5. Бақытты шаңырақтағы тәрбие

Пайғамбарымыздың бақытты шаңырағында үнемі Жаратқаннан қорқудан туған бір үрей сезілетін. Ол тіпті әрбір жүріс-тұрыстан байқалатын. Ақиық пайғамбардың көзқарасын байыптағандар оның қарасынан жәннаттың тартымдылығын, яки жәһаннамның қорқынышын сезетін. Намаз оқыған кезде, оның үрейге берілуі кейде алға, кейде артқа жылжып, жәһаннамның қорқынышынан теңселіп кетуі, яки жәннаттық бақытпен көгершін құсындай көкке өрлеп қанаттануы сол шаңырақтың тіл жетпес ерекшелігі болатын. Үйінде таңғажайып жайттар жиі орын алатын. Иә, оған қараған жан әрқашан Аллаһ тағаланы еске алатын. Имам Нәсәи: «Намаз оқыған кезде Аллаһ елшісінің көкірегінен қазан қайнап жатқандай бұрқылдаған дауыс естілетін»[1] деген деректі жеткізеді. Ол әрдайым намазын көзіне жас толып, іштей егіле оқитын. Айша анамыз талай рет, оның бойы дірілдеген күйі Раббысының құзырында сәждеге бас қойған кезін көрген[2].

Әлбетте, оның бұл халі шаңырақтағыларға айрықша әсер етіп, өнеге болды. Аллаһтан көп қорыққан осы Пайғамбарлар Сұлтанының жарлары мен балаларында да дәл сондай қорқыныш пен тақуалық болды. Өйткені Аллаһ елшісі қашанда істегенін ғана айтып, айтқандарын алдымен өзі іске асыру арқылы үлгі көрсетіп, сол шаңырақта ғана сөз нақты іске айналып, айқын жеміс берді. Жер бетіндегі ұстаз атаулы бас қосып, бар білген-тергендерін бірге іске асыруға қанша тырысқанмен, бәрібір сол шаңырақтағыдай әсерлі де мәнді бола алмайды. Болуы мүмкін емес.

Иә, Аллаһ елшісі іске асырмақ не түсіндірмек болған нәрселерін, алдымен, өзі істеп көрсетіп, содан кейін барып қана насихаттаған. Аллаһ тағаладан қалай қорқып, қалай өзін Соған пәни ете алады?  Сәжделер қайтсе терең жасалады, рукуғты қалай жасап, түн ішінде қалай көз жасын көл етіп төге алады? Міне, осының бәрін Аллаһ елшісі үйінде жасап, дос-жарандарымен сұхбаттасқан кезінде: «Адамдар былай жасауы керек. Балаларына былай  қарауы тиіс. Ақиқатты былайша таныту қажет», – деп айтып отырған.  Әлбетте бұл өсиеттер өз отбасына да, сырттағы ел-жұртқа да ықпалын тигізді.
Бәрінен бұрын ол теңдесі жоқ әке һәм ата еді. Өмірде бізге жай ғана көрінген осы мәселе, негізінде, әр адамның асуы аса қиын болған кедергілерінің  бірі. Осы кедергіден Аллаһ елшісі оп-оңай аттап өтіп, ең үлгілі әке мен ата бола білді.
Әрі Ол балалары мен немерелерін қалай тәрбиеледі десеңізші?! Осы ұрпақтан тараған алтын шежірелердің барлығы да адамзаттың көгінде ғасырларға шашылған күн, ай, жұлдыздар тәрізді. Бұл – Аллаһ елшісіне ғана тән ерекшелік. Аллаһ тағала осы ерекшелікті соған ғана берген. Арасынан бірде-бір дінсіз шықпаған дара ұрпақ һәм саны миллоннан асқан нәсіл – Хақ пайғамбардың ұрпағы.

Өз ұлдарына ұлылығы дарымаған қаншама ұлы тұлғалар бар. Көбісінің балалары, яки немерелері тура жолдан тайып, азғын жолға түсіп кетті. Қазіргі заманнан да осындай жүздеген мысал келтіруге болады. Алайда Аллаһ елшісінің балалары мен немерелерінің ешбірі өскен шаңырағы мен шыққан тегіне опасыздық жасамаған. Керісінше, олар сәт сайын тектілік пен жанқиярлықтың мінсіз үлгісін көрсеткен.

Иә, бұл да Аллаһ елшісінің пайғамбарлығының бір дәлелі. Өйткені, адам қанша данышпан болса да, мұнша-лықты дәрежеде тәрбиеші болуы әсте мүмкін емес.




[1] Нәсәи, Сәһу, 18.
[2] Ишратун-Ниса, 4.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.