Индонезияда Фетхуллаһ Гүлен
Индонезия – әлемдегі халқының саны ең көп мұсылман елі. Сондай-ақ ол әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуға барлық мүмкіндігі бар туысқан ел. Шынын айтсам, өз басым осы елде өткізген бірнеше жыл ішінде әр түрлі себептермен жолығып, жүздескен немесе сыйласқан зиялы қауым өкілдері, ойшылдар, қоғам қайраткерлері, түрлі діни жамағат көсемдері және өзге де ғалымдардың Фетхуллаһ Гүлен жайлы айтқан жылы лебіздеріне талай рет куә болдым. Аталмыш зиялы қауым өкілдерінің дені Фетхуллаһ Гүлен мырзамен жүзбе-жүз көріспесе де, оның өз тілдеріне аударылған еңбектерін оқу, яки субтитормен тәржімаланған кейбір уағыздарын тыңдау арқылы оны қатты ұнатып, ерекше бағалап жатты.
Былтыр Индонезияның жиырмаға жуық жоғары оқу орындары мен ғылым академияларында өткен Фетхуллаһ Гүлен мырзаның қаламынан туған пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірбаянын баяндайтын «Ғаламның рақым нұры» атты еңбегін жан-жақты талдап, танытуға арналған ғылыми семинарлар мен конференцияларға қатыстым. Аталмыш семинарлар мен конференциялар сол елдің бетке ұстар ғалымдарының қатысуымен жоғары деңгейде өтіп жатты. Атап айтсақ, бұл елдің алдыңғы қатарлы ойшылдарының бірі Емха Айнун Нәжиб Жакарта қаласындағы Мемлекеттік Ислам университетінде өткен «Ғаламның рақым нұры» атты ғылыми конференцияда баяндама жасады. Ол өз елінің ерекше ықыласына бөленген тұлға болғандықтан небәрі жеті жүз орындық залда өткен конференцияға отырғаны бар, түрегеп тұрғаны бар мыңнан астам адам қатысты. Нәжиб мырза өзін ұйып тыңдаған қатысушылардың алдында аталмыш еңбекке жан-жақты талдау жасады. Ол бір сөзінде былай деп, ағынан жарылған еді: «Бұл еңбектің авторы Фетхуллаһ Гүлен мырза Аллаһ елшісіне (с.а.у.) өте ынтызар болған ықыласты жан. Осынау тұлғаның Түрік елінен шығуы ақылға қонымды да, әбден орынды. Бай тарихы мен орналасқан жері жағынан Түркия Ислам әлемінің кіндігі десек болады. Осы тұрғыдан қарағанда Фетхуллаһ Гүлен мырза тағдырдың жазуымен ең қолайлы жерде туып, өскен. Мына нәрсені білуіміз керек, ол – тек қана Түрік елінің ұстазы емес, ол – бүкіл дүние жүзінің ардақты ұстазы. Оның Түркияда туып, өскендігі бізді оған немқұрайлы қарата алмайды. Бір хадисте: Даналық – мүміннің жоғалтып алған құнды дүниесі, – делінгендей, ендігі жерде, сіздердің одан, һәм де оның еңбектерінен барынша пайда алуларыңызды қалаймын».
Біз бірде осы елдегі шамамен 30 милионға жуық мүшесі, 14 мың мектебі, 456 ауруханасы, 114 университет және институты бар Мухаммәдия атты ең үлкен діни жамағатының бұрынғы басшысы әрі осы елдің бетке ұстар зиялыларының бірі проф. док. Ахмет Сияфи Маариф мырзаның үйіне қонаққа барған едік. Сонда оның босағасын аттағанымызда есігін айқара ашып тұрып бізге: «Қош келдіңіздер, қош келдіңіздер, кіріңіздер! Уа, бүкіл жер-жаһанға жөн сілтейтін жастар!» – деген сөзі бізге ерекше әсер еткен еді. Сондай-ақ проф. док. Ахмет Сияфи Маариф мырза «Ғаламның рақым нұры» кітабының тұсаукесеріне келіп, сөз сөйлегенде былай деген еді: «Фетхуллаһ Гүлен – Түркиямен ғана шектелмеген өрісі кең ғұлама. Асыл ойларын қаламымен шебер ұштастыра білген еңбегі жемісті ойшыл. Ол тек ислами ілімдермен ғана шектеліп қалмаған, батыстық ой-сананы да жақсы меңгерген білгір жан. Ол һәм тәлімгер, һәм жазушы, һәм ақын, һәм де рухани ілімінен сан-мыңдаған адам сусындайтын қайнар бұлақ. Оның жаңашыл әрі ізеттілікке толы сөздері тыңдаушы мен оқырманның санасына ғана емес, көңіліне де нұр құяды».
Қатары қалың Мұхаммадия жамағатының қазіргі басшысы проф. док. Дин Сиямсудин мырза көптеген ғалымдар, ойшылдар, діни көсемдер, муфтилер, «шейхулислам» атағын алған ғұламалар және министрлердің қатысуымен Түркияда өткен, шамамен әлемнің 84 елінен келген делегаттар қатысқан «Ижмағ және ұжымдық сана» атты халықаралық ғылыми симпозиумға қатысқан болатын. Симпозиумның соңын ала ол кісіге барып жолыққанымызда, бізге ерекше ықылас танытып: «Фетхуллаһ Гүлен мырзаның тәлім-тәрбие мен сұқбатқа негізделген барлық игі істерін толық қолдаймын. Аллаһ жолында ғаламат қызметтер атқарылуда. Жақында біз де жаңа телеарна аштық. Бұл арнадан «Ғаламның рақым нұры» кітабын оқытуға, ортақ телебағдарламалар шығаруымызға жол ашық. Сіздермен біріге отырып қандай игі шараны болса да атқаруға дайынбыз...», – деп өз ойымен бөліскен еді. Қазіргі таңда бірқатар мектеп-гимназиялар мен лицейлерде және бір университетте оқу құралы ретінде оқытылып жатқан «Ғаламның рақым нұры» кітабы, жыл сайын қасиетті Мәуліт мерекесіне орай жоғары оқу орындарының ұйымдастыруымен мыңдаған адам қатысатын шығарма бәйгелері арқылы сан-мыңдаған жастардың жүрегіндегі Аллаһ елшісіне (с.а.у.) деген сүйіспеншіліктің артқан үстіне арта түсуіне сеп болуда.
«Наһдатүл-үләма» да әлемдегі ең үлкен ислами жамағаттардың бірі. Өздерінің айтуынша, саны 50 милионнан астам қарасы мол жамағат. Жамағаттың қазіргі басшысы проф. док. Сайд Ақил Сираж мырза. «Ғаламның рақым нұры» атты кітаптың тұсаукесеріне қатысқан, кейін сол арқылы Фетхуллаһ Гүлен мырзаның өзге де еңбектерімен танысқан. Проф. др. Сайд Ақил Сираж Фетхуллаһ Гүлен жайлы былай деген: «Фетхуллаһ Гүлен мырза нағыз көсемге тән қасиеттерге ие жан. Өркениет пен мәдениетке маңыз берумен қоса Құран мен сүннетті ұстанып, осы екеуінің негізінде өмір сүруді бізге үйреткен ерекше тұлға. Ол һәм уағызшы, һәм ойшыл және халықаралық диалог пен достықты насихаттаушы».
«Наһдатүл-үләманың» негізін қалаған Хасим Асиардың немересі және сол кезеңнің лидерлерінің бірі саналған Салахуддин Уахид, Анадолы халқының жанкешті қызметін көріп былай деген: «Құрметті Фетхуллаһ Гүлен және оның ізбасарлары бүкіл әлемге Ислам дінінің «мейірім бұлағы» екендігін ең жақсы түрде көрсетуде. «Қызмет» қозғалысының жасап жатқан игі істері, Индонезия халқы үшін ой салатын бастау, ізгіліктің, жақсылықтың жандануы үшін өте маңызды үлгі-өнеге болмақ.
Бұл елдің ең танымал уағызшыларының бірі Юсуф Мансур Фетхуллаһ Гүленнің Пайғамбарымызды (с.а.с.) түсіндірген бейнетаспадағы уағызын субтитор арқылы тыңдағанда қатты әсер алған. Арадан бірнеше уақыт өткен соң ол кісіні зиярат еткенімізде, бізге: «Арадан бірнеше уақыт өтсе де бойымнан сол уағыздың әсері әлі күнге дейін кеткен жоқ» деді де көзіне жас алды. Артынша: «Фетхуллаһ Гүленнің ардақты Пайғамбарымызды (с.а.с.) түсіндірген даусын есту маған нәсіп болғаны үшін Аллаһқа сансыз алғысымды білдіремін. Таң қаламын, Оның Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген махаббаты сондай... Ол уағызды тыңдаушы сол мешіттің жамағаты ғана емес менімен бірге залда толып отырған Индонезиялық мұсылмандар да қатты әсерленіп көздеріне жас толды. Алайда біз оны тек бейнетаспадан ғана көрген едік.
Сол күні мен Фетхуллаһ Гүленді қатты ұнаттым, тіпті бұдан әрі ол менің сабақ беретін ұстазым болды. Дереу ол кісінің кітаптарын алып, оқуға кірістім. Ой-пікірін, өмірін, белсенділігін зерттей бастадым. Субханаллаһ... оның еңбектерінен қаншама інжу-маржандар таптым. Ол қарапайым бір жанемес, ол игілікті бөлісетін, сүйіспеншілікке толы, мейірім жаршысы, барша адамзатты құшағына шақырған бір жанды таптым. Үлкен отбасы болу қандай жақсы, оның өмірінен, ой-толғаныстарынан және білімінен біреулер тікелей, ал біз секілділер басқалар арқылы пайдаланып жатырмыз. Фетхуллаһ Гүленнің Пайғамбарымызды (с.а.с.) жақсы көргені секілді мен де Пайғамбарымызды (с.а.с.) жақсы көруді қалап, сол үмітпен Фетхуллаһ Гүленді бір көріп, қолынан, бетінен сүйіп, оны құшақтауды қатты қалайтынымды білсеңіздер ғой. Индонезия және басқа да жерлерде оның және оны жақсы көретіндердің істеп жатқан ерең еңбектеріне қосылуды жан-тәніммен қатты қалаймын» деді.
Ахше – Осман империясынан бері достығымыз жалғасқан Индонезияның солтүстігіндегі қала. Ахше Ислам университетінің бұрынғы ректоры проф, доктор Юсни Саби көптеген іс-шараларда кездесіп, қызмет пен Фетхуллаһ Гүленді жақсы танитын кісі. Ол да бұл жайлы былай деді: «Фетхуллаһ Гүлен – пайғамбардың лайықты мұрагері. Өзгелер үшін өмір сүру саласында милиондаған адамдарға рухани азық беретін бастау бола білді» деді де біраз өкініп: «Біз де шамамыз келгенше төңірегіміздегі адамдарды оның ой-пікірімен қызмет еттіре алмаймыз ба?!» деді.
Шынайы досым, бұрынғы Жакарта Ислам университетінің ректоры проф. док Амин Абдуллаһ – Фетхуллаһ Гүленді қысқа уақыт болса да зиярат еткен Индонезиялық зиялылардың бірі. Ол өзінің ой-пікірін былайша тілге тиек еткен:
«Фетхуллаһ Гүлен – білім, мәдениет және қоғамдық мәселелердегі оқшау пікірлері, барша әлемге тараған асқақ ойлары бар заманауи ислам ойшылы. Әлемдік деңгейде көптеген жастарға, жаһанданған әлемде ислами құндылықтарын сақтай отырып осы заманымызбен ортақтасу және заманауи дамудан артта қалмау мәселесінде тірек бола білді. Фетхуллаһ Гүлен білімімен, ой-пікірімен және істеп жатқан қызметімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі зиялы, білімді де ойшыл адамдарды өзіне таң қалдырған ерекше тұлға екені белгілі бола тұра кейбіреулер қалайша оған жала жауып, абыройын түсіріп, қараламақ?! Жарқыраған күнге балшық жаққысы келген бейшаралар, өздерінің масқара болып, күлкілі жағдайда жүргендерін бір білсе ғой».
Али Үнал: Жакарта мемлекеттік ислам университеті, «Фетхуллаһ Гүлен» кафедрасының меңгерушісі
- жасалған.