4. Фатиманың қызметші сұрауы
Пайғамбарымыздың тәрбие жүйесінің тағы бір қыры Бухари мен Муслимнің риуаяттарында кездеседі. Олар Әлиден (р.а.) жеткен жайтты баян етеді: «Үйімізде қызметші жоқ еді. Үйдің барлық шаруасын Фатиманың өзі істейтін. Бар-жоғы бір бөлмелік шағын үйде тұратынбыз. Сол үйде Фатима өзі от жағып, қазан қайнататын. Ошақтан ұшқан от ұшқындары киімін шұрқ тесік ететін. Шаруасы бұнымен ғана шектелмейтін. Нан жауып, үйге су тасу да соның тірлігі еді. Сонымен қатар, диірменді тарта-тарта қолдары күс, су таси-таси иықтары жауыр болды.
Бірде соғыстан қайтқандар Мәдинаға тұтқындар әкелді. Аллаһ елшісі осы тұтқындарды көмекке мұқтаж Мәдина халқына тарата бастады. Фатиманың да әкесіне барып, көмекшілікке бір қызметші сұрауын жөн көрдім. Ол көп кешікпей барып көмекші сұрады...»
Енді оқиғаның қалғанын Фатима (р.а.) анамыздың өзінен тыңдалық: «Әкеме бардым. Барсам, үйінде жоқ екен. Айша: «Келген соң бұйымтайыңды айтайын», – деген соң, қайта үйге оралдым.
Төсекке енді бой созғанымыз сол еді, бір кезде Аллаһ елшісі кіріп келді. Мен де, Әли де дереу төсектен тұруға ыңғайланып едік, бірақ ол тұрғызбай, қолымен басып, арамызға отырды. Тіпті көкірегіме тиген аяғының салқындығын бірден сездім. «Не бұйымтайың бар?», – деді. Мен жағдайымды түсіндірдім.Сөзімді бітіргенде, Аллаһ елшісі қабағын түйіп: «Қызым! Құдайдан қорық! Құлдығыңа қылау түсірме! Аллаһ тағала мойныңа жүктеген парыздарды толықтай орында. Еріңе де әрдайым адал бол, айтқанын екі етпе! Оның алдындағы борышыңды атқар! (Яғни сенің екі міндетің бар: Аллаһ тағалаға деген құлшылық қылуың, еріңе бағынуың) Саған тағы бір нәрсе айтайын. Жатар кезіңде отыз үш рет «Субханаллаһ», отыз үш рет «Әлхамду лиллаһ», отыз үш рет «Аллаһу әкбар» де[1]. Міне, бұл сен үшін қызметші ұстаудан әлдеқайда қайырлы», – деді. Бұл сөздің мағынасын былайша таратып түсіндіруге болады: Мен сенің назарыңды ақырет әлеміне аударамын. Ол жерде менімен бірге болудың екі жолы бар: «Әуелгісі, Раббыңа деген құлшылық міндетіңді мүлтіксіз орындауың. Екіншісі, еріңнің алдындағы міндетің мен жауапкершілігіңді атқаруың. Егер қызметші еріңе деген міндеттеріңді алып, сен орындайтын істі ол тындырса, онда өз міндетіңді мінсіз орындай алмай қалуың мүмкін. Алайда, сен екі қанатты болуың қажет. Бір адам қайтіп толық құл болып, Аллаһ тағалаға деген құлшылығын толықтай орындай алады? Бір адам қалай ең кәміл адам болып жүктелген міндетін кемшіліксіз орындай алмақ? Міне, сен осыны ойлан.
Сен әуелі Раббыңа деген ғибадатыңды кәміл деңгейде өтеп, тамаша құл бол! Сосын Әлидей (р.а.) кейінгі ұрпағынан қияметке дейін әулиелер шығып отыратын адамның алдындағы жауапкершілігіңді орындап, ізгі адам бол! Сонда сен ғажап мекен-жәннатта менімен бірге бола аласың!
Осы тұста Әлиге (р.а.) қатысты тағы бір мәселеге тоқтала кетпеуге болмас. Әли (р.а.) Аллаһ елшісіне барып қызын сұрағанда, ол ойланбастан берген еді. Өйткені ол Фатимадай (р.анһа) Пайғамбардың қызына күйеу болуға лайық жан болатын, әулиелердің пірі еді. Әрі әулиелерге әке боларлықтай негізде жаратылған. Тіпті, оған бір күні Аллаһ елшісі: «Әли! Әрбір пайғамбардың ұрпағы өзінен жалғасқан. Ал менің ұрпағымды сен жалғастырасың» – деген еді. Яғни, менің шежіре ағашымды сен мәпелеп, сен өсіресің. Жеміс жинаушылар менімен бірге Әһли бәйттің арасында сені де еске алады. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, Әлиге (р.а.) бағыну – дәлме-дәл Хақ пайғамбарға бағыну. Ал, Аллаһ елшісіне бағыну Аллаһ тағалаға мойынсұну деген сөз.
Ер адамдардың құқығы жайлы сөз еткенде Пайғамбарымыз: «Егер Аллаһтан басқаға сәжде етуге болатын болса, әйелдердің ерлеріне сәжде етулерін бұйырар едім»[2], – дейді. Егер мұндай нәрсе жөн болғанда, Әли (р.а.) әуел бастан бұған лайық еді. Фатиманың (р.анһа) екі қанатты болуына Әли (р.а.) мен оған деген қызметі мұншалықты маңызды рөл ойнағандықтан, Фатиманың (р.анһа) қызметші ұстауы – оның бір қанатының сынуы деген сөз. Бір қанаты сынған халімен Хасан мен Хұсейін (р.а.), Шах Гәйләниге және қияметке дейін барлық ақтабқа, мүжәддидтерге, мүжтәһидтерге ана бола алмайтын еді. Осындай ана болу үшін Аллаһ елшісі оның дүниеге көз салмауына, ақыретке дайын болуына айрықша ден қойды. Өйткені, Аллаһ Пайғамбарын осылай өсіріп, тәрбиелеген. Иә, ол анасының құрсағында жатқанда-ақ, Хақ тағала әкесін алды. Ол дүниеге келіп, көзін ашқанда, әкесін көре алмады. Алты жасында, анасынан айырылды. Осылайша ғұмырының бастапқы кезінде-ақ Жаратушы оған «тәухид нұры» мен «ахадият сырына» баратын жолдарды ашты. Негізі біршама уақыт Абдулмуталиб Хақ тағаланың ұлылығына себеп-перде болып, бағып-қағу абыройын иеленіп, оны қамқорлыққа алған-ды. Бірақ мұның бәрі ол үшін түкке тұрмайтын. Ол өзінің қашан да Хақ тағаланың қорғау-қамалында болғандығын жақсы сезінді. Әбу Тәліп те оған немере ағалық жағынан басқа ешбір жақындығы жоқ еді. Осы жақындығының арқасында ол Әлиді жанына алып, өсіріп, «айбарлы арыстан», «әулилер шахы» мәртебесіне шығарды. Аллаһ оған осылай қарап, себептерді түгелдей алып тастап, оны барлық болмысымен Өзіне тартқан еді. «Сен себептер әлемінде жүре алмайсың, сен әр сатыда «Уа, Ұлы Раббымыз! Саған ғана тәуекел еттік, Саған ғана бетбұрдық, соңында Сенің алдыңа барамыз» (Мумтахина, 60/4) ақиқатының өкілі болып, Аллаһ тағалаға сеніп, оған арқа сүйеуің қажет» деген еді.
Фатима Пайғамбардың қызы еді. Екі Жиһан Сардары Хақ тағаланың өзіне нәсіп қылғанның барлығын қызына да беруді қалады. Себебі оны Хасан мен Хұсейіннен бас-тап ақырғы әулиеге дейінгі барша әулиелердің, тақуа ізгі жандардың анасы болу бақыты күтіп тұрған болатын-ды. Сол себепті ол осы мүбәрак жемістерге дән болуға лайық негізде өсуі тиіс еді. Осыны білген Пайғамбарымыз, қызына бір жағынан, бөлекше мейірімін төгіп, жүрегінің төрінен орын берсе, екінші жағынан оның назарын үнемі ақыретке аударып отырды.
[1] Бухари, Фәдәилул-асхаб, 9; Муслим, Зикр, 80-81; Әбу Дәууд, Әдәб, 100.
[2] Әбу Дәууд, Никах, 41.
- жасалған.