Исламның аясында өскен кемеңгерлер

Ақиық пайғамбар уахимен қуатталған кең ой-өрісінің арқасында  мемлекетке діңгек боларлық бірегей тұлғаларды танып, қабілеттерін аша білген. Ол – дара стратегтер мен ғылым адамдарына негізгі өмірлік ұлы мақсаттарын көрсеткен теңдессіз адам. Хақ елшісі өз заманында көптеген қолбасшылар тәрбиелеген. Халид, Уқба, Ахнаф, Тарық және Мұхаммед ибн Қасым тәрізді қолбасшылар Хақ Сардардың тәлім-тәрбиесін алып өскен. Тек сол қолбасшыларға қарап-ақ, Аллаһ расулы тек қана әскери іспен айналысқан ба деп қаласыз?! Қазіргі заманның Аққад секілді көптеген зерттеушілері «Алтын ғасырды» ұлылар мен даналардың қоймасындай көреді. Иә, «Мұхаммед медресесі» – дарындылардың санасын оятып, ой-өрістерін кеңейткен бірегей медресе. Сол медресеге барған барлық жан өз қабілеттеріне сай ой-санасы мен жүрегін һәм рухын тереңнен қозғап, кемелдендіріп, даналық деңгейіне дейін жеткізген. Әбу Бәкір (р.а.) – әскери басқарушы және ғұлама кемеңгер. Омар, Осман, Әли де (р.анһум) өз алдына бір төбе кемеңгер тұлғалар. Халид, Сағд, Әбу Үбәйда, Алауул-Хадрами, Қағқаға – әскери кемеңгерлер. Басқа да жүздеген адамдар сол жарқын шақтың кемеңгерлік сипатын көрсеткен. Басқалай айтқанда, сол бір құтты кезең – адамдардың қабілет дақылының бір дәні де жоғалмай бағаланып, бүршік жарған алтын шағы. Африканы аз уақытта түгелдей Ислам қанатының астына алған Уқба ибн Нафи кемеңгер болмағанда, кім болмақ? Уқба он бес жасында ат құлағында ойнап, халифалар кезеңінде үлкен жауапкершілікті алып жүрді. Атлант мұхитына дейін бүкіл Африканы қол астына қаратты. Оның мына сөзі де ел есінде жақсы сақталған. Ол ат ойнатып арабтардың «Қараңғылық теңізі» деп атайтын мұхитқа дейін барып, теңізді кешіп тұрып: «Аллаһым, мына теңіз алдымнан шықты. Егер шықпағанда, Сенің ұлы есіміңді теңіздің арғы жағалауындағы елдерге жеткізер едім»[1], –  дейді. Сол медреседен тәлім алған Тарық ибн Зияд деген құл да кемеңгер қолбасшы болған. Жүз мыңға жуық Испан әскерін он екі мыңдық сарбаздарымен түске дейін шабуылдап, қалың қолын бұзып-жарып, ар жағына бір-ақ шығады да, Толедо патшалығының сарайына жетеді[2]. Өйткені кемеңгер еді. Алаул-Хадрами да үлкен кемеңгерге жатады. Омар (р.а.) кезеңінде: «мұншалықты көп кемеңгерлерді пайдаланатын жеріміз жоқ» деп те айтылған еді. Мұның да бізге өнеге болар өзіндік тағылымдары бар. Тарихшылар «Халид пен Аляның орнын ауыстырып қойсаңыз, одан ешқандай өзгеріс болмайды» деп жазады.

Қалайша? Шындығында, қалайша бір заманда мұншалықты кемеңгерлер бірден шығады? Сағд ибн Әбу Уаққас та, Әбу Убәйда да, Шурахбил ибн Хасана да, Язид ибни Әбу Суфиян да кемеңгерлерге жатады[3]. Бұдан басқа Аллаһ елшісінің артында қаншама кемеңгерлер бар. Осындай кемеңгерлер арқылы ғана Өкюз өзеніне, Синдабадқа, Қытай қорғанына, Тарық тауына жетіп, ширек ғасырда осы аймақтарға дін таратылған. Болмаса бұл аймақтың Ислам қанатының астына топтануы мүмкін емес еді. Солай болған күннің өзінде ұзақ тұра алмайтын еді. Әсіресе, ескі діндердің жасаған зұлымдықтарына қарсы төтеп бере алмас еді. Ішкі және сыртқы дұшпандардың соққысына осы құрылған жүйе он екі ғасыр бойы шарықтау шыңында тұра да алмайтын еді. Иә, олар пайғамбарлық қайнардан нәр алған кемеңгерлер болатын. Сан ғасырлар бойында сол күші арқылы ғана әлемді басқаруда ұдайы табыстарға жетіп отырды. Иә, бейне бір Аллаһ елшісі бұл өмірден көз жұмып, күндей батып бара жатқанда, артында қалғандарға жарығын бөліп кеткендей. Оның барлық шәкірттері сол бір Мұхаммеди фәтәнат арқылы әлемдегі үлкен істерді атқарып жатты. Осындай ғажайып заманға барабар кезеңді қиялдай аламыз ба, ол жағын білмеймін? Ондай берекетті кезеңді қайта көру былай тұрсын, тіпті түсімізге кірер ме екен? Біз мұндай жүзден астам кемеңгерлерден бірен-сарандарын ғана атадық. Олардың Аллаһ елшісінің пайғамбарлығымен қатысты ерекшеліктерін  ғана қозғадық. Бұлар – жеке тақырыпқа арқау, бір кітапқа жүк болатын салмақты тұлғалар.

Болашақта ғалымдар осы жаңалығы мол тақырыптарды тереңдеп зерттейді ғой деген үміттемін. Сол кезде Пайғамбар медресесінің біз білмеген басқа да сырлары ашылып, сол саланың тілімен «Мухаммадур-Расулуллаһ» дейтіні айдан анық.





[1] Ибн Әсир әл-Кәмил фит-Тарих, 4/107.
[2] Ибн Әсир әл-Кәмил фит-Тарих, 4/562.
[3] Ибн Сад, Табақат, 4/127.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.