3. Арлылыққа тәрбиелеуі
Ауф ибн Мәліктен Имам Мүслім мен Ибн Мәжә жеткізген. Ауф ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Бір күні Аллаһ елшісінің жанында отырған едік. Шамамен тоғыз-он адамдай болатынбыз. Бізге: – бият етіңдер» – деді. Бәріміз таңғалдық. Өйткені осы уақытқа дейін бірнеше мәрте бият (серт, ант) еткен едік. Біз: – Уа, Аллаһтың елшісі! Қандай нәрсеге бият етеміз? – деп сұрадық. Ол: – Аллаһ тағалаға құлшылық қылып, Оған ешбір ортақ қоспауға, бес уақыт намазды толықтай орындап, ешкімге қол жаймауға бият етіңдер! – деді».
Осы ақырғы сөзді айтқанда, ол даусын бәсеңдетіп, өзгелерге естілмейтіндей етіп айтты. Шамасы, басқа адамдардың естігенін қаламаған шығар.
Басқаларға естіртіп, мына сахабаларды ұятқа қалдырмайын дегені шығар. Аллаһ елшісі өте сезімтал адам болатын. Ол қашан да алдымен достарының хал-ахуалын ойлайтын.
Арада жылдар өтіп, әлгі адамдардың көпшілігі кедейленіп, таршылықтың тауқыметін тартады. Алайда қанша тарықса да, көршіден жарты күлше нан сұрамай, ғұмыр кешті. Тіпті ат үстінде кетіп бара жатып, қолынан қамшысы жерге түссе, сол жердегі адамдардың біріне «ана қамшыны әперіп жіберші» деудің өзін кіріптарлық санағандықтан, өзі түсіп алатын болды[1]. Аллаһ елшісіне сөз берген соң, елден бір жұтым су сұраудың өзін ар санайтын болды.
Имам Бұхари «Сахих» кітабында былай дейді: «Хаким ибн Хизам Аллаһ елшісіне келіп бір нәрсе сұрады. Хақ пайғамбар оған сұрағанын берді. Бірақ Хакимнің сұрауы таусылмады. Аллаһ елшісі әр сұраған сайын қалағанын берді. Сосын оған былай дейді: «Дүние деген тәтті, дәмі тіл үйіреді, өзі әсем. Көпшіліктерің осыған алданып қалуларың мүмкін. Бірақ сендерге сұраусыз берілсе, сендер үшін мүбәрак болмақ. Ал егер сұрап алсаңдар, мойындарыңа жүк болып, кіріптар боласыңдар. Сақ болыңдар! Ешкімнен еш нәрсе сұрамаңдар! Кейіннен әлгі адам қайыршы күйге түсті. Бірақ, арлыққа ден қойғаны сонша, Әбу Бәкір (р.а.) де, Омар (р.а.) да садақа мен зекет тұрмақ оны соғыстан түскен олжаны алуға да көндіре алмай қойды. «Алмаймын» деп алған бетінен қайтпады»[2].
[1] Муслим, Зәкәт, 108; Ибн Мәжә, Жиһад, 41.
[2] Бухари, Уәсәя, 9.
- жасалған.