АҚЫРҒЫ ПАЙҒАМБАРДЫҢ АМАНАТЫ
Аллаһ елшісінің алдын ала алыс-жақын болашақты қатар білуі – өзіне ғана тән ерекшелік болатын. Худайбия келісімінен алған үлкен дәрісіміз де, міне, осы. Хақ пайғамбардың қойған ұстанымдарының ерекшелігі сол – талай су ағып, талай заман өтсе де, өзінің көкейтестілігін жоғалтпай, күн өткен сайын жаңара түсуінде. Ақырғы елші Хақ тағала тарапынан кейбір діни заңдар мен ұстанымдарды алып, оларды өз ғасырының адамдарына тәблиғ етіп үйретті. Олар да бізге дейін осы мәселелерді жеткізуде үлкен рөл ойнаған. Бізге дейінгілерге Хақ тағала мәңгілік разы болсын! Өткенге салауат тұрғысынан Құран бізге мынаны үйретеді: «Аллаһым, бізге кешірім ет! Аллаһым, дін ісіне бізден бұрын ықылас танытқандарды, қиындығына шыдағандардың, барлығын кешіре гөр! Және иман келтіргендерді нақақтан жазғырудан, оларды өсектеуден біздерді сақтағайсың» (Хашр, 59). Бұл – сахабаларға барғанға дейінгілерге арнаған біздің салауатымыз. Әр мазараттың басында тұрып, Фатиха оқыған кезде оларға деген осы құрметімізді білдіреміз. Бізден бұрынғылар бүгінге дейін Аллаһ елшісінен кейін бірінен соң бірі жалғасып бірнеше мемлекет құрған. Бір еуропалық ойшыл: «Хазірет Мұхаммед – жер бетіндегі ең ұлық адамдардың ішіндегі ең ұлы адам еді», – дейді. Неге? Өйткені оның белгілеген ұстанымдары мен заңдары арқылы жүзге жуық мемлекет құрылып, қаншама мәдениеттің негізі қаланған. Төрткүл дүниеге ғылым отауларын құрған. Бағдат пен Орта Азия жерлерінде дұшпандарымызды жермен-жексен еткендеріне қарамастан, әлі күнге дейін Ислам өркениетінің ғажайып ошақтары бар.
Сол жауһарларға нағыз шығармашылық талғаммен не кәсіпқой эстетикалық көзбен үңіле түссе шіркін! Сонда небір тылсым сырлар мен қаншама таңғажайып кереметтердің түңдігі ашылмақ!
Иә, одан кейін оның ізі арқылы мыңдаған ғылыми орталықтар құрылып, жүз мыңдаған ғалымдар мен ақын-жазушылар, сан-саланың мамандары жетіліп, оның әкелген жүйесі арқылы Омияттар, Аббаситтер, Селжүктер, Хорезмдер мен Қараханиттер және Осман мемлекеті секілді жүздеген мемлекеттер пайда болды.
Исламды христиан дінімен салыстыруға болмайды. Христиандық наным ешқашан шіркеуді аттап өте алмады. Ал Ислам болса, терең де бесаспап, әрқашан жаңаруға лайық қасиетті Құранның қағидаларына негізделген. Оның кеңістігінде заман өзгеріп, сыртқы пішін алмасса да, мән-мағынасы мәңгілікке жалғасып жатты. Бұл дүниеде мәдениеттер мен мемлекеттердің бірі күндей көкжиекке құлап батар-батпас артынша басқа бір мемлекет атқан таңдай жарқырап шығып, бірінен соң бірі алмасып жатады. Бірақ, сол шырмауықтай шиырланған ғұмырда имани ұстанымды басшылыққа алғандардың әркез асығы алшысынан түседі. Оған тарих куә. Иә, олар бейне бір жібек құрты көбелекке, көбелек көгершінге айналып, көгершін тауыс құсына айналып, Мұхаммеди көктерде қанат жайып, жаратылыспен тіл қатысып, Аллаһ тағаланың жер бетіндегі халифалығын тіршілік заңдылықтарына сай толықтай атқарып кетті. Осы мән-мағынаға сай үлкенді-кішілі жүздеген мемлекет хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол бір иләһи дастарханынан дәм татып, әрқашан оны өнеге тұтып, жарқын болашаққа бет алғаны хақ...
- жасалған.