3. Балаларын мәңгілік өмірге әзірлеуі

Аллаһ елшісі мәңгілік бақытты өмірді, яғни адам жаратылысы аңсайтын нәрсесін қалайтын. Иә, адам мәңгілік үшін жаратылған. Адам баласы мәңгілік өмір мен сол өмірді жоқтан бар еткен, әуелі мен ақыры жоқ Ұлы Жаратушыдан өзге еш нәрсеге қанағаттана алмайды. Одан басқа еш нәрсені қаламайды да. Таныса да, танымаса да әркез оны іздейді де тұрады. Демек, адамға мәңгілік ғұмыр берілгенге дейін оның көңілі қанағат тауып, жұбануы әсте мүмкін емес екен. Иә, адам баласының үміт-тілектері шексіз. Оған не берсеңіз де, қанағаттанбайды. Онсыз да барлық діндер мен пайғамбарлар әкелген хабарлардың негізі де осы о дүниелік, яғни ақыреттік сенім жайлы болатын. Сондықтан Аллаһ елшісі,  бір жағынан, адамдардың көңілін көктемге бөлесе, екінші жағынан, оларды мәңгілік тыныштық пен мәңгілік бақытқа әзірлеуді өмірлік мақсатына балайтын. Мұның елең еткізерлік мысалдарының бірін мына оқиғадан көруге болады. Фатима анамыз бірде мойнына алқа тағып, Аллаһ елшісінің жанына барады. Бір мәлімет бойынша Аллаһ елшісі (Нәсәидің хабары) Фатима анамыздың мойнынан алқаны алады. Басқа бір мәліметке жүгінсек, алқа Фатима анамыздың қолында болады. Оны көрген Аллаһ елшісі: «Жұртқа (жұрт сөзі бұл жерде адамдар, рухани әлем иелері, періштелер бәрін қамтиды) «Пайғамбардың қызы қолына жәһаннамның бір шынжырын ұстап жүр» дегізгің келе ме?» – дейді. Иә, бір жағынан қызын аялап, соншалықты қадір тұтқанымен иләһи өлшемдерге келгенде, қандай да бір сезімге беріліп, осалдыққа әсте жол бермейтін. Осы сөз Фатимаға жеткілікті еді. Өйткені бұл асыл жанның жүрек-жарды сөзі еді.  Фатима (р.анһа.) былай дейді: «Дереу алқамды сатып, ақшасына бір құл сатып алдым. Құлды дереу азат етіп, Аллаһ елшісіне бардым. Істегендерімді түгелдей баян еттім. Ол әңгімемді естіген кезде қатты қуанғанын жасырмай, қолын көкке жайып:
«(Қызым) Фатиманы жәһаннамнан сақтаған Аллаһ тағалаға хамд әрі мадақ болсын»,
– деп шүкіршілік етті[1].

Әлбетте, Фатиманы (р.анһа.) мойнына алқа тағуы харам емес еді. Бірақ Аллаһ елшісі оны «мұқаррабиндіктің» өресінде ұстауға тырысқан. Яғни, пайғамбарымыздың ескертуі – тақуалық пен Аллаһқа ең жақын құлдардың мәртебесі еді. Бұл, бір жағынан, дүниеге көңілін салмау, Фатиманың тұрған тұғыры мен қияметке дейін өкілдік ететін жамағат тұрғысынан, «Әһли бәйттің» анасына тән байыптылық пен аса сезімталдықтың үлгісі еді. Иә, Хасан мен Хұсейінге, сондай-ақ кейіннен келетін Зәйнәлабидин сияқты тақуаларға асыл ана болу, әлбетте, оңай емес. Ақырғы елші оны, алдымен, Әһли бәйтке, одан кейін Шах Гәйләниға, Мұхаммед Баһауддин Нақшибәндилерге, Ахмет Руфағиларға, Ахмет Бәдәуиға, Шазалиларға және басқа да қаншама саф алтындай жандарға ана болуға дайындады. Бейне бір оған: «Қызым, сен мүбәрак шаңырағынан алтын шежірелі ұрпақ тарайтын ердің үйіне қадам басып, сол шаңыраққа келін болуға кетіп барасың. Сен мойныңдағы мына алтын алқаны тас-тап, оларға ана болуды ойлан!» – дегендей, Нақшибәндилердің, Руфағилардың, Шазалилардың, басқа да жүздеген дара тұлғалардың алтын шежіресін меңзегендей. Иә, әулие, асфия, әбрәр және мұқаррабиндерге ана болу оңай емес. Сол үшін Аллаһ елшісі осы мәселеге келгенде, өз отбасына аса сақтық пен қатқылдық танытты. Иә, ол осы арқылы  мейірім-шапағат танытуымен қатар, олардың назарын ақыреттік әлемдерге аудару тұрғысынан да, тура жолдың басқа бір қырын танытып, үлкенді-кішілі күллі жамандық атаулыға қарсы түңлігін түрді. Олардың назарын ақыретке ғана аударып: «Сендерге Аллаһ тағала керек, Аллаһ!» – деуде еді. Осы тұрғыдан да Аллаһ елшісі шынайы сүйіспеншіліктің белгісі ретінде ең жақын  туыстарын дүниелік барлық кірлерден арылтып, тозаңның жұғуына да мүмкіндік бермей, олардың назарын асқақ әлемдерге аударып, сол жақта бірге болуға дайындап жатты. «Адам сүйгенімен бірге болады»[2]. Хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүйсеңіздер, жолымен жүруге тиіссіз, сол жолда болғандар ақыретте онымен бірге болады. Міне осы бірге болуға әзірлік жолында Аллаһ елшісі, бір жағынан, оларды жақсы көріп бауырына басса, екінші жағынан, осы сүйіспеншілігіне зор мәнмен қараған. Қызына былай деп еді: «Сені жақсы көріп, бауырыма бастым, ардақты еттім. Аллаһ сені үмбеттің ардақты анасы етті. Сен адамзаттың Мәриямы тәріздісің». Бір әлсіз хадисте Мәриямның (р.а) биік абыройы жайында Аллаһ елшісі былай деп еді: «Әйелдер арасынан пайғамбар шықса, Мәриям пайғамбар болар еді. Сен де сондай биікке жеттің. Ендеше, тым болмаса, сол сияқты дүниені елемей, арадағы тепе-теңдікті сақтауың қажет». Мейірім де, мейірбандық та болуы тиіс. Құшақ жайған кең пейіл де. Бірақ ақыреттік мәселеге келгенде, ешқандай босаңдыққа жол берілмеуде. Міне, нағыз Сират мұстақим, орта һәм тура жол! Бұл – Аллаһ елшісінің өзі тікелей жол бастаған жол...



[1] Нәсәи, Зинәт, 39.
[2] Муслим, Бирр, 165.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.