарды бір-бірімен жауластыратын анайы іс-әрекеттерден аулақ болуымыз керек. Әсілі, сұхбаттастық – жатырқау мен жек көрушілікті тежеп, адамдықка шақыратын шара. Ешбір ұлт пен дін өз құндылықтарынан бас тартуды қаламайды. Ал бұған зорлық жүргізем десеңіз, қан төгіске итермелейсіз. Осы себепті құндылықтарға құрметпен қарауымыз керек. Осыңдайда адамзаттық құндылықтарды мүдделік қақтығыстардың құралына айналдырмайтын, қайта қорғайтын тәуелсіз, іргесі берік, күшті ұйымдар құрылса екен дейсің.
– Қазақстан 1993 жылы өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Қазір біздің мемлекетіміз көршілерімен бейбіт қарым-қатынас орнатқан. Осы ұстанымды дамыта отырып, «Бейбітшіл мемлекеттердің одақтастығын» құруға қол жеткізуге бола ма? Бұл жөнінде не айтасыз?
– Әлбетте, мемлекет ретіңде өз-өзімізді қорғауға міндеттіміз. Бірақ біз бір жағынан Отанымызды қорғап, екінші жағынан Қазақстанның ұстанымы секілді ең жақын көршілерден бастап аймақ пен құрлық, сондай-ақ бүкіл әлемді қамтитын бейбіт позицияны ұстануға тиістіміз. Бұл барлық мемлекеттердің мүддесі үшін де тиімді. Қазіргі ғасырда да, келешекте де қанқұйлы соғыстар адамзат баласына ешқандай ұтыс әкелмейді. Өйткені қазіргі қарулардың қаупі орасан. Алайда ғылым дамыған ақпарат заманына, сондай-ақ бұл үдерістің болашақта да өркендей беретінін ескерсек, қазіргі заманда адамзатты зорлыққа, қару мен күшке сүйеніп басқару мүмкін емес. Сондықтан әр адам, әр мемлекет, әр ұлт ғаламда бейбітшіліктің орнауы үшін қолынан келгенше аянбай еңбектенуге тиісті. Бұл өзі үшін де пайдалы екендігін білуі керек.
– Сіз мемлекетті басқарушылардың ары таза болуы керек екендігін айтып жүрсіз. Жалпы, үдеңізден шығатын әлемдік лидер бар ма? Бар болса, есімдерін атай аласыз ба?
– Саяси жетекшілерді жеке-жеке тани бермейтіндігім өз алдына, әрбірінің жүргізіп отырған саясатын жіті қадағалап отыруға менің уақытым да, мүмкіндігім де жоқ, мұны денсаулығым да көтермейді. Мен басты ұстанымдар мен қағидаларға сүйенуге тырысамын. Әрине, саяси жетекшілердің бәрінен періштелікті күте алмаймыз. Маңыздысы – әр мемлекет басшысының өз еліне әрі адамзаттың бақытына пайдасы тиетін істерге атсалысып, ұлтына, сонан соң адамзатқа қызмет етуді мақсат деп білуі.
Бұндай марқасқа тұлғалар Азияда да, Еуропада да, әлемнің басқа да құрлықтарында бар болар деген үміттемін. Жүрген жерінде бейбітшіліктің ұйытқысы болып, жалпығаламдық адамдық мақсатқа еңбек сіңіріп, әрі өз елі үшін, әрі аймақтағы, сондай-ақ жер бетіндегі барша адамзаттың игілігіне тер төгіп жүрген мемлекет басшылары, әрине, марапат, мақтауға тұрарлық.
– Мальтус пікірін ұстанушы теоретиктер және осы пікірді жақтаушылар адам баласының келешегін ойлай келе, «адамдар болашақта басқа планеталарға қоныс аударады» дейді. Олардың пікірінше: «Жер бетіндегі адамзаттың саны осындай қарқынмен өсе берсе, миллиардтан асып, триллионға жетеді. Сөйтіп, жер беті адам¬зат баласын асырай алмайтындай күйге жетеді. Осы себептен адам баласының са¬ны соғыстар мен аурулардан азаюы тиіс» деп біледі. Ал сіз адамзаттың келешегі жайлы не айтар едіңіз?
– Бұл концепцияны мақұлдау мүмкін емес. Гандидің: «Жер шарының байлығы бүкіл адамзатқа жеткенмен, тоғышарларға жетпейді» деген ойлы сөзі бар. Бүгінгі адамзат осындай тойғанын білмейтін тойымсыздардың құрбаны деуге болады. Әйтпесе, Аллаһ Тағала жер бетіндегі пенделерінің бәріне жеткілікті рызық-несібесін берген. Егер әлемде бейбітшілік сақталып, әділеттілік орнаса, адамдар мен мемлекеттер арасындағы бір-біріне деген өшпенділік жойылса, жер шарының байлығы адамдардың барлығын асырауға жетіп артылады. Бір жағы, бойдағы тоғышарлықты да барынша тізгіңдей білуіміз керек, ол үлкен күшті қажет етеді. Адам санын түрлі аурулар мен соғыстар арқылы азайту туралы ұсыныс білдіру қорқынышты һәм үрейлі. Бұл, сірә, тойымсыздығының құрбаны болғандардың әрекетін сыртқа әділетті етіп көрсету үшін айтылған болар.
– Ақпарат көздерінде басқа планеталықтар және ұшатын табақшалар туралы көп айтылып жүр. Осыған сенесіз бе? Басқа планеталарда, сіздіңше, тіршілік бар ма?
– Өмір бұл дүниедегі физикалық тіршіліктен ғана тұрмайды. Аллаһ Тағала жержүзінде топырақ пен судан тіршілік жаратқанындай, тіршілікке әбден лайық ауа, от, жарық секілді заттардан да көптеген тіршілік иелерін жаратқан. Кешегі күнге дейін тіршілік ету үшін күн энергиясының міндетті түрде керек екендігін айтып келдік. Енді күн энергиясынсыз да өмір сүре алатын тіршілік иелерінің бар екенінен хабардар болып отырмыз. 1993 жылы мұхит терендігіндегі 400 дәрежелі ыстықтықта өмір сүретін 300-ге жуық әртүрлі микроорганизмнің бар екендігі анықталды. Осыдан кейін ғалымдар: «Ғаламның әрбір түкпірінде сол жерге сай өмір сүретін жәндіктер болуы мүмкін» деген тұжырымға келе бастады. Осы тұрғыдан алғанда, күннің өзінде сондағы шарттарға қарай өмір сүретін тіршілік иелері болуы ғажап емес. Бірақ олардың дәл адам секілді болуы да шарт емес, әрине. Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 29-аятында «Жаратушының; ең айқын дәлелдерінің бірі - көк пен жердің жаратылуы және тіршілік иелерін таратуы. Қалаған уақытында оларды бір жерге жинауға күші жетеді» делінген. Бұл аятты тәпсірші Мұжахид секілді «баяғыдан бері ғаламда жер бетіндегі секілді саналы тіршілік иелері болып келген. Қиямет жақыңдағанда Аллаһ Тағала оларды адамдармен бір жерге жинайды» деп тәпсірлегендер де болған. Бірақ бұл ақиқаттар мен басқа планеталықтар және ұшатын табақшалар арасында байланыс кұруға бола ма, жоқ па, бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ертерек деген ойдамын.
– Ғылым өркендеген сайын дін мен ғылым арасындағы байланыс алшақтай ма, әлде жақындай түсе ме?
– Дін мен ғылымның түп негізінде бар байланыс келешекте міндетті түрде анықталып, оны ғылым да, дін де мойындайтын болады. Бәрімізге мәлім, физика, хи¬мия, астрономия, биология, зоология секілді ғылымдар Аллаһ Тағала жаратқан адам және өзге де тіршілік иелерін, ғаламды және ғаламдағы құбылыстарды зерттейді. Адам мен ғалам бір мазмұнды құрайтын екі бөлек кітап секілді. Сондықтан да мұсылман ғалымдар табиғатты «Үлкен табиғат кітабы» деп атап, ал адамды оның кішірейтілген нұсқасы ретінде бағалайды. Яғни Ұлы Жаратушының Құдырет және Ирадә (қалау) сипатының туындысы. Ал дін Аллаһ Тағаланың Кәләм (сөз, сөйлеу) сипатының дәлелі. Ол да түп негізі тұрғысынан бірде Тәурат, бірде Інжіл, соңғы рет Құран болып түскен, айналып келгенде, бұл да бір кітап. Бір шебер тұрғызған ғимарат пен сол ғимараттың құрылымын түсіндіретін нұсқаулық қалай бірдей болса, табиғат пен дін арасында да ешқандай қарама-қайшылық болуы мүмкін емес. Қарама-қайшылық осы кітаптарды зерделеушілердің түйсігі мен көзқарастарынан туындайды. Күндердің күнінде мұның бәрінен арылып, иншаллаһ, дін мен ғылымның ақиқаттың қос қанаты немесе екі түрлі шырайы екендігі әйгіленіп, соңғы ғасырларды шайқалтқан дін мен ғылымды, ақыл мен жүректі бір-біріне қарсы қою үрдісі доғарылады деп ойлаймын.
– Сіз ислам ойшылы Сайд Нұрсиді бұрынғы өткен қай ғұламалардың қатарына қосып жүрсіз? Ресей мен Өзбекстанда Сайд Нұрсиге қатысты кейбір саяси пікірталастар орын алып отыр. Бұл жөнінде не айтасыз?
Сайд Нұрси Осман империясы, Түркия Республикасы, Ислам әлемі, тіпті бүкіл әлем басынан зор нәубетті кешіріп жатқан дүрбелең заманда өмір сүрген, Осман империясы, Түркия Республикасы және адамзаттың бақыты үшін, өз тілімен айтқаңда, Исламнан бастау алған тұжырымдамасын өзгелерге өнеге ретінде ұсынған ғалым.
Алғашқыда Осман империясының құлау дәуіріндегі қоғамдық-саяси істерге белсене араласқанымен, кейіннен қоғамды сауықтырудың жолы бұл емес екенін түсініп, қалған ғұмырын иман негіздерін, ғибадат, адамдық қасиеттер мен руханиятты түсіндіруге арнады. Сайд Нұрси заманауи ғылымды игере отырьш, жаңа дәуір адамының ақыл мен жүрегіне иман нұрының ұялауына ықпал етуді көздеді. Жасаған еңбектеріне қарап Сайд Нұрсиді Имам Ғазали, Имам Раббанилермен салыстыруға болады.
Түркия билігі Республикалықтың алғашқы жылдары жаңа қалыптасудың өзіндік ерекшеліктері негізінде, Республикаға дейінгі істері бойынша Сайд Нұрсиды әр кез жауапқа тартқан. Алайда көпшілігінде ақталып шыққан. Еңбектерінде саяси ойлар кездеспейді. Республика болып құрылған жылдарда діни мәселелерді саясат шешпейтіндігін жақсы түсінгендіктен, ол саясаттан барынша бойын аулақ ұстаған. Түркияның республика болып кұрылып жатқан кезеңінде оған неліктен күмәнмен қарағанын айтып өттім. Сірә, осының салқыны жаңа сіздер тілге тиек еткендей, кейбір бауырлас елдерде байқалып, ТМД мемлекеттерінде Түркиядағы кертартпа күштердің ықпалымен Сайд Нұрсиге күмәнмен қарауға әрекеттер жасалынуда.
Мен ақыл-түйсігі мол әрбір азаматқа Сайд Нұрсидің шығармаларын оқып, дербес түрде ой қорытқанын қалар едім. Өзгенің жөн сілтеуі көп жағдайда адамның негізсіз пікір түюіне әкеп соғады. Сондай-ақ бұл кітаптарды оқыған адамдардың жасаған жеке қателіктері де, өкінішке қарай, еш қатысы жоқ болса да, айналып барып Сайд Нұрсиға тиіп жатады. Мұның қаншалықты дұрыстығын парықтауды олардың өз ар-ұжданына ғана қалдырамыз. Бірақ нақты бір ойға бару үшін болып жатқан оқиғалардың бәрін жіті қадағалап отыру керек. Мен бұдан алшақ болғаңдықган, нақты нәрсе айтуым қиын.
– Сіздің Америкада тұрып жатқаныңыз жөнінде түрлі көзқарастар бар. Осы жөнінде айта кетсеңіз? Еліңізге оралу ойыңызда жоқ па?
– Америкаға не үшін келгенім, осында тұрақтауға неге шешім қабылдағаным жөнінде аз жазылған жоқ. Менің бұл тағдырымнан көпшілік қауым жақсы хабардар. Бірақ Түркиядағы кейбір дінге қарсы маргиналды топтар, Түркияда соңғы жылдары жалғасып келе жатқан «Ергенекон» атты террористік ұйымға мүше кісілерден табылған құжат дәлелдегендей өздерінің антидемократиялық әрекеттері мен мақсаттарын жасырып, менің іс-әрекеттерімді сан-саққа жорытты. Сіз қанша жерден көпшіліктің пайдасын көздеп, игі істер атқарсаңыз да, сізді дұрыс түсінбеген, өз мүддесіне сай жаңылыс жорамалдайтын тоғышарлар әмәнда жаныңыздан табылады. Осы себепті Америкада тұрып жатқан маған да сыртымнан шүйлігіп, түрлі қауесет таратушылар баршылық. Түптің түбінде олардың да шындықты қабылдайтынына бек сенімдімін.
Әлбетте, туған жеріме оралуды қашан да ойлаймын. Денсаулығым мен қазіргі келеңсіз жағдай түзелген шақга, туған еліммен қауышатын күн де нәсіп болар деп үміттенемін. Түркияға оралсам, өшіккен топтардың менен гөрі қолдаушыларыма зияны тиіп кете ме деген қауіппен Отаныма оралуды кешіктіруге тура келіп тұр.
Бүгінге дейін мен жайлы қозғалған істердің барлығынан ақталып шықтым. Соңғы рет жүргізілген сот ісі шамамен он жылдай уақытқа созылғаны мәлім. Құдайға шүкір, Түркияның Жоғарғы соты мені ақтап, кінәсіз деп тапты. Қазіргі уақытта менің еліме қайтуыма заң жүзінде ешқандай кедергі жоқ. Бірақ денсаулығымның нашарлығын, жасымның ұлғайғанын ойласам, негізсіз каралаушылармен жағаласатындай дәрменім жоқ. Мұны алған тәрбием де құптамайды. Осы себепті ет жүрегім елжіресе де, жұртыммен қауышатын күнді жырақта жүріп, зарыға күтудемін. Дәл қазіргі жағдайда Раббыма жалбарынып, дұға еткеннен басқа қолымнан ештеңе келер емес.
– Соңғы жылдары өздерін «Құраншылар» деп атаған бір топ «Дін тек Құраннан тұрады. Дінде хадиске, сүннетке, фыкыһ және кәләмға орын жоқ» деген пікірлер айтуда. Осы жөнінде не айтасыз?
– Осы құралпы маргиналдардың көзқарастары исламның алғашқы дәуірлерінде-ақ пайда болған. Бірақ кең көлемді қолдау таппай, аз ғана топпен шектеліп, құмға сіңген судай жойылып отырған. Әр дәуірде әртүрлі көрініс берсе де, бәрібір шындықты жеңіп кете алмаған. Мұндай пікірлер кейде шын жүректен, кейде мәселелерге шешім іздеуден, кейде ақиқатты танудан, кейде ақиқатқа ғашық болудан туындаған да болуы мүмкін. Мұндайлар ақиқатқа кезіккенде дереу мойындайды.
Ал еңді бір адамдар бар, атақ-даңқты көксегендіктен, өздеріне тың көрінген пікірлерді айтып, көзге түсуге ұмтылады. Бұдан бөлек, әр кезеңде Исламға бас пайдасы әрі идеологиялық себептерге байланысты қарсы шыққандар болған. Тақырыпты осы үш негізгі себеп тұрғысынан қарастырған жөн.
Сүннет – Құранның түсіндірмесі, өмірдегі колданысының қалай екенін көрсететін жол. Ол Құранның көптеген мәселелердегі негізгі ережелері мен бұйрықтарын жариялап, үкімдердің егжей-тегжейін қамтиды. Фықыһ пен Кәләм секілді ілімдер де түптеп келгенде Құранға сүйенеді, Құраннан бастау алады. Адамның жеке әрі қоғамдық өмірі кешенді болғандықтан, адам өмірі тез өзгеріп, тез жетілу үстінде. Осы себепті Құран бұлжымайтын негізгі ұстанымдарды ғана жеткізген. Ал сүннет болса осыларды айшықтап, жіліктеген. Фықыһ, хадис, кәләм сияқты ілімдер де ағаштың бұтақтары я болмаса үлкен бастаудан шыққан бұлақтардай осы екі негізден шығып, дамыған.
– Қаншама жылдардан бері өзіңіз ұйытқы болған қозғалысты кейбір топтар негізсіз қаралап келеді. Сіздіңше бұл қаралаудың себебі неде? Сіз оларды өмірден түңілтетіндей не істеп койдыңыз?
– Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Барлық адамдар табиғатына сай көп қателеседі. Алайда қателескендердің жақсылары тәубеге келушілер» деген. Пендешіліктен аттап кете алмайтын пенде болғандықтан, атқарған ісімнің бәрі мінсіз, адамзаттың пайдасы үшін жасалды немесе тура деп те айта алмаймын. Сол себепті қателігімді сынға алып, түзетушілер де табылар. Мұндай сынды қуана-қуана мойындаймын.
Алайда кейде істеген ісің тура болса да, оны мойындағысы келмейтіндер шығады. Өйткені әрбір тура іс кей адамдардың мүддесіне сай келе бермеуі мүмкін. Сіздің адамзаттың пайдасы үшін деп істегеніңіз, бәзбіреулердің жеке мүддесіне қайшы келуі ғажап емес. Осы себепті де сынға ұшырап, әркімнің ар-ұжданы мен тәрбиесі дәрежесінде қаралануыңыз мүмкін. Иә, мен осындай негізсіз қаралауларға жиі душар боламын. Қателіктерімді түзеткендерге рақметімді айтамын. Мен байғұска шын жаны ашып, сын айтқандарға да алғысым шексіз. Жеке басыма жала жапқандарды да кешіремін. Бірақ ақиқатқа қиянат жасалып, айтулы тұлғаларға әділетсіздік жасалса, бұл мені ашындырмай қоймайды. Заңдық тұрғыдан алғанда, мұндай қаралаулардың көпшілігін сот талай мәрте әшкереледі де. Дегенмен ұлардай шулап, ұдайы қаралай бергендердің әрбірін сотқа сүйрей алмайсың. Мұны уақыт пен денсаулығың да көтермейді. Түптеп келгенде, әркім өз білгенін дұрыс керуде. Дінімізде негізсіз жа¬ла жабудың жазасы өте ауыр. Меніңше, бұл жердегі ең үлкен қателік – мәселеге толық көз жеткізіп алмауда не қолындағы мәліметтердің шалалығында. Немесе жеткілікті зерттеуге кежегесінің кері тартуында. Білгенге дінімізде өтірік айту мен жала жабудың жазасы өте ауыр. Жүрегінде иманы бар адамның мұсылман бауырын сырттай өсекке таңып, өтірік айтуына, ғайбат сөйлеуіне болмайды. Мені қатты қынжылтатыны – мүмин бауырларымыздың да осындай жалаларға сенуі әрі дінге өшіккен, ұлттық рухани құндылықтарына жатсынып қараған мәңгүрттердің сойылын соғып, сөзін сөйлеуі.
– Қазақстан жөнінде не айтасыз?
– Қанша ғасырлық ортақ тарих, ортақ тағдырымыз бар Қазақстан біздің ата-жұртымыз. Сонымен қатар мәдени-рухани тамырларымыз тереңге тартқан бауырлас ел. Қазақстан және өзге де ата-бабамыз мекендеген туыс елдерді аралап көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш дер едім. Аллаһ Тағала сол күнді нәсіп ете қалса, сірә, аяғым жерге тимей жатып, өзекті өртеген осынау сағыныш бойымды кернеп, жүрегімді жарып жібере ме деп қорқамын.
Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіздік алған күннен бері ел ішіндегі көптеген игі бастамаларға дер шағында қолдау білдірген көреген мемлекет басшысы. Осындай көрегендіктің арқасында Қазақстан мемлекеті аймақта, Азияда, тіпті әлемдік қауымдастықта сөзі өтетіндей абыройға қол жеткізгені қөңілге куаныш ұялатады. Бауырлас Қазақстан мемлекетінің өркендеп, болашаққа нық қадам баса беруіне шын жүрегіммен тілектеспін!
Айқынның анықтамасы
Фетхуллах ГҮЛЕН 1938 жылы Түркияда діндар отбасында дүниеге келген. Төрт жасында Құран Кәрімді оқуды үйреніп, он бір жасында қари атанған. Он бес жасында мешітте уағыз айтуды бастаған.
1957 жылы дін істері басқармасының сынынан сүрінбей өтіп, мемлекеттік қызметке ауысқан. Бірнеше қалада бас уағызшы болып жұмыс істеген. 1992 жылы денсаулығы көтермей, уағыз айтуды тоқтатады. Содан кейін Гүлен қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында алдымен Түркияда тұратын басқа ұлт өкілдерінің діни лидерлерімен диалог бастап, Ватиканда Папа Иоанн Павел ІІ-мен кездеседі. 1999 жылы денсаулығына байланысты Америкаға барып, бірнеше рет жүрегіне операция жасатқан. Қазір АҚШ-та тұратын ол дәрігерлердің бақылауында. 2008 жылы Түркияның Жоғарғы соты оны барлық айыптаулардан ақтап, кінәсіз деп тапқан. Фетхуллах Гүлен – 65 кітаптың, 7000-нан аса түрлі тақырыптағы мақалалардың авторы. Ол 2008 жылы Американың әйгілі «Foreign Policy» журналы жариялаған әлемдегі 100 интеллектуалды зиялылардың рейтингінде бірінші орынды иеленген.
- жасалған.