4. Қараңғылық дәуірінен үзінді

Пайғамбарымыз қараңғылық дәуірінде қанға сіңген бірқатар жабайы әдеттерді қойдырып, «зұлмат ғасырды» бақыт ғасырына айналдырды.

Бұған мысал ретінде Жағфар ибн Әби Талиптің Нәжәшидің құзырында тұрып сөйлеген сөзін жеткізгім келеді: «Ей, Патша, біз қан ішіп, өлексе жеп, зина жасайтынбыз. Ұрлық қылып, кісі өлтіріп, қарақшылық жасайтынбыз. Мықты әлсізді езіп, адам айтқысыз басқа да небір нашар іс жасайтын едік»[1], – деген кезде, хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дейінгі адамдардың қалай өмір сүргеніне назар аудартқан. Иә, бұл қоғамда болмашы нәрсеге бет жыртысып, қырқысып, әркім өзінікін жөн санап, бір-бірін өлтіруге дейін баратын. Бұл қоғамда зина кең етек алып, ұрлық-қарлық мақтанышпен айтылатын әдетке айналған. Шарап ішпеген адамдар кемде-­кем еді. Міне, ол қысқа уақыт ішінде осындай жыртқыш қоғамның барлық жаман қылықтарының түбіне балта шауып, орнына көркем мінез деп аталатын ең жоғары адами ерекшеліктер мен ең жоғары адами парасаттылықтардың дәнін септі. Көптеген грек философтары, басқа да утопист жазушылар, мысалы, Томас Мор әрдайым осындай қоғамды аңсаған-ды. Алайда Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол идеал қоғамды әлдеқашан жүзеге асырған болатын.

Иә, Аллаһ елшісінің тәрбиелік жүйесі неткен ғажап десеңізші! Ол  жабайы қоғамды мәдениетті қоғамға айналдырып,  бәдәуилерді мәдениетті елдерге ұстаз етті.

Оның заманында Ислам Иран мен Тұранға дейін жайылды. Алайда Иранның мәдениеті бір басқа да, Тұранның мәдениеті бір басқа. Түркінің мәдениеті мен Римдіктердің мәдениеті мүлдем басқа еді. Соған қарамастан, оның хабары бұлардың әрбіріне арнайы тігілген киімдей шап-шақ келді. Міне, мұғжиза! Иә, оның жер бетін алақанына салып, барлығына сөзін өткізуі – үлкен мұғжиза. Һәм бұл мұғжиза да оның Аллаһ тағаланың жіберген елшісі екендігіне куәлік етеді. Яғни, Ол – Аллаһтың елшісі. Біздің айтқымыз келгені де осы.

Бір адам данышпандығымен өз заманының ерекше тұлғасы болуы мүмкін. Мысалы, Ескендір өз заманының дара тұлғасы атанған. Наполеон мен Цезарь да солай. Бірақ, жер бетіндегі түрлі ұлттар мен ұлыстарға даналық сөзін тыңдатуы, тек өз заманында ғана емес, оларға өзінен кейінгі ғасырларда да ұзтаздық етуі – Пайғамбарымызға ғана тән керемет. Біздің мұны мұғжиза керемет демеске  шарамыз жоқ. Негізінде, осы ғажайып жетістікті басқа сөзбен айту да мүмкін емес. Мәселен, Пайғамбарымыздан бес ғасыр кейін өмір сүрген Алпарслан[2], сегіз ғасырдан соң ғұмыр кешкен Фатих Сұлтан[3] сынды айбынды қолбасылар толықтай оның ілімін бойларына сіңірген жандар. Одан кейінгі ғасырларда келген небір бірегей тұлғалар да дәл осы қалыпты бұзбады. Алайда олардың, шамамен, бәрі де адамзаттың қаймағы һәм өз заманының кемеңгерлері еді. Бәрі де Аллаһ елшісінің сөзіне құлақ қойып, мойынсұна білді.

Жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Он төрт ғасыр өтсе де еш нәрсе өзгере қоймапты. Хақ Пайғамбардың әкелген хабары қазірде де қаймағы бұзылмай, жүрегіміздің, рухымыздың, ар-ожданымыз бен ой-санамыздың қорегіне айналып отыр. Өйткені ол осы хабарларды жан сырымызды білетін, рухымызға қамқоршы болған және ар-ожданымызға өзін сездірген һәм өнер құдіретімен ой-өрісімізді байытқан Ұлы Жаратушыдан алып, бізге тәблиғ еткен. Болмаса, пенде ретінде барша дәуірдің қажеттілігін қамти алатын жүйені орнатып кету адам баласының қолынан келер іс емес.




[1] Муснәд, 1/201,201.
[2] Алпарслан (1029-1072) – Селжук тайпасының патшасы әрі қолбасшысы. Оның билігінің тұсында (1063-1072) Селжук мемлекеті бұрын-сонды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. 1071 ж. Алпарсланның әскері Византияны алғаннан кейін, Анатолия аймағында Ислам кеңінен тарай бастады.
[3] Фатих – (1432-1481) түрік сұлтаны Мехмет ІІ; Оның билігінің тұсында данқты Константинополъ алынып, Осман мемлекеті әлемдік державаға айналды. Ол ғылым мен өнердің де үлкен жанашыры ретінде танылған жан.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.