Құқық саласы
Фықыһ саласында да Пайғамбарымыздың мыңдаған шәкірттері болған. Солардың арасында Әбу Ханифаны мысалға алалық.
Әбу Ханифа кім? Ең алдымен, Әбу Ханифа – біздің мәзһәб имамымыз. Ислам елдерінің басым көпшілігінің мәзһәб имамы – осы Имам Ағзам. Ол ілім мен мәдениет ауызша тараған заманда айналасына кемеңгер адамдарды жинап, өз ойларын қисынмен дәлелдеп, жаздыра білген. Ол сол ғасырдың «Шейхулисламы» атанған Имам Әбу Жүсіпті, Имам Мұхаммедті, Имам Хасан Шәйбәниды, Имам Зүфәрді және имам Шафиғидың ұстазы – Уақиды өсірген ұстаздардың ұстазы еді. Ол сонымен қоса, заманынан оза шауып, өзінен кейінгі ғасырларға да ойы мен сөзін өрнектеген жүз миллиондаған халықтың ұстазы. Оның алғашқы шәкірттеріне, әсіресе, Имам Мұхаммедке жаздырған қолжазбаларын кейіннен Шәмсул-Әиммә Сарахси қолға алып, отыз томдық атақты «Мәбсут» атты түсіндірмені құрастырады. Әрі оны жаймашуақ бейбіт кезеңде емес, зынданда жатып жаздырады. Күнде шәкірттері зынданның айналасына жиналып, қолдарына қалам, қағаз алып отырады да, ұстаздарының айтқан ойларын жаза бастайды.
Оның мынадай тамаша сөзі бар. Күндердің бір күнінде оған шәкірттері: «Имам Шафиғи үш жүз жинақ хадисті жатқа біледі екен» дейді. Сонда шын мәнісіндегі дана имам кішіпейілділікке толы бәсең даусымен: «Демек, менің жадымдағылар хадистің зекеті екен»[1], – деп жауап береді.
Имам Шафиғи да өз алдына жеке бір кемеңгер. Бейне бір Гималай шыңы тәрізді. Имам Мәлік те жеке бір сеңгір. Ахмәд ибн Ханбәл да солай...
Жоғарыдағы сауалға қайта соғалықшы. Сонымен, Әбу Ханифа кім еді? Әбу Ханифа Аллаһ елшісінің сахабалары: Ибн Мәсғұд (р.а.), Алқама, Язид пен Әсуәдтің шәкірті ме? Жоқ. Шәкіртінің шәкірті. Яғни, Хаммад ибн Әби Сүлейменнің шәкірті. Негізі Хаммад та жеке бір фықыһ кемеңгері еді. Бірақ ол Аллаһ расулының шәкіртінің шәкірті еді.
Иә, әлемді қараңғылық басып, жаһанның батысы мен шығысында жалған шапақтың елесі де болмаған бір заманда адамзатпен қоса жер бетін түгел жарыққа бөлейтін осы ғұламалар жеке-жеке хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) медресесінде өсіп, ілім алған еді. «Әлемді нұрға бөлейтін осы ілім мен мағрипаттары арқылы қадірі артқан аталмыш жандар көптіктеріне қарамастан, аса қадірлі еді». Қадірлілігі ілуде бір кездесер даралығынан емес еді. Тек қана Әбу Ханифа заманында Куфада елуге жуық кемеңгерлерді атап өтуге болады. Уа, шіркін десеңізші, топырағы неткен құнарлы, заманы да неткен мүбәрак еді сол уақыттардың. Иә, асылында, бұлар Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) нұрынан төгіліп, мағрипат теңізінен шалқып, арнасынан асқан жал-жал толқындар. Дәлірегі, Пайғамбарымыздың адамзатты он төрт ғасыр жарыққа бөлеген һәм қияметке дейін де Аллаһтың қалауымен бөлей беретін ілім сәулесі дүниені нұрға толтырды.
[1] Усулус-Сарахси, 1/5.
- жасалған.